БОЗАҢНАН ІЗДЕЙДІ КӨЗ... БЕРДІҚҰЛОВТЫ

БОЗАҢНАН ІЗДЕЙДІ КӨЗ... БЕРДІҚҰЛОВТЫ

БОЗАҢНАН ІЗДЕЙДІ КӨЗ... БЕРДІҚҰЛОВТЫ
ашық дереккөзі

Қайнар ОЛЖАЙ

1. ДӘЛІЗ ІШІНДЕГІ ДӘРІС

Ол көшеде таң да ерекше ататын,

Ол көшеде күн де ерекше бататын.

Ертеңгілік-кешкілікте өйткені

Тық-тық басып Айша келе жататын.

Бердіқұлов жайында жазуға отырғанда ойға оралған шумақтардың бірі – осы. Анығында, ол кісіге еш қатысы жоқ. Кезінде «Жұлдыз» бен «Жалын» журналдарының біріне шыққан дастанның бір шумағы. Авторы… Ілияс Есенберлин. Кейіпкері… Айша деген мұғалім қыз. Біз үшін қажет тұсы – «Лениншіл жастың» дәлізімен Бердіқұловтың келе жатқанын көзге елес­тету.

Әлбетте, бұл кісі аяғын салмақпен басатын. Өмірі табаны не өкшесі тоқылдайтын аяқ киім кимейтін. Кеңестік паркет төселген кабинеттерге редакторымыз кіріп келгенде еден тақылдап көрген емес. Содан ба, кейде кіріп келгенін байқамай қалатынбыз. Әсіресе, секретариатта газеттің макетін сызып отырғанда. Ол кезде «Лениншіл жастың» секретариатында Қасым Әзімханов, Сапарбай Парманқұлов, Ертай Айғалиев төртеуміз қызмет еттік. Үшеуі де кейін түрлі басылымдардың бас редакторлары дәрежесіне жетті. Бердіқұлов баулыған «жүз редактордың» қатарында.

Иә, қажетті кабинетке өзі кіретін. Іздеген, көздеген адамын өзі табатын. Алдына шақырған кезі сирек. Шұғыл тапсырма болмаса, басқасын келіп айтатын. Редактордың қатардағы бөлім қызметкерлерінің бөлмесіне баруы – қазіргі қисынға сыймайды. Ол кісі солай істеді.

Кейде іздеген қызметкері дәлізде жолыға қалады. Оған қажетті ақылын айтып жатқанда екінші, үшінші қызметкер келіп тыңдайды. Сөйтіп, бастық үшін лездеме, біз үшін шеберлік сабағы басталып кетеді. Шыны керек, жас журналист кезімізде Бердіқұловтың осы дәліздегі дәрісінен көп нәрсе үйрендік.

Әлгі Ертай Айғалиев ұмытпасақ, Қостанай облысына іссапармен барып келді. Астық жинау науқаны кезінде бір облысқа бір тілшінің барып келуі – міндет. Сосын мақала жазады. Кемінде тұтас бет. Немесе жарты беттен, бірақ бірнеше нөмірге. Сөйтіп, Қазақстанның астықты облыстарындағы егін ору науқаны қалай жүріп жатқанын барлық оқырман білетін. Екінші жағынан, газет қызметкерлерінің жарысы. Кім қалай көсіледі? Қандай шеберлік танытады? Ол бәйге – түптеп келгенде, оқырманның олжасы. Бірінен бірі өтетін мақалалармен газеттің тынысы ашылады. Сосын кейіпкерлердің мәртебесі өседі. Күйіп тұрған науқанның ортасында жүргеніңді 300 мың дана газет арқылы кемінде үш миллион адам біліп отырғаны жаман ба? Ақыр аяғында, кемшілік айтылса, оған үкімет шара қолданады. Қазір ғой, қаншама астықты қар басып қалса, ешкімнің қылшығы да қисаймайтыны.

Астық науқанының мақалалары Шаруа жастар бөлімі арқылы өтеді. Онда бөлім бастығы мен тілші, екі-ақ қызметкер бар. Қазақстанда ол тұста Гурьев /ендігі Атырау/ пен Маңғыстаудан басқа он жеті облыс астық өсіреді. Демек, редакциядағы қалам ұстайтындардың бәрі іссапарға шығады. Тіпті, секретариатта отырған біздің еншімізге бір-бір облыс бұйырған. Біз қазіргі Батыс Қазақстан облысынан «Оралдың отты күндері» атты очеркімізді жазып, ойдағыдай олжалы қайтқанбыз. Енді Ертайдың мақаласы шыққан. Макетке өзі салған. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Безендірілуінде қапы жоқ. Суреттері мәнді. Қаріптерінің өзі соның алдында журналистика факультетінде газетті безендіруден сабақ берген Әбілфейіз Ыдырысов ұстазымыз оқытқандай «ал­пыншақты-салпыншақты, ксилі-псилі». Осы «ксилі-псилісі» не екенін әлі күнге білмейміз. Кезінде анықтап сұрамаппыз. Әй, сұрасақ, Әбекеңнің өзі де білмейтін шығар. Бір кезде аузына түсе салған сөз сияқты. Сосын жылдан-жылға лекциясына қосып, ондай қаріп болатынына сеніп кеткендей.

