Жаңалықтар

ОЙ ОЛИМПІ

ашық дереккөзі

ОЙ ОЛИМПІ

«Түркістан»­­–20» бәйгесіне

Аян НЫСАНАЛИН

Біздің қоғам, оның ішінде ғылым қатты сырқат. Ол бұл дертінен қашан айығады? Әйтеуір төгіліп-шашылып, етек-жеңімізді қымтап, бар ұлттық құндылықтарымыздың қадіріне жетіп, ие болып бүкіл істі дөңгелетіп әкете алмай жатырмыз әлі. Әсіресе тамырын түу тереңнен тартатын төл тарихымызда, тәуелсіздік алдық деп алақайлап жүрсек те, талмауыр тұстар аз емес. Солай бола тұрса да барлығын сызып тастап, оны өзінен бастағысы келетін әдепсіздіктің жиілеп бара жатқандығы өкінтеді. Көп бидайдың ішіндегі бір арпадай болып, қазақтар азаттық үшін күрескен жоқ деп те далбасалауды шығарды. Кім кімнің аузына қақпақ қояды? Не ықылым замандардан бері Ұлы далада да (бұл сөзді алғаш айналымға айналдырған француз ғалымы Рене Груссе) Абай айтқандай, «Шешен де өткен не бұлбұл, көсем де өткен не дүлдүл». Жер көлемі жағынан Қазақия әлемде орын алатын, оның асты да, үсті де қазынаға толы болса, кенжелеп қалуға ешкімнің қақысы жоқ. Уақыт көші үдеріп алға тартып барады. Ол өзімен бірге сыни көзқарас қалыптастырып, беймаза мезгіл мүлт кетіп алдарқататын қадамдар мен ғылыми ізденістерге бастайтыны кәміл. Біздің өткен жолдарымызда ақтаңдақтар жетіп артылады. Шаш етектен десе де болғандай.

Басқа басқа, ұлттық тарихқа тікелей қатысы бар Алтынорда, Көкорда мен Қазақ хандығының тұрмыстық, мәдени-рухани және сол кезеңдегі әртүрлі сатыдағы қарым-қатынастармен байланыстар ыждаһатпен зерделі зерттелмей келе жатқаны өзекке өрт түсіреді. Оны кім зерттейді? Қит етсе болды, баяғыда ат-үсті үстірт жазылған А.Ю.Якубовский, Б.Д.Греков, С.Закиров және басқалардың еңбектеріне жүгініп, бұл тақырыпқа тыңнан түрен салып жүрген өз кәсіби мамандарымыздың бірде біреуін атай алмай тығырыққа тіреліп, аузымызға құм құйылатыны неліктен? Осындай Сираттың көпірінен өткендей кезеңдермен қатар жеке тұлғалардың құн жетпейтін үлкен азаматтық қызметтері де жеріне жеткізіп айтылмай келе жатыр. Туған халқына қой үстіне бозтөрғай жұмыртқалайтын мәңгі бақуат заман мен Жерұйық іздеп, азаттықтың ақ таңын аңсаған Асан Сәбитұлының бүкіл биік бітім-болмысын лайықты бағалап жүрміз бе? Бұнда да өзіміздің жайбасарлығымыз бен немқұрайдылығымыз және немкеттілігіміздің салдары байқалады. Асан қайғымен оның уақытын түсіну үшін біраз тер төгуге тура келеді: 1334 жылы көктемде Өзбек ханның Бестаудағы (қазіргі Пятигорск маңайы) жайлауында болған араб жиһанкезі Ибн Баттута тақта отырған билеушінің оң жағында сүйікті перзенті, тақ мұрагері Тыныбектің, ортада қызы Иткүшіктің, сол жағында ибн әл-Халид шайықтың шәкірті Жәнібектің болғанын жазады. Алайда даланың болашақ данышпаны жасөспірім Асан туралы ләм-мим деп жақ ашпайды. Өкінішті , әрине. 1342 жылы Өзбек хан кездейсоқ беймәлім жағдайда өлісімен Жәнібек шешесі Тайдуланның үнсіз келісуімен ағасы Тыныбек, інісі Қыдырбек және келіспейтін бірталай адамның көзін жойып, Алтын Орда тағын иемденіп, он бес жыл билеп Сарайшықты астана етті. Обалына не керек, 1342-1357 құт болмаған Қажы Тарханның іргетасын қалатты. Не үшін екенін бір құдайым білсін, ол Иван Калитаның баласы, Семенге Мәскеуді тарту-таралғы етеді. 1370-1380 жылдары Әмет батыр мен Жәнібектің қызынан туған Салшы Қажы-Тарханды қалабасы болып билеп тұрды. Мойнына сонша адам қанын жүктеген кісі қалай әз аталады? Ол нағыз у төккен қанышер. Ешқандай қайырымды қамқорлық та, жәдігөй жанашырлық та ауыр күнәдан ақтай алмайды. Мейманасы әбден асқан ханның көлге шекер төктіріп, құладінге аққу ілдіріп, қарадан қатын алып жүргені де осы кездер. Оның баласы Бердібек Тебриздегі билігін асығыс тастап, Алтынорда хандығын (1359-1361 жж.) басқарып, аласапыранға килікті. Бір деректе ол Асан қайғының тұңғышы Абатпен жасты екені айтылады.

