ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ — ТӘУЕЛСІЗДІК

ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ — ТӘУЕЛСІЗДІК

ЕҢ  БАСТЫ  ҚҰНДЫЛЫҚ — ТӘУЕЛСІЗДІК
ашық дереккөзі

>«Нұр Отан» ХДП-ның жаңа саяси доктринасының өзегі – осы

«Нұр Отан»

ХДП-ның жаңа саяси доктринасы әзірлену үстінде. Осы құжат жобасын дайындауға байланысты құрылған Жұмыс тобы өткен аптада үшінші рет бас қосып, оны тағы бір рет талқыға салды. Бұған дейін партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек аймақтарды аралап, жер-жердегі партия мүшелерінің ой-пікірлерін тыңдап қайтқан. Енді құжат партияластардың кең талқылауына шығарылуы тиіс.

Бауыржан Байбек доктрина жобасына «өте сапалы, жан-жақты ойластырылған, мазмұнды құжат» деп баға берді. «Доктринада мемлекеттің басты жетістігі – Тәуелсіздік екені нақтыланды. Ғалымдар, философтар мен әлеуметтанушылардың кеңесіне жүгіне отырып, отбасы мен дәстүрі, еңбек пен болашаққа ұмтылу сияқты мәселелер бір-біріне байланыстырыла жазылды», – деді ол. «Бұл құжаттың ерекшелігі ретінде онда партияның басым бағыттарының жіктеліп жазылғанын атап айту керек. Бұған дейін қалыптасқан әдет бойынша біз әуелі алдыңғы кезекте экономиканы, сосын әлеуметтік саясатты, ең соңынан өнер, рухани дамуды көрсетеміз. Доктрина жобасында басты құндылық Адам деп жарияланғаннан кейін партияның ең негізгі бағыты ретінде біз қоғамдық келісім, рухани дамуды атап көрсеттік. Елбасы Қазақстан Халқы ассамблеясының ХХ құрылтайында сөйлеген сөзінде айтып өткендей, қоғамдық келісім барша халқымыздың басты өмір сүру қағидасына айналуы тиіс», – деді бірінші орынбасар.

Талқылау үстінде Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұл­танов өз сөзінде доктрина жобасын қолдайтындығын айта келіп: «Тәуелсіздік – біздің басты жетістігіміз ғана емес, ең басты құндылығымыз деп айтылуы тиіс», – деді. Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев та өз сөзінде Тәуелсіздіктің басты құндылық екенін осы құжатта атап көрсетудің маңыздылығын айтып өтті.

Бұдан кейін құжаттың жобасы пар­тияның Саяси кеңесінің мүшелеріне жіберіледі. Партиялық ұйымдар талқылауынан өткен соң, алдағы съезде қабылдануы тиіс.

Жобаға қатысушылардың айтуынша, Доктрина елді бірлікке шақырып, белгілі бір құндылықтар айналасында топтастыратын құжат болмақ.

Ерлан ҚАРИН, «Нұр Отан» ХДП-ның сая­си хатшысы:

