Сұйық өнімдердің сапасын анықтайтын құрылғы

Сұйық өнімдердің сапасын анықтайтын құрылғы

Сұйық өнімдердің сапасын анықтайтын құрылғы
ашық дереккөзі

бізге керек емес пе?

Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтында өткен «Топырақ ресурстарын тиімді пайдалану және олардың экологиясы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға шетелдік ғалымдар да қатысқан болатын. Олар бүгінгі қоғамның экологиялық қауіпсіздігі туралы кеңінен әңгіме өрбітіп, пікірлерін ортаға салды.

Соның ішінде қазақ елінің болашағына алаңдаушылық білдіргендері де болды. Татарстан республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазан мемлекеттік технологиялық университетінің биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Роберт Ильязов редакцияға арнайы келіп, экологиялық азық-түлік мәселесі жөнінде көңілге түйген жайттарымен бөлісті. Әңгімені әріден бастасақ, Роберт Ильязов пен қазақ әріптесі «Қазығұрттану» ғылыми-зерттеу институтының президенті, академик Аманбек Ақайұлы екеуі сұйық өнімнің сапасын анықтайтын құрылғы ойлап тауыпты. Ол үшін патентке де ие болған. Қазақ пен татардың өзара жақындығын, туыстығын алға тартқан ол бұл құрылғыны әуелі Қазақстан мемлекетіне ұсынғанын айтады. Алайда, құрылғы авторлары жолдаған хатқа Ауыл шаруашылығы министрлігі: «… Қазіргі кезде азық-түлік өнімдеріне деген техникалық регламент бар. Бұл талаптарды орындау өнімнің әртүрлі химиялық, микробтық әсерін бақылау әдісі мен сапа тұрғысынан қамтамасыз етіледі. Қазақстан аумағындағы өнімге техникалық регламент талаптарына сай арнайы аккредиттелген зертхана зерттеуінің хаттамасы негізінде сертификат немесе декларация беріледі. Зертханада азық-түліктегі улы элементтерді, радионуклидтерді анықтайтын құрылғылар бар. Сондықтан да «Агроэкологиялық қауіпсіздік» бағдарламасын жүзеге асыруға және «Стандарттау жүйесі мен экспресс-талдау құралы негізінде ҚР-дағы азық-түліктің экологиялық сапасын тексеру» халықаралық жобасына республикалық бюджеттен 23 млрд. теңге бөлу орынсыз» деп жауап берген хатын да оқыдық. Ал патент иелері министрліктің уәжімен келіспейтіндігін алға тартты. Біз қалған әңгімені авторлардың өзінен естіп, білгенді жөн көрдік.

Роберт Ильязов: «МАГАТЭ» сарапшысымын. 38 жыл ғылыми тәжірибеде техногендік қауіпті жерлерді зерттеумен айналысып келемін. Академик Ақаев екеуміз Қазақстан үшін екі мықты бағдарлама жасадық. Біріншісі, агроэкологиялық қауіпсіздік. Бұл Қазақстанның агроөнер­кәсіптік кешенін ДСҰ-ға өту кезіндегі дайындығына арналады. Екіншісі, сұйық өнімдерге экспресс-талдау жасау жүйесін құру. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіретіндігін мәлімдеді. ДСҰ-ға құжаттар бойынша өту оңай. Бірақ бұдан қарапайым халық зардап шегуі мүмкін. Әр ұйымның өз тәртібі, жарғысы, ережесі бар. Оған әрқашан да­йын болу керек. Мәселен, Украина да алдын ала дайындықсыз ДСҰ-ға мүше болды. Бірақ Украина ДСҰ-ның шартына дайын еместігін көрсетті. ДСҰ-ға кірмес бұрын Қазақстанның сертификациялық-стандарттық аймағы, технологиясы болуы керек. Алдымен ауылшаруашылығы мәселесімен айналысу қажет. Жасыратыны жоқ, Қазақстан территориясы техногендік жағдайда ластанған. Семей полигоны, өндірістік кәсіпорындар, мұнай-газ зауыттары экологияға зардабын тигізеді. Міне, біз бағдарламада техногендік апат аймақтарын сауықтыру жайын айттық. Әрбір егін алқабының экологиялық-гигиеналық құжаты болуы тиіс. Мәселен, алқапқа егін ексеңіз және бұл одан қандай сапалы, қауіпсіз өнім алатыныңызға кепіл болады. Егер бұл болмаса, бізге ауылшаруашылығымен айналысуға тыйым салады. Басқа елдер «Біз сіздерді өзіміз тамақтандырамыз» дейді. Олар тек арзан, сапасыз азық-түлік жеткізеді.