Бұған дейін нәйеті жиырма жыл ішінде Еділ бойындағы елде қатты сапырылыс болып, 25 хан ауысып, Алтынорданың күйі кетіп, Қырым, Қазан, Сібір хандықтары мен Ноғай ордасына бөлініп ыдырай бастады. Барлығына шұқшиып қарайтын Шоқан Уәлиханов та Асан қайғы «көшпелі ноғай-қазақ даласының данышпаны» дегеннен аспаса, 1910 жылы Қазанда жарық көрген «Тауарихи хамса-и шархиды» жариялаған Құрбанғали Халиди Аягөзи Асанқайғыны Майқының алтыншы ұрпағы деп топшылағанмен осы Жәнібекпен замандас. Демек, 1334 жылы ол ондар шамасында болса, А.Сәбитұлы да ат жалын тартып мініп, оң-солын танып қалған кез. Біздіңше, оның туған жылы 1315-1320 жылдардың арасы. Әр кезде тарих ғылымының кандидаттары Марат Хасенов (Атырау), Зікірия Жандарбек (Түркістан), т.б. Жәнібектер бойындағы қадір-қасиеттерді шатастырып, бір-біріне телиді. Тіпті қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров өзінің «Ұлы Тұранның ұлдары» кітабында оның түп-тұқиянының шежіресін келтіреді:

Бұлар түгіл «Еңлік-Кебек» қасіретнамасында Асан қайғының:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер?

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер,

дейтін ащы толғауын пайдалана отырып, Абыздың аузына салатын академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың өзі де: «Қорқыт сияқты аңыз боп кеткен адамның бірі ­– Асан қайғы. Оның тегі де, руы да мәлімсіз» деп тереңге бармай жаймашуақ өте шығады.

Өз ғылыми ізденістерін жарым жолдан доғарып, бірақ, қазақ поэзиясының төркінін біраз ары жылжытып, ұйытқы болған жазушы Мұхтар Мағауин де «Мен» атты ғұмырнамалық хамсасында («Жұлдыз», 1998 ж. №8) солқылдақтық танытып, ортаға екіұшты пікір ұсынып, тізгін тастайды.

