ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

VI Астана экономикалық форумы:

Үш күнге созылатын Астана экономикалық форумының басты мақсаты – қаржылық және қарыздық дағдарыстан басы қатқан әлемдік экономикаға тығырықтан шығар жолды ұсыну. Шара шеңберінде 40-тан астам келісімге қол қойылып, 400 млн. доллар көлемінде кіріс кіргізу көзделіп отыр. Бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысатын «Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияда Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналған 11 мың қатысушы дүниежүзілік экономиканың игілігіне қатысты ойларымен бөліспек.

Сейсенбі күні Елордада VI Астана экономикалық форумы басталды. 2013 жылдың 22-24 мамыры аралығында өтетін «Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция» тақырыбындағы шараның ұйымдастырушылары – «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Қауымдастығы, ҚР Министрлер кабинеті, ҚР барлық облыстарының әкімдіктері, ҚР Ұлттық банкі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, сонымен қатар, халықаралық ұйымдар: БҰҰ, Дүниежүзілік экономикалық форумы, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, Бреттон-Вудс жаңартылу комитеті, Мадрид клубы, Азия даму банкі, Ресей жаратылыс­тану ғылымдары академиясы және т.б.). Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана Экономикалық форумына Жер шарының 100-ден астам мемлекеттен 11 мыңнан аса қатысушы келген көрінеді. Шараға шақырылғандар арасында бірнеше мемлекеттің қазіргі және бұрынғы министрлері, 40-тан астам халықаралық ұйымдардың, корпорация мен кәсіпорындардың жетекшілері бар. Форум қорытындысы бойынша G-20 мемлекеттеріне әлемдік экономиканың одан әрі дамуы үшін ұсыныстар парағы әзірленіп, аталған құжаттар G-8 және G-20, Халықаралық валюталық Қорына, Дүниежүзілік Банкке, БҰҰ және экономикалық ықпалдастық пен даму бойынша ұйымына жіберілмек. «Инфрақұрылымды құру мен дамыту жолы арқылы туризм индустриясының тұрақты дамуы» атты панельдік сессиясы өтеді. Мақсат – Қазақстан туристік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жолын іздеу. Оған: Дүниежүзілік Туристік ұйымның атқарушы директоры-Фредерик Пиере, Хорватияның экс-президенті Степан Месич, Тунис туризм министрі (2007-2010 жж.) – Хелил Лайими, және туристік ассоциациялар мен дербес іскери орталардың өкілдері қатысады.

VI Астана экономикалық форумы аясында жастардың ІІ Бүкіләлемдік «Global ұрпағы: тұрақты экономикалық дамуы үшін жастар бастамасы» атты экономикалық форумы өтеді. Жастар форумының спикерлерінің бірі – заманауи менеджмент ұстазы Ицхак Адизес. Сонымен қатар форумда Нобель ағайындарымен бірге Қазақстан Республикасындағы мұнай-газ саласын инвестициялау, технопарктер мен мұнай мұражайын ашу және «Нобель отбасының мұрасы» атты қорды құру жайлы талқыланбақ. Сессия барысында Густав, Питер және Филипп Нобельдер қатысушыларды Қазақстандағы «Ағайынды Нобельдер» атты Мұнай өндірісі бірлестігінің тарихымен таныстырып, технопарктер ашу туралы, ҚР-дағы жаңа технологиялар мен инновацияны енгізу және оларды инвестициялау жайлы талқылайды. «Мемлекеттік басқарудың жаңғыртылуы жағдайындағы саяси менеджменттің дамуы» атты панельдік сессиясы да өтеді. Сессия барысында ҚР-дағы мемлекеттік басқаруды жаңғырту жүйесі талқыланады. Спикерлер: Мадрид Клубының Бас хатшысы Вестендорп Карлос, Гарвард Мектебі Кеннеди атындағы мемлекеттік саясат профессоры Фади Фара, «Единая Россия» Мәскеу партиялық мектебінің директоры Владимир Поздеев және т.б. «Болашақ энергиясының біздің өмірімізге ықпалы» атты панельді сессиясы өтеді. Шақырылған спикерлер арасында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Орталық Азия бойынша Кембридж форумының төрағасы, Сидхарт Саксена; «Наследие» қорының аға ғылыми қызметкері Ариэль Коуэн , «KAZENERGY қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары» ЗТҰ Бас директоры Асет Мағауов бар.

