ҚИЯРДЫ ҚИЫРДАН ТАСИ БЕРЕМIЗ БЕ?
ҚИЯРДЫ ҚИЫРДАН ТАСИ БЕРЕМIЗ БЕ?
Өткен жылы "Астық жинаудан тәуелсiз елiмiздiң тарихында кездеспеген рекордтық көрсеткiшке ие болдық" деп жаһаннамға жар салдық. Алайда, қазақстандықтарды бұл олжа қуаныштан бұрын көлденең қиындықтарға кезiктiрдi. Қамбамыз қалай астыққа толды, солай бидай мен бидай өнiмдерiнiң бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерiлiп кеттi. Әрине, көп қиындықтарды бастан өткерiп, мол шығын шығарған диқан қауымы өнiмiн қымбатқа сатқысы, экспортқа шығарғысы келетiнi түсiнiктi. Диқанның орнында кiм болса да осы жолды таңдайтыны талассыз.
“Түйенi жел шайқаса, ешкiнi көктен iзде” демекшi, мол өнiм берген астықтың құны осылай көтерiлгенде, өзгелерiнiң бағасы қалай тұрақталып қалсын? Базар бағасы бас айналдырар деңгейге өстi. Тiптi, қызмет көрсету құны да құтырынып шыға келдi. Себеп бiреу — нан қымбаттады. Алғашында қадағалауды қолдан шығарып алған Үкiмет артынша ес жиып, астық өндiрушiлермен ортақ келiсiмге қол жеткiздi. Алайда, мұның уақытша екенiн сол кезде-ақ ашық мойындауға мәжбүр болды. Қазiр қымбатшылықтың қолдан, ахуалдың әупiрiммен ауыздықталып отырғанын ел сезедi. Десек те, асау баға ауыздығын үзiп, қымбатшылық құрықтан босаған секiлдi. Антимонополистер қажеттiлiгi ас-ауқатпен қатар жүретiн су, электр энергиясы, газ секiлдi күнделiктi тұтынатын тауар бағаларының көтерiлетiнiн айтып, дәрменсiздiк танытып отыр. Демек, Үкiметтiң шын сыналар сәтi ендi басталмақ.
Қазақ "дастарқаннан ең бастысы нан үзiлмесiн" деген көнбiс халықпыз ғой. Осы мiнезiмiздi өз пайдасына ұтымды жаратып жүргендер де жоқ емес. Кеңестiк кезеңнен берi көршiлерiн көкөнiспен, жемiс-жидекпен қамтамасыз етiп келген өзбек ағайындар, бүгiнде Жер-Ана сыйын қаласа өткiзiп, қаламаса өткiзбей қоя салатын қисық мiнез көрсетiп келедi. Ресми емес мәлiметтерге сенсек, өткен жылы Өзбекстаннан өткен көкөнiстiң көлемi 2006 жылғымен салыстырғанда 12-13 есеге дейiн кемiп кетiптi. Базар бағасының күрт қымбаттауының да бiр сыры осында жатқаны жасырын емес. Алайда, мәселенi тек осы тұрғыдан ғана қарасақ, қатты қателескен болар едiк. Өз ас-ауқатымызды шеттен сатып алғанша, неге отандық өндiрiстi дамытпасқа, жергiлiктi диқандарға жәрдем бермеске? Қашанғы көршiге көз сатып, қол жайып, қала бердi теңгемiздi "ұзатып" отыра беруге құлықтымыз? Көкөнiс бағасы биыл да өз дегенiнен айнымайтынына шек келтiре алмаймыз. Бұл тұрғыда арадағы делдардардың да қосатын "үлесi" қомақты. Ал әрекетсiз отырар болсақ, бұл күн тәртiбiндегi ең маңызды мәселеге айналуы ғажап емес. Ала тақиялы ағайындардың орнын табиғаты егiске қолайлы, халқы еңбекқор оңтүстiк облыстар мейлiнше алмастыра алады. Алайда, бұл жолға бiржолата түсу үшiн талай қиындықтарды артқа тастауға тура келедi.
