ЖЕТI МЫҢ АУЫЛДЫҢ ЖАЙЫН АЙТ...
ЖЕТI МЫҢ АУЫЛДЫҢ ЖАЙЫН АЙТ...
Қазақтың түп қазығы — ауыл
Бiздiң отбасымыздың Алатаудың баурайына қоныс аударғанына он бес жылдай уақыт бопты. Соған қарамастан, ауыл туралы ойға шомсам болды буырқана толқыған Сырдария, алыстан сағымдана көрiнетiн қарт Қаратау, хош иiсiмен мұрныңды жаратын жусаны мен жалбызы, ата саят дәстүрiне қаяу түсiрмей сары алтындай сақтап келе жатқан ақ пейiлдi, ақжарқын үлкен-кiшiлерi кино лентасындай бiртiндеп көз алдымнан өте бастайды. Неге? Мұнда қандай құдiреттi күш бар?
Себебi, ауыл – қазақтың генофонын сақтаушы, менталитетiнiң бастауы, мәдениетiмiздiң сарқылмас бұлағы, рухани байлықтың көзi. Екiншiден, хан сарайындай үйде тұрып, үлде мен бүлдеге бөленiп отырса да қала халқы ас-ауқатсыз өмiр сүре алмайды. Өйткенi, ас — адамның арқауы, тiршiлiк көзi. Демек, халықты асырап отырған да сол ауыл еңбеккерлерiнiң жанкештiлiкпен өндiрiп отырған өнiмi — астығы, етi, сүтi, қазы-қартасы мен қымыз-қымыраны. Олай болса, қазақ мына ұлан байтақ даласында егiн өсiрiп, төрт түлiк малын төскейге өргiзбей өмiрiнiң мәнi де, сәнi де болмайды. ХХ ғасырдың сексенiншi жылдарында Қазақстанда 38 миллионға жуық мал басы болған.
Ал, бүгiнгi ауылдың хал-ахуалы қай дәрежеде? Әрине, қара нан таппай аштан қырылып жатқан ешкiм жоқ. Олай болуы мүмкiн де емес. Өйткенi, елiмiзде қаржылай мол резерв қалыптасты. Iшкi жалпы өнiм 2007 жылы жан басына шаққанда 7000 доллардан болса, 2009 жылы 9000 долларға жетедi деген болжам бар. Өткен жылғы өндiрiлген астық жан басына есептегенде 1,5 тонна, мұнай өнiмi — 4 тоннадан келедi деген деректер айтылуда.
Десек те, Құдайдың берген мол несiбесi үйiлiп-төгiлiп жатса да, осы жердiң иесi — қазақтардың өмiр көшiне iлесе алмай, үш миллонға жуығы кедейшiлiк жағдайында өмiр сүруi көрер көзге ұят-ақ. Туған жердiң түтiнiн сөндiрмей, бабалар аруағын қастерлеп отырған ауыл азаматтарын жетiмсiреттi, урбанизация заңдылығы деп, қалаға қол жайғызып қою, қазақ ұлтының күре тамырына балта шабушылық. Ауыл мәселесiн шешу арқылы ғана Қазақстан бәсекелестiкке қабiлеттi елу елдiң санатына қосыла алады. Өйткенi, ауыл – қазақтың iргетасы.
Өндiрiстiк саланы қаңтарып қою салдарынан соңғы бес жылда жеңiл өнеркәсiптен бюджетке түсетiн қаржы 900 есеге төмендеген. Күнделiктi тұтынатын азық-түлiк түрлерi мен тауарлардың 80 пайызы сырттан әкелетiн Қазақстанның өзiнен ең арғысы шұлық пен сiрiңке де шықпайтын секiлдi. Ал, өз өндiрiсiне, өз тауарына иек артпаған мемлекетте өсу болмайды, экономикасы дамымайды. Есепсiз алынып жатқан жер асты-үстi байлығына сенiп, келешекте сан соғып қалмауымызды ойлаған жөн. Қазiр энергетикалық ресурстардың 85 пайызы шетелдiктердiң қолында болуы да ұлт қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруi әбден мүмкiн.
Кезiнде iрiлендiру (оптимизация) саясатымен елiмiздегi 33 қазақ ауданын қолдан жойып жiбердiк. Сол дүрлiгуден аман қалған 7 мыңға жуық ауылдың бiр мыңнан астамы қалт-құлт етiп өмiр кешуде. Ауыл¬дағы қазақтың жағдайын жасамай, оның мұқтажына құлақ аспай — ұлт мерейiн асқақтата алмаймыз. Өйткенi, ауылдың өркендеуi мемлекет өркендеуi. Мемлекет бюджетiнен "Ауыл жылына" деп бөлiнген 150 млрд. теңгенiң шыққан жерi белгiлi де, қайда жұмсалғанын тексерген ешкiм жоқ. Билiк тексеруге мүдделi де емес. Өйткенi, билiктегiлердiң көбi сол қаржыдан өз үлестерiн алып, сыбайлас жемқорлыққа шырмалған деседi жұрт. Жер жекеменшiкке сатылып кеткен. Жерсiз қалған қазақтардың мал шаруашылығымен айналысуына мүмкiндiк болмай барады.
