Жаңалықтар

МҰСЫЛМАНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

МҰСЫЛМАНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ

ҚЫРҒЫЗ ЕЛIНДЕ АЛАҢДА МIНӘЖАТ ЕТУГЕ, АЛ РЕСЕЙДЕ БIРҚАТАР ИСЛАМ ӘДЕБИЕТТЕРIН ТАРАТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Ресей бiлiм ұяларында былтырғы оқу жылынан берi "Православие мәдениетiнiң негiздерi" пәнiнiң оқытылуы жөнiнде пiкiрталас өрбiген-дi. Сол кездiң өзiнде дiнбасылар мен Бiлiм және ғылым министрлiгi бiр мәмiлеге келе алмай, екiұдай пiкiр ұсынып, айтыс-тартысқа дейiн барған болатын.

Оның бiрi мектепте дiн тарихы жөнiнен кең ауқымда мағлұмат беретiн пәндi "Православие мәдениетiнiң негiздерi" немесе "Әлемдiк дiндер тарихы" деп атау керектiгiн айтса, ендiгi бiрi алғашқысын бiлiм беру жүйесiнiң аймақтық тәжiрибесiнде ("ОПК" 2006 жылдан Белгоград және Брянск облыстары мектептерiне енген) жүргiзiлуiн қалап, екiншi пәндi Мәскеу және Татарстан мектептерiнде қосымша сабақ негiзiнде өткiзiлуiн құптаған. Бұл екi пәннiң оқытылуы немесе оқытылмауы барысында РФ Бiлiм және ғылым министрлiгi мен Орыс Православие шiркеуi өзара келiспей, бiраз тығырыққа тiрелген болатын. Жасыратыны жоқ, министрлiк жағы өз ұстанымы арқылы бiлiм ұяларында "Әлемдiк дiндер тарихы" пәнiн өткiзуге құлықты екенiн аңғартып қалды. Өйткенi, министр А.Фурсенконың пiкiрiнше, "Православие мәдениетiнiң негiздерi" тек жексенбiлiк мектептерде не дiни сауат ашатын семинарияларда оқытылуы мүмкiн. Сол себептен де бiлiм жүйесiнде "Әлемдiк дiндер тарихы" курсын оқытуды мiндеттi пән ретiнде енгiзудi қажет деп санаймын" деген ол. Ал осы жауырды жаба тоқыған мәселе төңiрегiнде ел аузын жия бастағанда Ресейдiң Мүфтилер кеңесi Қазан қаласында бас қосып күн тәртiбiндегi екi мәселенi қызу талқыға салды. Бiрi – елде көрiнiс тауып отырған мұсылман әдебиетiнiң таралуына тыйым салуға қарсылық және 2009 жылдан бастап ресейлiк мектептерде "Дiни-рухани адамгершiлiктiң мәдениетi" (ДНК) сабағын мiндеттi пән ретiнде жүргiзуге байланысты.

Негiзiнен Ресейде тұратын түрлi дiн, ұлт өкiлдерi, оның iшiнде мұсылман қауымы дiни әдебиеттер мен оқулықтарға тыйым салуға қарсылықтарын танытып үлгердi. Тiптi, өз дiнiнiң құрбаны болуға лайық мұсылман мұның астарында саяси астардың бар екендiгiне шүбә келтiрмейдi. Олардың уәжi бұл нағыз кеңестiк-тотолитарлық идеологияның қайта оралып, цензуралық қатаң жүйенiң тас қалпында келгенiн аңғартпай ма дегенге саяды. Бұны кездейсоқтық деп қабылдамаған Мүфтилер кеңесi өзiнiң жолдауын жасап, дiни әдебиеттiң таралуы әрбiр дiннiң немесе ағымның iшкi iс-әрекетi дей келе, қандай да бiр шешiмнiң болуын талап етуде. "Ал, Ресейдiң мұсылман дiни кiтаптарының таралуына тосқауыл қойып әрi заңға қайшы келiп, мұны әлеуметтiк-саяси мәселелердiң туындауының алғышарты етiп қойғанын қалай түсiнемiз" дейдi олар бiрауыздан.

