ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫН АШҚАНДАЙ...

ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫН АШҚАНДАЙ...

ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫН АШҚАНДАЙ...
ашық дереккөзі

Мiне менiң үстелiм үстiнде екi томдық басылым…

«Менi, тезiрек оқы!» деп, үнсiз–ақ тiл қатқандай ынтықтырады.

2007 жылы жарық көрген қазақ поэзиясының антологиясы–"Жиырмасыншы ғасыр жырлайды".

Алғы сөзiн жазған әрi құрастырған Сауытбек Абдрахманов. Аталмыш авторды, майталман журналист, әйгiлi әдебиетшi, iзденгiш ғалымды жас шағынан бiлемiн. Өнерiмен де таныспын. Содан да сыйлаймын.

Иә, сыбағалы еңбегi аян азамат өзiн сыйлаттырады.

Ол – әдебиеттану, өнертану, тарихнама тақырыптарына арналған қазақ және орыс тiлдерiндегi тоғыз кiтаптың тудырушысы. Анау бiр жылы Сауытбек филология ғылымының кандидаттығына диссертация қорғады. Тақырыбы аса тартымды. Абыройлы ақын Қуандық Шаңғытбаев аудармасындағы Александр Пушкиннiң "Евгений Онегин" поэмасы. Мен осы поэманың аудармасына баспа қолқалауы бойынша жиырма беттен аса жабық рецензия жазған едiм. Сауытбектiң авторефераты жөнiнде баспасөзде жағымды пiкiр жаздым. Әлбетте диссертация қорғаудың қарсаңында.

Содан берi Сауытбек бауырымның жарық көрген зерттеулерiн өз архивiме ұқыпты жинап жүремiн. Өйткенi қажет. Мәселен, А.Пушкин шығармасындағы түркi нәсiлдес сөздердiң тiзбесi, С.Абдрахманов түгендеген… Анда-санда аударыстырып қарап қоям, балаларыма, немерелерiме айтып берем… Мәндi, мәйектi мағлұматтарға олар да қызыға қарайды, таңдай қағады.

Ақылмандардың адамзат болмысындағы асылдарды жатсынбай, жатсынбақ түгiлi, жанашырлықпен аялай сақтайтынына айқын айғақ, анық фактi де осы!

Бұдан кейiн араға жылдар салып асықпай-саспай, Сауытбек Абдрахманов поэзия аудару проблемаларын толассыз зерттеп, докторлық диссертациясын сәттi қорғады.

2001 жылдан бастап, зерделi зерттеушi өз ғасырымыздағы қазақ ақындарына "Егемен Қазақстан" газетiнде жеке-жеке бет арнап, әрқайсысының ақындық келбетiн бiлгiрлiкпен анықтауға талаптанып, тер төктi, байсалдылық танытты.

"Жиырмасыншы ғасыр жырлайды" атты екi томдық антология баспаға осылай мәттақама дайындалып, тарих сахнасына көтерiлдi.

Бiрiншiден, аталмыш басылым авторлық антология! Бұл дегенiңiз ешбiр алқа мәжiлiсiнiң әмiрi жүрмейдi деген сөз…

Бәрiн де бағыттайтын да, анықтайтын да – құрастырушы автордың ақынжандылығы, ашық айтсақ, iшкi жан-дүниесiнiң ақындығы, бiлiмдарлығы мен талғампаздығы!

Осы қасиеттердi шындасақ Сауытбек Абдрахманов бойынан табатындаймыз.

Антология құрастырудың амал-тәсiлiн Сауытбек сұрастырғанында, асқан ақындығына сарабдал сыншылығы сай Жарасқан Әбдiрашев кiтапқа алқа құрып, құндылығы асқан жырларды таңдаудың бiтпес дауының көптiгiн, әдiл шешiмнiң жоқтығын кейiп тұрып, күйiнiп айтқан екен.

Мына қос томдыққа кiргiзiлген елу шақты ақынның таңдаулы туындыларын сұрыптау, саралау үшiн құрастырушы-автор бес жылдың iшiнде кемiнде бес жүздей кiтапты тәптiштеп оқуына тура келiптi.

Iзеттi iнiмiз бұл қос томдықты маған 2007 жылдың 22-iншi қарашасында сыйлапты.

Содан берi арушаңдығым әрi жастың ұлғаюы қыспағынан босай алмай, аталмыш кiтапты ақырындап, асықпай оқып келем.

