«БЕСЕУДІҢ ХАТЫ» НЕМЕСЕ ЛЕКЕРОВ НЕДЕН ЖАЗЫҚТЫ БОЛДЫ?

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

1927 жылғы партия қатарын оңшыл ауытқушылардан тазалау науқанынан кейін арада он жыл өткен соң, Сталин Кеңес өкіметіне қарсы социализмнің ішкі жаулары фашист-ұлтшылдармен күрес науқанын бастауды қолға алды. Сталинге соны жүргізетін мықты кадр керек болды. Оның таңдауы БК(б)П Орталық Комитетінің партия органдары бөлімінің жетекшісі Николай Иванович Ежовқа түсті. Ол 1936 жылдың 26 қыркүйегінде КСРО Ішкі істері Халық комиссары болып тағайындалды. Оның бұрынғы бастығы И.М.Москвин кейіндеу: «Ежов тапсырманы сен ойлағаннан әрмен орындайды. Артынан тексермей-ақ қоюға болады. Оның жалғыз елеулі кемшілігі бар. Ол тоқтайтын кезде, тоқтауды білмейді», – деп мінездеме берген. Сталин Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен болған жиналыста: «Біз Кеңес өкіметінің троцкішіл ішкі жауларымен күресті жүргізуде төрт жылға кейінге қалып қойдық», – деп оларды бұл науқанды шұғыл жүргізуге шақырды.

Ежов 1937 жылы 30 шілдеде аса құпия № 00447 «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да Кеңеске қарсы элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін операция туралы» деген атпен жедел бұйрығын шығарды. Бұйрықта жаппай репрессия науқаны сол жылдың 5 тамызынан басталып, төрт ай мерзім ішінде аяқтау көзделген. Сондай-ақ Кеңестер Одағының әр респуб­ликасында бірінші және екінші категориямен жазалауға түсетін адам саны да алдын ала көрсетіліп берілді. Алайда «Үлкен террор» сол бұйрықтан бұрын, шілде айының алғашқы онкүндігінен-ақ басталып кеткен еді.

Әзімбай Лекеровтің отбасы бұл кезде Алатау көшесіндегі мамандарға арнап салынған № 22 үйдің бірінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде тұратын. Отыз жетінің жазында әдеттегідей қала сыртындағы Жос­парлау комитетінің саяжайында тұрып жатқан.

Халида Лекерова: «Әзімбай кешкісін қызметтен келген бойда өз бөлмесінде отырып, түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Столының үсті қолжазбаларға, рецензияларға, сыпаттауларға (отзывтарға) толып жататын. Көбіне сия қаламмен жазушы еді. Кейде мәшінке басушыны шақырып, диктовка жасайды. Ал жексенбі күндері күн ұзаққа бөлмесінен шықпай ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығынан диссертациялық еңбегінің соңғы бөлімін жазумен болды. Соның алдында ғана ақын Ілияс Жансүгіровтің «Күй» поэмасы бойынша ғылыми еңбегі баспасөздердің бірінде жарияланған еді. Оның дос-жарандарынан естігенім пікірталаста өз дегенінен еш қайтпайды екен. Екі көзі ұшқынданып, пікірін нақты мысалдармен дәлелдеп береді. Кейде олар әзіл-шынды аралас­тырып: «Біз пікірталаста Әзімбайдың өңменіңнен өткізіп жіберетін өткір жанарларынан жасқанатынбыз», – деп айтқандарын өз құлағыммен талай рет естігенмін. Мен екінші сәбиіме жүкті едім. Таңертең студенттермен бірге жақын маңдағы колхоздарға барып, балалар мен үлкендерді сауаттандыру сабақтарымен айналысамын. Солай күндер өтіп жатты».

Шілде айының бас кезінде қала ішіне суық хабар тарап кеткен. «НКВД-нің қызметкерлері бұрынғы «оңшыл» мен «солшыл» ауытқушыларды, буржуазиялық-ұлтшылдарды Кеңес өкіметіне қарсы деген күдікпен тұтқындайды екен». Көп ұзамай сұр түсті елтіріден тігілген пиджак кигендер бітеу қара машинамен үй-үйді аралап, адамдарды тұтқындай бастады. Сол бітеу машина көшеден көрінгеннен-ақ, жұрт: «Апырай мынау «Черный ворона» енді қай үйдің алдына тоқтап, кімді тұтқындайды екен?», – деп терезелерінің арғы жағынан шошына қарап тұрды.