Сонымен «ксилі-псилі» қаріптермен терілген, қапысыз безендірілген мақала шықты. Секретариатқа Сейдахмет аға кірді. Атып тұрып, жапырлай сәлем бердік. Бір қуыстан аяғын сүйрете басып Бағдат шал шықты. Соғыс ардагері. Панфиловшы. Біздің редакцияның ретушері. Ол кісіге Сейдахмет аға өзі сәлем берді. Сосын бастығымыз Ертайға қарады:

– «Соғыс және бейбітшіліктің» төрт томын жазған Толстойдың өзі «көркем шежіре жаздым» демеген.

Осыны айтты да редакторымыз кері шығып кетті. Бәріміз сол күнгі нөмірдің екінші бетіне үймеледік. Иә, тақырыптан кейін оған жалғасқан тақырыпшада «сендер туралы көркем шежіренің бір бөлігі ғана» деген жол «ксилі-псилі» қаріптермен тұр екен!

Енді бірде, оны ертеректегі сұхбаттың бірінде айтып кеттік пе дейміз, дәлізде және бір қысқа лездеме өтті. Ол тұста қаңғалақтап келіп Аманхан Әлімов қызметке тұрған. Ақын. Біздің алдымыз-ақ Темекеннің тезінен, Әбекеңнің «алпыншақ-салпыншағынан» өткен. «Лениншіл жас­та» ұзақ тұрақтамады. Бірақ, аз уақытта көп тәлім алғаны талассыз. Қазір қазақ тілінің қорықшысына айналса, баяғы Бердіқұловқа қарыздар. Өйткені, сол қорықты Бердіқұловтың қалай қорығанын біледі.

Иә, дәлізде жолықты. Аманхан мен редактор. Біз әлде макет, әлде мақала алып шыққан бетіміз, амалсыз кідірдік. Кезекті дәріс. Сейдахмет аға Аманханның күні кеше шыққан етектей бір мақаласындағы орнымен қолданылмаған жалғыз сөзді есінде тұтып қалыпты. Не деген зерде!

– Аманхан, қазақ тілі сенің кебісің емес, аяғыңа іліп алып кез-келген шалшықты кешіп кететін, – деді.

Осы сөз біздің миымызға шегемен жазылды. Аманханның ғана емес, тұтас буынның миында қалды. Бір редактордың жүз редактор шығарған жалғыз ауыз сөзі – осы. Қазіргінің бас редакторларына Бердіқұловтай болу қайда?! «Комадағы Айнұр елге келе жатыр» немесе «Өзімізге ғана арқа сүйейміз» деген тақырыптарының қисынсыздығын мойындатамыз деп, «газет шығару ісінен артта қалған екенсіз» деген сөз естігенбіз. Иә, қазіргілерден естіген сөзің арқаңа аяздай батады, ал Бердіқұловтан естіген сөзің бойыңа майдай сіңетін.

Бізге де бірер рет дәліздегі дәрісте кемшілігімізді тап басып айтқан. «Құшақ­тасқан қос батыр» атты мақаламыз шыққан. Бір беттің үштен екісі. Украинада кейін «кіруге тыйым салынатын аймақ» болып жарияланған Припять деген қала болды. Аты-шулы Чернобыль атом-электр стансасында қызмет еткен адамдардың мекені. Сол қала аумағында қалған бір молаға екі жауынгердің жерленгені туралы. Бірі – қазақ, солтүстік өңірінің тумасы. Екіншісі – орыс. Командир. Еңіретіп етектей мақала жазғанбыз. Ертесінде дәл бағамыз берілді. «Құлағынан сүйреп созыпсың!»

Және бірде барған жеріміздегі жақ­сылықтарды сипаттай келе, соңында бір «әттеген-айды» айтқан едік. Ұяла-ұяла сынаған кейіпкеріміз қазір үлкен қайраткер. Кейін тікелей жолықпадық. Мақала соңындағы сынымыз есінде ме, жоқ па кім білсін. Біз де ұмытып кетер ме едік, Бердіқұловтың дәліздегі дәрісі болмаса. «Бүйтіп артынан ине сұққылағанды қой, – деді. – Ататын болсаң, зеңбіректің аузына байлап бір-ақ атып жіберу керек».

Мақталдық та. Дәліздегі дәріс кезінде. Секретариатта жүргенбіз. Жерге сексен-тоқсан жылда бір айналып соғатын Галлей кометасы жақындап келе жатты. Орталықтағы газеттерден бірер мақала көріп қалдық. Ешкім тапсырма берген жоқ, арнайы кітапханаға соғып кометалар туралы еңбектермен таныстық. Секретариатта нөмір жүргізген күннің ертесіндегі түске дейінгі демалысымызды пайдаланып, таудағы обсерваторияға барып маманмен сұхбаттастық. Ақыры «Шырақ соңындағы сұрақ» деген мақала жаздық. Сапарбай досымыз сенбілік нөмірге «Ақшам» деген бет әзірлейді. Газеттің «Құрмет тақтасы» тәрізді. Елді ғылыми, танымдық жағынан елең еткізер мақала секретариатқа түсе қалса, апта соңына дейін сақтап, «Ақшамға» шығарады. Ұзынсарыға сақтаған сүр сияқты. Сол «Ақшам» бетіне біздің мақаламыз жарқ етті. Дүйсенбі күні Сейдахмет аға секретариатқа арнайы соқты. Төртеуміз дүр етіп атып тұрдық. Аяғын сүйретіп бүйірдегі есіктен шығатын Бағдат шалды күтпестен бізге қарап «осылай, ешкімнің емшегін түртпестен өздігінен оттаған марқа мал болады», – деді. Сол марқасы мал болып, журналистика жайылымындағы шүйгіннен әлі шыға алмай жүр.