– Татарстан көпұлтты, көпконфессиялы республика. Оның үстiне жергiлiктi президент мұсылман дiн өкiлдерiн Татарстан аумағына, бiр қазанның басына жинауды өзiне басты мақсат етiп қойыпты. Сондықтан да билiк әр дiн өкiлдерiнiң, дәстүрлi конфессия мүшелерiнiң қарым-қатынасын елеп-екшеп, "өгiздi де өлтiрмейтiн, арбаны да сындырмайтын" жолды қарастыруы керек. Бәрiмiзге белгiлi, бұған дейiн Татарстанда дiнге байланысты ешқандай да бiр кикiлжiң болған емес, содан болар бiз өзiмiздi дұрыс бағытпен келемiз деп бiлемiз" – дейдi, Татарстанның мемлекеттiк кеңесiнiң төрағасы Фарид Мухаметшин.

Ресей Мүфтилер кеңесiнiң азиялық мұсылмандар рухани бөлiмiн басқаратын Нафигулла Аширов кеңес барысында мұсылман әдебиеттерi мен оқулықтар ғұмырын мейлiнше қысқартуға бағытталған және бiлiм ошақтарында көсе-көлденең шыға беретiн тыйым туралы мәселенiнiң қайта-қайта көтерiлуiне мұрындық болды. Оның жанына батқаны да сол, Бугурусландық қалалық соты жергiлiктi "Аль-Фуркан" медресесiндегi кiтаптарды "экстремистiк бағыттың нышаны" деп айыптап, Ресей аймағында ислам дiнi әдебиеттерiн тұншықтыруы едi. Бiр сорақысы, таралуына тыйым салынған кiтаптың iшiнде әрбiр мұсылман шаңырағында болуы мiндеттi "Ислам негiздерi" кiтабы да бар екендiгiн айта келе, "бұға берсең, сұға бередiнiң" керi келiп, бұл тiзiмнiң әлi де көбейетiнiне кепiл жоқ деп күйiнедi. Айтқаны дөп келдi. Әлгi "экстремистiк" деп табылған кiтаптың қатарына мұсылманның 16 кiтабы енiп кеткен. Ал тағы бiр дiндардың айтуынша, бұл тыйым әуелгi кезде ваххабистiк кiтаптардан басталған. Неге екенi белгiсiз, мәселенiң ушықпай тұрған кезiнде мұны жарыққа шығарған "Бадр" баспасы да ләм-мим деп тiл қатпаса, Мүфтилер кеңесi де өз пiкiрiн ашық бiлдiрмеген. Сол себептен де тыйым салу шарасына тоқтау болмай отыр. "Жығылғанға жұдырық" демекшi, бұл аздай түрiктiк дiндар Саид Нурсидiң он төрт кiтабы да осы күйдi кешуде. Бәзбiреулердiң пiкiрiнше, бұл тыйым кiтаптарға емес, оның орысша аудармасына бағытталған сияқты. Егер оны басқа баспа дұрыс аудармасымен шығарса, бәрi де қаз-қалпына келедi деп үмiттенедi. Дегенмен, мұсылмандар себептi қайдан, қалай iздесе де, мұның түпкi негiзiнде ислам дiнiне қатысы бар әдебиет пен оқулықтардың қолданыстағы аясын мейлiнше тарылту көзделген сияқты.

Алайда, Мүфтилер кеңесi iс насырға шапса, бұл мәселенi халықаралық деңгейге дейiн көтермекшi. "Әлбетте, Ресейдi еуропалық сотта қаралағымыз келiп отырған жоқ. Бар болғаны РФ Жоғарғы соты Бугурусландағы сот процесiне нүкте қоюы қажет. Бiз соны талап етемiз!" деген едi. Бiрақ "КоммерсантЪ" газетiне түсiнiктеме берген мұсылман әрi қорғаушы Рүстем Валиуллин Мүфтилер кеңесi мен мұсылман қауымының бас көтерер дiндарларының ақылдасуы арқасында бұл мәселенi еуропалық сотқа шағымдану арқылы бiржақты ететiнiн әрi бұл iс мұсылмандардың пайдасына шешiлетiне сенiмдiлiк бiлдiредi.