Мемлекет иелiгiндегi қараусыз қалған аз ғана жер ауылдықтардың жұмырына жұқ та болатын емес.
Елiмiз ДСҰ құрамына ену табалдырығында тұрғанда ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру мен өңдеудi мықтап қолға алу мiндетi тұр.
Қазақстан халқының 43 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, осы уақытқа дейiн елiмiзде аграрлық секторды жақсартудың кешендi саясаты жүргiзiлмей келгенi өкiнiштi-ақ. Ауыл экономикасын өркендету арқылы қаладағы жеңiл өнеркәсiптi қалпына келтiрсек, жұмыссыздықты түбегейлi азайтуға жол ашылады. Қазақстан мұнай, газ, түстi металдар, уран рудасы сияқты шикiзаттарды сатуды азайтып, әлемдiк нарыққа астық, күрiш, жүн, терi, күнбағыс майы, ет, сүт өнiмдерiн шығарса, зор байлыққа қол жеткiзерi сөзсiз. Үкiмет банктер жүйесiн жөнсiз қаржыландыруды азайтып, оның есесiне ауылға субсидиялар берудi көбейтсе, ауылдың инфрақұрылымын қалпына келтiруге мүмкiндiк туар едi. Сонымен бiрге, бұрындары болған, кейiндерi тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында құрдымға ұшыраған малбордақылау, құс фабрикаларын, қой, жылқы, түйе өсiру кешендерiн қайта жасақтаса, Қазақстан әлемдiк нарықта өз орнын ойып тұрып алары анық. Ол үшiн ауылшаруашылық өнiмдерiн қайта өңдейтiн iрi жобаны жүзеге асыруды жедел қолға алуы тиiс. Сонымен бiрге ауылда сүт, iрiмшiктiң бiрнеше түрiн шығаруды, тауықтың жұмыртқасы мен етiн өндiруге арналған цехтарды көбейтудi қолға алған жөн. Сол сияқты оңтүстiк аймақтарда көкөнiс өнiмдерiн кептiрiп, өңдейтiн зауыттар салу аса қажет.
Ауылды өркендетуге, онда тұратын еңбек адамдарының тұрмыс-тiршiлiгiн жақсартуға Үкiметтiң толық мүмкiндiгi бар. Тiптен, қажет болса, Ұлттық қордағы 20 млрд. доллардың бiр жылғы түсетiн пайыздық өсiмiн ауыл экономикасын көтеруге жұмсаса жетiп жатыр.
Деректi мәлiметтерге сүйенсек, Қазақстан жерасты су көздерiне бай елдер қатарында. "Сулы жер — нулы жер" демекшi елдiң әр аймағынан суландыру жүйелерi орнатылса қазақтың тың жатқан дархан даласы гүлденiп шыға келерi сөзсiз. Сыр бойында, бұрынғы жылдары, жемiс жидектен басқа қауын-қарбыз, асқабақ өсiру үрдiсi кең етек алған болатын. Соңғы жылдары күнбағыс өсiру байлық көзiне айналған едi, амал қанша, нағыз қажет кезiнде маусым, шiлде айларында аяқсу тапшылығына байланысты бұдан да қол үзiп қалды. Қысқасы, ауылды аяқсумен жеткiлiктi қамтамасыз ете бiлсек елдi толық қамтамасыз етiп қана қоймай артылған өнiмдерiн экспортқа шығару мүкiндiгiне де ие болары анық. Үкiметтiң ауылға шынымен жаны ашыса, тегiн емес, несие-қаржымен азын-аулақ көмек көрсетсе, берген несиесi қайтатынына кәмiл сенемiн.
Америка Құрама Штатында жыл сайын аграрлық секторға 55-60 млрд. долларға көмек көрсетiлуi тегiн емес.
Екiншiден, жекешелендiрудiң құйтырқы науқаны кезiнде қолды болып кеткен өзiне тиесiлi жерiн, тұнық көлiн, жасыл жайлауын түгел қайтарып берсе. Ата-бабаларымыз "Алтын, күмiс тас екен, арпа бидай ас екен" деп бекер айтпаған ғой.
Қазақтың сан ғасырлық менталитетiн паш еткен "Қыз Жiбек" жырындағы мына бiр өлең шумағын еске сала кеткiм келедi.
"Едiлдiң бойы тал болар,
Жiгiттiң көркi мал болар.
Малың болса қарағым,
Қарада басың хан болар".
Алдында қора-қора малы, үйiр-үйiр жылқысы, астында бәйге аты, кең жайлауы бар қазақ өзiн ешкiмнен кем санамаған. Тек қазiргi мiндет — иесiздiкке айналып бара жатқан қазақтың ұлан байтақ даласына қызғана көз алартып отырған жат-жұрттықтардың сұғанақ қолды шырмауына түсiп қалмау үшiн күресу. Қазаққа керегi, мақсат-мүддесi — заманның тыныштығы, ел-жұртының амандығы.
Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ, еңбек ардагерi