Мал демекші, Шаруа жастар бөліміне ауысқан кезіміз. Онда редакцияның жа­зылмаған заңы бар. Сейдахмет қалып­тастырған әділет заңы. Университетті бітіріп келген жас журналист бөлімге бірден қызметке алынбайды. Міндетті түрде корректор қызметінен бастайсың. Сосын орын босағанда секретариатқа ілігесің. Одан кейін бөлімге тілші болып барасың. Сосын әлгі тәртіппен аға тілші, бөлім меңгерушісі боласың. Үйдің кезегі де осы ретпен өзі жылжи береді.

Біздің тағдырымыз науа сияқты еді, Ертай мен Сапарбайдың соңынан ағып жатқан. Бізден кейін Қали Сәрсенбаев осы науаға түсті. Қазіргі «Алматы ақшамының» бас редакторы. Қалидан кейін Әнуар Тарақов науаға түсті. Қазір филология ғылымының докторы. Әнуардан кейін Бауыржан Омаров кірді. Беделді ғалым, Ұлттық академияның мүше-корреспенденті. Үлкен қайраткер. Ақордада қызмет істеп отыр. Қор болған қайсы бар?! Ешкім ешкімнің алдын орай алмайтын Сейдахмет аға орнатқан осы әділдік қазақ даласының қай пұшпағында қалды екен?!

Сонымен корректор бюросы мен секретариаттағы міндетті қызметтерді сәтімен бітіріп, қатеге Чапайдай шүйлігетін қырағы болып, макет деген мартенде шыңдалып бөлімге келгенбіз. Бірінші көрген бөліміміз – Комсомол тұрмысы. Оған секретариаттан өсіп тілші болып барғанбыз. Жұмабай Шаштайұлы Әдебиет бөліміндегі аға тілшіден мына бөлімге меңгеруші болып бекітілген. Науада алдымызда ағып барады. Ол кісі де қор болған жоқ. Міне Бердіқұловтың «жүз редакторының» сапында «Қазақ әдебиеті» газетін басқарады. Біз Комсомол тұрмысы бөліміндегі тілшіліктен соң әділетті түрде кезекті «погон» мен қызмет алғанбыз. Аға тілші. Шаруа жастар бөліміне.

«Лениншіл жастың» және бір жақсы дәстүрі – бөлімдер Арнайы нөмір шығарады. Бір бөлім тұтас төрт бетті әзірлейді. Өзі оншақты бөлім бар. Солар өзара жарысқа түседі. Жыл сайын бір өткізілетін жарыс біз үшін ғаламдық Олимпиададан кем емес. Ең қажеті – идеясы, яғни кілті. Оны тапсаң басқасы оңай. Бірнеше жыл бойы үздік Арнайы нөмір Адамгершілік тәрбие бөлімінің қанжығасында жүрді. Жарылқап Бейсенбаев ағамыз жарыс туын берік қолда ұстап келеді. Шаруа жастар бөлімі бізге дейін жарыс соңында қалып қояды екен. «Болмас» дедік.

Табан астында ма, ойланып жүріп пе, ол енді есте жоқ, Арнайы бөлімнің арқауын таптық. «Бір күн». Бөліміне түсіп жатқан хаттар арасынан мал бағатын: қойшы, жылқышы, сиыршы, түйеші туралы, егін егетін: күрішші, жүгеріші, мақташы, егінші, сушы туралы, ауылда еңбек ететін: көрікші, жүргізуші, тракторшы және басқа мамандық иелері туралы мақалаларды іздедік. Азын толтырдык, әлдебір жылт еткен фактісі барын қайта көркемдеп жаздық. Мүлде жоғына аймақтағы тілшілерге тапсырыс бердік. Не керек, кезегіміз келген күні жарқ еткіздік: тұтас нөмір «Ауыл­дың бір күні». Сағат-сағатымен. Жан-жақты жағырапиясымен. Сан-салалы тірлігімен. Бүкіл Қазақстандағы ауыл жас­тары қамтылған. Жиырма-отыз мақаланың ішінде ең соңғы тақырыпқа дейін ойымызда. Қатты берілсек керек. «Күлте құйрық бір құлын» түн ортасы ауа жылқы бағуға шыққан жігіт жайында еді. Авторы мен кейіпкерінің аты енді есте жоқ, кешірім өтінеміз.

Айдың аспанға шыққанын өзіміз де сезгенбіз. Ертесінде дәлізде лездеме бола қалды. Сейдахмет аға өз аузымен айтты: «Бұл жолы көкпар Шаруа жастардың тақымында кетті». Ешкім дау айта алмады.

Енді кіммен ондай додаға түсерсің-ау, оныңды кім бағалар-ау?!

2. ТЕРІ ҮСТІНДЕГІ ТӘЛІМ

Боздала құшағыңды аш, қозың келді,

Боз тарта бастаппын-ау өзім де енді.

Бозаңнан іздейді көз боз үйлерді,

Бозаңнан іздейді көз боз інгенді.

Бердіқұлов жайында жазуға отырғанда ойға оралған шумақтардың бірі – осы. Былай қарағанда, ол кісіге еш қатысы жоқ. Кезінде басылымдардың біріне шыққан топтаманың шумағы. Авторы атақты Қадыр Мырзалиев. Тегіс «Б» әрпінен бас­талатын, бес-алты шумақтан тұратын өте әсерлі өлең. Біз үшін қажет тұсы – Бердіқұловтың бәрін білетінін, бірақ онысын білдірмейтінін дәлелдеу.

