Жаңалықтар

Қазақстан әуежайларына жөндеу жүргізіледі

ашық дереккөзі

Қазақстан әуежайларына жөндеу жүргізіледі

Бұған дейін газетімізде қазақстандық әуежайлардың жағдайы сын көтермейтінін жазған едік. Әуежайларды жалға алып, бас кеңсесіне айналдырған жеке меншік әуе компаниялары жиырма жылдың ішінде бірде-бір жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Нәтижесінде ірі қалалардағы әуежайлар халықаралық талаптарға сай келмейді. Сондықтан еліміздің 11 әуежайы жыл соңына дейін шетелдік басқаруға беріледі.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі әуежайлардың хал-ахуалын жақсарту үшін басқаруды реттеу керек дейді. «Қазақстан темір жолы» ҰК аясындағы мультимодальды операторға төрт әуежай берілді. Олар – Көкшетау, Қостанай, Петропавловск және Астана қалаларының әуежайы», – деп мәлімдеді министрлік. Мемлекеттік әуежайларды бір орталықтан басқаратын біртұтас компания отандық әуежай инфрақұрылымын жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету мен қауіпсіздікті қамтудың халықаралық талаптарын енгізеді. Сонымен қатар көліктік-логистикалық жүйені жетілдіріп, жүк тасымалдауды арттыру жоспарланып отыр.

Көлік және коммуникация ми­нистрлігінің вице-министрі Азат Бектұров отандық әуежайларды бір компанияға біріктіріп, олардың менеджментін шетелдік компанияға беруге әуежайлардың «аянышты» күйі түрткі болғанын айта келе: «Олардың көпшілігінде белсенділік төмен, іскерлік жоқ, қайта жөндеуді қажетсінеді, менеджментін жақсарту қажет. Сондықтан оларды сенімді басқару ұлттық компанияға жүктелетін болды», – деді. Олай болса, 11 әуежай қайта жөндеуден өтіп, халықаралық әуежайлармен терезе теңестіре алатын болады.

Қазақстанда небәрі 20 әуежай қызмет көрсетеді, оның 15-і халықаралық әуежай дәрежесінде қызмет көрсетеді. Ал мемлекет меншігінде 11 әуежай бар.

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