Әр ақынды топырағына бөлмей, алаламай, әдiл бағалағанына кiм болса да мен сияқты разы болары сөзсiз.

Зерттеу институтын ашқандай зерделеуге терең бойлағанын, Сауытбектiң ерен еңбекқорлығын айрықша атап өткiм келедi.

60-70 жылдай әрiптес бола тұра, сол елу шақты ақынның поэзиясын зерттеушi деңгейiнде жете бiлмейтiнiме өкiнiп отырмын!

Ең алдымен талай әрiптестердiң таңдаулы жырларын қайтадан оқып, тәттi ләззатқа бөленгенiмдi айтсаңшы!

Көзi тiрiсiнде, тобымыздың жұбы жазылмай жүргенiмiзде, "тентек ақын" атанған Тоқаш Бердияров поэзиясын Сауытбек қалай саралаған екен?!

"…қай тақырыпқа толғаса да тек өзiнiң жүрегiн тербеткен жайларды арқау етедi. Тоқаш Бердияров кiтаптарының қай бетiнен де еркiндiктi, елдiктi, ерлiктi дабырайтып айта алған, рухани азаттықты аңсаған азаматтың жан-жүрегiнiң лүпiлi естiлгендей".

"Поэтикалық образдарының нақтылығы, метафоралық байлығы жағынан ұлттық сөз өнерiмiзге өз кезеңiнде көп жаңалық ала келген Тоқаш…"

Қандай жасында өмiрден ерте кеткен өр дауыл үндi Төлеген Айбергеновке С.Абдрахманов сүйсiнiсi бәрiмiздi де сендiредi.

"Айбергенов талантының басты құдыретi Төлегеннiң адамға, жақсылыққа ғашық жүрегiнде, баршаны бiрдей құшағына алуға дайын тұрған дархан жанында, тиген жерiн күйдiрiп кетердей "мөлдiр дертi" – Сағынышында".

Осы бағамдаудың өзi-ақ зерттеушiнiң зеректiгiне айғақ боларлықтай…

"Жиырмасыншы ғасыр жырлайды" қос томдығында бiздiң жайбасар, поэтикалық антология бетiн ашуға сүлесоқ композиторлардың әсем әуендерiн тiлеп тұрған ән-өлеңдер қаншама?! Осы өнер байлығын да жолай атап өткендi жөн көремiз.

Екiншiден, мынау қос томдықтың таралымы мардымсыз – 2000 дана ғана…

Поэзия жанашырлары ендiгi таратып әкеткен де болар…

Ендеше қос томдықты араға 2-3 жылдан салып, қайталап бастыруды дәстүрге айналдырған абзал үдерiс көрiнедi.

Неге десеңiз, қазақ поэзиясының антологиясы әрбiр қандасымыздың қақ төрiнен орын алуға құқылы… Оны құштарлықпен жастана оқыған құлыншақтай ұл, қуыршақтай қыздың ұлттық рухы асқаралы болмақ!

Әдебиет пәнi мұғалiмдерi мектепте аталмыш антологиямызға арналған лексиялар оқыса құба-құп!

Сауытбек Абдрахманов қазiр құрастырып жатқан "Жүз жыл, жүз жыр" деген авторлық антологиясына көзi тiрi шайырларымыз үлкен үмiтпен қарары сөзсiз.

Қалың қауым қызыға күтерi, күдiк тудырмасы айқын… Неге десеңiз, бұл талпыныс қазақ әдебитiнде ғана емес, бүкiл дүниежүзiлiк әдебиетте де алғашқы жаңалық.

Рухани қазынамызға қосылар құнды басылым жайында бұған дейiн бiрнеше пiкiрлер баспасөзде төбе көрсетсе де бiз өз қуаттауымызды бiлдiрудi орынды деп санадық.

Поэзия әлемiне өз тең-тұстарынан кешеуiлдеу келсе де, бес жүзден астам әнге мәтiн жазып үлгергендер бар екен… "Санмен алма, сапамен ал", деген әдiл талапты ондай автор қаншалықты орындап жүр?! Сол ән-өлеңдерiнiң асыл афоризмдей ел жадына көшкен үздiк тармақтары бар ма екен? – деген де ойлар келедi… Орайы келгенде айтпаған олқылық болар…

Мұзафар ӘЛIМБАЕВ, Қазақстанның Xалық жазушысы