VI Астана экономикалық форумының қорытындысы бойынша, барлығы құны 400 млн. АҚШ долларына теңгерілетін 40-тан астам құжатқа қол қойылмақ. Мәселен, «Ынтымақтастық туралы үш жақты меморандум», «Индуктивті сенсорлы технологиялар өндірісінің бірлестік қауымдастығының келісімі», «Фильтрлеудің элементтері – климатизация, вентиляция, сұйықтық фильтрация өндірісімен ынтымақтастық жайлы меморандум», «Өндіріс пен құрылыс саласындағы арнайы техниканың жиынтығы туралы меморандум», «Алматы қаласының әкімдігі мен БҰҰ – ның Бүкіләлемдік Туристік Ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум» т.б. Инновациялық салада меморандум мен келісімге қол қоюшылар тізімі: БҰҰ-ның Еуропа экономикалық комиссиясы және БҰҰ Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мен Еуразиялық экономикалық қауымдастығының интег­рациялық комитетінің хатшылығы, ҚР Қаржы министрлігі мен Қырғызстан Республикасының қаржы министрлігі, «Казцентрэлектропровод» ЖШС мен Австрия мемлекетіндегі Frauscher Sensortechnik, Польшалық «REMARK-KAYSER» компаниясы мен «Kaznex Invest» АҚ, «Kaznex Invest» АҚ мен Қытай еліндегі Foton Lovol Heavy Industries Co. Ltd., Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технология министрлігі Туризм индустриясының комитеті.

Сейсенбі күні өткізілген баспасөз мәс­лихат­тарының бірінде Польшадағы кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы әңгімелеп берген Нарықтық экономика институтының (IME) Басқарма төрағасы Красен Станчев әлем бойынша кейбір елдермен салыстырғанда, Қазақстанда кәсіпкерлер саны көптігін айтты. Шағын және орта кәсіпкерлік – кез келген мемлекеттің экономикасын алға сүйреуші күш. Сондықтан «Даму» қоры «Қазақстандағы кәсіпкерлік: қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбына арналған арнайы сессияға қатысты да «Даму» қорының Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, Индияның кәсіпкерлік және мансаптық даму жөніндегі халықаралық орталығының директоры Хина Шах, «Resmi Group Ltd.» ЖШС-нің Президенті Қайрат Мәжібаев т.б. отандық шағын және орта бизнестің Қазақстан Республикасындағы, сонымен қатар халықаралық контекстегі рөлі; Қазақстан Респуликасында, оның ішінде инновациялық қызмет үдерісінде кездесетін кедергілер, шағын және орта кәсіпкерлік саласының инновациялық қызметін ынталандыру бойынша шетелдік тәжірибе, инновациялық старт-аптарды (ПАРП, КОДИТ, SBC) қолдаудың барынша тиімді шаралары мен тетіктерін қолдану тәжірибесі; инновациялық қызметін тұрақты қаржылай қолдау инфрақұрылымын құру бойынша көкейтесті мәселелер; Қазақстанда ШОК дамытумен айналысатын құрылымдар қызметін жариялау, кәсіпкерлерді ШОК қолдау шаралары және бизнес климатты («Даму» Қоры) жақсарту жөніндегі іс-шаралар туралы хабардар ету; Қазақстандағы ШОК инновациялық қызметінің өсуін ынталандыру бойынша оңтайлы шешімдерді талқылау мәселелері талқыланбақ. Осы шараның негізінде әлемдік тәжірибе үлгілері ескеріле отырып Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін әрі қарай жетілдіру жөніндегі нақты ұсыныстар әзірленеді.