– Сұйық өнімдерге экспресс-талдау жасау құралын тәжірибеде қолданып көрдіңіздер ме?

Роберт Ильязов: Мысалы, сүтті алып, оның сапасын салыстырып көрейік. Қазақстан мен Ресейде сүттің сапасы нашар. Ал Германияда өте жоғары. Айырмашылық жер мен көктей. Бізге Еуропаның нормативті жағдайымен жүрудің керегі жоқ. Еуропа бұған амал жоқтан барса да, өмір сүру сапасын жақсартты. Ал Қазақстан мен Ресей бұған қол жеткізе алмай келеді. Егер құжатың, сертификатың болмаса, өнім өндіріп, басқа елдерге сатқың келсе де, сата алмайсың. Себебі, рұқсат жоқ. Осы тұрғыда аймақтық стандарт-сертификат құжатын жасау тиімді. Егер бұл құжат қабылданса, басқа мемлекеттерге ұсыныс жасауға болады. Өкінішке қарай, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне осы бағдарламаны ұсынып едік, жағымсыз жауап алдық. Бұны селқос қабылдауға болмайды. Татар халқында «Жан тартпайды, қан тартады» деген сөз тіркесі бар. Қазақстанға ешкім осындай қайырымды іс ұсынып көрген жоқ. Бұл тек тамақ қана емес, фармацевтикалық өнімдер, спирттік ішімдік, көмірсутегі шикізаты, жанармай, ветеринарлық, құрылыс заттарын тексереді. Біз құралмен Ресейдің бір қаласындағы жанармайдың сапасын тексеріп едік, май құю бекетінен бірде бір сапалы жанармай таппадық. Нәтижесін Үкіметке айттық. Бір аптадан соң жанармай құю бекеттерінің 60 пайызы сапалы жанармай сатты. Міне, бұл құралдың баламасы жоқ. Кез келген сұйық затты он, он бес минуттың ішінде стандартқа сай ма, жоқ па, қоспа бар ма, жоқ па, анықтай аласыз. Жанармайдан соң, кәдімгі күнделікті дүкендерде сатылатын шырынды тексердік. Томат шырынынан басқаның бәрі химиялық қоспа екен. Фармөнімдердің де сапасы мәз емес. Ал спирттік ішімдіктердің сыртқы түрі, этикеті бөлек болғанмен, бәрі бір бөшкеден құйылады. Егер ДСҰ-ға кірсеңіздер әлемнің басқа мемлекеттерінен сапасыз өнімдер ағылады. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі экспресс бақылаудың жоқтығынан туындап отыр. Біз Қазақстанға инвестициялық жоба әкеліп, осы бақылау жүйесін құруды қолға алғымыз келеді. Сосын Қазақстан бұл жүйенің қожайыны ретінде кез келген мемлекетке сата алады. Бұл Қазақстан үшін жаман ба? Қазақстан барлық әлемдік қауымдастыққа үлгі болып отырған мемлекет. Неге біз бұл жүйені енгізу үшін Қазақстанды таңдадық? Қазақстан Ресеймен салыстырғанда кішкентай мемлекет. Бірақ мұнда экономика қарқынды дамуда. Әрі жүйені енгізу әлдеқайда тиімді. Бірінші, әлем алдында тұрғындарды сапасыз өнімнен қауіпсіз етуге болатынын көрсетеді. Екіншіден, біз мұнда ақша әкелеміз. Қазақстан 30 пайыз қаржыландыруды қолға алатын болса, қалған 70 пайызын, яғни 310 млн. рубльді Ресейдің «Сколково» қоры қайтарымсыз беріп отыр. Мұндай жобаны Қытай не Түркия ұсынып жатыр ма? Ауылшаруашылығы министрлігі ештеңе түсініп отырған жоқ. Министрлік халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды қолға алып жатқан бізге қарсылық танытты.

– Оған Ресейге не пайда? Мұның астарында басқа саясат жатқан жоқ па?

