ҚОЛ ҚУСЫРҒАН ҚАЙЫРШЫ ҚАЙДАН ЖҮР?

ҚОЛ ҚУСЫРҒАН ҚАЙЫРШЫ ҚАЙДАН ЖҮР?

ҚОЛ ҚУСЫРҒАН ҚАЙЫРШЫ ҚАЙДАН ЖҮР?
ашық дереккөзі

Қазiр не көп, қолын жайған қайыршы көп. Дәл бүгiнгi заманда олар да қоғамның ажырамас бiр бөлiгiне айналды. Өзiмiздiң көше кезген қаракөздерiмiз аздай, басқа елден, дәлiрегiнде Тәжiкстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстанннан шекара асып, ат арытып келiп жатқандардың санында шек жоқ. Тiптi, олар үшiн Алматы шаһарына жолы түсiп, "қайыршы" мамандығын иемдену түк қиын емес. Неге десеңiз, қайыршылардың қарасын көбейткен жатжұрттықтар елiмiзге бiрен-саран емес, топ-тобымен ағылатын болыпты.

Естуiмiзше, оларды әдейiлеп әкелiп осы жұмысқа баптайтын әрi әркез жоғарыдан бақылап отыратын бастықсымақтары бар көрiнедi. Түскен табыстан қарамағындағы қайыршыларына (бiр емес-ау, бiрнеше) азын-аулақ пайызын бередi де, қалғанын қалтасына басады. Басқа басқа, қайыршылықтың өзi әжептәуiр пайда түсiретiнiн кiм бiлiптi? Көрiктi де сұлу қаланың келбетiн бұзатын киiмi жұпыны осынау қайыршылардың қызметiн көру үшiн аптаның қасиеттi күндерi — бейсенбi мен жұмада көшеге шығып немесе қоғамдық көлiкке мiнсеңiз болғаны. Өзi де жолаушыға лық толы сiрескен көлiкке есiк аузындағы билет тексерушiсiнiң жақтырмаған қас-қабағына қарамай-ақ мiнiп, аяқ астына жүресiнен отыра кетiп Құран-аяттарын оқи жөнеледi. Әп-сәтте ықшамдалған қысқа аятын аяқтап, түсiнiксiз батасын қайырады да, автобус iшiндегiлерге қолын жайып шығады. Бұл күндерi кейде екi не үшеуден жүредi де, оның бiреуi Құран оқып, қалған екеуi ақша жинауға кiрiседi. "Қасиеттi жұма күнгi оқылған Құран ғой, сауабы тие берсiн" дейтiн жан өзiнше ниет етiп садақасын берiп жатады, ал лас жерде үстi-басы кiр-қожалақ бала оқыған Құранның мұсылман шарттарына қаншалықты қайшы келетiнiн түсiнген мұсылман пендесi садақаны көзбояушы қайыршыларға емес, мейлiнше мешiтке бергендi сауап көредi. Әрине, Ислам дiнiнде бұл дұрыс жол саналады.

Жылдағы жағдай, күн жылынса болды, қаланы келiмсектер мен қайыршылар қаптайтынына бой да, көз де үйренген. Бәрiнiң көздегенi — күнделiктi нәпақасын айырып, ақша табу ғана. Ал шын мәнiнде, бiз "қайыршы екен" деп жылы қабақ танытып, мейiрiм шапағатымызды төгетiн бұлардың көпшiлiгi дерлiгi денi-басы сау, ақшадан аса тарықпаған жандар көрiнедi. Алайда, бала-шағасымен шұбырып тентiреп жүре беретiн тәжiктiң, сығанның, тб. негiзгi кәсiбi де осы. Содан ба екен, анасы баласын көзiн тырнап ашқаннан бастап осы кәсiпке баулиды екен. Олар тек алақан жаюдың арқасында ақша тапқандықтан да, бiлiм алу жағын бiржола шетке ысырып қоятын көрiнедi.