Халида Лекерова деміккенін басып тағы да бір ауық үнсіз отырды. «1937 жылдың екінші онкүндігінің соңғы күндері еді. Кешкісін Әзімбай қызметтен еңсесі түсіп келді. Қоңырқай жүзінен әдеттегідей жылылықты көре алмадым. Өңі мүлдем сынық. «Бәрі де бітті», – деп орындыққа бар денесін сылқ еткізіп, тастап жіберді. Мен бұл сөздің мәнін жете түсіне қоймасам да, әйтеуір бір жайсыздықтың болғанын ішім сезді. Жүкті болған соң қаймықпасын деді ме тіс жармады. Кейіндеу білгенім сол күні НКВД-нің адамдары оның кабинетіндегі атына арнайы берілген маузерін алып кетіпті. Ертеңіне Әзімбай диссертациясын аяқтап болған кезде саяжайдың алдына «Черный ворон» келіп тоқтады. Анам мен менің жүрегіміз қорқыныштан алып ұшты. Кабинадан елтірі пиджак киген түстері суық екі адам түсіп, есік алдында тұрған Әзімбайға: «Лекеров сіз боласыз ба?», – деді қатқыл үнмен. Әзімбай: «Иә, ол менмін», – деп тіксіне қарады. Әлгілердің бірі ішкі қалтасынан бір парақ қағаз шығарды. «Мынау сізді күдікті ретінде тұтқындау жөніндегі ордер». Ол қолына ұстатты. Әзімбай қағаздағы жазуға көз жүгіртті. Сабырлы қалпын бұзбай: «Сіздер тұтқындайтындай менің еш жазығым жоқ»,– дегені сол еді, анау баждия қарап, қабаған иттей арс ете қалды. «Оны тергеу кезінде біз анықтаймыз. Ал қазір саяжайды тінтуіміз керек». Екеуі ай-шайға қарамай ішке ентелей басып, кіріп келді. Стол үстіндегі қағаздарды тізімге алып, қалтаға салды. Кітаптар мен фотосуреттерді де қалдырған жоқ. Стол, диван секілді жиһаздарды аударып, төңкеріп, бөлмелердің ішін әп-сәтте астаң-кестеңін шығарды.

Босанатын уақытым да жақындап қалған. Дәрет алуға жиі шығып жүр едім. Әжетханаға барсам, аналардың бірі есігін жапқызбай қасымда тұрып алсайшы. Бұрын-соңды мұндай қорлықты кім көрген. Амал жоқ, соның көзінше дәрет сындыруға тура келді. Тінту жұмыстары біткен соң ұзындау бойлысы Әзімбайға: «Азамат Лекеров, сіз бізбен бірге жүресіз», – деп зірк ете қалды. Әзімбай қарсыласқан жоқ. Үстіне жеңіл пиджагін киіп, маған: «Лиди, менің еш кінәм жоқ. Көп кешікпей ораламын», – деп жүре берді. Бұл 1937 жылдың 20-шілдесі еді. Аналар соның алдында ғана Әзімбайдың қызмет орнына тінту жасап, бар жазғандары мен сызғандарын, құнды кітаптарын алып кеткен екен. Сол күні анам Нәфиса екеуміз Әзімбай әне-міне келіп қалар деп елеңдеумен бозала таңды көзбен атырдық. Бірақ Әзімбай келмеді» – Халида апа булыққан үнмен, көзінің жасын сүртті.

Ертеңіне институттың шаруашылық бөлімінің қызметкері жүк көлікпен келіп, оларды қаланың Алатау көшесіндегі 22 үйге әкеп салды. Арада екі күн өткенде НКВД-нің адамдары сонау Семей облысының Шар ауданындағы «Қызыл шілік» ауылынан «халық жауы» Әзімбай Лекеровтің ағайын-туыстары деп он екі жанды тұтқындап, қалаға алып кеткен. Олар – Байжұман, Орысбай, Мағауия, Жанғазы, Қамза, Сағади, Байдалы, Мәуітхан, Бектоғай, Халел, Жұмақожа. Соңғысының аты әлі күнге белгісіз. Бәрі де саясаттан аса хабарлары жоқ, малмен айналысатын қарапайым жандар. Әзімбай сол жазда туған ауылы «Қызық шілікте» бір күн ғана болған. Кешкісін жоғарыда аталған ағайын-тумалары сәлемдесуге келіп, ел іші жайында азын-аулақ әңгіме-дүкен құрған. Ағайындылардың сол бас қосуын ертеңіне Сембі деген салпаңқұлақ біреу аудандық НКВД-ның қызметкерлеріне жеткізген. Үштік: «Сендер халық жауы Лекеровтің ұйымдастыруымен Кеңес өкіметіне қарсы топ құрдыңдар» деген айыппен, оларды бірден ату жазасына кескен.