«Сонымен қатар, ел аузындағы әңгімелер Асан Ата Әз-Жәнібек ханның заманында жасады деп тіреп айтады. Елге жайлы қоныс қарайды, қазақтың жер-суына баға берді. Яғни, өзіміз. Бірақ, қазақ Ордасын негіздеуші екі ұлы ханның бірі Әз-Жәнібек бар да, Алтын Орданың шырқау жасаған ұлы хан-атағы әлемге әйгілі Әз-Жәнібек тағы бар. Ол Әз-Жәнібектің сарайындағы ықпалды билердің аты тағы да Асан. Бұл сол заман құжаттарында есімі сақталған нақты тарихи тұлға. Сонымен қатар, қара халық арасында айрықша беделге жеткен, кейінгі кезеңде, хан ұлы Бердібектің билікке жетуіне серттескен. Алтын Орданың Әз-Жәнібегі мен Асан биі туралы ел әңгімелері Радлов жариялаған «Түрік тайпалары әдебиет нұсқаларының» Қырым мен Ноғайға қатысты бөліктерінде ұшырасады. Сонымен қатар, Әз-Жәнібек пен Жиренше шешен де жүр. Кәдімгі біздің Жиренше. Яғни, Жиренше шешен әңгімесіндегі Әз Жәнібек ­– Қазақ Ордасының емес, Алтын Орданың Әз-Жәнібегі. Ал Асан шынында да екеу болғаны күмәнсіз. Мен «Қобыз сарынынан соң «Екі Асан, бір Жиренше» деген оқшау мақала жазбақ едім, орайы келмеді, ақыры, бұл тараптағы дерек байламдардың біразы ежелгі жыраулар мұрасына тікелей қатысты. «Бардың бағасы» деген зілді мақалаға еніп тоқтады. Бізге екі Асан да жат емес, алайда жақыны демеймін, тақырыбымызға қатысты екінші ­–Асан қайғы. Нақты болмысына да, жасаған заманында да күмән жоқ», дей келіп, ол басқа арнаға түсіп кетеді. ­«Менің таң қалғаным, соншама дабыралы болса да, есіміне тікелей тыйым салынбаса да, бізге дейін Асан Қайғы туралы тым құрса бір шағын мақала жазылмапты. Тек Мұхтар Әуезов «Ертегілер» атты зертеуінің «Аңыз әңгімелер» бөлімінде тоқталады, онда да ақын Асан емес, аңыз Асанға соның өзінде: «Асан қайғы жайындағы әңгіменің екінші, халыққа жат, бөтен саналы түрлері тағы бар. Ол аңыздағы Асан – халық мүддесімен қабысатын Асан емес, хан сарайының ақылшысы болған Асан. Бұл Жәнібек ханға ақыл айтады…» деп шалықтап кететіні тағы бар, яғни, біздің алдымыздан шығатын қосымша бөгет. Кейін осы үзіндіні сол қалпында келтіріп, өзіміздің таптық бетімізді айқындап өттік».

Шындығында, біздің, сіздің, оның Жиренше мен Асаны бола ма? Бұлар нағыз халықтық сипаттағы тарихи кейіпкерлер емес пе? Ол қалай бұлталақтағанмен «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінде жарық көрген «Қазақстан ақындары» (1978 ж.), «Бес ғасыр жырлайды» (1984 ж.), «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991 ж.) және басқа басылымдардағы жаңсақ мағлұматтарды малданып, ХV ғасырдың екінші жартысында Шу бойындағы Қозыбасыда құрыла бастаған жас мемлекетке ел-жұртына құтты қоныс іздеп, оны кеңейтуді де көздеп (жер-жерге баға беру жәй ма?), қалың бұқараның мұң-мұқтажын білдіріп, жоқ-жітігіне жоқшы болып жүрген Асан қайғыға ат басын бұрғызады. Егер ол он төртінші ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы шамасында дүниеге келсе, қалайша Дешті-қыпшаққа оралып, Керей мен Жәнібек шаңырағын көтерген Қазақ хандығына ақылшы бола алады, ғұмыры жете ме? Рас, біздің тарих жылнама мен шежірелерде Жәнібектер кездеспейді емес. Біріншісі –жоғарыда айтылған Алтын Орданың соңғы хандарының бірі. Екіншісі –Кереймен бірге көш бастап, Моғолстан ханы Есенбұғаны (1462 жылы өлді) сағалап, Қозыбасыда тұңғыш көшпелі өзбектердің (қазақтар) хандығының уығын шаншысып, шаңырағын көтеріскен … бусағит (Әз Жәнібек осы!). Үшіншісі – кемақыл Жәнібек (Әбілғазы «Түркі шежіресінде» атап көрсеткендей). Әбілқайырдың екінші баласы, Қожамұхаммедтің (бірде қызынан дейді) кіндігінен тарайды. Бұл адас 1556 жылға дейін Қажы-Тарханда хандық құрып, кейін Қырымға ойысып, ақырында Ковно-Каунасқа жер аударылып, сонда дүние салады. Көп зерттеушілерді адастырып, шатастырып жүрген осы жәйттер.