Жақында бiр таксист жiгiт қайыршыларға қатысты бiраз әңгiменiң басын ашқан едi. Өзi қаладағы үлкен базардың маңайында жолаушы тасып, бала-шағасын асырайтындығын айта келе, тiптi сол базардағы қайыршы бiткендердi де баратын жерiне жеткiзiп салатындығын мақтанышпен жеткiзген-дi. "Бiзге не, ақшасын төлесе болды ғой, елдiң көзiнше олардың жүре алатындығын байқатпау үшiн кейде көлiкке көтерiп те салатын кездер жоқ емес" – деп қойып қалды әңгiмесiн төтесiнен бастаған ол. – Базарда мұндай қайыршы көп. Ең бастысы, олардың әрқайсысының жеке-жеке таксисi бар. Қажет болса, таңертең жұрттан бұрын әкелiп, кешкiсiн үйлерiне жеткiзiп саламыз". Әншейiнде, екi аяғын орап алып жүресiнен отыратын жандардың жанынан қасқайып өтудi ар санап, қалтамда бар тесiк тиынымды тастап, жанашырлық көзбен қарайтын кезiм есiме түсiп, езуiме күлкi үйiрiлдi. Неткен алдамшы өмiр? Адам-пенде жанындағыларды арбауды былай қойып, Алламен де ойнағаны несi? Жер бетiнде пақырың не iстемедi, бәрiн де сұм тағдырдың қаталдығына итере салып, от кешiп жүргенiн бiлсе де, бiлмегенсидi… Бұл пiкiрiмнен де қашқым келдi. Мүмкiн емес, бәрi бiрдей емес шығар. Сенгiм келмейдi. Адам болған соң аласы да, құласы да болады. Оның iшiнде де запыран өмiрдiң тауқыметiн тартып жүргендерi қаншама. Бәлкiм, әлгi айтқан өтiрiкшiлердiң қатарына қаланың жасыл көгалдарын, саябақтары мен демалыс орындарын өздерiнiң тұрақты мекенiне айналдырған жатжұрттық қайыршыларды жатқызуға болар. Көрiктi Алматының шырайын сұрландырып жiберген де солар ғой… Өз-өзiммен тұңғиық ойдың жетегiне түсiп кеткендiктен де, әлгi жiгiттiң жағы сенбей сарнап жатқан әңгiмесiнiң бiрiн естiп, бiрiн естiмеппiн. Әйтеуiр, сөзiнiң төркiнi қайта-қайта қайыршыларға кеп ойыса беретiнiн әу баста аңғарғанмын. Тiптi, қайыршы мәселесi өзi терең меңгерген тақырыбы болғандықтан ба, қалада қаптаған қайыршының қайсысы өтiрiк, қайсысы нағыз қайыршы екендiгiн де зерттеп қойған екен. Ұзағынан көсiле кеткен оның әңгiмесiнен қайыршыларға қатысты бiраз мәселенiң басын ашып алғым кеп, әрi қарай тыңдай бердiм.

… "Күн көрiсiм осы көлiгiм болғандықтан небiр адамдар отырып, түсiп жатады. Оның iшiнде қалталылары да, арсыздары да, ақшаға зәрулерi де, ақшаға тым қаттылары да бар. Ал сенесiз бе, қазiр қайыршылар да "жұмыстан" соң үйiне такси жалдап қайтады. Бiр таң қалғаным, тұрақты клиент болып кеткен қайыршылар саудаласпай-ақ, айтқан ақшаңа көнiп отыра кетедi.

… Кешкiсiн базардағы жұрт тарқап жатқан кез. Есiк аузында аяғын тiзерлеп отыратын көзтаныс қайыршыны бiр еркек арбамен сүйреп әкелдi де, бiздiң жақты бетке алды. "Жiгiттер, такси керек едi" дедi. "Иә, қай жаққа, маған айта берiңiз" деп едiм, кәдiмгiдей ауыз толтыратын соманы айтты. Мұндай баға қапелiнде екiнiң бiрiнiң тiсiнен шыға бермейтiн. Көне кеттiм. Баратын жерiн де айтып, қалтасынан ақшасын төлеп жатқан да жаңағы еркек. Түрiне қарасам, қазақ емес, басқа ұлт өкiлi сияқты. Артқы жақта өзi жеке отырған әлгi қайыршы сыртындағы жұпыны, тозған киiмiн шеше бастады. Сөйтсем, iшiнде дұрыс киiмi бар екен. Жұрттың көзiнше тұтығып сөйлей алмайтын ол, бiраз уақыттан кейiн ашылып сарнасын кеп. Аң-таңмын. Базарда көрген-бiлгендерiн әрi бүгiн күндегiден көп табыс тапқанын қожайынына айтып жатыр. Анау болса үнсiз, қабағы қатыңқы. Аракiдiк оның әңгiмесiне миығынан күлiп, iштей құптап отырғанын байқап қалдым. Өйткенi, қайыршының бар тапқан табысы дәу қара еркектiң алақанына салынатын көрiнедi. Содан не керек, әңгiме ауанынан әлгi жуан қарын еркектiң қайыршыны ақша табудың көзiне айналдырғанын сездiм. Үйiне де жеттiк. Хан сарайындай үйде өзi, ал есiк алдындағы суық бөлмеде қайыршы тұрады екен. Әйтеуiр, күткен болып, аз-маз тамағын, жатын орнын бергенi болмаса, таңның атысы, күннiң батысына дейiн екi тiзерлеп, қолын жаятын байғұс қайыршының көрген күнi осы базар. Неге екенi белгiсiз, күнде кешке қарай үйiне жеткiзiп тастау маған да дағдыға айналды. Бәлкiм, жағдайының мән-жайын жалпақ жұртқа аша бермейiн дедi ме, бәлкiм, менi сенiмдi адам ретiнде санады ма, әйтеуiр күн батса, көлiгiме өзi-ақ жайғаса кететiн болды".