Саяси сауатсыз жандардың ақ-қарасына қарамай, неге шұғыл түрде атқызып жіберген? Өйткені, жоғарыдан алдын ала түскен «халық жаулары» санына жоспарлы лимит бар. Соны Ежовтың № 00447 бұйрығы бойынша төрт ай мерзімде тездетіп орындау керек. Үкімді НКВД-ның республикалық, өлкелік, облыстық «үштіктері» мен «екіліктері» шығарып тұрған.

1937 жылдың 29 шілде күні Левон Исаевич Мирзоян бастаған Қазақстан БК(бП Өлкелік комитетінің бюро мәжілісі өтіп, Әзімбай Лекеров туралы мәселе қарады. Мінберге шыққандар «Бесеудің хатына» байланысты болған жайды қозғай отырып, ұлттық мүдде тұрғысынан жазған еңбектері мен жиындарда сөйлеген сөздерін саралай келе «халық жауы» деген айып тағып, партия қатарынан шығару, Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты директоры қызметінен босату туралы шешімді бәрі қолдады. Бюро мүшесінен бір адам оның ерен еңбегі туралы ауыз ашып, арашаға түссейші. Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы лейтенант Катковқа «Әзімбай Лекеров троцкистер, оңшылдармен сыбайлас, Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық ұйымның мүшесі екені толық анықталған. Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық жұмысты белсенді түрде жүргізген» деп жазылған анықтама жіберген. Осылай республикалық партия ұйымы оны осындай жаламен саяси қылмыскер ретінде көрсетіп, тұтқындалуына, соттың қатаң жаза қолдануына жол ашып берді.

Лекеровті алғашқы тергеу 22 шілде күні жүргізілді. Осыдан он жыл бұрын Шаймардан Қалиақпаров Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатында Әзімбай Лекеровтің туысы ретінде болып, соған байланысты құжаттармен танысқан екен.

Тергеуші: «Сіз Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдар ұйымының құрамында контрреволюциялық жұмыстар жүргізгеніңіз үшін айыпталасыз. Сіз өзіңізге тағылған осы айыпты мойындайсыз ба?»

Жауап: «Жоқ. Мен Кеңес өкіметіне қарсы ұйымда болған жоқпын және контрреволюциялық жұмыстар жүргізген емеспін».

Алғашқы тергеу осы қысқа сұрақ-жауаппен біткен. Келесі тергеу жұмысы бір жарым ай өткен соң, яғни 9 қыркүйекте жалғасады. Осы бір жарым ай ішінде тергеушілер Алматы мен Мәскеуде тұтқында отырған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нұрғали Нұрсейітов, Фазыл-Ағзам Әлиханов, Жағыпар Сұлтанбеков, Асфендияр Кенжин, Ибат Игенов, Ғаббас Тоғжанов, Зейнолла Төреғожин, Абдулла Асылбеков, Сүлеймен Есқараев, Ұзақбай Құлымбетов, Қадыр Қуанышев, Әмзе Нақымжан, Абат Әлібаев, Ілияс Молдажанов және Хасен Нұрмұхамедовтан алған тергеу хаттамалары іске тіркелген. Алайда олардың ешқайсысын да тергеушілер Лекеровпен бетпе-бет кездестірмеген. Олардың Лекеров жайында тергеушілер берген сұрақтарға қалай жауап бергені жөнінде өкінішке қарай Қалиақпаровтың жазбаларында жоқ.

Лекеров тұтқындалған күннің ертеңіне Халида Лекерованы университетке шақырып, «халық жауының» әйелі ретінде оқудан шығарып, қолына тек университеттің үш курсын бітірген деп жазылған анықтама берген. Халида Дзержинский мен Калинин көшелерінің қиылысындағы НКВД-нің бес қабаттан тұратын үйіне барып, Әзімбайдың сол жерде қамауда отырғанын біледі. Арада бірнеше күн өткен соң тергеуші Розенфельт оған Әзімбаймен кездесуге рұқсат етті. Халида тергеушінің кабинетінде Әзімбаймен көзбе-көз кездесті.