Әлгінде қисынсыз теңеуге, орынсыз қолданылған сөзге ескерту айтуға келетін дедік. Ал, редактор болса газет шыққанша неге жөндеп тастамайды деген сұрақ тумай ма? Бердіқұловтың стилі басқаша болатын.

Газеттің бүкіл мақаласын не мәшең­кеден, не гранкадан, не беттен оқып көз майын тауысқан емес. Ол – сенімді орынбасар мен сауатты жауапты хатшының жұмысы. Біздің тұсымызда Ержұман Смайылов сынды аса ыждаһатты, асқан сауатты орынбасары мен Ерғали Сағатов сынды аса эстет, асқан талғампаз жауапты хатшысы болды. Бірнеше бөлімнің мақаласына Ержұман, бірер бөлімнің мақаласына Ерғали қол қояды. Сейдахмет аға Спорт, Әдебиет, Адамгершілік тәрбие бөлімдерінің мақалаларына «батасын береді».

Демек, редактор ретінде редакцияның жұмысын дұрыс үйлестірген. Сондықтан, қате кетпейді. Ал стильдік селкеуліктерді газет шыққан соң түзеткені өте дұрыс екен деп ойлаймыз қазір. Өйткені, қолжазбада немесе кезекшілікте жөнделсе, ондай қатенің болатыны автор мен қызметкердің есінде қалмайды. Газетке шығып жария болған соң айтылса, миыңда шегеленіп қалады. Қайтып ондай қатені жібермейсің. Сейдахмет аға сөйтіп қаққан талай шеге санамызда тұр.

Секретариатта қызмет істегенде ол кісі оқып, қол қойған мақалаларды арнайы қараймыз. Қай жерін өзгертті екен деп. Жоқ, ешқашан мәтіндегі сөздерге тиіспейді. Күземейді. Бар болғаны тақырыбын түзеп береді. Ахтанов туралы мақаланың тақырыбын «Айға шағылған найза» деп өзгертіпті. Қырғыздың бас жазушысы туралы мәтел сияқты болып кеткен «Адамзаттың Айтматовы» да – осы кісінің тақырыбы.

Бір кеште нөмірдің беттерін қарап тұрып «мынаның тақырыбын өзгерту керек» деді. Нұсқап тұрғаны Мұзафар Әлімбаев туралы мақала екен. Біздердің тарапымыздан еш ұсыныс болмаған соң «өзін оқиыншы» деп көзәйнегін тақты. Сәлден соң «былай болсын» деп сүйкектетіп жаза салды. Сол қолымен. «Тәуекел танкісіне мініп едің…» Оқып қарасақ, Мұз-ағаңның мақалада келтірілген бір шумағында «тәуекел танкісіне мініп едім» деген жол бар екен.

Тақырып арқылы бүкіл ойлау, бағдарлау жүйесін өзгертуге болатынын өз басымыз Бердіқұловтан көрдік. Бірде Адамгершілік тәрбие бөліміне өте күшті мақала келді. Жалпы, ол – «сегіз ұлым бір төбе, тоғызыншысы бір төбе» деген ертегідегі сияқты, ең беделді бөлім. Біз сияқты күнделікті мақаламен нөмірді толтыруға қатысы жоқ. Анда-санда алтын жұмыртқа тауып беретін тауық сияқты. Мынау – тағы бірде тапқан «алтын жұмыртқасы». Қарағанды облысынан. Қарқаралы қаласынан. Авторы Мақсым Омарбеков. Сол кісі тірі ме екен, өзі. Бар болса мақтауын естісін, өмірден өтіп кетсе, әруағы риза болсын. Кеңес заманында ортақ саясатқа бас шұлғымай, ылғи шетін, оқыс мақалалар жазатын. «Мақсым» деген не орысқа, не қазаққа жатпайтын аты сияқты. Сол кездің тілімен «на грани фола» ойнайтын.

Адамгершілік тәрбие бөлімі дайындап берген кезекті мақаласы нөмірге кетіп барады. Оқиғасы сұмдық. Бір шопанның қызы жетіге толып мектепке баратын болады. Айдаладағы қыстауда тұратын шопан қызын аудан орталығындағы кемпірдің үйіне орналастырады. Бірер күн сабаққа барған қыз аяқ астынан мектептен келмей қалады. Кемпір жалғыз өзі шарқ ұрып іздейді. Аудандық партия комитетіне барса, «коммунизмге бара жатқан қоғамда бала жоғалмайды, басты ауыртпаңыз» деп шығарып салады. Ол кезде әр ауданда радио торабы бар. Шақшадай басы шарадай болған әже «қыздың жоғалғанын хабарлаңыздар» деп сонда бармай ма? Торапта «қазақша ешбір хабарландыру айтылмайды» дейді. Орысша аударып апарып берсе, «аудандық партия комитетінің нұсқауынсыз бере алмаймыз» дейді. Екі күн ауданда ешкім бұл жағдайдан құлағдар болмайды. Не мектеп әрекет етпейді. Үшінші күні бір ағаштың түбінде өліп жатқан қыздың денесі табылады. Аудан орталығынан бір шақырым болар-болмас жерде. Қарағай түбінде. Байғұс баланы қыдырып, саңырауқұлақ жинап жүрген орыстар бірнеше рет көріпті. Орысша білмейтін қыз адасып жүргенін айта алмаған. «Ойнап жүрген бала шығар» деп аналар кете берген. Егер хабарландыру берілсе, бірінші көргені-ақ қолынан жетелеп келетін жағдай. Осы мақаланың бөлім дайындаған тақырыбы «Орманда адасқан қыз» болатын. Бәрі түсінікті.