Жақында ҚР Индустрия және сауда министрi В.Школьниктiң, көршi Жамбыл облысы басшыларының қатысуымен болған алқалы кеңесте осы мәселе талқыға түстi. Бүгiнде Оңтүстiк Қазастан облысының диқандары жаз, күз айларында республикаға қажеттi көкөнiстiң 60 пайызын өндiредi екен. Алайда, бұл маусымдық өнiмдерге ғана қатысты дерек. Басқаша айтқанда, облыстың қыс пен көктем мезгiлдерiнде халықты көкөнiспен қамтамасыз ету мүмкiндiгi жоқ деген сөз. Мұның бiрiншi себебi, бiзде iрi сақтау қоймаларының мүлдем жоқтығы. Диқандар жинаған өнiмдерiн әртүрлi жағдайда сақтайды. Кеңес заманындағы iрi көкөнiс қоймаларының бәрi күтiмсiздiктен жарамсыз күйге енген. Тiптi, қалпына келтiрудiң өзi тиiмсiз. Соңғы бес жылда бiр де бiр қойма салынбаған. Облыс әкiмiнiң орынбасары Ислам Әбiшевтiң айтуынша, бұған несiбесiн көкөнiс өндiруден тауып жүрген азаматтардың шамасы да, бiлiмi де жетпейтiн көрiнедi. Сондықтан, бұл мәселе мемлекеттiк қолдауға мұқтаж.
Алқалы кеңесте сөз болған екiншi мәселе — өндiрiлген өнiмдi өткiзу проблемасы. Диқандар қауымы егiстi екпес бұрын оны қалай өткiзуге болатынына бас ауыртады. Ала жаздай еткен еңбегi еш кетiп, өнiмiн өткiзе алмай, шығынға батып, сан соққандар қаншама. Сол себептi, iрi көлемде егiс егуге тәуекелге бара бермейдi. Бұл да мемлекеттiк реттеудi, қолдауды қажет ететiн түйiндi мәселе.
Қазiр Оңтүстiк Қазақстан облысы республиканы жыл бойына көкөнiспен қамтамасыз етуге қатты ден қоя бастады. Осы мақсатта бiрiншi кезекте жылыжай шаруашылығын дамыту қолға алынуда. Бүгiнгi таңда жалпы жылыжайлардың егiс көлемi 60 гектарды құрайды. Үстiмiздегi жылы оның көлемiн 150 га.-ға жеткiзу жоспарланып отыр. Сол секiлдi өте тиiмдi саналатын израилдық тамшылатып суару әдiсi де кеңiнен қолдануды қажет етедi. Бұл жаңа әдiстiң пайдасы — суды 5 есеге, тыңайтқышты 2,5 есеге дейiн үнемдей отырып, өнiмдiлiктi 3 есеге дейiн арттыруға мүмкiндiк бередi екен. Өткен жылы тамшылатып суару әдiсiмен 492 гектарға егiс егiлсе, үстiмiздегi жылы оның көлемiн 4000 га.-ға дейiн жеткiзу жоспарда бар.
Әрине, мұның бәрi әзiрге жоспар ғана. Жоспарды iске асыруға кедергi келтiретiн кемшiлiктер шашетектен. Кешегi аптада бiр топ Сенат депутаттары премьер-министр К.Мәсiмовке депутаттық сауал жолдап, суармалы жерлерге қолдау қажеттiгiн тәптiштеп түсiндiрiптi. Сауал мазмұнына үңiлсек, соңғы жылдары қаржы тапшылығына байланысты суармалы жерлердiң гидромелиоративтiк жүйелерiн жөндеу жұмыстары тек қана су жүйелерiне жүргiзiледi де, кәрiздiк жүйелер ескерусiз қалып келедi екен. 10-15 жылдан берi жөндеу-тазалау жұмыстары жүргiзiлмеген кәрiздiк жүйелердi лай басып, су тарта алмайтын дәрежеге жеткен. Соның салдарынан суармалы жерлер тұзданып, iстен шығуда. Мұнда өсiрiлетiн ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен өнiмдiлiгi төмендеуде. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы 511 мың суармалы жерде орналасқан 1903 тiк дренаждың басым көпшiлiгi iстен шыққан. 4773 шақырым көлденең су қашыртқыларының 4100 шақырымы соңғы 10-15 жылда тазаланбағандықтан, көмiлiп, қамыс басып кеткен. Осының салдарынан жерасты су деңгейi 1,0-1,5 метрге көтерiлген жерлердiң көлемi 60 мың, сорланған жерлер көлемi 91 мың гектарға ұлғайған. Ал бiр га. суармалы жер дайындауға 300-500 мың теңге қаржы жұмсалады екен. Сонда әлгi айтылған суармалы жерлердi қалпына келтiру үшiн қанша қаражат қажет екенiн есептей берiңiз.
Бiр кездерi көштен қалған бұйымның күйiн кешкен ауыл шаруашылығына қазiр көңiл бөлiнiп, қаржы қарала бастады. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешенiн тұрақты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған Концепциясын iске асыру жөнiндегi аймақтық бағдарламаға орай Оңтүстiк Қазақстан облысының ауыл шаруашылығына 2006 жылы республикалық бюджеттен 10748 млн. теңге бөлiнсе, өткен жылы 12910 млн. теңге қаралды.