«Әзімбайдың өңі де бұрынғыдай, өзгере қоймаған. Менің көңілімді орнықтырғысы келді ме, жылы жүз танытты. Кінәсіз екендігіне сенімділігі көрініп тұр. Үсті-басы тап-таза. Ақ көйлегінің жағасы да кірлене қоймапты. Тек қара шалбарында қайыс белдігі жоқ. Кездесуге берілген қысқа уақытта ұзағынан сөйлейтіндей мүмкіндік қайда. Қоштасар сәтте ол: «Лиди, бұл бір жаңылыстан болған жағдай. Менің ақтығым дәлелденіп, жуық арада босатады», – деді сенімді үнмен. Әзімбай ақталып келіп қалады деген үмітпен күндер өтіп жатты. Тергеуші Розенфельт те оның жазықсыз екенін іштей сезді ме, екеумізге сыйластықпен қарап, ай сайын кездестіріп жүрді. Кейде көшеде таныстарымызды кездестіріп қаламын. Олар мені көргеннен-ақ байқамай қалған жандардай сырт айналады. Алғашқыда амандаспағандарына көңілім жабығып та жүрді. Бірақ кейіндеу мен оларды түсіндім. Менің артымда аңдушылар бар болған соң жаныма қайдан жоласын. Салпаңқұлақтар көріп қалса, оларды да мың әуреге салары анық.

1937 жылдың 2 қыркүйегінде өмірге екінші қызымыз Альфия келді. Етек-жеңімді жинап, өзіме-өзім келген соң Әзімбаймен кездестім. Бұл жолы өңі аздап солғын тартып, еңсесі түсіп, сақал-мұрты өскен, уайымнан әбден қажыған жандай көрінді. Кірбің тартқан жанарын төмен салып отырды. Нәрестелі болғанымызды айтып: «Әзімбай, келесі кездесуде қызымызды өзіммен бірге әкеп көрсетемін», – деп едім, ол басын көтеріп алып: «Лиди, қызымды мына түрменің есігінен кіргізбей-ақ қой. Өзім ақталып, үйге барған соң көрермін», – деді көңілсіз жабырқау үнмен.

Сол кездесуден соң Әзімбайдың тергеушісі ауысты. Әкіреңдеп сөйлейтін орыс жігіті екен. Бетін кесіп жіберсең, қан шықпайтынның нақ өзі. Сұрағыңа жөнді жауап та бере қоймайды. Қазір фамилиясын ұмытыппын».

Қалиақпаров Лекеровтің тергеу хаттамаларында оның республика экономикасына жасаған зияны болмағандықтан ешқандай сөз айтылмағанын, тек оның қай жерде кіммен кездесіп, не айтқанын және олардың берген жауаптары жөнінде айтқандары ғана бар. Сол кездесулерден ешқандай саяси қылмыстың исі де жоғын білген тергеушілер оған жаладан басқа қылмысты мойнына қиып сала алмағаны да көрініп тұр. Ол хаттамалардың жалпылама жазылғанын көрсеткен.

Республикалық «Казахстанская правда» газеті күн аралатып, әшкереленген «халық жаулары» туралы хабарларды жариялаумен болды. Сол 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Марксизм-ленинизм институты тарих бөлімінің студенттері М.Ақынжанов, С.Әбішев, К.Әбдірахманов, И.Сариев, З.Бұлақбаев және М.Мұхамеджановтың «Тарихшы рөліндегі жапон шпионы» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Тарихи майданда қазақ халқының тарихын бұрмалап, ұлтшыл-фашист жауыздардың бүлдіргені аз болған жоқ. Халық жаулары Рысқұлов, Қожанов, Лекеров, Тоғжанов, Жүргенов, Асфендияров қазақ халқының тарихи мәселесі бойынша өзара пікір алысуларындағы арам ойларын ұзақ уақыт бойына жасырып қалу мақсатында екі жүзділік танытып келді. Алайда бұл контрреволюциялық, троцкистік, пантүркстік, панисламдық пікірталастары жұртқа алдап өткізуде бықсыған түтін пердесі секілді ғана болды». Дүниеде өзің тәрбиелеген шәкірттердің кейін өзіңді қапқанынан артық қорлық бар ма?

