БАНКТЕРДIҢ "БАС АУРУЫ"

БАНКТЕРДIҢ "БАС АУРУЫ"

БАНКТЕРДIҢ "БАС АУРУЫ"
ашық дереккөзі

ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiндегiлер бiздiң банктерге дағдарыстың айтарлықтай шығын келтiрмегендiгiн, олардың дағдарыстың дауылына төтеп бергенiн көлденең тартады. Ал өткен аптада елiмiздегi екiншi деңгейлi банктердiң алғашқы ондығына енетiн тағы бiр банк кәрiстерге сатылды. Негiзi дәл қазiргi мезет қаржы алаңындағы сауда-саттық үшiн өте тиiмдi кезең. Тек ебiн таба бiлсең, болды.

Бiрақ билiктiң "бiздiң банктер керемет!" деген тамсануына елiмiздегi ахуал онша сәйкес келе қоймайтын сыңайлы. Мысалы, Қазақстандағы "мүйiзi қарағайдай" банктердiң шетелдiктер алдындағы қарызын өтеп берудi өтiнiп, мемлекетке алақан жаюы, тоқтап қалған құрылыс алаңдарында аттандап жүрген үлескерлер айқайы… Ал есiн әлi жиып үлгермеген әлемдiк қаржылық нарыққа кондуит деген "алаяқтар" қауiп төндiрдi. Сонымен, банктердiң "бас ауруына" айналған кедергiлер мен кемшiлктер туралы.

БАНКИРЛЕР НЕДЕН МҮЛТ КЕТТI?

Былтыр Қазақстан Үкiметi әлемдiк қаржылық дағдарыстың алдын алу мақсатында және отандық екiншi деңгейлi банктерге, құрылыс пен шағын және орта кәсiпкерлiкке қаржылық қолдау ретiнде ел қазынасынан 1,1 млрд. теңге бөлдi. Қазақ билiгi америкалық ипотекалық дағдарыстан туындаған қиындықтан бiрде-бiр қазақстандық банктiң жапа шекпегенiн, банкротқа ұшырамағанын және биыл қайтаруға тиiс берешектi өз күштерiмен өтеп жатқанын көлденең тартады. Үстiмiздегi жылдың ақпанында Қазақстандағы екiншi деңгейлi банктердiң iрiлерi бiрiнен кейiн бiрi 2008 жылдың еншiсiндегi қарыздарын жаппай қайтара бастады. Биыл банктер пайыздық көрсеткiштерiмен бiрге 17 млрд. долларды өтеулерi тиiс. Былтыр қарыз берген халықаралық қаржылық құрылымдарға бiздiң банктер 12 млрд. доллар негiзгi берешек пен 2 млрд. доллар көлемiндегi пайыздық көрсеткiштердi өтеген едi. Биыл бұл сома едәуiр өскен. Ал банктердiң жалпы қарызы 40 млрд. доллардың төңiрегiнде. Батыстағы "мүйiздерi қарағайдай" банктердiң өзi орасан зор шығынға батып, қызметкерлерiн қысқартып, тiптi, халықаралық деңгейдегi бәсекелес банктер бiрiн-бiрi "жұтып" жiберуге жантасаласып жатқанда, отандық банктердiң тығырықтан аман шығуы мақтаныш та шығар, бәлкiм. Тек шетелдiк қаржылық құрылымдардан алған несиенiң мемлекеттiң сыртқы қарыз көлемiнен бiрнеше есе асып кеткенi және арзан несиенi Қазақстан азаматтарына бiрнеше есе қымбатқа қайта бергенi болмаса. Оған құрылыс алаңдарының қаңырап қалуы мен үлескерлердiң наразылықтан туындаған жанайқайын қосыңыз.

Сарапшылар пiкiрiнше, 2007 жылы басталған қаржылық қиындық — соңғы 15 жыл iшiндегi ең күштi дағдарыс. Бұған дейiн болған дағдарыстардың барлығы дерлiк аймақтық деңгеймен және инвесторлардың белгiлi бiр бөлiгiмен шектелген болатын. Есесiне, қор нарығындағы қарбаластар мен қиындықтар дүниежүзiндегi ең iрi алпауыт — Америка мен Еуропа экономикасына қауiп төндiрiп отыр. Мамандар соңғы 3-4 жыл бойы АҚШ пен Батыста несиелеудегi пайыздық көрсеткiштердiң тым төмен деңгейде болуынан инвесторлардың арандап қалғанын айтады. Яғни, банктер ұзақмерзiмдiк жобаларды қамтитын консервативтiк жолмен емес, қысқа мерзiм iшiнде өте үлкен мөлшерде оңай пайда табуға құнығып кеткен. Қаржы әлемiнде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлi үрдiстен сырт айналудың соңы тәуекелдiк менеджменттiң сыр беруiне, яғни, жаппай банкротқа ұшырауға, ондаған миллиард доллардың желге ұшуына әкеп соқты. Оның үстiне, таратылған несиенiң қайтарылу кепiлдiгi қаншалықты екендiгiне анық көзi жетпегендiктен, банктер қор нарығындағы белсендiлiгiн ерiксiз төмендеттi. Бұл америкалық, азиялық, еуропалық банктердiң барлығына түгел қатысты. Қаржы алаңындағы жағымсыз жайттар қазақстандық банктерге де жанама түрде әсер еттi. Әсiресе, сырттан құйылатын несие көлемi күрт қысқарып, қаржы көзi сарқылды. Үкiметтiң банк саласының тұралап қалуының алдын алу үшiн былтыр бюджеттен 4 млрд. доллар көлемiнде ақша бөлуге шешiм қабылдауы сондықтан. Әлемнiң барлық мемлекетi тарапынан қатаң бақылау орнатылып, тиiстi шаралар атқарылып жатқандықтан, экономиканың кейбiр салалары зиян шеккенмен, жағдайдың ушығуына жол берiлмейдi. Былтырғы дағдарыстың ерекшелiгi сол, бiрнеше мемлекет, бiрнеше банктер мен компаниялар бiр мезетте орасан зор шығынға ұшырағандықтан, әлемдiк нарық кiммен және қалай күресерiн бiлмей абдырап қалған едi. Бүгiнгi таңда мәселенiң ақ-қарасы анықталып, компаниялар мен қаржылық құрылымдардың қауқары таразыға тартылды. Қиындықтың неден туындағанын бiлетiндiктен, нарық та сабырға келiп, ендi келеңсiздiктер мен кемшiлiктердi түзеуге ден қойған. Сарапшылар 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың алғашқы жартысы нарықтың тұрақтануына мүмкiндiк беретiнiн айтады.

КОНДУИТТIҢ ӘЛЕГI

Нарықтағы қарбалас қызған шақта әлемдегi ең iрi деген банктер алдынан тағы бiр қауiп шыққан: қысқамерзiмдiк вексельдер нарығының күйреуi. Негiзi банкирлер салымшыларына қаржылық жағдайына қатысты ақиқатты ашып айтудан қашқақтайды. Сондықтан былтыр Merrill Lynch, Citigroup пен Bank of America банктерiнiң CDO қаупi туралы жақ ашпауы, күздегi салымшылардың жаппай наразылығы мен нарықтағы банк акцияларының күрт төмендеуiне әкеп соққан болатын. CDO (Collateralized Debt Obligation) — қарыздық мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн облигациялар. Мұндай мiндеттемелерге қауiпсiздiк шараларын қарастыру мақсатында қабылданған келiсiм шарттар шеңберiндегi корпоративтiк облигациялар, несиелер мен құнды қағаздар ұсынылуы мүмкiн. CDO iшiне сонымен қатар былтырғы дағдарысқа тiкелей қатысы бар ипотекалық қағаздар да кiредi. Банкирлерге алданған салымшылар алдындағы тағы бiр қауiп кондуиттерге қатысты. Басқаша айтқанда, қаржылық активтердi қамтамасыз ету мақсатында қысқамерзiмдiк құнды қағаздарды шығаратын фирмалар. Ұзақмерзiмдiк активтердi қысқамерзiмдiк құнды қағаздар қаржыландыруды көздейтiн кондуиттер пайыздық көрсеткiштерден ұтуға негiзделген. Банктердiң еншiлес фирмасы болып табылатын кондуиттер заңды түрде банктер балансында тiркелмесе де, кезiнде iрi банктердi өздерiнiң кепiлi ретiнде пайдалануға мүмкiндiк берiп келдi. Арзан несиелердiң арқасында бiраз қор жинап алғандардың бүгiнде тынысы тарылған. Бұрынғыдай ас та төк қаржы көзi сарқылғандықтан, мiндеттерiн өтеуде кезiнде кепiл болған әрi өздерiнiң негiзiн қалаған iрi банктерден көмек сұрайтыны анық. Ресми деректерге сүйенсек, 2007 жылдың қыркүйегiнде Citigroup тобына қатысты кондуиттердiң еншiсiндегi активтер көлемi 73 млрд. долларға тең болған. Ал Merrill банкiнде — 5 млрд. доллар. Сарапшылардың сөзiне сенсек, аса iрi банктердiң барлығында дерлiк кондуиттер бар көрiнедi. Егер олар да қаржылық қиындыққа тап болса, банктер салымшыларға хабар бермесi анық. Өйткенi, олар — банк балансына ресми түрде тiркелмеген еншiлес фирмалар. Есесiне, қысқамерзiмдiк вексельдер ипотекалық облигациялар есебiнен қамтамасыз етiлетiндiктен, қаржылық қауiп шекаралар шеңберiнен шығып кеттi. Кондуиттердiң көпшiлiгi оффшорлық аймақ — Сейшел аралдарында тiркелгендiктен, қаржылық шығын көлемiн нақты болжау қиын. Бiрақ қысқамерзiмдiк вексельдердiң үштен бiр бөлiгiн еуропалықтардың сатып алғанын ескерсек, CDO-ның әбiгерi Американы ғана емес, Еуропаны аяғынан тiк қойғаны анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