ЖҰМАҚ ЖЕРДIҢ БЕТIНДЕ
ЖҰМАҚ ЖЕРДIҢ БЕТIНДЕ
ҚАЗАҚСТАНДА ӨЗIН-ӨЗI ӨЛТIРУШIЛЕР КӨБЕЙДI
Әр елдiң өз қайғысы бар. Бiр елдер халқын кедейшiлiктен құтқара алмай зар илеуде. Бiр ел жаппай жұққан дерттен, ендi бiр ел соғыстан, зiлзаладан зардап шегуде. Ал мен баяндағалы отырған мынадай "жан дертi" барлық мемлекеттерге тән дерт. Бiзге сырттай қараған сыншы жылтырақ, әшекейлi осынау қоғамның заңды мүшелерi iштей iрiп, рухы шiрiп жатқанын байқамайды.
Мемлекет тұрақты дамуға бет алды. Экономикамыз гүлдеп, елiмiз көркейiп келедi. Жалақы көбейдi. Жұмыссыздардың саны азайды. Бiрақ, "болашағы жарқын" деп дардай ат таққан елдiң жастары ел аман, жұрт тынышта өз өмiрiне қиянат жасап, ың-шыңсыз арқанға асыла салатыны несi? Неге маңдайына шоқпар тимесе де шортандай қайғыға батып жүредi. Бақытты болу олар үшiн мүмкiн емес нәрсе секiлдi. Сұрасаң "өмiрден түңiлiп жүрмiн" — дейдi. Осы өмiрдi жек көретiнi жайлы мұңын төгiп-төгiп кеп-кеп қалса, құдай басқа салмасын, трагедияның атасы Эсхил, Гомерлерден асып түспесе кем емес. Осы бiздiң ата-әжелерiмiз зор қиыншылықты бастан кешiп, тақыр кедей болып өссе де онысын сөз қылмайды ғой. Ал бiз ше? Бұл өзi қанша жылдарға созылуы мүмкiн? Адамдар өз жандарын өздерi қиюы арқылы жердегi тiршiлiктi тоқтатпақ па? Түсiнiксiз. Ешкiм де бiзге нақтылы жауап бере алмайды. Бiрақ, әркiм өзiнше жауап iздейдi.
Алдымен статистиканы сайратайық. Әлемдi үрей елесi кезiп жүргенiн мына мәлiметтер айғақтап бередi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының дерегiне сүйенсек, соңғы 45 жылда өз-өзiне қол жұмсаушылар саны бұрынғымен салыстырғанда 60 пайызға өскен. "Суицид" атының өзi қорқынышты. Ал жүйкесi жұқарған адамдардың саны әлем бойынша 121 миллионды құрайды. Тұтастай бiр мемлекеттiң халқы! Дамушы және дамыған елдерде тiркелген суицид оқиғалары бiр-бiрiне ұқсас. Көңiлiне қаяу түскен, бойын шарасыздық пен сенiмсiздiк жеңген, сүйiктi iсiнен жерiнген, ұйқысыздыққа ұрынған, өзiне қол салуды ойлаған жандардың көбiсi "жүйкесi жұқарғандар" арасынан шықпайтынын психолог ғалымдар дәлелдедi. А.Х. Маслоу "Мотивация және жеке тұлға" атты еңбегiнде депрессиялы, суицидтi мiнез-құлықты "шыңына жеткен күйзелiстер" деп атаған. Оның айтуынша, осындай күйзелiстердi сезiнбейтiн жандар өмiрдi сол қалпында қабылдайды. Күйзелiссiз адамдар әлеуметтiк әлемдi жақсартуға тырысады. Бұлар саясаткерлер, қоғам қайраткерлерi. Депрессия салдарынан болатын өлiм 20-25 жылдан соң екiншi орынға шығады. Көштiң басында Еуропа тұр. Дания, Швейцария, Ұлыбритания, Венгрия, Эстония, Латвия, Литва, Германия т.б елдерде өзге қылмыстармен салыстырғанда өзiн-өзi өлтiру оқиғалары екi-үш есе көп. Себебi осынау ел тұрғындары қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өмiрге әбден тойып, бос уақыттың көптiгiнен зерiккен болуы керек. Тарихқа үңiлсек, өткен ғасырдың 60-70 жылдары экономикалық, әлеуметтiк мәселелердi дұрыс жолмен шеше бiлген АҚШ тұрғындарын сайран салып өмiр сүру әбден жалықтырып, күйзелiске шалдықтырып, ақырында әрбiр сегiзiншi үйде бiр адам асылып, не у iшiп өлу оқиғалары тiркелген жоқ па? Қазiргi кезде американдықтардың 25 пайызы өздерiн "жүйкесi жұқарған" ауру сезiнiп жүр. "Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" дегендi мұхиттың арғы бетiне қаратып айтсақ, жаңсақ болмас.