– Біріншіден, партия өзінің дамуында жаңа кезеңге аяқ басуда. Бұл кезеңнің айқындалуына еліміздің жаңа стратегиясының қабылдануы түрткі болды. 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, партия осы доктринада оны іске асырудағы өзінің рөлін айқындауы тиіс. Жаңа саяси кезеңде «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасын қабылдау қажеттігі осыдан туындады. Екіншіден, паритияның ең алғашқы доктринасы 2001 жылы қабылданған болатын. Одан бері он екі жыл өтті. Елде конституциялық өзгерістер болды, көппартиялық Парламентке, пропорцио­налды сайлау жүйесіне көштік, т.б. көптеген саяси-экономикалық қарқынды даму нәтижесінде бірқатар оң өзгерістер болды. Мұның бәрі он екі жыл бұрын қабылданған доктринаның мазмұны жағынан ескіруіне әсер етті. Жаңа сая­си кезеңде, жаңа саяси мақсаттарға сәйкес, болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларды ескере отырып, жаңа доктрина қабылдау қажеттігі туды. Оның үстіне, бұрынғы доктринада «Нұр Отан» партиясының идеологиялық тұғырнамасы әлеуметік-демократиялық деп көрсетілген болатын. Шын мәнінде біз центристік бағыттамыз. Оңшыл да, солшыл да емес, жалпыұлттық партия болғаннан кейін, партияның қолдаушылар қатарында қоғамның барлық әлеуметтік топ өкілдері болғандықтан, біз жалпыхалықтық мүддені қорғаймыз. Тағы бір айта кететін мәселе, партияға қатысты айтылып жүрген сынның бірі «нақты бір идеологиялық тұжырымдамасы айқын көрсетілмеген, оның идеологиясы қандай, негізгі мақсаты, басты құндылықтары не деген сұрақтарға нақты жауап жоқ» дегенге сая­тын. Осы олқылықты толтыру мақсатында, жаңа доктринаны қабылдап жатырмыз. Бұл партияның қалыптасып, бекіп, жаңа саяси кезеңге, нақтыланған жаңа саяси идеология­мен аяқ басайын деп тұрмыз.

Қуаныш АХМЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Бұл доктрина жобасында партияның мүмкіндіктері қарастырылып, басты құн­дылықтары анық айтылған. Басты құн­ды­лықтары ретінде Адам, оның құқықтары, сапалы өмір сүруге экономикалық тиімділік туғызу мәселелері айтылады. …Біз бір идея төңірегінде жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қоғамда қалыптасқан құқықтық-саяси, рухани дәстүріміз бар. Ұлттық идея туралы көп айтамыз. Ұлттық идея – біздің тәуелсіздігімізде. Бүгінгі жетістіктердің бәріне тәуелсіздігіміздің арқасында жетіп отырмыз. Ал ұлттық идеяға орай, «Бізде идеал кім болмақ?» дегенде, жас ұрпақ кімнен үлгі алуы тиіс деген мәселеге орай «Ол – Елбасы» деген ұсыныс енгізіліп отыр. Жастардың бәрі бірдей Президент болмас, бірақ Президент қол жеткізген мүмкіндіктер әрбір жасқа берілуі тиіс. Ол – еңбек ету, білім алу, кәсіп игеру, алдына қойған мақсатына қол жеткізу, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ұмтылу, яғни бір сөзбен айтқанда жастарды жігерлендіріп, рухтандыру көзделген. Партияның негізгі мақсаты – халықты игі істерге ұйымдастыра білу. Бұл тұрғыдан осы доктринаның болашақта атқарар миссиясы зор болмақ.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Бұл доктрина жобасы жан-жақты ойластырылған, әбден пісіп-жетілген құжат деп санаймын. Онда партия іс-әрекетіне негіз боларлық саяси-идеологиялық құндылықтары нақты көрсетіліп, анық жазылған. Бұдан басқа партияның сайлау алдында жарияланған тұжырымдамасы, бағдарламасы бар, олардан айырмашылығы бұл – әлеуметтік-экономикалық құжат. Партияның күнделікті өмірдегі іс-әрекетін реттеп отыратын құндылықтарды осылдайша жүйелеп, жіктеп жазу – бұл доктринаның басты ерекшелігі. Олардың ішіндегі ең маңыздысы, тіпті ең бастысы – Қазақстанның тәуелсіздігін сақтау мен нығайту. Доктринада партияның басты міндеті – Тәуелсіздігімізді нығайту екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Меніңше, бұл өте дұрыс. Өйткені бәрі де біздің Тәуелсіздігімізден бастау алады. Тәуелсіздігіміз болмаса, экономикалық өркендеу, әлеуметтік мәселелерді шешу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, т.б. қажетілікті қалай жүзеге асырар едік? Сондықтан да алдағы уақытта доктрина қабылдағаннан кейін тәуелсіздіктің қадірін білуге үндеп, оны сақтауға қам жасауға шақыру керек деп ойлаймын. Меніңше, доктрина жобасының ең маңызды тұсы да – осы.

Көлбай ЖЕҢІС

Астана