Аманбек Ақайұлы: Ресеймен арада мемлекетаралық достық байланыс бар. Олар қайта қуанып отыр. Ресей мұны өмірге бізсіз енгізе алмайды. Бұл қазақ елі үшін өзекті мәселе. Біздің ішіп отырған сүтіміз де, жейтін нанымыз да сапасыз. Ал мына құрал арқылы адамнан бастап, жан-жануар, жер, топыраққа дейін тазарады. Сөйте тұра, Ауылшаруашылығы министрлігі бас тартып: «Бәрі жақсы, бәрі керемет. Бізге мұның керегі жоқ» депті. Одан да бұл қондырғыны Парламентте талқыласа, бәрін түсіндіріп беретін едік. Бүкіл ғалымдарды жинап айтуға болады. Біздің бармаған жеріміз жоқ. Туған елімнің патриоты ретінде осы құралдың пайдасын біліп отырмын. Астанаға барып, біраз адамға жолықтық. Біз ешкімге жалынбаймыз. Бір өкініштісі, біздің билік айналасында жүргендердің білімінің таяздығы. Әйтпесе мынау соқырға таяқ ұстатқандай, көрініп тұрған нәрсе ғой. Енді біз хатты Президенттің атына, Президент әкімшілігінің бастығына тапсырамыз. Біріншіден, жеріміздің ешқандай картографиясы жоқ. Ешқандай модель де, сертификат та жоқ. Соған қарамастан ДСҰ-ға өтуді көздейді. Сол күні дүниежүзінің тауары лап еткенде, біздің кәсіпкерлер тығырыққа тіреледі. Себебі, өнімнің сапасын анықтайтын құрал жоқ.

– Бұл құралдың бағасы қанша тұрады?

Аманбек Ақайұлы: Бұл қарапайым ұялы телефонның құны сияқты, 150 АҚШ доллары тұрады. Кез келген адам сатып алып, дүкендегі өнімнің сапасын тексере алады. Агроэкономикалық қауіпсіздік бағдарламасының аясында жасалған құрал алты жыл пайдаланусыз жатты. Ал одан бері қаншама адам о дүниелік болып кетті. Қазақ елінде 400-ден астам әртүрлі жарылыс болған. Одан бөлек уран өндіретін жерлерде жайылым да, су да, топырақ та, өсімдік те радиоактивті қалдықтармен уланған. Біздің басшылар мұны білсе де, топырақты залалсыздандырмайды.

Роберт Ильязов: Қытайдан бір топ делегат келіп, сол құралды сатып алмақшы болды. Тіпті, олар: «Сұраған ақшаңды берем, құралды беріңізші» деп жалынғандай болды. Көрдіңіз бе, олар құралдың жүйесін құрып, басқа елдерге сатпақшы. Ал мұны Қазақстан құрып, одан Қытай сатып алса, ұтымды болмай ма? Бұл жоба екі аспектідін тұрады. Бірінші, саяси. Қазақстанның беделін әлем алдында, Орта Азия мемлекеттері арасында көтереді. Егер біз халыққа дұрыс жағдай жасамасақ, дұрыс азық-түлік ұсынбасақ, халықтың денсаулығы туралы не айтуға болады? Бүгінде Қазақстан мен Ресей сапасыз азық-түліктің үйіндісіне айналды. Ешкім қадағаламайды. Өнімді дүкенге кіргізбес бұрын тексеру керек. Егер бақылау болса, азық-түлік те сапалы болады. Бүгінде Қазақстан медицинасында онкология мәселесі бірінші орында. Негізгі адамның ағзасында басты орын алатын өнім – сүт және сүт өнімдері. Қазақстанның экологиясын жақсы білгендіктен де, бұл мәселені тезірек шешу керектігін айтқым келеді.

Роберт Ильязов: Өткенде әріптесім екеуміз Астанада бір шенеуніктің қабылдауында болдық. Ресейден келіп, екі сағатта әрең кірдім. Осы мәселені айтып жатсақ, «Мен халал тамақ ішемін» дейді. Сонда қалған халық не істейді, қырыла бермек пе?! Басқа ұлт өкілі болса мейлі, ол – қазақ қой. Өз ұлтына неге жаны ашымайды? Қазақ пен татар өте жақын халық. Сол кезде жүрегім ауырып қайтты. Ал рухани келісім жөніндегі Дүниежүзілік форумында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: «Мұның маған мүлдем қатысы жоқ» деп құтылды. Бұл не деген сөз? Қалайша халқының, ұрпағының денсаулығына алаңдамайды?

Аманбек Ақайұлы: Бұл жанайқайды билік естісе дейміз? Өзімнің тоғыз балам, он алты немерем бар. Олардың болашағы не болады? Патентке қол қойып келдік. Егер бұл құралдың тиімділігін, пайдасын түсінсек, Қазақстан бұл жүйенің қожайыны болып қалады. Бұл уақыт өте келе халықаралық жүйеге айналады. Шетелден бұл құралды меңгеруге мамандар келеді. Біз қашанғы жатжұрттың ғылымына қол жая береміз? Отандық ғылымды дамытуымыз керек қой.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