Ал, біртуар Бердіқұлов қайтті? «Орманда адасқан қызды» сол қолымен сызып тастады да, айызды қандырып «Адасқан кім?» деп тақырып қойды. Бейкүнә қыз ба, жоқ бәріне меңірейіп тұрған таскерең қоғам ба? Өз басымыз бір тақырыппен бүкіл ұғымды төңкеріп беретін құдіретті сонда сезінгенбіз. Әлі күнге санамызды солқылдатады.

Тақырыптан соң «шапкаға» мән беретін. «Шапка» – қазіргі бастықтардың ұғымындағы «бармақ басты, көз қысты емес», газеттің ең басында тұратын тақырыбы. Оны үнемі жалаулата бермейді. Тек Арнайы нөмірлерге, Жаңа жылға, 8 наурызға, 1 мамыр, 9 мамыр, 7 қарашаға, Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына дегендей үлкен оқиғаларға арнайды.

Алда Жаңа жыл келе жатты. Бірнеше апта бұрын Сейдахмет редактор ең үздік Жаңа жылдық «шапкаға» бәйге жариялады. Бәсі – бір коньяк. Жарылқап Бейсенбаев, Шәкизада Құттыаяқов, Несіп Жүнісбаев, Жұмакүл Солтиева, Өтеген Оралбаев, Қуаныш Жиенбаев, Жанболат Аюпбаев сияқты небір аузымен құс тістегендерден бастап, біз де қатыстық. Жеңімпаз біздің қатардағы жас Мұхтар Наушабаев болды. Шапкасы «Хабар жолдап жүздеген, бір-бірімізді іздеген Жыл болсын» деп басталған ырғақты, ұйқасты керемет шумақ екен. Басы бірінші бетке, жалғасы ішкі айқарма беттерге түсті. Коньяк?

Бірер күннен соң бүкіл редакция Жаңа жылдық дастарханға жиналдық. Редактордан басқамыз. Түгел басымыз қосылған сәтті қайдан білгенін, тура сол кезде телефон шырылдады. Қабылдау бөлмесінің иесі Гүлайна көтерді. «Гүлайна, Мүхтардың коньягі кабинеттегі тоңазытқышта тұр, апарып берші» деді Бердіқұлов! Үлкен редактор үшін кішкене мәселе жоқтығын осылай үйретті.

Алдыңғы үш бетінің өзінде қызғылықты мақалалар көп болатын газеттің төртінші бетіне көбінесе фотоэтюд жариялатқанды ұнатады. Оған арнайы текстовка жаздыртады. Ол кезде «Лениншіл жаста» Өтеген Оралбаев бастаған, Әділғазы Қайырбеков қостаған мықты ақындар бар. Біз сияқты жастарды қоспағанда. Әлгі Аманханды былай қойғанда.

Ағамыздың өзі фотоға түсіру өнерін жетік меңгерген. Демалыс күндері Қарақастек жақтан арнайы фототілшіміз Алашыбай Есмағамбетовтың сөзімен айтқанда «бет-аузы шыбындардың Байқоңыры болып жатқан» ауыл балаларын түсіріп келетін.

Бірде бізге «мынаны макетке салып, текстовка жаза сал» деп бір фотосын берді. Қыр басындағы бірер ақшаңқан киіз үйлерді объективке тартып алыпты. Ол әппақ киіз үй көзден бал-бұл ұшқан заман. Қайдан түсіріп келгенін сұрамадық. Жалпы, өз басымыз ештеңе сұрап көрмеппіз.

Күрделі кісі еді. Басқаларды білмейміз, біз қорқатынбыз. Студент кезімізде бір рет қалай алдына барғанымызды қайдам. Иә, әңгіме желісін мына жерден үзіп, студент кезімізде қалай алдына тап болғанымыз жайында айта кетейікші. Өте қызық оқиға.

Әлгі Әбілфейіз Ыдырысов па, жоқ декан Темірбек Қожакеевтің өзі ме, екінші әлде үшінші курста біздің тобымызға газет шығаруға тапсырма берді. Мерейтойын атап өткелі жатқан «Лениншіл жас» газетіне арналған газет. Редакторы етіп бізді белгіледі. Бірнеше студентке тапсырма бердік. Өзіміз Бағдат шалдан сұхбат алмақ болдық. Жалына қол артқызбайтын, министрлерді менсінбейтін қиқар шал студент бізді жанына жолатпады. Амалсыз «Қиқар шалға хат» деп сыртынан мақала жаздық. Газет КазГУ-дің баспаханасында терілді. Беттелді. Енді басуға келгенде кілт кідірдік. Лито рұқсат етпеді. Біздің «Журналист» деген газетіміз цензураның алдынан өтетін тізімде жоқ екен. Ал, литоның мөрінсіз Кеңес Одағында бір парақ заңды басылмайды. Қайтпек керек? Ол жерде де жағдайды түсінетін қазақ кісілер істейді екен, жолын түсіндірді.

– Сендер андағы «Лениншіл жастың» қосымшасы» десеңдер, шығарып беруге рұқсат.

Сол қосымшаға келісімін сұрауға студент кезімізде Бердіқұловтың алдынан бір-ақ шыққанбыз. Несі бар, «ол кісі де редактор, біз де редактормыз, мәртебеміз бірдей» деп ойласақ керек бала көңілмен. Сөйткен «Лениншіл жастың» ыстық-суығын енді елмен бірге көріп жүрдік.