Аталмыш газет өзінің сол жылғы 3 қазанда Ілияс Қабыловтың «Саяси өткір большевиктік насихат пен үгіт үшін» деп аталынған мақаласында: «…Ленин бір емес, бірнеше рет дәрістердің саяси және идеологиялық бағыты, баяндамалар мен кездесулер кезіндегі әңгімелерде лекторларға, насихатшылар мен үгітшілер құрамына тікелей байланысты екенін, оларды тексерумен қатар мұқият қадағалап отырып, бұл аса жауапты іске тек өте қабілетті, партиялық ұстанымы әрі саяси жағынан қатал сыннан өткен коммунистерді жіберуді көрсетіп берді. Облыстық партия комитеті бұл нұсқауды төтенше қиын жағдайда орындауда. Көп жағдайда бірқатар ұйымдарда насихатшы кадрларын таңдауда жауапсыздықтың салдарынан соңғы кезге дейін Бушаев, Лекеров, Ветлужский, Колюков сынды «халық жаулары» – троцкистер, оңшылдар, ұлтшыл-фашистер насихатшы жұмысына кіріп кеткен», – деп жазып, Лекеровке жала жабудың бояуын бұрынғыдан да қалыңдатып, жағдайды ушықтыра түсіпті.

Тағдырдың тәлкегіне не шара. Әзімбай Лекеровтің басына үйірілген қара бұлт, «Бесеудің хатына» қол қойғандарды да айналып өтпеді. «Социалистическая Алма-Ата» газетінің 1937 жылғы 3 қазандағы жаңа санында А.С. деген жұмбақ автордың «Жазушылар одағында буржуазиялық ұлтшылдар» атты мақаласы жарияланған. «…Жазушылар одағында жаулар басқаларды «незаменимый пятерки» тобына табынуды қалыптастырған. (Сейфуллин, Мұқанов, Жансүгіров, Майлин, Әуезов). Олар жас кеңес қаламгерлерінің шығармашылығын қысып, одақтың кассасын өздерінің және қол астындағылардың қалтасын толтыруға айналдырған. Осының бәрі де партия сенім артқан коммунистер алдында жасалынып жатты. Жазушылар одағындағы партия жиналысында бұлар туралы жарыссөзге шыққандардың көп бөлігі аз сөйлеген жоқ. Осылардың қатарына Мүсіреповті де қосуға болады. Әдебиет жетекшісінің саяси және шығармашылық бет-бейнесі бұл күндері баспасөз беттерінде толық ашылды. Жиналыста Мүсірепов қорғаған ұлтшылдық бағыттағы шығармалардың жаңа фактілері көрсетілді. Мүсірепов қызмет бабын пайдаланып, газетте жарық көргелі тұрған Майлинге қарсы материалды алдырып тастаған», десе, 12 қазандағы санында «Мүсіреповтің жаңа ұлтшылдық ісі» деген атпен тағы да қаралау мақала жариялаған. «…Кеше редакцияға қазақ операсының бетке ұстар әртістері тобынан хат келіп түсті. Хатқа қол қойғандар КСРО Халық әртісі Күләш Байсейітова, Қазақ КСР Халық әртісі Құрманбек Жандарбеков, Қазақ КСР Халық әртісі Қанабек Байсейітов, Қазақ КСР Қалық әртісі Е.Г.Брусиловский, РСФСР-ға еңбек сіңірген әртіс, театрдың көркемдік жетекшісі А.Б.Винер, Қазақ КСР-на еңбек сіңірген әртіс, дирижер Ф.А. Кузьмич. Олар хатта: «Біз сіздерге халық жауы Майлиннің «Жалбыр» операсын кеңес театры сахнасына жібермеуді ұйғара отырып, ХХ жылдық қарсаңында оны қоюдан бас тартатынымызды хабарлаймыз. Сондай-ақ, Жүргенов, Тоғжанов, Қоңырбаев жоспарлаған сол Майлиннің «Шұға» мен «Дударай» операларының либреттоларын сахналаудан да бас тартамыз» деп жазған.

Хатты Мемлекеттік қауіпсіздік бас­қармасы қызметкерлерінің ұйымдастырғаны және әртістерге қол қоюды мәжбүрлегені анық. (Мұндай тәсілді комитет қызмет керлері 1986 желтоқсан көтерілісінен кейін де қолданған. Олар алаңға шыққан жас­тарды қаралау үшін бір топ қаламгерлер мен әртістерге осы тақылеттес хатқа қол қойдырып, баспасөздерде жариялатқаны жұрттың есінде). Өзіне тықыр таянғанын сезген Мүсірепов Семейге шығармашылық сапармен кеттім деп, Мәскеуге барып, таныс жазушының саяжайында жан сауғалап бірнеше ай бойына жатқаны туралы кезінде ғалым Тоқтар Бейісқұловтың жазғанын білеміз.

