ТАЯУШЫҒЫСТЫҚ САПАР МЕН САЯСИ ҰПАЙ

ТАЯУШЫҒЫСТЫҚ САПАР МЕН САЯСИ ҰПАЙ

ТАЯУШЫҒЫСТЫҚ САПАР МЕН  САЯСИ ҰПАЙ
ашық дереккөзі

Таяу Шығысқа жасаған сапарын Анкарамен аяқтаған америкалық шенеунiк орыстардың қытығына тидi. Энергетикалық ынтымақтастық, Иран, Сирия — Израиль ара қатынасы, күрд содырларына қарсы ұйымдастырылған шаралар, Ауғанстандағы түрiк әскерлерiнiң санын арттыру секiлдi басқа да маңызды жайттарды талқыға салған Вашингтон мен Анкара өкiлдерiнiң бiр-бiрiмен келiспеген тұстары да болды. Ең маңыздысы, түрiктер Ирактың солтүстiгiнде бейбiтшiлiктi орната отырып, Орталық Азияға тиесiлi мұнай мен газды америкалық және еуропалық нарыққа жеткiзуге мүдделi. Мұндай құлшыныстың Ресейге ұнамайтыны айқын.

Өткен аптада Вашингтонның өкiлi – АҚШ вице президентi Дик Чейни Таяу Шығысқа ат басын бұрды. Америка өзiнiң шынымен мүдделi екендiгiн бүкiл әлемге осылайша бiлдiргiсi келген. Бiрақ бұл сапар да бұған дейiнгi көп сапарлардан ерекшеленген жоқ. Сөз сапырылды, келешек жайлы пiкiр айтылды, қабылданған нақты шара не келiсiм жоқ. Әрине, жарты ғасырдан астам уақытқа созылған жер дауы арабтар мен еврейлердiң арасы жылымық тартпайынша, шешiлмек емес. Мұны әлемдiк саяси сахнаның iрi ойыншылары жақсы бiледi. Бiлсе де, бiлмегенсiп, есесiне, таяушығыстық бiтпес даудың арқасында өздерiне саяси ұпай жинап жүр.

Иерусалимде Дик Чейни Иран мен Сирия қолдау көрсеткен ХАМАС қозғалысының палестиналықтар мен израильдықтар арасында бейбiт келiсiм жасауына кедергiлер жасап жатқанын айтып, Ақ Үйдiң қолында нақты дәлелдер бар екендiгiн мәлiмдедi. Сөйттi де, сапарын жалғастырмақ ниетпен Түркияға ұшып кеттi. Дүйсенбi күнi ресми Анкараға келген америкалық шенеунiктi түрiктердiң барлығы бiрдей құшақ жая қарсы алған жоқ. "Чейни, Ердоғанды ал да, табаныңды жалтырат!" деген ұранмен ("Protestoyla", "Cumhuriyet" газетi, 26.03.2008) көшелерде наразылық шерулерiн өткiзген түрiктер Американың Иракқа қатысты ұстанған саясатына қарсылық бiлдiрдi.

Президент Абдулла Гүл, премьер Реджеп Ердоған, қорғаныс министрi болған кездесулерде талқыланған басты мәселе Ирактың солтүстiк бөлiгiндегi күрд лаңкестерi мен Күрдiстанның Жұмысшылар партиясының (КЖП) жайы болды. 25 жылдан берi түрiк билiгiнен Түркияның оңтүстiк-шығыс бөлiгiнен күрд автономиясын құру жолында күрескен күрдтер түрлi лаңкестiк әрекеттерге барды. Осы уақыт аралығында 40 мыңнан астам адам қаза тапты. Араларында бейкүнә сәбилер мен қарттар, әйелдер, яғни, бейбiт тұрғындар көп. Қазiргi таңда Түркиядағы саяси ахуал күрделi. 2007 жылы Парламенттегi басым дауысқа екiншi рет ие болған Әдiлет және даму партиясына бәсекелестерi тарапынан шабуылдар ұйымдастырылуда. Партия көсемi Ердоғанның жақтасы әрi партиядағы үзеңгiлес досы Абдулла Гүл сыртқы iстер министрi қызметiн атқарып жүрiп, президенттiк сайлауға түскенде де қарсыластар қатты қарсылық танытқан. Үй iшiнен үй тiгуге құлшынған күрдтерге Түркияның Ата заңына жуырда енгiзiлген өзгерту қосылды. Заңға сәйкес, бастарына орамал тартатын жас қыздар жоғары оқу орындарында орамалдарын шешпеуге құқылы. СНР партиясының көсемi Байкал бастаған қарсыластар Ердоғанды "Ататүрiк салып кеткен сара жолдан тайды" деп айыптауда. Олар зайырлы мемлекет саналатын Түркияның ислам мен исламның шарттарына ден қоюына қарсы. Түркияның Бас прокуратурасы Ердоғанның партиясын отставкаға жiберу туралы мәселе қойды. Азия мен Еуропа арасындағы алтын көпiрдiң саяси ахуалына алаңдаған Еуропалық Одақ Анкараның бүгiнгi қожайындарын жақтайтынын мәлiмдедi. ЕО жарты ғасырға жуық есiгiнен телмiртiп келе жатқан түрiктердiң өзiнен сырт айналуын қаламайды. Ердоған мен оның командасы жасап жатқан шаруалар, реформалардың барлығы Еуроодақ тарапынан қойылған талаптардың ықпалынан. Батыстық шенеунiктердiң ресми Анкараны қызғыштай қоруы сондықтан. Ал премьердiң СНР-дағы бәсекелесiне айтар уәжi: "Байкал Құран кәрiмдi жатқа бiледi. Аят, сүрелердi ол оқыса, еш айыбы жоқ. Бiрақ басқалардың дiнге бүйрек бұруын қылмыс ретiнде қабылдайды. Оның кiмдермен ойын ойнап жүргенiн жақсы бiлемiз". Сондықтан саясаттың көрiгi қызған шақта келген Чейнидi түрiктердiң қыжыртуы тегiн емес.

Айтпақшы, Дик мырза Ауғанстанда бейбiтшiлiктi қамтамасыз ету үшiн ондағы түрiк әскерлерiнiң санын арттыру мәселесiн де көтердi. Бiрақ Ақ Үйдiң бұл ұсынысына түрiктер жағы елп ете қоймады. ("Biz TSK’nin tavri degil devletin politikasi olur", Yeni safak" газетi, 25.03.2008). Чейнидiң "Түркияның Иран мен лаңкестерге қатысты саясатын түсiну қиын" деген мәлiмдемесiн Ердоған бiрден тойтарып тастады: "Иран мен Сирия – көршiмiз. Қарым-қатынасымыз түзу болмаса сендерге нақты ақпараттарды кiм бередi?" ("PKK"dan enerjiye kadar konustular", "Sabah" газетi, 26.03.2008). Вашингтон түрiктердiң көмегiмен орталықазиялық мұнай мен табиғи газды америкалық тұтынушыларға жеткiзуге мүдделi. Реджеп Тайип Ердоған Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен тасымалдағаны сияқты Nabucco жобасына да атсалысуға әзiр екендiктерiн мәлiмдедi. Саяси мәселелерде экономикалық және ұлттық мүдделердiң бiрiншi кезекке қойылатыны анық. Сондықтан америкалық шенеунiк таяушығыстық сапарынан ештеңе ұтпаса да, әлемдегi ең iрi алпауыт – Американың халықаралық саясатта да үнсiз жатпағанын дәлелдеу үшiн келгенi анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