ТОҚАЛ «ТАРТЫСЫ» НЕНI КӨЗДЕЙДI?

ТОҚАЛ «ТАРТЫСЫ» НЕНI КӨЗДЕЙДI?

ТОҚАЛ «ТАРТЫСЫ» НЕНI КӨЗДЕЙДI?
ашық дереккөзі

Былтыр экс-депутат Е.Әбiлқасымов: "Депутаттар арасында екi әйел алғандар мен қызтекелер бар" дегенде шалқамыздан түсiп едiк. "Екi әйел алу" мәселесi өткен аптада Парламентте тағы көтерiлдi. Мәжiлiстегi "тоқал" мен "бәйбiше" тартысы — елдегi ас та төк тоқшылықтың белгiсi ме, әлде "тойып секiргендердiң" мүддесi ме? Дiни қызметкерлердiң сөзiне сенсек, бүгiнде екiншi әйелмен некесiн қидыратындар арасында кәсiпкерлер мен шенеунiктер көп.

Өткен аптада қызу пiкiрталастан қыз-қыз қайнаған Мәжiлiстiң айтыс алаңы қызылкеңiрдек керiске ұласты. "Неке және отбасы" кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзудi жақтайтын депутаттар екiншi әйел алуды заңдастыру керектiгi туралы сөз қозғауы мұң екен, "ендеше әйедердiң де екi күйеуге тиюiн заңдастырамыз" деп желпiнген қыз-келiншек депутаттар мен оларды қолдайтын еркек депутаттар тобы өре түрегелдi. Бейресми деректерге сүйенсек, бүгiнде заңсыз некеден туылған балалар саны едәуiр көбейiп, олардың демографияға қосар үлесi кәдiмгiдей артқан көрiнедi. Депутаттарды алаңдатқан жайт: "Заңсыз туылған балалар мұрагерлiктегi бөлiстен шеттетiлiп қалмауды заңды түрде бекiту"-мiс. Бәйбiше мен тоқал "дауынан" туындаған айтыстың басында депутат Алдан Смайыл мырза жүр: "Екi әйел алма" деген заң жоқ. Оған тосқауыл жоқ. Бiрiншi әйелiнiң, балаларының келiсiмiмен екiншi әйелдi алып, оны мемлекеттiк тiркеуге апарып тiркете ала ма? деген мәселе болуы мүмкiн. Мiне, осындай мәселенi "Неке" кодексiн қарағанда ораламыз".

Тиiп-қашып айтылған, бiрақ әлi талқылауға түспеген заңның дауы әлден-ақ өршiп тұр.

Әрине, кiмнiң қанша әйел алатынында, кiммен үйленiп, кiммен көңiл қосатынында бiздiң шаруамыз жоқ. Ол кәмелеттiк жасқа толған және ақыл-есi бүтiн әрбiр азаматтың жеке басының мәселесi. Алайда, "бәйбiше" мен "тоқалдың" ара-қатынасын заңдастыру туралы айтылған пiкiрдi iлiп әкетiп, қызылкеңiрдектiкке салынған кейбiр депутаттардың сайлаушылардың емес, ат төбелiндей ғана мүдделi топтың сойылын соққаны анық. Былтыр орыстiлдi бiр басылымға "Мәжiлiсте екi әйел алғандар мен қызтекелер бар" деп "ағынан жарылған", сөйтiп жүрiп, басы бiтпес бәлеге қалған экс-депутат Ерасыл Әбiлқасымов наразылық танытқан әрiптестерi жағадан алғанда, "ешкiмге сұхбат берген жоқпын, олай деген жоқпын" деп басын алып қашқан едi. Жаңадан жасақталған Мәжiлiстiң депутаттары туралы, олардың жеке өмiрi туралы бiржақты әрi кесiмдi пiкiр айтудан аулақпыз. Бiрақ өткен аптада телеарналардан Мәжiлiстегi тоқалға қатысты туындаған "қан майданды" көрiп отырғанда, Әбiлқасымов мырзаның сол сұхбаты ойға ерiксiз оралды.

Басқаны қайдам, маған түсiнiксiзi, бiздiң депутаттар қоғам үшiн, өздерiне дауыс берген сайлаушылары үшiн, мемлекеттiң ертеңi үшiн аса маңызды саналатын мәселелердi талқыға салғанда, неге дәл осылай қызылкеңiрдектiкке салынбайды? Елдiң келешегiне қатысты мәселелерде неге көбiнесе "сен тимесең, мен тимен бадырақ көздiкке" басады? Мәжiлiстiң шала талқылаған заң жобаларын жоғарғы палата — Сенат жиi керi қайтарады. Бiр ғана мысал, өткен аптада сенаторлар Мәжiлiс мақұлдаған "ҚР жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасын шикi деп тауып, төменгi палатаға керi қайтарды. Тек "бiр қайнауы кем" құжаттардың кейде "байқамай" қабылданып кететiнi өкiнiштi. Жуырда ел аралап қайтқан мәжiлiсмендер ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевқа зейнетақы мөлшерiнiң тым аз екендiгiн, сайлаушылардың наразы екендiгiн айтып, сұрақты қарша боратқан. Сан сауалмен тығырыққа тiрелген министр де қарап қалмады: "Заңды қабылдаған өздерiң. Маған не дейсiңдер?!" деп салды. Шынында да, "жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап". Өкiнiштiсi, депутаттар өздерi жiберген кемшiлiктi түзеуге аса құлшынып отырған жоқ. Әйтпесе, халық қалаулыларына әлеуметтiк ахуалы сын көтермейтiн аймақтардың айтары көп. Бiр анығы, "шықпа, жаным, шықпамен" күндерiн әрең көрiп жүрген қарапайым халықты, әсiресе, ауылдағы ағайынды алаңдатқан — "тоқал алу" мәселесi емес. Егер депутаттар Мәжiлiстегi мiнбердi елдiң жанайқайының мiнберiне айналдырса, айтылуы тиiс, пiсуi жеткен өзектi мәселелер жетерлiк. Мысалы, ай сайын алатын 15-25 мың теңге көлемiндегi жалақыларын көбейте алмай, Үкiметке дауыстарын жеткiзе алмай, шырылдап жүрген ашқұрсақ ұстаздар, жас кезiнде көрген бейнетiнiң зейнетiн көре алмай, билiгiне жалтақтаған зейнеткерлер, демографияға үлес қосуға қабiлеттi бола тұра, бала санын шектеп, тұрмысын түзеудiң соңында жүрген жас отбасылар… Егер бiздiң депутаттар шынымен қазақтың санын көбейтудi ойласа, "тоқалдардың" балаларына тиесiлi мұрагерлiкпен емес, жас отбасылардың жағдайын түзеумен бас қатырар едi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