«Социалистическая Алма-Ата» газеті сол жылдың 7 қазанындағы санында «Правда» мақаласы партия мүшелерінің белсенділігін арттыруда» атты жарияланымында «Гатауллиннің ұлтшыл-фашист екені әшкереленді», деп хабар таратқан. Сол мақалада кезінде Өлкелік партия комитетінің бюросында Лекеровті «ұлтшыл» деп айыптап сөйлеген И.Құрамысовқа да «ұлтшыл-фашист» деген айдар тағылыпты. «…Жолдас Рафальский өзінің соңғы сөзінде кезінде Құрамысовқа «халық жауы» ретінде қарай алмағаны үшін өзін кінәлі санады».

Қазақ бас сауда мекемесінің бастығы Мұташ Дәулетқалиевті НКВД-нің адамдары 1938 жылы 10 шілдеде қамауға алды. Оның ісі № 11384 бойынша жүргізіліп, тергеушілер Кислухин, Ситдықов, Жвичуль, Несиеренко, Оңғарбаев жауап алған. Тергеушілер оған Кеңес өкіметі мен коммунистік партияға жауыздық көзқараста болған, қарулы көтеріліс арқылы КСРО құрамынан Қазақ КСР-ін бөлектеп алу мақсатында контрреволюциялық ұлтшыл-фашист ұйымының мүшесі, Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастыру жөніндегі орталық ұйымның облыстық, аудандық филиалдарын басқарды деген жалған айыптар таңып, ісін сотқа өткізген.

«…РСФСР ҚК 58 бабының 2,11 тармақтарымен Р.Сырғабаев, Х.Өзденбаев, М.Дәулетғалиевтің әрқайсысы 15 жылға кесілді. Қайта шағымданудан кейін Айрықша кеңес № 11384 істі 1941 жылы 28 тамызда қайта қарап, М.Дәулетғалиев, Р.Хайруллин, Ш.Құдаманов, Б.Байғанаевтың әрқайсысын 5 жылға соттады. Ал Х.Өзденбаевтың түрмеде отырған мерзімін есепке алып, қамаудан босатты». (З.Ижанов. «Қызыл құйын», «Егемен Қазақстан» 31шілде 2002 жыл).

Бесеудің бірі Қадыр Қуанышевтің тергеу кезінде берген мәліметі мынау. «…БК(б)П Орталық Комитеттің атына арызды жазардың алдында біз 1932 жылдың маусымында Мемлекеттік жоспарлау комитетінің демалыс үйінде мен және Лекеровтің қатысуымен мәжіліс өтті. Ол былай болды. Осының алдында, 1932 жылдың маусым айының демалыс күндерінің бірінде Федерация саябағында мен Гатауллин және Андижановпен кездестім. Көшіп-қону, асыра сілтеушілік, тағы басқа проблемалар туралы сөз болғанда, Гатауллин бұл проб­лемаларды талқылауды Госпланның демалыс үйінде алдағы демалыс күнінде жалғастыруды ұсынды. Мен және Андижанов оның ұсынысын қабылдадық. Гатауллин маған шығатын уақытын жеткіземін деп уәде берді. Ертеңгі сағат он екі шамасында Гатауллин, қасында Мүсірепов пен Дәулетғалиев бар, машинамен маған соқты. Алтынбеков алда өтетін мәжілістің Госпланның демалыс үйінде өтетінін менен демалыс күнінен бір күн бұрын білді. Біз демалыс үйіне келгенде, онда Андижанов пен Атаянц бар екен. Лекеров мұнда сәл кешігіп келді. Бұл мәжіліске Лекеров, мен – Қуанышев, Мүсірепов, Гатауллин, Дәулетғалиев және Атаянц қатысты.

Мәжілісте мен және Лекеров БК(б)П және Кеңес өкіметінің саясаты қазақ халқын жаппай жоюға бағытталған, дедік.

Лекеровпен мен – Қуанышев БК(б)П Орталық Комитетінің атына, БК(б)П-ның Қазақстандағы саясатын қатаң әшкерелеп, әсіресе, Өлкелік Комитеттің қателерін және асыра сілтеушілігін көрсетіп, өтініш жазуды ұсындық. Атаянц, Мүсірепов, Гатауллин, Дәулетғалиев және Алтынбеков Өлкелік Комитеттің атына аудандық партия ұйымдарын сынаудың негізінде Қазақстанда партияның коллективтендіру саясатын жүргізуге болмайтынын жазу керектігін айтты.

