ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ҚАРЕКЕТ
ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ҚАРЕКЕТ
Таяуда бір топ журналистермен Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылына барып қайтқанбыз. Мақсатымыз – «Аграрлық несие корпорациясының» «Сыбаға» атты бағдарламасы бойынша несие алып, мал сатып алған көксарайлық қандасымыздың шаруасымен танысу болатын.
Барлығымызға белгілі, соңғы 5-6 жылдың көлемінде мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау мен ауылдағы ағайынның шаруасын дөңгелетуге барынша қолдау жасап, ықпал етіп, пайызы төмен несие беріп, кейбір жағдайда субсидиялық көмек көрсетуде. «Өтеген төбе» шаруа қожалығының төрағасы Есімхан Мамақов Отырар ауданы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несиеге алғаш қол жеткізген азамат болып шықты. Ол мемлекеттің осы тиімді бағдарламасы арқылы шаруа қожалығындағы мал шаруашылығын аяққа тұрғызып, ірі-қарасының санын көбейтуді көздепті.
Өткен жылдың күзінде несие алсам деген ниетпен өтініш берген Есімхан шаруа осылайша «Сыбаға» бағдарламасының Отырар ауданындағы өтініші қанағаттандырылған алғашқы клиенті болып отыр. 6 пайыздық үстемемен алған 6 млн. 250 мың теңгесіне 29 сиыр сатып алыпты. Оның екеуі «герефорд» аталатын асыл тұқымды бұқалар. Шаруа осы арқылы сиырларының тұқымын жыл өткен сайын асылдандыра түспекші.
Несиені алуға ауданда ашылған «Отырар ауыл несие» несие серіктестігі ықпал етсе керек. Құжаттарды жинастыру, кепілге қойылған мүлік пен оларды рәсімдеу және банкке өткізу – осының барлығын несие серіктестігі жүзеге асырыпты. Есімхан бұл біз үшін үлкен көмек болды деп ризашылығын білдірді. Енді алдағы уақытта сатып алған сиырларының санын көбейтіп, етті сатуға шығармақшы. «Бірақ оған әлі 1-2 жыл керек, себебі сиырлар туып, ол бұзаулар өсем дегенше біраз уақыт өтеді», – дейді Есімхан. Мемлекеттен субсидия да алу ойында бар. Себебі аладағы таңда меншігіндегі сиырларын біртіндеп асылдандыруды бастайды, ал мемлекеттік субсидиялау бағдарламасында нақ осы асылдандыру ісі де қарастырылған.
«Өтеген төбе» шаруа қожалығының негізгі кәсібі де осы мал шаруашылығына қатысты, ірі-қара малды жемдеу және өсіру, жылқы мен тауарлы-етті өндіру. Шаруа қожалығының меншігінде несиеге сатып алған сиырлардан өзге өзінің 30 бас ірі-қарасы, 1500-ден астам қойы, 18 жылқысы бар екен. «Мал шаруашылығы ата-бабамнан қалған кәсібім», – дейді шаруа. Әкесі кеңестік тұста 50 жыл мал баққан шопан, елге сыйлы азамат болыпты. Қартайған соң шопандықтың аса таяғын осы баласына тапсырған. Есімханның өзі шопан атанғанына 20 жыл болса керек. Осыншама уақыт ішінде ағамыз мал бағудың қыр-сырын жетік білетін әккі шопанға айналыпты. Қора-қопсысының жайлылығын, мал басын кемітпей қайта жыл өткен сайын көбейтіп, осыншама мыңғырған малдың ебін тауып, шашау шығармай, отбасылық бизнеске айналдырып отырғанын көріп қызықтық. «Мал баққанға бітеді» деген қазақы даналық осындай еңбекқор шаруаларды көргеннен кейін айтылғаны шүбәсіз.
Жалпы, еңбек етсем деген адамға жұмыс қашанда табылады. Тек бастайтын ісіңнің қыр-сырын білуің керек. Сосын кішкене ынтаң болса, жалқаулықтан арылып, жан-жағыңда не боп жатқанынан хабардар болып отырсаң тірлігің алға басады. Мемлекет те не істесең өзің біл деп шаруаны айдалаға тастап кеткен жоқ. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты неше түрлі заңдар шығарып, тиімді бағдарламалар түзіп, осы арқылы ауылдағы ағайынның жағдайын түзеуге барынша атсалысып жатыр. Жоғарыдағы Есімхан секілді істің көзін таба білген шаруалар тиісінше дамудың сара жолына түсіп келеді.