Бұл – таксист жiгiттiң өзi куә болған оқиғасы ғана. Шыны керек, кез келген қара базарға бас сұқсаңыз, қайыршыдан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Сонда оның қайсысы көмекке мұқтаж, қайсысы алдамшы? Ол жағы бiр Аллаға ғана мәлiм.

Қайыршыда басқа өмiр жоқ. Тек түнейтiн жерi, тамағы тоқ болса болғаны. Ал тапқан пайдасы кiмнiң қалтасына түсiп жатыр, пәлендей шатағы жоқ. Баспанасыз, қараусыз қалған адамдарды бизнестiң көзiне айналдырған әлгiндей пайдакүнемдердiң көбейiп бара жатқандығы ойландырды менi. "Қалауын тапса, қар жанар" демекшi, дәл қайыршыны пайдалану арқылы тоқтықта өмiр сүретiндердiң бар екенi ел естiмеген нәрсе шығар. Мына заманда ненi естiмедiк, ненi көрмедiк? Бар пәлекеттiң адам қолымен жасалынып жатқанын мойындамасқа лажың жоқ. Неге қоғам iштей iрiп-шiрiп барады? Адамнан иман, мейiрiм кете бастағаны ма, қалай өзi?

Таң қылауланып атып келе жатқан. Аялдамада автобус күтiп тұрмын. Қай жақтан келгенiн бiлмеймiн, бес автобус қатар-қатар аялдамадан өтiп барып тоқтай қалды. Iшiнен өңкей сәби құшақтаған тәжiк әйелдерi түсiп жатыр. Санай алмадым. Көп. Тiптi кейбiрiнде, екi-үш баладан. Бiреуiн көтерiп, қалғанын жетектеп алған. Автобустан шуылдасып түсе сала, таксилерге қарай шұбырып барады. Әйтеуiр, топыр-топыр шоғырымен қысылып-қымтырылып мiнiп кеттi. Ой үстiндемiн. Е, Алматыға бiр күнде бес автобус қайыршы келсе, онда аз күнде қайыршылар қаласына айналмасымызға кiм кепiл? Расында да солай-ау. Жақында бiр келiмсек: «Қарақалпақстандағы бiр ауданнан бiр күнде Алматыға 2 мың адамның жолы түстi» деген едi. Бiр күнде бес автобус қайыршы, екi мың келiмсек келсе, жеткен жерiмiз осы шығар. Онда бiз өз қайыршымызды емес, жат елдiң қара құмырсқадай қаптаған қайыршысын асырайтын болыппыз ғой!

Әрине, көше мен базарда алақанын жайып жүрген қайыршылардың iшiнде қазақтар да жоқ емес. Әсiресе, жастайынан ақша табудың жабайы түрiне етi үйренiп кеткен жасөспiрiмдердiң көбейiп кеткенi жанға батады. Бiр ғана мысал. Тоғыз жолдың торабы саналатын "Алтын орда" базарының аспалы көпiрiнен ары-берi өткен сайын ән салып отыратын баланы көрмеген жан жоқ шығар, сiрә. Сол жолмен жүрсем, жүрегiм қан жылап, елжiреп қоя бередi. Аяғын малдас құрып, үнемi сыз үстiнде отырғаны. Тағы бiр байқағаным, қолынан ылғи қазақтың халық әндерi кiтапшалары көзге ұшырасады. Бiр әндi айтып болып, демалып алмастан екiншiсiн бастайды. Таң қалғаным сол, пысылдаған мұрнын бiр тартып қойып, кез келгенiн жаңылыспай өз нотасымен айта жөнеледi. Ол аздай, бүгiнде ел аузында айтыла бермейтiн, ескi әуездi әндердi нақышына келтiрiп орындайтындығы. Тiптi, сөзi мен әуенi жадымызда қалмаған, шырқалуы қиынырақ әндердi айтқанда, тыңдамай өте шығуың мүмкiн емес. "Қандай талантты бала! Егер әннен хабары бар бiреу-мiреу тәрбиелеп, даусымен жұмыс iстесе, түбiнде бiр жердi тесiп шығатынына дау жоқ!". Әннiң адам жанын баурап алар құдiреттiлiгiн мойындамаған жан әсте жоқ шығар. Оған осы баланың шырқаған әнi арқылы көзiм тағы жеткен сияқты.