Астана экономикалық форумының шеңберінде ұйымдастырылған «ASTEX 2013» атты I Халықаралық көрме-конференциясында Smart Government, Smart Industry, Smart Business және Smart Life тақырыбында өнімдер ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ASTEX 2013» көрме-конференциясы – «ақылды технологиялардың» ірі көрме павильоны ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу және саланың ең өзекті мәселелерін талқылауға арналған халықаралық платформа. Шараның салтанатты ашылуында ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев: «Жаңа заманауи технологияларды енгізуде оң нәтижелерге қол жеткіздік. БҰҰ рейтингісінде 2012 жылы Қазақстан 190 елдің ішінде 38 орынға табан тіреді. Электр байланысы халықаралық одағының желілік дайындық индексі бойынша біз 43 орындамыз, индекс және қатысу бойынша Қазақстан Сингапурмен бірге екінші орынды бөлісіп отыр», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі Интернет қолданушылар саны 65 пайыздан асқан көрінеді. Сандық көрсеткішке шақсақ, 10 миллионнан астам. Ал ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсеновтің мәлімдеуінше, заманауи технологияны дамыту аясы кеңейтілуде: «Қазақ елі телекоммуникациялық сектордағы соңғы барлық технологияларды енгізген мемлекет. Астана мен Алматы қалаларында 4G іске қосылды. Жыл аяғына дейін біз бұл технологияны барлық облыс орталықтарында, ал 2018 жылға дейін барлық аудан орталықтарында енгізуді жоспарлап отырмыз».

Форумның алғашқы күні ұйымдас­ты­рылған шаралардың бірі – Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға арналған «Байқоңыр. Жаңа инвестициялық көкжиектер» тақырыбындағы баспасөз мәслихаты. Шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың экономикалық өрлеу орталығы ретінде жаңа даму сатысына бет алғандығы, өңір экономикасына кедергісіз инвестиция ағыны үшін барлық жағдай жасалғанын мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жыл сайын 20-дан астам ұшырылу жүргізіледі, бұл Канаверал мүйісіндегіден екі есе көп. Ғарыш кемесін ұшыру миллиондаған адамдар қызықтағысы келетін керемет көрініс. Сондықтан облыс туризм саласында ең танымал халықаралық компаниялармен ғана ынтымақтастық жасау нұсқаларын қарастырады. Сонымен қатар 2013 жылдың қазан айында Астана қаласында «Байқоңыр» инвестициялық форумында жаңа инвестициялық келешекті, жаңа өндірістер ашуға, бизнесті кеңейтуге, өзара тиімді әріптестікті дамытуға байланыс­ты мәселелер талқыланбақ.

Ал «Ресей мен Қазақстан Еуропалық Одақты рецессиядан шығара ала ма?» тақырыбында өткізілетін отырыста жаңа қаржылық жүйені қалыптастыру, Razvitie жобалары мен қаржылық құралдарының байланысы, ұзақмерзімдік инвестициялар тарту т.б. мәселелер қаузалады. Пікірталасқа қатысатындар арасында «Cassa depositi e prestiti” (CDP) Экономикалық және статистикалық зерттеулер тобының Басшысы, Италияның Экономика және қаржы министрінің кеңесшісі Эдуардо Ревильо, «ItaliaOggi» атты итальян күнделікті экономикалық газеті редакциялық Кеңесінің мүшесі Паоло Раймонди, ISIAMED, Азия мен Жерорта теңізі аймағы бойынша Итальян институтының Президенті Гвидо Фоллони, «World Affairs — The Journal of International Issues» журналы редакциялық кеңесінің төрағасы Коме Карпентиер де Гордон т.б. бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button