Ақ шаңқан киіз үйлер мұнартып көрінген фотоны ұстап кешке үйге келдік. Не жазамыз? Ақ отау төңірегінен бе? Жоқ, әрі-беріден соң «Ақ отау» – газеттің өзінің тұрақты беті. Нұрлытай Үркімбаева деген өте талантты әріптесіміз дайындайды. Шопанның шаңырағының айналасынан ба? Онда төмен тартқанымыз. Қиналған Жамбыл жері осы екен. Түк таппадық. Ақыры Қадыр ағамызға жүгіндік. Алдында ғана «Боздала» атты өлеңі шыққан. Оқыған сәтте қағып алғанбыз. «Боздала құшағыңды аш, қозың келді» деп басталатын керемет өлең әлі санамызда сыңғырлайды. Тіпті, қазір өзіміз жазғандай әсерленеміз. Соның бір ғана жолын алдық. «Бозаңнан іздейді көз боз үйлерді». Аяғына үш нүкте қойдық.

Ертесінде тергіздік. Суреттің астына салғыздық. Кешкілік редактор басуға әзір беттерді көрсететін. Бұл жолы кеңсеге емес, үйіне әкелсін депті. Ондайда кезекші болып отырған бөлім меңгерушісі апаратын. Оның да жағдайы келмеген бе, біздің бірінші рет Бердіқұловтың табалдырығынан аттауымызға тура келді.

Фурманов пен Шевченко көшелерінің қиылысы. Бес қабатты ақ үй. Тау жағынан бірінші кірмесі. Бесінші қабат. Жүрексіне барып қоңырауын бастық. Есікті ашып, амандасып, бүйірдегі бөлмеге бастады. Жиһазы қандай екені есімізде жоқ, әйтеуір төр алдында аю терісі төселіпті. Егер қазандай басы болмаса, қара серкенің терісі шығар деп мән бермес едік. Мынаның есікке қадалып шытынаған көзі, ақсиған азуы мысыңды басып жібереді екен. Редактордың өзінен сескеніп кірген біз аюдан соң тіпті, абдырадық.

Бастық пәлендей көп қыспаққа алмаған. Төрт бетті кезегімен жайып қойып, тері үстінде малдас құрған қалпы желдірте шолып шықты. Төртінші бетке келгенде «текс­товканы жаздың ба?» деп сұрады. «Салып қойдық» дедік. Сейдахмет аға оқыды. Күлді. Басын шайқады.

– Ойпыр-ай, Қадырдан да текстовка шығады екен-ау, – деді.

Мына бір жолдың Қадырдың өлеңінен екенін қалай білді? Біз ғана өлең оқимыз деп жүрсек, редактор бұл орайда шаң қаптырып кетті.

Сосын ойда-жоқта Қадыр ақын туралы айтып берді. Өткенде Балтық бойына бірге барыпты. Ол кезде бір республиканың ақын-жазушылары келесісіне сапарлап келетін жақсы дәстүр болатын. Сонда Қадырға қатты риза болыпты. «Не айтсаң да жауабы дайын. Тура оқтаулы мылтық қой» деді. Кейін Қадыр туралы сан мақала, тіпті тұтас ғылыми зерттеулерді оқыдық-ау, бірақ Сейдахметтің «оқтаулы мылтық қой» деген бір ауыз бағасынан асырған ешкім болмады.

Адамды бағалауы өзгеше. Момышұлын ақтық сапарға аттандырып салғанда зират басындағы азалы митингіде сөз сөйлеген Тахауи Ахтановтың Баукеңді «Бәрі қалыпқа түскен заманда қалыпқа сыймай кеткен тұлға» деп бағалағанына дән риза болған.

Енді бірде Камал Смайыловтың мақаласын нөмірге салып жаттық. Камал ағаның жазуы құрсын. Айбақ-сайбағын бүкіл редакцияда біз ғана ажыратып шығатынбыз. Сондықтан, Смайыловтан мақала келсе, бізді машбюроға отырғызып зіркілдеткізеді. «Зіркіл» – түсінбейтіндер үшін – диктовка жасау ғой. Сонымен кезекті мақаласын дайындап бердік. Бетке салынғанда бір абзацы сыймай қалды. Онда қазіргі харпін, көлемін, ара қашықтығын сығымдап беретін компьютер емес. Бәрі қорғасын, сіресіп тұрады. Бетті редакторға апарғанда:

– Қай абзацын қысқартайық? – деп сұрадық.

– Камалдың мақаласындағы әр абзац жеке кірпіш сияқты емес пе. Қайсысын алып тастасаңдар да бәрібір.

О ғажап, содан кейін зер сала бастадық, шынында біздің Камал ағамыз кірпіш-кірпіш етіп жазады екен. Мақала тұстас, ал әрбір абзацы жеке-жеке. Бір-біріне қатысы жоқ. Осыны қалай аңғарған?!

Сонымен біз апарған текстовкаға тиіспеді. Қадырды құрметтегені шығар. «Бозаңнан іздейді көз боз үйлерді…» қалпында кетті. Бір сынақтан біз де өтіппіз.

Енді тәубе, не көп, киіз үй көп. Небір ақ шаңқанын көріп жүрміз. Тек көзіміз бозаңнан Бердіқұловты, Смайылов пен Мырзалиевті іздейді.

3. ТОҒАН БОЙЫНДАҒЫ

ТОҚТАМ

Сағынышты сезімге күшің тең келмей,

Армандаумен жүр ме екенсің

сен мендей.

