Бұл сорақылық Шымкенттен шықты

Қанша сыналса да қазекем жүзге, руға бөлінушіліктен әлі күнге айыға алмай келеді. Бүгіндері Шымкент жақта жүзге, руға бөлінушіліктің жаңа түрі шыққан. Көлік нөмірінің астыңғы жағына қай жүзден, қай рудан шыққанын білдіретін бедерлі жазба жапсырып алған жүргізушілер кімнің ұрпағы екенін осылайша көрсететінді шығарды.

Қала билігі болса бұған қарсылық танытып отыр. Жүзге бөлетін тақтайшалардың көбейіп бара жатқаны Шымкенттің бас идеологын да қатты алаңдатса керек, қала әкімінің орынбасары Баһадүр Нарымбетов жуырда осыған байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, оңтүстікқазақстандықтар мен қала тұрғындарын, әсіресе әлгіндей көлік жүргізушілерін трайбализмнен аулақ жүруге шақырды.

«Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз». Осындай руға, не атаға бөлетін жазуы бар тақтайшаларды, есіңіз болса тақпаңыз. Бұл онсызда тарыдай шашылған қазақтың басын одан әрі ыдыратып жіберуі мүмкін». Жиында сөз сөйлеген Баһадүр Нарымбетов осылай деді. Қалалық әкімдіктегілер сөздерінің рас екенін дәлелдеп, бізге көрсету үшін жаңағыдай ру атауы жазылған нөмірлерді базарларға барып, арнайы сатып әкеліпті. Бір қызығы, «Ұлы жүз» деп жазылған тақтайшаларды таба алмаған. Барлығы түгел сатылып кетсе керек.

Сондай-ақ, Баһадүр Нарымбетов мемлекеттілікті, Қазақстандағы заңдылықтарды мойындамайтын қандастарды қатаң сынға алып, бөлінушілікке үндейтін мұндай сорақылықтарға тойтарыс беруіміз керек дегенді алға тартты. Қиыны сол, нөмір тақтайшаларындағы мұндай жазбаларға МАИ қызметкерлері титтей де әсер ете алмайды екен. Өйткені, көлік нөмірлеріне қатысты заңда бұл жағдайда не істеу керектігі мүлдем көрсетілмепті. Бұдан шығатын қорытынды – билік өкілдері енді тек қана әлгіндей тақтайшалардан бас тартуды насихаттаумен ғана шектелуге мәжбүр. Ал баспасөз жиынына келген көлік бөлшектерін сататын базар қожайындары мұндай жазуы бар тақтайшалардың сатылып жатқанын енді естіп жатырмыз деп аң-таң бола қалды. Әйтпесе, мұндай бейбастыққа дер кезінде-ақ тосқауыл қояды екен-міс. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!». Баспасөз жиынында айтылған түйін осы болды.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Шымкент

Back to top button