Ұлыбританияда әр күн сайын 10 адам мiндеттi түрде өзiн өлтiредi екен. Ағылшындар елiнде осынау жағдай қалыпты құбылыс болып есептеледi. Әсiресе 2000 жылдың 1 қаңтар күнi өзiн-өзi өлтiрген тұрғындардың көп болғаны цифрларда көрiнген. Жаңа ғасыр, жаңа жыл жаңа парағын айқара ашқанымен қайтадан баяғы үйреншiктi өмiр қайталанатына налыған ағылшындардың бiразы ескi жылмен бiрге қыршын өмiрiн қиған. Жапон елi де ағылшындардан қалыспай келедi. Жыл сайын бұл елде 32 мың адам өзiн өлтiредi екен. Дендеп бара жатқан ауруға қарсы тұру үшiн билiк "Суицидке қарсы заң" қабылдаған. Тарау-тарау бағдарлама, том-том жоспар, папка-папка ереже түзiп, әр жастағы азаматтарға арнайы оқулар жүргiзiп келедi. Ал өзiмiздiң көршiмiз ше? Ресейдi айтам. 2007 жылы кәмлетке толмаған 3000 жасөспiрiм өз еркiмен бұ дүниемен қоштасып кете барған. Онсыз да демографиялық ахуалы құлдырауға беттеген Ресейдiң келешегi қалай болар екен? Жастар ың-шыңсыз өлiп жатса, нәрестелер азайып, iшкiштер көбейiп тұрса. Ғалымдар тағы да жағаңды ұстайтын дәйектер келтiрдi. Әлем бойынша 18-24 жас аралығын қамтитын жастардың 80 пайызы өлiм туралы көбiрек ойлайды. Бұл дәйектi жоққа шығара алмаймыз. Себебi арамызда жалғыздан жалғыз мұң кешiп, түңiлiп жүретiндер аз емес. Тiптi көп. Неге? Сұрақ миыңды шырмайды. Өз бетiмiзше жауап iздеп көрелiк. Ол үшiн депрессияның шығу төркiнi жайлы аз-кем мағұлмат берелiк. Бұл латынның depression — өзiне көңiлi толмаушылық, жабыраңқылық деген мағынаны бiлдiредi. Депрессияға шалдыққан адам өзiнiң барлық өмiрлiк мақсат-жоспарлары орындалмайтындай, болашағы бұлыңғыр болып көрiнедi. Бұл дерт 20 ғасырдың екiншi жартысында әлеуметтiк сiлкiнiстерге, әлемдiк соғыс, қоғамдық жүйедегi өзгерiс-төңкерiстер, экологиялық дағдарыс нерв жүйесiне және адам психикасына салмақ түсiруiнен шыққан. Десек те бұның тарихын арыдан iздеу керек. Көне Грекияда өзiн-өзi өлтiру тiптi ерлiкке пара-пар болды. Өзiн өлтiрген ұлылар жетiп артылады. Жапон жазушысы Агутагава Рюноске дәрiнiң бiрнеше түйiрiн бiрден жұтып, уланып өлген. Ағылшын ақыны, прозаик Фрэнсис Адамс депрессияға түсiп, өзiн атып өлтiрген. Атақты киноактер Ален Делон да депрессияға шалдыққан. "Көбiне өлiм туралы көп ойлаймын. Осы дүниеде өмiр сүрiп жатсам да О дүние туралы көп ойлаймын. Бiз тәуiр көрген, бiз биiкке әуелеткен кино өнерiнiң бүгiнгi күнi мүлде тозып кеткенiн көрген соң шығар деген ойға қаламын" деген. Ал атақты ақын Марина Цветаеваның көрген азабын айтып жеткiзу қиын. Оның өмiрiне жарық сәуле түсiрмеген замандастары ақырында ақынның өз-өзiн өлтiруiне итермелейдi. Бәрiнен баз кешкен ақын Елабугаға барған бетте асылып өлдi. ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында француз елiнде адамдардың өмiрден торығу, келешектен бас тарту үмiтсiздiкке бой алдыру тектес сарындары басым әдеби құбылыс дүниеге келген болатын. Аумалы-төкпелi замандағы адамдардың құлазыған көңiл-күйiн ашып көрсетуге ұмтытылып, қоғамдағы сүйекке таласқан иттердей талас-тартыстарды суреттеп, адамдардың психологиясына шынайы баға беру ретiнде ақын-жазушылар әртүрлi жанрда қалам тербедi. Авторлар сол дәуiрдегi адам мен қоғам арасындағы қайшылықтардың қандай болғанын жырлай келiп, рухани өмiрде орын алған дағдарысты ашып көрсетедi. Бұл тарих.