Қомақты қаржы бөлiнiп жатқан тұста облыстың ауыл шаруашылығы саласында сапаны арттыруға ерекше көңiл бөлiне бастады. Мәселен, үстiмiздегi жылы облыстағы элита тұқымын өндiрумен айналысатын 7 шаруашылықтың (3-i мақта, 4-i дәндi дақылдан) жоғары сапалы тұқымның көлемiн көбейту мақсатында облыстың ортақ қазанынан 73 млн. теңге бөлiнiп отыр. Осының арқасында дәндi дақыл 1400 тоннандан 3260 тоннаға, мақта 500 тоннадан 1250 тоннаға дейiн артатын болады. Жыл сайын осы мақсатқа бөлiнетiн қаржы есебiнен 2010 жылға қарай тауар өндiрушiлердi 100 пайызға сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жоспары бар. Сол секiлдi асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға да көп көңiл бөлiнiп келедi. Бұл тұтынушыларды ет-сүт өнiмдерiмен қамтамасыз етуге септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.
Қазiргi таңда ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзектi мәселелердiң бiрi – ұсақ шаруашылықтарды iрiлендiру. Әйтпесе, бүгiнде бiздiң облыста жұмыс iстейтiн 71884 агроқұрылымның 42226-сының (61 пайыз) жер көлемi бар болғаны 5 гектарды, 15367-сiнiң (22 пайыз) 10 гектарды құрайды. Ұсақ шаруашылықтар мемлекеттiк көмектi пайдалана алмайды. Сол себептi үстiмiздегi жылы аталған агроқұрылымдардың 40 пайызын iрiлендiрiп, олардың жалпы санын 43130-ға дейiн кемiту жоспары түзiлдi.
Облыстық ауыл шаруашылығы департаментiнiң мәлiметiне жүгiнсек, бүгiнде облыста 113 мың тонна астық қоры бар екен. Оның 57 мың тоннасы азықтық. Бұл келесi егiн орағына дейiн жеткiлiктi. Алайда, бұл жеке шаруалардың қолында. "Қазаншының еркi бар, қайдан құлақ шығарса" демекшi, ендiгi қауiп бағаның тағы да көтерiлiп кетпеуiнде. Күздегi қымбатшылықта жергiлiктi билiк өнiм егелерiмен ортақ келiсiмге келiп, ұнның бағасын тұрақтандыруға септiгiн тигiздi. 1 қаңтарға дейiнгi арзан бағамен сатылуға келiсiлген 30 мың тонна ұнның 18 мың тоннасы таратылды. Ал жаңа жылдан бастап келесi егiн орағына дейiн осындай жеңiлдетiлген бағамен 35 мың тонна ұн босатуға келiсiм бар. Сұйық майға байланысты да арнайы меморандумға қол қойылған. Әзiрге, келiсiм күшiнде. Алайда, жан-жақтан жағадан алған қымбатшылық бұл келiсiмнiң күшiн сақтап қалуға кепiлдiк бола алар ма екен? Оның үстiне ерте түскен қар күздiк егiстi орта жолдан тоқтатып, меже орындалмай қалды. Көктемнiң де жылға азық бiраз күндерiн "кәрi құда" "жеп" қойды. Қыстың қақаған аязында шылбырын үзген көмiр бағасы жоғарыда айтылғандай меморандумды қаперге де алмады. 3300-3500 теңгеден аспауы тиiс деген қатты отынның ең төменгi бағасы 5500 теңгеден түспей тұрып алды. Ал жергiлiктi билiктiң қолдан келер дәрменi қалмады.
Әрине, облыста қолға алынып жатқан жаңа бастамалар баршылық. Бiрақ, бұл бастамалар барша қазақстандықтарды көкөнiспен, азық-түлiкпен жыл бойына үзiлiссiз қамтамасыз етiп, бағасын тұрақтандыруға септiгiн тигiзе алады ма? Әй, қайдам! Ол үшiн, бiрiншiден, бiршама уақыт керек болса, екiншiден, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау қажет. Мемлекет алдымен өнiм өндiрушiлерге бағаны реттеп отыруға сөзi өтетiндей, қауқары жететiндей жағдай жасауы тиiс. Онсыз жыл бойы жаңа дәрумендермен қамтамасыз ету, бағаны ауыздықтау бос әурешiлiк болып қала бермек.
Шадияр Молдабек