Осындай келіспеушіліктің негізінде біз,­ Лекеров, Атаянц пен Мүсіреповке өтініштің мәтінін жазуды тапсырдық және оны жақында өтетін мәжілісте тыңдауға келістік. Біздің осы мәжілісіміздің өткені Өлкелік Комитетке келесі күні белгілі болғанын білдік. Осыдан кейін Лекеров пен мен біздің мәжілістің контрреволюциялық пиғылын қалай болса да жасыруға шешім қабылдадық. Ол үшін біз бұл істе Лекеровті мәжілістің ұйымдастырушысы және басшысы етіп көрсетпеуге амал жасамақ болдық.

Осы мақсатта Лекеров, Мүсірепов және мен тез арада БК(б)П Өлкелік Комитетіне ештеңені көрсетпейтін, Мүсірепов, Дәулетғалиев, Гатауллин, Алтынбеков және мен – Қуанышев қолымыз қойылған өтініш жаздық. Сол жерде Лекеров бұл өтінішке қол қоймасын деп шештік. Егер бірдеңе туа қалатын болса, ол бұл іске ешқандай қатысым жоқ деп айта алатындай болсын дедік. Бұл «бесеудің хатына» Атаянц екіжүзділік оймен қол қойған жоқ. Дегенмен, Өлкелік Комитеттің бюросы біздің хатымызға: сәдуақасовшылар мен қожановшылар жаңа этапта, жаңа түрде белгі берді және топтың ұйымдастырушысы Лекеров деп дұрыс баға берді.

Лекеров Өлкелік Комитеттің бюросында біздің топқа еш қатысының жоқ екенін мәлімдеді. Мен, өз атымнан, Өлкелік Комитеттің бюросында Лекеровтің өтініш берген топпен байланысы жоқ екенін, ол тек біздің жиынға кездейсоқ, арақ ішіп алып саяжайға келді, деп ауызша айттым. Бір сөзбен айтқанда, мен біздің контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның мүддесі үшін, Лекеровтің ұйым мүшесі екенін жасырдым.

Өлкелік Комитеттің бюросы біздің өтінішімізді контрреволюциялық және ұлтшылдық хат деп айыптаған соң, екінші күні бәріміз екіжүзділік арыз жаздық. Онда «бесеудің хатын» айыптап, сөз түрінде біз ол топтан бөліндік, шын мәнінде контрреволюциялық ұлтшылдық көзқарасымызда қала бердік», – деп жазған.

Иә, бесеудің алдын-ала келісімге келгендерінде тұра алмай, Лекеровті жығып бергендері ешқандай да ақтауға жатпайды. Алайда осы бір болған жайды тергеушілер өте сәтті пайдалана білген. Қуанышевтің мәлімдеме мәтініндегі «…Осыдан кейін Лекеровпен мен біздің мәжілістің контррреволюциялық пиғылын қалай болса да жасыруға шешім қабылдадық», «…Бір сөзбен айтқанда, мен біздің контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның мүддесі үшін, Лекеровтің ұйым мүшесі екенін жасырдым», «…шын мәнінде контрреволюциялық ұлтшылдық көзқарасымызда қала бердік», деген сөйлемдердің артында тергеушілердің күш қолданып, неше түрлі айла-тәсілдермен еріксіз жаздырғандары көрініп тұр. Осы сөйлемдер-ақ Қуанышевтің өзіне және Лекеровке соттың ең жоғары үкім шығаруына жетіп жатыр.

Лекеровті қаралау мақала «Социалистическая Алма-Ата» газетінің сол жылғы 19 қазандағы санында да жарияланды. Онда «Институттың басшылығында соңғы айларға дейін «халық жауы», ұлтшыл-фашист жауыз Лекеров болыпты» деп жазған. Бұл «Жығылғанға жұдырықтың» кері.