Барлығымызға белгілі мемлекет басшысы 2011 жылғы Жолдауында: «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдессіз жоба іске асырылады. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд. теңге несиелік қаражатын бөледі», – деген болатын. Осыған сай, сол жылы ел Үкіметі «2011-2015 жылдар аралығында еліміздегі ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыруға арналған кешенді жоспарды қабылдады. Бұл құжатта аталған жобаға шағын және орта фермерлік шаруа қожалықтарын қатыстыру туралы жоспарлы қарастырылған болатын. Сөйтіп, 2012-2013 жылдары фермерлердің жыл сайын 42 мың бас ірі қара мал басын сатып алуды қарастырды. Бұл жұмыстардың дені несиелік ұйымдарға жүктелді. Осы тұрғыда несиелік ұйымдар мен олардың қазіргі тиімді шарттары туралы да сөз етпей кетуге болмайды. Себебі елдегі пайыздық үстемесі ең аз несиелеу бағдарламалары осы ауыл шаруашылығын дамытуға арналып жасалуда. Солардың ішінде ең танымал боп келе жатқаны біз жоғарыда әңгімеге арқау еткен «Сыбаға» бағдарламасы.
2011 жылдан бастап «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Сыбаға» атты бағдарлама жасап, ол бойынша шаруа қожалықтарына ірі қара мал сатып алу үшін несие беруді бастаған. Бағдарламаны жасаушылардың түсіндіруінше, бұл несиелік бағдарлама негізінен шағын және орта бизнесті еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытуға жұмылдыру, етті бағыттағы мал басының үлесін арттыру, ірі қара малды өсіру нарығында бәсекелестік пен инфрақұрылымды қалыптастыру болып табылады екен. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін о баста республикалық бюджеттен Аграрлық несие корпорациясына 8.2 млрд. теңге қаржы бөлінген көрінеді. Ал енді несиелік бағдарламаның шарттарына келсек, жылдық сыйақы мөлшері 6%, ірі қара мал басын сатып алуды несиелендіру мерзімі, оның ішінде өндіруші бұқалар 84 айға дейін, қаржы айналымын толықтыру үшін несие – 24 айға дейін беріледі екен. Сосын алатын сомаңызға қарай кепілге қоятын мүлкіңіз, мал тұратын талапқа сай қора-қопсыңыз, алдын ала дайындалған жем-шөбіңіз болуы шарт. Несие ала қалсаңыз банк сізге жеңілдік ретінде төлем уақытына каникул береді. Яғни бірнеше айдан кейін барып қана қарызды төлей бастайсыз. Бұл да болса шаруаға жасалған жеңілдік деп білу керек.
Аталмыш бағдарлама басталғалы бері құны 11 млрд. 224 млн. теңге болатын 667 жобаға 61 мың 600 бас ірі қара мал сатып алу ісі қаржыландырылыпты. Осылайша Елбасының берген тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған. Ауыл шаруашылығы қай кезде болмасын экономиканың тұрақты болуының кепілі болып келді. Және бола береді. Сол үшін мемлекет ауыл шаруашылығын өркендетуді, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қатысты тиімді бағдарламалар түзуді әрі қарай жалғастыра берері хақ. Олай болса атам заманнан бері тұрмыс-тіршілігі малмен астасып жатқан қазақ халқының ата кәсібі одан сайын жаңарып, жаңғыра түсетініне сеніміміз кәміл.
Есімхан Мамақов, «Өтеген төбе» шаруа қожалығының директоры:
– «Сыбаға» бағдарламасының арқасында несиеге алған 6 млн. 250 мың теңгеге асыл тұқымды 2 бұқа мен 27 аналық сиыр сатып алдым. Енді құдай қаласа алдағы 2-3 жылда сол сиырлардан туылған бұзаулардың жартысынан астамы асыл тұқымды сиырларға айналады. Осылайша мал басының санын көбейтіп қана қоймай, тұқымын да асылдандырмақ ойдамыз. Жалпы, мемлекет еңбек етем деген адамға жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. Тек істің көзін тауып, жалқаулықты тастау керек.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы