Жаңалықтар

БАНК ТЕ ӨЗ ЖАУАПКЕРШIЛIГIН СЕЗIНУI КЕРЕК

ашық дереккөзі

БАНК ТЕ ӨЗ ЖАУАПКЕРШIЛIГIН СЕЗIНУI КЕРЕК

Альянс банктiң жаңадан тағайындалған төрағасы Ерiк Сұлтанқұлов банктiң жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында осылай деп мәлiмдедi. Анығында, төраға тұтынушы несиелерiне байланысты қойылған журналистер сұрағына жауап бере отырып былай дедi: Альянс банк екi жылдан берi тұтынушыларға жедел несие берiп келдi. Бiрақ биылдан бастап несеинiң бұл түрiн тоқтатып, карточкалық несиеге көшiп отырмыз. Банк 2007 жылы 780 мың несие таратқан, олардың қазiр ай сайын орта есеппен 9-10 млрд. теңге қайтарымы бар".

Ерiк Сұлтанқұлов банктiң сыртқы қарызын осы тұтынушыға несиелер есебiнен қайтқан қаржымен жауып отырғанын мәлiмдедi. 2008 жылы "Альянс банк" 1 млрд. доллар сыртқы қарызын қайтрауы керек. Оны екi бөлiп, наурыз және маусым айларында төлемек.

Жалпы, банктiң активiнiң 70 пайызы несиелер екен. Тұтынушылар несиесi 2-2,5 жыл мерзiмге берiледi. Банк барлығы 1,2 млн.-дай несие таратқан. 800 000 несие қайтарылған, қалғаны әлi қайтарылу үстiнде. Әрине, олардың арасында апта, ай созып, несиенi қайтара алмай, қиналатындар да кездеседi. Бұл жөнiнде Ерiк Сұлтанқұлов былай дедi: "Биылдан бастап бiз несие қайтара алаған тұтынушылармен жұмыс iстеу тәсiлiн өзгертудi ойлап отырмыз. Несие қайтаруда банк те тұтынушымен қатар өз жауапкершiлiгiн сезiнуi керек. Мүмкiн, олардың несие iсiн қайта қарап, несиенi толықтай қайтаруға мүмкiндiк беру қажет болар".

Осы ретте оқырман қауымның құлағына сала кететiн бiр жайт – Қазақстанда "несие бюросы" жұмыс iстей бастады. Оған Қазақстандағы барлық банктерден тұтынушылар туралы ақпараттар жиналып, несие алған әр адамның жеке iсi жазылады. Бiр банктен несие алып, қайтармай кеткен азамат екi, үш, тiптi бес жыл өткен соң да басқа ешқандай банктен несие ала алмайды. Батыста бұл үлгi баяғыдан жұмыс iстеп жатыр.

Альянс банктiң 2007 жылғы таза табысы 42,7 млрд. теңгеге өскен. Банктiң жеке капиталы осы кезеңде 159 млрд. теңгенi құраған. Жыл бойындағы активтер 26,1 пайызға өсiп, 2008 жылдың 1 қаңтарында 1 160,9 млрд. теңгенi құрады.

Осылайша, Альянс банк республикадағы бес iрi банктiң қатарына қосылды.

2007 жылы банктiң жергiлiктi филиалдарының саны арта түстi. Жаңадан Қызылорда, Жетiсай, Қаскелең және Астана қалаларында 4 филиал мен 68 бөлiмше ашылды. Жалпы Альянс банктiң 14 қала мен 15 елдiмекенде 24 филиалы мен 199 бөлiмшесi бар.

Банк биылғы жылдың 15 қаңтарынан берi карточкалы несие беруге көштi. Банктiң 2 млн.-дай тұтынушысының әрқайсысы жақсы "несие тарихы" болған жағдайда ендi жеңiлдетiлген несие түрiн пайдалана алады. Сондай-ақ, айлығын Альянс банк арқылы алатын тұтынушыларға да карточка арқылы несие беру қызметi көрсетiледi.

Өткен жылды қорытындылаған Альянс банктiң болашаққа арналған жобалары да көп көрiнедi. Оның бiрi интернет-банк пен қалтадағы банктi ("ұялы банк") дамыту. "Бiз осы технологияларсыз болашақ дамуды елестету қиын деп есептеймiз" дейдi Ерiк Сұлтанқұлов.

Гүлбиғаш Омарова