Асан қайғы мен Жиреншені заманы бір үзеңгілес етіп көрсетуге тырысу да негізсіз. Шамамен 1388-1483 жылдар арасында өмір сүрген дарабоз дәрігер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» оны Барақтың Жәнібегіне ертіп барғанда Жиренше (Айбар (Барыс) жылы туған) аттай қырықтың үстіндегі жігіт ағасы. (Бұл 1467 жылдар шамасы). Хан уәзірлері Қанай, Шәркеш, Жандамар қайта-қайта одан аталы сөзге келгенде ұтыла бергендей. Дүйім деректер көзіне зер салсақ, Жиренше Асан қайғыдан ең кемі бір ғасырдай кейін өмір сүрді. Екеуі де өмірде болған адамдар. Біздің ойымызша, бертіннірекке дейін келе-келе жамала-жамала олардың басына халықтың небір даналығы мен жұлдызгерлігі, шешендігі мен көсемдігі, әфсана мен тәмсіл арқылы үйіп-төгіп үлкен тарихи тұлғаға айналдырады. Көпшілік қиялындағы Қожанасыр, Алдаркөсе, Жиреншеден бастап, күні кешеге дейін Бүйенбайды дүниеге әкеліп, талай қалжың-қағытпаны туғызған арамызда жүрген Қалтай Мұхамеджанов шығармашылығын сүзгісінен өткізіп «бас кеспек болса да тіл кеспек жоғын» ескеріп, оны жақсы білген жандар екенін естен шығармаған абзал.

Бұлар тақылеттес тағдырластардың ұстанымы берік те биік, көш бастаса көсем, сөз бастаса шешен, кейде ретіне қарай ірі қоғам қайраткері де болып, қара халықтың қамын жеп, мезгіл мінберінен кесек кесіп-пішіп, ой Олимпіне көтеріліп, болашаққа алаңдайды. Дала данышпаны Асанқайғы Сәбитұлы 1357 жылы Жәнібек қастандықпен өлтірілген соң Қазан хандығын билеген Тоқтамыстың Жалалидиннен туған Ұлы Мұхаммедтің аз уақыт қасында болғаны анық. Ақылы асып, абыройы асқақтамаса өйтпес еді.

Әйтпесе, қарадан шықса да терезесі тең тұрып, Жәнібек ханның мысын баса ма?

…Ай, Жәнібек, ойласаң,

Қилы-қилы заман болмай ма?

Суда жүрген ақ шортан

Қарағай басын шалмай ма,

Бұны неге білмейсің?

Қош аман бол, Жәнібек,

Енді мені көрмейсің!

Төл тарихымызда аузы уәлілер аз ба? Бұл дәстүрді жалғастырып, қалыспай Жиембет жырау да ел ішінде «Еңсегей бойлы ер Есім» аталған хан алдында тайсалмай батылдық көрсетеді:

Ат құйрығын кесермін,

Ат сауырсын берермін,

Алыста дәурен сүрермін,

Қарамасаң, ханым, қарама,

Сенсіз де күнімді көрермін!