Оңашада саған қарай тартады,

Сағыныштар, сағыныштар әл бермей.

Бердіқұлов жайында жазуға отырғанда ойға оралған шумақтардың және бірі – осы. Анығында, ол кісіге еш қатысы жоқ. Кезінде «Лениншіл жасқа» шыққан текс­товка. Авторы… белгісіз. Күзгі бақтағы сәкіде отырған ақ плащты қыздың суреті. Біз үшін қажет тұсы – «Лениншіл жасқа», оның біртуар редакторы Бердіқұловқа деген сезімді жеткізу.

Иә, отыз жыл бойы ойымыздан шықпайтын осы шумақтың авторы белгісіз. Нөмірге кім кезекші болды, әйтпесе Сейдахмет аға кімге тапсырды, сол жазып бере салды. Шыны керек, бәріміздің шабытты шағымыз еді. Фотоны қарай салып шумағыңыз не, дастан шығарып беретін ақындар ортамызда жүргенін жоғарыда жаздық.

Ақындар не, редакция кілең сайдың тасындай спортшыдан тұратын. Үстел теннисі фойемізде. Түскі үзілісте топырлап ойнап жатамыз. Ай сайын жүгіріп, секіріп сайыс өткіземіз. Үлкен тойларда міндетті түрде көкке шығып, футболдан, волейболдан жарысамыз. Команда көп. Редактор, орынбасары, жауапты хатшы, редколлегия мүшелері бір команда. Былайғы бөлім бастықтары бір команда. Бөлім тілшілері бір команда. Секретариат бір команда. Өз тілшілер тобы бір команда.

Теннис пен шахматтан жарыс тоқсан сайын өтіп тұрады. Сыйлық, кубок редактордан. Бір тарылып көрген емес, жарықтық. Ала добын арқалап Несіп Жүнісбаев жүреді. Кейін ол үрдісті Несіптен Дүрәлі Дүйсебаев, одан Қыдырбек Рысбеков жалғастырып еді. Сол баяғы Сейдахметтің әділ науасы. Алдында Несіп, артынан Дүрәлі, оның соңынан Қыдырбек ағып барады Спорт бөлімінде.

Несіп демекші, бірде бұл ағамыз ұлды болды. Сол аптада редакцияда тағы бір сәби іңгәлады. Өтеген Оралбаевтың шаңырағында. Екеуі бірлескен шілдехана жасамақ болды. Дереу, қабырға газетін шығару керек. Қазақта «жазған құлда шаршау бар ма» деген сөз бар. Кірісіп кеттік. Володя деген суретшіміз болды айтқаныңды бұлжытпай салып беретін. Оның безендіретіні – айрықша мақалалар. Сейдахмет Бердіқұлов кітаптарының соңын қарасаңыздар «Суретшісі Владимир Черданцев» деген жазу тұр. Тарихта қалған тұсы. Сол Черданцевтен бір құлаш қатты қағаз алып, бір жағына спорт сөмкесін сүйреткен Несіптің, екінші жағына домбыра көтерген Өтегеннің суреттерін салғыздық. Қалғаны оңай. Екеуіне екі өлең шығардық.

Көшеде:

Несіп келеді,

Зымырап желдей есіп келеді,

Бір қолында сөмке,

Бір қолында бесік келеді.

Жолай дүкенге соғып

Талай шаруаны шешіп келеді, – дегендей.

Өтеген ағамыз өкпелеп жүрмесін, ойымызда қалса ол кісіге арналған бөлігін де айтып берелік:

Көшеде:

Өтеген келеді,

Гастрономнан төтеден келеді.

Бір қолында арба,

Бір қолында дорба келеді.

Дорбадағысы ауырлау болар

Ентігіп зорға келеді.

Содан кейін ортақ аяқталуы бар:

Секретариатта:

Бұл көріністі

Алашыбай байқап қалады.

«Тегін емес» деп

Басын шайқап қалады.

Ұлды болған Несіп пен Өтеген

Жұма күнін тосқан екен.

Дәу де болса бүгін

Басымызды қосқан екен!

Шығардық. Іліп қойдық. Қос бесіктойға жиналған қыз-жігіттер мәз болып оқыды. Ең үлкен оқырман Бердіқұловтың өзі бажайлап қарады.

– Несіптің шапшаңдығы мен іскерлігін дәл суреттепсіңдер. Өтегеннің де болмысы өзгеріссіз түсіпті, – деп ризашылық білдірді. Ең соңы қызық болды. Несіп осы газетті қабырғадан алып үйіне әкетпек еді, Өтеген өкпеледі. «Болмас» дедік де, Черданцев екеуміз жұрт тарағанша екінші көшірмесін жасадық. Спортшы ағамыз да, ақын ағамыз да риза болып, үйлеріне қайтты.

Біз… мақтанып кеттік пе қайдам, Сейдахмет ағаның 50 жылдық мерей тойына да қабырға газетін шығарғанбыз. Сол газетте бас кейіпкерден сұхбат алғанбыз. Тақырыбы «Желіп тұрсақ жетеді». Өйткені, сұхбаттың соңында:

– Қазір спортпен айналысып жүрсіз бе, – деп сұрағанбыз.

Сонда Сейдахмет аға:

– Великке мініп Алатаудың бауыр жолымен самғайтын күндер қос ат мініп қусаң жеткізбес. Енді ертеңгісін желіп тұрсақ жетеді, – деп шын көңілден жауап берген.

Журналистке де желіп тұру керек. Қаламың желіп тұрмай болмайды. Соны мезгеген тақырыбымыз ғой.

