СӘБИ САТҚАНДАР САЗАЙЫН АЛДЫ

СӘБИ САТҚАНДАР САЗАЙЫН АЛДЫ

СӘБИ САТҚАНДАР САЗАЙЫН АЛДЫ
ашық дереккөзі

Өткен аптада жаңа туылған сәби сатып, масқара болған шымкенттік мейірбикелерге қатысты сот үкімі шықты. Нәрестені 6 мың долларға саудалаған ақ халаттылар енді қалған 8 жылын темір торда өткізетін болды. Еске сала кетейік, бұл оқиға ағымдағы жылдың басында орын алған болатын. №1-ші перинаталдық орталықтың екі мейірбикесі «мейірімділік» танытып, жаңа туған сәбиді бір әйелге сатпақ болған жерінен ұсталған-ды.

Осылайша ақшаға құнығып, абзал жандардың атына кір келтіргендер жазаға кесілді. Оқиға былай өрбіген: 19 жастағы ана перзентханада бауыр еті баласынан бас тартады. Сол-ақ екен №1 перинаталдық орталықтың қос қызметкері оны сатып, ақша таппақ болған.

Қылмыс жасаған медиктердің айтуынша, олар анасы бас тартқан сәбиге жаңа ата-ана тауып бермекші болыпты. Баланы бауырына басуға ниет білдірген отбасы да табыла кеткен. Олардан бала сатушылар 6 мың АҚШ долларын сұрапты. Сот барысында ұсталғандар «бұл баланың құжатын рәсімдеуге кететін қаражат» деп түсіндіргісі келді. Өздері одан көк тиын да пайда көрмепті-міс. Ал, көкек анаға 6 мың АҚШ долларынан 100 мың теңге ұстатып, мәз ғып қойған.

Онан соң іле-шала облыстық прокуратура жаңа туған шараналарды сатпақ болған тағы да екі әрекетке тосқауыл қойған болатын. Бұл оқиғалардың бірінде Түлкібас ауданында тұратын келіншектің жаңа туған сәбиін туыстары алдап алып Мақтарал ауданына асырып жіберген. Олар бұл әрекеті үшін 150 мың теңге алған. Баланы сатып алған әйел болса, сәбиді Өзбекстанда туды деп жалған құжат рәсімдеп, өз атына жаздыртып алады. Осыған ұқсас жайт Шардара ауданында да қайталанды. Баланы Алматы қаласының тұрғыны 100 мың теңгеге сатып алған.

Санаққа келер болсақ, Облысымызда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны — 3321. Былтыр балалар үйінде 382 бала тәрбиеленсе, биыл олардың саны — 388. Есесіне оларды асырап алушылардың да қатары өсіп келеді. Сондай-ақ тірі жетімдердің де саны артып отыр.