Сондай-ақ, Мүфтилер кеңесi бiлiм ұяларында өткiзiлiп жатқан "Православие мәдениетiнiң негiздерiн" ресейлiк православ шiркеуiн қолдайтын "Дiни-рухани адамгершiлiк мәдениетi" пәнiне ауыстыруды құптап отыр. Өйткенi, мемлекеттiк мектептерде бiр ғана елдiң дiнiнен (православие дiнiнен) мағлұмат беру мұсылман тұрғындарының құқығын таптайды. Сол себептен, ДНК сабағын 1-11-сынып оқушыларына аптасына бiр-екi рет өткiзу қажет", – дейдi Мәскеу ислам университетiнiң ректоры Мурат Муртазин. Егер бiздiң ұсыныс қабылданатын болса, оқулық шығару және мұғалiм дайындау шаруасы тағы бар. Ал бұған билiк мүлдем терiс қарайтынын аңғартса, мұсылман балаларының 50 пайызы православие дiнiне, қалған 50 пайызы атеистiк әдет-ғұрыппен тәрбиелену қаупi төнiп тұр. Расында да, бiр сыныпта екi-үш мұсылман баласы бар екен деп, оларға әдейiлеп ислам дiнiнен дәрiс бермейтiнi айдан-анық. Әңгiме, мұсылман балаларының жүзiн христиан дiнiнiң ағымдарына бұрғызу ғана.

Сонау Ресей аумағында мұсылман әдебиетi мен оқулықтарына тыйым салынып жатса, жақында Қырғыз мемлекетi алаңда мiнәжат етудi доғаратын болды. Соңғы үш жыл көлемiнде Қырғызстан мұсылман әйелдерi жеке куәлiк, тағы басқа да құжаттарға хиджаб (әйелдiң басы мен мойнын жабатын орамал) киiп түсу үшiн әйтiп-бүйтiп жүрiп билiктен рұқсат алған-ды. Бiрақ жергiлiктi Iшкi iстер министрлiгiнiң қызметкерлерi бұған келiспей, "орамалмен фотоға түсуге тыйым салу керек" дегендi айтып отыр. Олардың айтуынша, азаматшаның құжат суретiнде құлағы, мойны, маңдайы толығымен көрiнiп тұруы керек. Әйтпесе, қылмыскерлер әйелдiң киiмiн пайдаланып, айласын iске асыруы мүмкiн. Бұл Iшкi iстер министрлiгiнiң қырғыз елi мұсылмандарына қарсы әрекет жасаған бiрiншi дүрбелеңi. Таяу күндерi Iшкi iстер министрлiгi мұсылмандар үшiн қасиеттi күндерi алаңға шығып, Аллаһ Тағалаға мiнәжат етудi доғару туралы Үкiметке ашық хат жолдады. Осы ашық хат күшiне мiнсе, бұдан кейiн қырғыз ағайындарға орталық алаңда намаз оқуға рұқсат берiлмеуi мүмкiн. Сол себептен де, аталмыш министрлiк құдайға құлшылық жасау ғибадатын басқа жерде өткiзу туралы ұсыныс жасады. Өйткенi, олар: "Дiнге бет бұрушылар қатары жыл сайын көбейе түскендiктен, IIМ-не қоғамдық тәртiптi сақтау қиын болып бара жатқанын айтып, бұл алдымен халықтың қауiпсiздiгiн сақтау үшiн қажет" деп түсiндiредi. Осыған байланысты Қырғыз Республикасы IIМ баспасөз хатшысы Бақытбек Сейiтов: "Биылдың өзiнде 60 мыңға жуық адам жиналды, келесi жылы бұл көрсеткiш 100 мыңнан асады. Көшенiң бәрi жабылып қалады. Егер бұлай жалғаса берсе, жағдай тығырыққа тiрелуi мүмкiн" – дейдi. Қысқасы, құзырлы мекеме қызметкерлерi мен Дiндер iсi жөнiндегi агенттiк өкiлдерi бес парыздың бiрi – намазды қаза қылмайтын мұсылман алаңда емес мешiт айналасында оқуы тиiс. Оның үстiне, қай мемлекет Аллаһ Тағалаға құлшылық ету үшiн қаланың орталығындағы алаңға жиналады? Бiз бұл жайында дiнбасылармен кездесiп, ақылдасамыз дейдi IIМ-лер. Ал iле-шала Орта Азия және Қырғызстан мұсылмандар конгресi Бiшкектiң орталық алаңында мерекелiк намазды өткiзуге тыйым салған билiкке наразылықтарын жеткiздi. "Егер билiк осындай кереғар шешiм шығарса, бұл халықтың толқуына әкеп соғады. Сондықтан да бiз мұсылман қауымға алаңның бiр бөлiгiн беруiн талап етемiз" дейдi наразы топ. Олардың пiкiрiнше, алаңда 1916 жылғы көтерiлiс кезiнде қираған мешiттiң орны болған. Және бұл деректi құжатпен растау үшiн наразы топ архивтегi мешiттiң суретi мен анықтама қағазын көрсетiптi.