Рас. Өзiне-өзi қол салушыларды рухани тоқырап, iшкiлiкке салынып, есiрткi тартып, қылмысқа барғандардың амалсыз тәсiлi деп баға берiп, тереңiрек үңiлмей келдiк. Қаржылық тапшылық, басқа да түрлi теперiштер адам психикасына негативтi әсер етiп, жүйкесiн тоздырады дедiк. Бiрақ бәрi бiрдей материалдық жағдайдың қиындығы үшiн осындай әрекетке барады десек, шындықтан алшақ кеткен болар едiк. Бұл өзi бүкiл әлемнiң назарын аударып отырған көкейкестi мәселе.
Қазiргi кейбiр жастар Ескендiр Зұлһарнайынның заманындағыдай "Уа, падиша! Сiздiң қолыңыздан бәрi келетiнi рас болса, онда маған өлмейтiн өмiр, қартаймайтын жастық, сарқылмайтын қуаныш бер" демейдi. Керiсiнше, "Уа, Падиша! Тезiрек өмiрмен қоштасқым келедi. Маған қиналмай өлудiң жолын көрсетiп бер. Мына өмiрдiң тозағы мен тозаңына төзбеймiн", — дейдi. Соншалықты ботадай боздата беретiн ол не қылған қайғы? Неге мықты тегеурiннiң орнын табансыздық, күрескерлiктiң орнын күңiренiс, төзiмнiң орнын төзiмсiздiк басты. Неге?
Бiрiншiден, қоғамда саналы, сауатты азаматтар еселеп көбейiп келедi. Демек, келешекте өмiрдiң мәнiн iздеушiлердiң саны артады деген сөз. Олар бұрынғы идеологияға сенiп өмiр сүрмейтiн болады. Тост сөйлегенде айтатынымыздай "күлiп-ойнап, өмiрдiң қызығын көрiп жүре беруден" жерiнедi. Жаңашыл көзқарас ақиқатты, өмiрдiң шындығын талап етедi. Ал ақиқатты табу мынадай мың құбылған жер үстiнде тек адастырып тынады. Екiншiден, қазiргi адамдарға өмiр сүру өте қиын. Өмiрдiң қиындауы өркениетке қанат қағып, ақпараттық қоғам құрылғалы, технологиялық прогресс күннен күнге өркендеп, адамдардан өте күштi қабiлеттi талап етуiнен шығар. Өте жедел қарқынмен зулаған қоғам адамдардан жылдамдықты, бiрнеше тiлдердi меңгерудi, көп күш-қуат жұмсауды талап етiп, қысымға алуда. Бәрiн тезiрек игерiп қалмасақ, көштен қалатындаймыз. Осындай психология баяу қимылдайтын жандарды өмiрден түңiлдiрмей қайтсiн? Үшiншiден, қазiргi адамдардың сана-сезiмi өзгерген. Дүние даму үстiнде. Ұжымшылдық дәуiр артта қалып, жекедаралық өмiр өмiрiмiзге енгелi, адамдар бiр-бiрiне тек сырттай жасанды қарым-қатынас орнатуды әдетке айналдырды. Ешкiм ешкiмге қол ұшын созбайды. Әркiм өз күнiн өзi көруi керек. Құмырсқаның илеуiндей бiр жерде топталып еңбек етiп жатқанын жасыра алмаймыз. Бiр-бiрiн сатып кету, қорлау, айуандық көбейiп кеткенi шындық. Кейбiр адамдар қоғамның осыншалық азғындыққы ұшырағанына жаны шыдамайды. Жалғыздыққа ұмтылады. Қоғамның болашағынан қорқады. Бойларын үмiтсiздiк пен үрей билеген соң дертке шалдығып тынады.