Көмекей әулие есімді Бұқар жырау Қалқаманұлы да Абылай қаһарына ұшыраймын-ау деген ұғымнан қорықпай:

Ашуланба, Абылай,

Ашулансаң, Абылай.

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба, – дейді өктем-өктем. Кейбір нәдұрыс қылық өшпенділік отын оятып, қаналушылардың ыза-кегін туғызады. Ұлт-азаттық көтерілістің ұраншысы Махамбет Өтемісұлы да солардың атынан сөйлеп, Жәңгір ханның өзіне сөзбен зәр төгіп, шаншып-шаншып алады:

Хан емессің қасқырсың,

Хас албасты басқырсың.

Достарың сені табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!

Хан емессің ылаңсың,

Қара шұбар жылансың.

Хан емессің аярсың,

Айыр құйрық шаянсың!

Әрқашанда жүйелі сөз иесін табады. Қай заманда отырған Ж.Шаяхметовке халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының жүректұтқандық жасап, хат жазуы сол жойылмай келе жатқан үрдістің заңды жалғасы іспеттес емес пе? Майталман ержүрек майдангер ащы запыран толы жан қылжылын қапысыз жеткізеді: «Сіз, жолдас Оңдасынов басшы қызметке кеше келген жоқсыздар. Жолдас Скворцов, жолдас Круглов, тағы басқалары да Қазақстанда «шаруашылық» қызметіндегі коммунистер емес еді (олардың мына қатеден (Кенесары қозғалысын ғайбаттап, жоққа шығаруға тырысқандарды айтып отыр – А.Н.) сыртта қалар моральдық құқы жоқ). Бұдан 5-10-15-20 жыл бұрын көрер қатені бүгін көріп, ешнәрсе білмегендей болып, басқаларға айбындау да батырлыққа жатпайды.Қорытып айтқанда, қате – жалпы, ескі қате, одан сау азаматтар аз (жоқ). Қателесуге жәрдемдескен барлық басшы азаматтардың мойындарындағы айып. Ендігі мақсат – сол қатені дұрыс талқыға салып, түсініп, сезініп, ынтымақпен жұмыла тездеп түзетуге кірісу. Қатені түзетуге партия ұйымы, басшы қызметтегі азаматтар белсене кірісіп, елдің алдында авангардтық рөлде болу – зор міндет». Егер жетесі жетсе, қай тараптан болса да бұндай әділетсіз шешімдерге қасқайып қарсы тұрғанға не жетсін. Алайда, бас айналдырып, жүрек айнытатын мағлұматсымақтар мен жайлар тек тарих ғылымын ғана емес басқа салаларды да шарпи бастағандай. Жақында сыншы болып, еліміздегі оқиғаларды сараптап отыратын жан «Біржан сал» фильмін «Ақан сері» (түсірілмесе де) десе, өзге біреу Біржан салдың «Ләйлім шырағын» Ақан серіге қосақтапты. Бір жазбагер Сүйінбай Аронұлы Махамбет Исатай ұлт-азаттық көтерілісіне үн қосты дегеннен таймаса, 1972 жылы «Художественная литература» баспасы (ақылдастар алқасында марқұм Ә.Әлімжанов, Ә.Нұрпейісов және қырғыз Ш.Айтматов, башқұрт М.Кәрім, т.б. туыстас түркі тілдес халықтардың өкілдері бар) сопылық ілімінің негізін салушы Қожа Ахмет Яссауиді өзбек ақыны деп талқыға ұсынады. Ол кезде Шыңғыс хан да, Бату да, тіпті Әмір Темір де жоқ емес пе еді? Ешкім де жауапкершілік жүгі ауыр екенін сезінбегені ме? Өстіп жаңсақтықтар мен шатастыруларға қашанғы жол беріле береді?..Мұрын жырау Сеңгірбекұлы (жаңылыс жазылып жүргендей Сеңгірбаев емес!) жырлаған «Қырымның қырық батырында» «Асан қайғы, Тоған, Абат» атты дастан бар. Соның бір тұсында Жәнібек пен Асан сөз қағыстырады. «Осы ноғай ішінде кім би?» – деді (Жәнібек). Сонда Асан: «Біздің Абат би» – деді өзінің жалғыз баласын (алға тартып – А.Н.).