Орта Азия және Қырғызстан мұсылмандар конгресi президентi Бақыт Нурдинов: "Үкiметтiң жүз, екi жүз мың мұсылман сиятын көпқабатты мешiт салуына қауқары жетедi" десе, "Акыл эс, рух жана ыйман" қоғамдық бiрлестiгiнiң президентi Дуйшон Ажы Абдылда улу: "Кейбiр қоғамдық және саяси өкiлдер миға сыйымсыз әрекеттерiмен мемлекет пен халықты текетiреске итермелегiсi келедi. Айтыңызшы, осыншама жұртты мешiттiң аймағына қалай сыйғызуға болады? Жер халыққа тиесiлi, сондықтан да мұсылмандық парызын қайда, қалай орындайды, оны халықтың өзi бiледi" дейдi халықтың атынан сөйлеп.

Олар намаз уақытында қауiпсiздiк шараларын сақтау, көлiк кептелiсiн болдырмау үшiн алаңға көлiкпен келмеу керектiгiн айтады. Ел-жұрттың наразылығын ұйымдастырушылар: "Мұсылмандар бұл мәселенi ешқандай ереуiлсiз шешiлуiн қалайды. Егер билiк дiннен алшақ болса да, елдегi мұсылман қауымының құқығын аяққа таптауға болмайтынын ескеруi қажет. Сол себептен де президент, парламент және мемлекеттiк мекемелер жаңа саяси толқынның болмауы үшiн дұрыс шешiм шығарар" деген үкiлi үмiтiн жасырып қалмайды.

Ал "Қырғызстан халқының ар-намысын қорғау" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Акин Тоқталиев: "Бұл мәселе Құрбан айт мейрамы болмай тұрғанда қылаң бердi, бiрақ ол кезде қала әкiмi Данияр Усеновтiң араласуымен уақытша рұқсат етiлген-дi. Қазiр дiн туралы жаңа заң қабылданып жатыр. Бұл заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуде Дiндер iсi жөнiндегi мемлекеттiк агенттiгiнiң құзыретi мықты екен. Негiзi Дiндер iсi жөнiндегi агенттiк кiмге керек? Шынын айтқанда, бұл бар болғаны мұсылман қауымды қажылық сапарға ұйымдастыру кезiнде ақша жеу үшiн құрылған агенттiк" дейдi. Қысқасы, олардың пiкiрi Жаңа жылдық мейрам кезiнде алаңда шуылдаған мерекелер өткiземiз де, ал мұсылмандардың жарты сағат намаз оқуына қарсылық танытуымыз қалай?" дегенге саяды.

Билiктiң бұл мәселеге қатысты уәжi әзiрге белгiсiз. Ал, Қырғыз мұсылмандар конгресi бұған кәдiмгiдей шамданып отыр. Олардың айтуынша, мұндай келiсiлмеген шешiм халықтың ызасын тудыруы әбден мүмкiн. Әйтсе де, қырғыз мұсылмандары бұл жағдайдың соңы наразылық шерулерiне ұласпайды. Алайда, билiк өкiлдерi Iшкi iстер министрлiгiнiң ыңғайына жығылса, iс насырға шабады, соттасамыз деп отыр.

Мұндай iс-әрекеттiң барлығы айналып келгенде ислам дiнiнiң аясын тарылтуға бағытталғандай. Ресей бұл мақсаттағы шаруасын астыртын түрде жүргiзуге бел шеше кiрiссе, Қырғыз елi дабыра көтерiп жасауға бел буыпты. Алайда, Қырғызстан құзырлы мекемесiнiң ел қауiпсiздiгi мен тыныштығын алдын-ала ойлауын мақұл көрсек те, жергiлiктi билiк мұсылман қауымы мiнәжат ететiн ғибадатхана мен мешiттiң көптеп салынуына мойын бұру керек сияқты. Онсыз да түрлi дүрбелең мен толқулардан көз ашпайтын Қырғыз елiнiң тығырыққа тiрелуi бек мүмкiн.

Ал Ресей маңайындағы жапа шегiп отырған мұсылмандар қал-қадiрiнше қолдан келгенiн жасап бағып, тiптi еуропалық сотқа шағымдануға да әзiр. "Екi түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледiнiң" керi. Басқаны қайдам, мұның нәтижесiнде Ресейдiң ұпайы түгел боп қала беруi мүмкiн. Бiрақ бұл жерде мұсылмандар мен басқа ағымдар арасына iрiткi салу, алауыздығын туғызып алмау мәселесi бар емес пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