МУЗЕЙ МАМАНДАРЫ БАС ҚОСТЫ

МУЗЕЙ МАМАНДАРЫ БАС ҚОСТЫ

МУЗЕЙ МАМАНДАРЫ БАС ҚОСТЫ
ашық дереккөзі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымдарымен бірлесе отырып, 21-22 мамыр күндері Орталық Азия Республикаларының музей мамандарына арналған «Орталық Азия музейлері: дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында семинар-практикум өткізді.

Халықтың тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеу оның материалдық және рухани мұраларын сақтау, сондай-ақ насихаттау – қазіргі күннің басты міндеттерінің бірі. Ұлттың тарихи-мәдени игіліктерін сақтап зерттеумен айналысу – іргелі мәдени-білім институты болып саналатын музейлердің бас­ты миссиясы. Тарихы мыңдаған жылдардан бастау алатын, әрі өзіндік мәдени дәстүрге ие Орталық Азия халықтарының өткені мен бүгіні – музей экспозициялары мен зерттеу нәтижелерінде жан-жақты көрініс табуы қажет.

«Орталық Азия музейлері: дәстүр мен жаңашылдық» атты семинар-практикумда музейдің ғылыми-қор жұмыстарының, экспозициялық көрме ұйымдастыру, экскурсия қызметтерінің жаңа түрлері сияқты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, музей ісіндегі ғылыми зерттеулердің өзектілігі мен музейді әлеуметтік белсенді мәдени институтқа айналдыру жолдары да сөз болды.

Семинар-практикум барысында жаңа кезеңдегі музейлердің дамуы мен олардың ғылыми және білім беру саласы; музей тәжірибесіндегі интерактивті және ақпараттық технологиялар; музейлік педагогика; музей ісіндегі менеджмент пен маркетингтің жаңа формалары туралы мәселелер төңірегінде пікір алмас­ты. Бұл ғылыми-практикалық басқосуға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдері сонымен қатар, Түркия, Әзірбайжан елдеріндегі музей мамандары және Еуропалық музейлер академиясы, халықаралық ИСЕСКО және ТҮРКСОЙ ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Орталық Азия музейлері: дәстүр мен жаңашылдық» атты семинар-практикум музейлер арасында тәжірибе алмасу халықаралық кәсіби байланысты күшейту, Орталық Азия халықтарының өзара мәдени ынтымақтастығын дамыту, сақтау, кеңінен таратуға септігін тигізеді.

Д.ДҮРМӘН