Алдындағы табағына қалтамдағы барымды сала кетемiн. Рақмет айтқан болып, басын изей қояды да, екi көзiн тас қып жұмып алып, тоқтамай әндетедi-ау дейсiң. Бiр-екi рет қасына барып, әңгiмелесейiн деп оқталдым. Дәлiрегiнде, баланы мұндай жағдайға итермелеген себептi қалай да бiлгiм келдi. Кеше базарға жолым түскен. Бұл жолғы мақсатым — "әншi баламен" тiлдесу. Анадай жерде тұрып, талай ән тыңдадым. Қандай ән айтса да, еш мүдiрiс жоқ. Аққан ағын судай мөлдiр, тұнық. Әне-мiне дегенше, қас қарайып, күн де ұясына бата бастады. Не де болса, жанына бардым да, аты-жөнiн, неге қайыршы боп кеткенiн жайменен сұрай бастадым. Қас-қабағында мұң бар. Жәй ғана мұң емес-ау, зiлдi мұң. Бiр сұраққа үн жоқ. "Саған көмектескiм келедi. Сен туралы газетке жазсам, қалай қарайсың?" деп едiм, бетiме бедiрейiп қарады да, "Жоқ. Ештеңенiң қажетi жоқ" деп қашқақтаған кейiп танытты. Алайда, сәлден соң, жас үйiрiлген көзiн сығып алған Асыл қайыршылық жолына түскенiне екi-үш жыл болғанын, анасының маскүнемдiкке салынып кеткендiгiн, үйiнде өзiнен басқа жұмыс iстейтiн жанның жоқ екендiгiн айтып салды. "Мен қазақпын, қазақтың баласымын, оны жасырғым да келмейдi. Кейде осы жүрiсiме налып, туыстарымнан, таныстарымнан ұяламын. Амал қанша, анам маған осы жолды таңдаған екен…" деп баланың емес, естияр адамның ойын айтып қалды.

"Қазақтың халық әндерi мен қазiргi жаңа әуендердi қайдан меңгерiп алғансың?" дедiм. Ол: "Өзiм жаттап алдым. Ешкiм ештеңе үйреткен жоқ. Оның үстiне базарда кешке дейiн музыканы бақыртып қояды ғой. Кейбiр әуен есiмде қалады" деп тез-тез жауап қайырды. Одан артық әңгiмелесудiң мүмкiндiгi болған жоқ. Әйтеуiр, бiр ер азамат келдi де, Асылды орнынан тұрғызып, қолынан жетектей жөнелдi. Бәлкiм, әкесi болар, бәлкiм ағасы… Ал Асыл бiр-екi күн "жұмыстағы орнында" отырып ән салмаса, базарға кiрiп-шыққандардың көзi үйренiп кеткенi соншалық, кәдiмгiдей iздейтiн көрiнедi. "Әй, мына жердегi әншi бала қайда? Әйтеуiр, аман-есен жүр ме едi?" деп жанындағы басқа қайыршылардан сұрастырып жатады екен. "Бала — бауыр етiң" демекшi, қашан да бала үшiн барын аямайтын халық едiк қой бiз. Неге өз баламызды тентiретiп қоятын халге жеттiк?

Асылды бiлетiндер оның әке-шешесiнiң маскүнемдiкке бiржола салынып кеткендiгiн айтады. Өздерiн қойып, баласының тағдырын ойыншық еткен, пәк кiршiксiз көңiлiне кiрбiң салған ата-анада қандай жауапкершiлiк бар? Күндердiң күнiнде Асылдың да ата-ана таңдаған жолмен жүрiп-тұруы ғажап емес. Өйткенi, сол базарда жұмыс iстейтiн танысым Асылдың токсоман екенiн, оның тiптi, клей иiскейтiнiн айтқан едi. Жақынынан қамқорсыз қалған панасыз баланың болашағына балта шабылды деген осы…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