Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады
ашық дереккөзі

Қазақ өнері орны толмас қазаға ұшырады. Гүлфайрус Ысмайылова 84 жасында дүниеден озды.

Біз оны суретші ретінде танимыз. Біз оны өнерлі актриса ретінде танимыз. Қазақстан халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өнердің екі саласында да өзіндік із, қайталанбас образдар жасады. Ол Мұхтар Әуезов, Әбілхан Қастеев және Шара Жиенқұлованың бейнесін қағазға түсіріп, тарихқа таспен қашағандай мәңгілік етті. Ал театр сахнасында Қыз Жібек, кинода Ботагөз образын сомдады.

Кескіндемеші, театр және кино сурет­шісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық суретшісі, «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» және І дәрежелі Достық ордендерінің ие­гері Гүлфайрус Мансұрқызы Ысмайы­лова 84 жасқа қараған шағында дүние салды.

Гүлфайрус Ысмайылова 1929 жылы Алматы қаласында туған. 1949 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1956 жылы И. Репин атындағы Ленинградтың кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірді. 1947-1949 жылдары Қазақ мемлекеттік консерваториясының вокалдық факультетінде оқыды. 1956-1957 жылдары Алматы көркемсурет учи­­­­­­­лищесінде сабақ беріп, 1971-1974 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында бас суретші қызметін атқарды.

Г. Ысмайылова бірнеше опера, балет, спектакль және кинофильмдерге декорация мен костюмдер эскиздерін жасады. Ол «Күләш Байсейітова Қыз Жібек ролінде» (1962), «Ұйғыр қыздары» (1966) картиналарының, «Халық шеберлері» триптихының (1967), Ш.Жиенқұлова (1958), Ш.Жандарбекова (1960-1961), Б. Төлегенова (1963-1964), Ә.Қастеев (1966) портреттері мен көптеген натюр­­­морттардың авторы. 1950 жылдан киноға түскен: Тыгрена («Аласталған Алитетте»), Ботакөз (осы аттас фильмде, 1957), Тана («Қыз Жібекте», 1972) тағы басқа да кейіпкерлердің образын сомдаған.

Гүлфайрус Мансұрқызы мәдениет және өнер саласында көптеген шәкірттерді тәрбиеледі.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің танымал қайраткері Гүлфайрус Ысмайылованың жарқын бейнесі жадымызда әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Қазақстан Суретшілер одағы