Тергеушілер 1937 жылы 25 қазанда Хасен Нұрмұхамедовтен кезекті рет жауап алған. Жеке ісіне тігілген оның тергеушіге жазып берген мәлімдемесінде өзінің Лекеров, Төреғожин үшеуінің Мәскеуде Досовтың пәтерінде болғанын жазған. Сол кездесуде Лекеров: «…партия басшыларын тек Қазақстанда ғана емес, қазіргі кеңестік қоғамды ауыстыру керек. …қазақ халқын большевиктерден құтқару тек күш қолданған көтеріліспен ғана мүмкін, сырттай әскери көмекпен. Бұл жөнінде Жапонияны айтты. …көтерілісті Төреғожин мен Досов басқара алады. Осындай отырыс­тарда Лекеров, Төреғожин, Досов, мен – Нұрмұхамедов, бірнеше рет Нұрмақов болды» деп көрсеткен. Нұрмұхамедовтің бұл жауаптарын да тергеушілердің зорлық-зомбылықпен айттырып, жаздырғандарында көзі қарақты адамдардың күмәні болмаса керек. Тергеушілер сол жылдың 18 қарашасында Лекеровті тек қана Нұрмұхамедовпен бетпе-бет кездестірген. Лекеровке ең соңғы тергеу жұмысы 1937 жылдың 19 қарашасында өтті.

Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариаты Лекеровке байланысты тергеу жұмыстарын аяқтап, істі Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы аға лейтенант Брузгулске тапсырады. Ол айыптау ісімен танысып, қылмыстарын РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабының 2,8 тармақтарына және 11 баптарына жатқызып, қаулы шығарған. «Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы кеңеске қарсы ұлтшылдық террористік-көтерілісшіл және тыңшы-диверсиялық ұйымды тапты және жойды.

Бұл ұйым өзінің алдына Кеңес өкіметін құлатып, Қазақстанды көтеріліс арқылы КСРО-дан бөліп алып, Жапонияның проекторанты ретінде капиталистік буржуазиялық мемлекетін құруды мақсат етіп қойған. Басқару орталығы Рысқұлов, Нұрмақов, Қожанов және Құлымбетовтер болып табылады.

Тергеу барысында Лекеровтің Кеңес өкіметімен қарсы күресі 1923 жылдан басталған. Оны осы топтың басшысы Нұрмақов тартқан».

Халида Лекерова: «Жаңа тергеуші көпке дейін мені Әзімбаймен кездестірмей қойды. «Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол біткенше кездестіре алмаймын». Мен барған сайын оның айтатыны осы. Ақыры 1938 жылдың ақпан айының басында кездесуге рұхсат етті. НКВД-нің бір қызметкері бұрылысы көп дәлізбен үйдің үшінші қабатындағы тергеушінің кабинетініе алып барды. Тергеуші әлгі көк сұр орыс жігіті. Маған оқты көзімен ата қарап: «Егер жылап дауыс шығаратын болсаңыз, кездесуді бірден тоқтатамын», – деп қатаң ескертті. Мен басымды изедім. Ол тағы да әлденелерді сұрап, мені сөзге тартып отырған. Сол кезде есік сықырлай ашылып ішке НКВД-нің қызметкері белі бүгіліп, әбден жүнжіген бір шалды кіргізді. Сақал-мұрты өсіп, үсті-басын кір басқаны соншалық қоңырсық исі мұрнымды жарып жіберді. Түріне қараудың өзі жиіркенішті екен. Дереу басымды бұрып алып, тергеушінің сұрақтарына жауап бере бастадым. Ол қапталдағы столды иегімен көрсетіп: «Ана жерге барып отырайық», – деді. Сонда барып орындыққа тізе бүктім. Қарсы алдымда әлгі шал отыр. Басын төмен салып алған. «Бұл кім болды екен?» деп көз тоқтатып қарасам, шал деп иісінен жиіркеніп отырғаным өзімнің Әзімбайым екен. Алты айдың ішінде 36 жастағы Әзімбайым қандай күйге түскен десеңші. Осыдан алты ай бұрынғы сымбатынан жұрнақ та қалмаған, бет-бейнесін адам танып болмастай. Аяныштан жүрегім езіліп, көз жасыма ерік берудің аз-ақ алдында отырмын. Дауыс шығарсам тергеушінің кездесуді тоқтатары анық. Әзімбай қалтыраған қолымен қолдарымды ұстап, маңдайына қайта-қайта басты. Әлсіз құмыққан үнмен: «Лиди, мені кешір. Мен сені бақытты ете алмадым. Қыздарымның алдында әкелік парызымды өтей алмадым. Бәрі үшін кешір», – деді. Көз жасы алақаныма құйылып жатты. Мен аузыма түскен сөзді айтып жұбатумен әлекпін. Сонда Әзімбаймен ең соңғы рет кездесіп отырғанымды білсемші. Тым болмаса ризашылығымды айтып қалар едім ғой. Оның адалдығына сенгенім соншалық, әлі де ақталып келетіндей болды да тұрды».

Back to top button