«Кім ер?» деді Жәнібек. «Біздің Абатжан ер» – деді Асан. «Кім мерген, атқыш?» – деді. «Біздің Абатжан» – деді. Сонда Жәнібек ойлады. «Әй, боқ сақал-ай, осының жалғыз баласынан басқа ноғай тумаған екен ғой» – деп.

Әділ Жәнібектің бір қаршығасы бар еді, оны бір жабайы қаршыға аң алдырмай қуып келіп тығады екен. Әділ Жәнібек: «Әй, Абат, сен мерген болсаң сол жабайы құсты атып бер», – деді.

Абат пен әділ Жәнібек аңға шықты. Құсын аңға салып еді, жабайы құс тағы да қуып келді. Абат мұны атып қалып еді, жабайы құстың құйрығын айырып кетіп, өзіне тимеді. Сонда Жәнібек: «Абатым, мерген емес екенсің ғой», – деді.

Абат: «Жоқ, мен мергенмін, аршыл құс болса, дақ салдым, енді келмес, – деді. – Арсыз құс болса келер, онда ат деген жеріңнен атамын». Бұған қарағанда да Асанның біраз жасқа келгені байқалады. «Ай, заман-ай, заман-айға нанатын болсақ, онда Қарғабойлы Қазтуған Сүйінішұлы жырау ХV ғасырдың (дұрысы ХIV ғасыр) 20-30 жылдары туылғаны рас жағдайда ол Асанқайғы Сәбитұлыдан қалайда да біршама кіші, Абаттан үлкен. Тағы бір қаға берісте Абат ата жауға аттанарда ханнан батырлардың бірі деп топқа Қарғабойлы Қазтуғанды қосуды сұрайды.

…Рахманның рақымы түсіп, бар адамзат мекендеген атажұртта жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алып, асты да, үсті де бай қазынаға толы көне Тұран өлкесінде ұялатындай көкейкесті мәселе болмағаны қандай. Біресе Батысқа, енді бірде Шығысқа жаутаңдап, күн кешіп келе жатқан Қазақияның бүйте берсе болашағы буалдыр. Біз өз тарихымыз, жылнамалар мен шежірелерімізді Отаншылдық мүддесі, туған халық мүддесі тұрғысынан қайта ой елегінен өткізбесек, бейшара пұшайман болғанымыз болған. Жалпы, өркениетке ұмтылып, өмір сүрудің ұзынырғасында билік пен би-шешендер арасында қызық қарым-қатынастар қалыптасып, дала демократиясы көрініс тапты. Егер хандар мен әртүрлі деңгейдегі билеушілер тарапынан сәл болса да ши шығып жатса, билер қалың бұқара атынан кесек турап, ірі сөйлеп, үшкіл бұрыштарды айналып өтпей, жалтақтамай турасын айтып отырды. Асан қайғы заманы да тұтас қоғамдық құбылыстардан, ендеше бөлтек-салтақ қарастырылмайды. Ол зар татқызып түңілдірмейді, қайта үңілдіреді. Бұл мәңгі жоқшы ұзақ жылдар құтты қоныс іздеп, тентіреп ел кезіп, жер шолғанда не көкседі?! Түпкі мақсаты Жерұйықпен қоса барған сайын қыран қанатын жайып оның ұлғаюын да көздеп, келешек көкжиегіне көз тікті. Оның іздері Ұлы дала бетінде сайрап жатыр.