Ежелгi философиялық трактаттардың бiрiн еске түсiрейiкшi. Египет папирусында жазылған "Өмiрден түңiлген адамның өз рухымен әңгiмесi" атты шығарма бар. Бұнда күйзелiске ұшыраған адам өзiнiң рухымен сөйлесiп, оған дауыс бiтiредi. Мұңын шағады:
— Бұл өмiр нашар. Сондықтан мен өз-өзiме қол жұмсап, тезiрек жоғары өмiрмен қауышқым келедi, — дейдi кейiпкер.
— Төменде қандай болса, жоғарыда да сондай, — деп жауап берiптi сонда оның рухы.
Түңiлгендер осыны ескерсе екен.
Оқу бағдарламасына қарасақ, бiзде бәрi оқытылады. Кез-келген салада бiлiм жинауға мүмкiндiк бар. Бiрақ өмiр сабағы оқытылмайды. Өмiрдiң мәнi неде екенiн, бақыттың үлгiсi материалдық заттар жинауда еместiгiн, бiздiң iшкi жан дүниемiз, еркiндiгiмiз сыртқы ортаның құлына айналмауы керектiгiн тәпiштеп жеткiзуi керек. Бiрақ, олай емес. Әркiм өзiнiң ми шеберханасында бар түсiнiгiн қорегiне жаратып жүр. Өмiр туралы пiкiр әр алуан.
Бiреулер, «өмiрдiң түк мағынасы жоқ, бұл әншейiн сынақ өмiр» дейдi, бiреулер, "күлiп-ойнап, бар қызығын көрiп қалу" деп бөседi, ендi бiреулер басқаша сарнайды. Осындай пiкiр алуандығы жастардың ойын шатастырады. Мына әлемдi жаулап алған бiртектес түсiнiктерден миы ашып, ауыр ойлар күннен күнге көбейе бередi. Психологтар бүй дейдi: "Дерттiң терең механизiмiн зерттегенде ағзамызда катехломин деп аталатын зат бар, бас миында болатын белгiлi бiр биохимиялық үрдiс кезiнде көңiл-күйдi көтеретiн, теңестiретiн зат. Осы заттың қосылысы кемидi. Кейбiр жағдайларда жүйке жасушаларының бұл заттарды ұстап тұруы бұзылады. Бұл көңiл күйдiң төмендеуiне әкеп соқтырады. Егер адам күйзелiс жағдайында болса, катехломиндi көптеп шығарады да, бiраз уақыт өткен соң оның деңгейi қайта қалпына келедi", — дейдi. Сондай-ақ, күйзелiске ұшыраудың 70 түрiн атап көрсетедi. Емделуге болады. Тек "депрессия" атты жалмауызға арбалғандар психологтарға дер кезiнде көрiнуi керек. Бiздiң елде де жағдай мәз емес. Өткен жылы Бас прокуратура "Балалар суицидiне қарсы" арнайы талдау жасапты. 2005 және 2007 жылдар аралығында кәмелетке толмаған 750 жасөспiрiм өз-өзiне қол салған, ал 1146 жас өзiн өлтiруге әрекет жасаған. Ал кәмелеттiк жастан асып кеткен жастардың статистикасы бұдан екi-үш есе көп болуы әбден мүмкiн. Бiздiң ел үшiн 750 адам өмiрi өте көп. Әсiресе, әлi ана сүтi аузынан кетпеген жеткiншектер осыған барып жатса, бұл үлкен қасiрет! Жыл сайын осылай кете берсе, қайтiп өсемiз?
Осы мәселенiң аясында бiздiң мамандар түрлi бағдарлама қабылдап, iске кiрiсу қажеттiлiгi туындап отыр. Сауалнама жүргiзiп, санын анықтап қана қою мәселенi шешпейдi. Жас өрендер өмiрдiң нағыз қызған шағын көрмей жатып, қыршыннан қиылған қасiрет қой. "Белгiсiз жұмақтан таныс тозақ артық" демекшi, осы өмiрiмiздi ажалға бермей, өмiрдiң бiзге берген сыйы — тiршiлiк аралдарын, бостандық, ақыл-ой, бiлiм, бәрiн-бәрiн бағалай бiлейiк.
Раушан ЖӘКЕШБАЕВА