Жалпы, Сейдахмет редактор ретінде тонның ішкі бауындай бауырмал ұжым қалыптастыратын. Бауырмал болғанымыз сондай, кейде Сапарбай мен Сәлима үйленсе екен деп іштей армандайтынбыз. Сапарбай өзіміздің секретариаттың серкесі. Сәлима Жедел хабарлар /ол кездегі аты – Оператив/ бөлімінің тілшісі. Сері жігіт. Сұлу қыз. Сол арманның жарияға шыққан түрі – 8 наурызға арналған қабырға газетіне жазған бір ауыз өлеңіміз.

Иә, «Лениншіл жаста» иерархия сақталатын. Үлкен журналистер бола тұра мереке сайын қабырға газетін шығару жастарға жүктелетін. Оған өлең жазу да – үлкен ақындар бола тұра жастардың жұмысы. Сонымен редакциядағы қыз-келіншектерге арнап өлең шығарамыз ғой. Мынау Сәлима туралысы:

Бір жұлдызсың

қыздардың үркерінде,

Бейнең сенің жүректің

жүр төрінде.

Сансыз автор хаттарын

тіркеп жүрсің,

Сапарбайдың хаттарын

тіркедің бе?!

Қабырға газетін Бердіқұлов арнайы келіп қарайтын. Басынан аяғына дейін оқитын. Талайымыздың шеберлігіміз алдымен қабырға газетінде шыңдалса керек. Манағы Мұхтар Наушабаев 8 наурызға арнап ғажап жұмбақтар шығарып еді. «Жұрт барады ЗАГС-ке, біз барамыз РАГС-ке». РАГС – машбюродағы төрт қыздың аттары: Ружан, Аяш, Гүлжәмила және Сарқыт.

Мұхтардың өзіне де мұндай өлең арналатын кез келді. Редакцияда мерекелік ахуалдың әтірі бұрқырап тұратыны сондай бірде кәсіподақ комитетінің төрағасы 5 мамыр – Журналистер күніне берілетін сыйақы конверттерге бір-бір шумақ өлең жазуды тапсырды. Ол да иерархияның көрінісі. Әйтпесе, кәсіподақ төрағасы Өтеген Оралбаевтың өзі тума талант, талғампаз ақын. Қазақ «кемеші келсе, қайықшы жолдан шығады» дейтін еді. Ал, Сейдахмет тұсында қайықшыларға да талантын танытудың мүмкіндігі молынан туа­тын. Дереу қаламды қолға алдық. Бәрін айтып сөзді созып қайтейік, сол күндері Павлодар облысына меншікті тілші болып аттанатын /«Лениншіл жас» «өз тілшіміз» деп үкілейтін/ Наушабаевқа арнаған бір шумағымыз мынадай:

Бір бойдақ деп

еркелеттік, билеттік,

Мақалаңды бердік

талай бір беттік.

Ал, Мұхтаржан

жолың болсын жортқанда,

Мынау саған

Павлодарға билеттік…

Бердіқұлов осыны оқыды да рахаттана күлді. Бүкіл ел күлкіден қырылып қалды. Науадағы Наушабаев міне, аға тілшіден соң меншікті тілші қызметіне жоғарылады. Енді бөлім меңгерушісі ретінде оралуы керек еді. Біз де солай аға тілшіліктен Қарағанды облысындағы меншікті тілшілік «погон» алғанбыз. Бірақ, Мұхтарға да, бізге де туған редакциямызға қайта оралуды нәсіп етпеді. Біз аймақтағы өз өкілдері болып жүргенде 1986 жылдың күзіне қарай, жақындап қалған Желтоқсанның ызғары ма дейміз, Сейдахмет ағамыз қаншама жыл басқарған ыстық ұясын тастап, бас­паны басқаруға ауысыпты.

Сейдахмет аға өз тұсында барынша ашық, ұлтқа жанашыр газет шығарды. Онысы жабық қоғамға ұнай қоймаған шығар. Бәрібір талай тақырыптар ішінде булығып қалғаны талассыз. Өмірден ерте өтуіне, азат күнге жетпеуіне сол да себепкер ме дейміз. Мысал жеткілікті.

Алматының түбінде Октябрьдің 40 жылдығы атындағы колхоз болды. Дмитриевка деген үлкен ауыл. Сол колхоздың таудағы жайлаудағы шопандарының баласын оқу жылы басталғанда жинамай ма. Бір жүк машинасы алып шыққан қырық шақты бала. Ескі машина таудан түскенде тежегіші ұстамай, бәрі қырылып қалған. Біз осы сұмдыққа тап болған азалы ауылда бір күн жүрдік. Ертесінде болған жағдайды жауапты хатшы Ерғали Сағатовқа жеткіздік. Әлгі дәліздегі лездемеде Ерғали аға оны редакторға баяндады. «Осылай, бір ауыл қырық шақты оқушысын жерлеп жатыр» деп. Сейдахмет ағаның түрі қара-күреңденіп кетті. Кілт кері бұрылып кабинетіне кірді. Жабық қоғам сол апат туралы бір сөйлем жаздырмағаны жанына батпады дейсіз бе?

Соның алдында ұшақ құлаған. Райымбек ауылының үстіндегі тауға. Ол туралы да ештеңе айтқызбады. Қазіргі журналис­тер мен редакторлардың кейде «аузымызға қақпақ болды» деп байбалам салғанын естігенде Бердіқұловтың заманы көзге елестейді. Кілең келеңсіз көріністерді жазатын газеттер мен сайттар енді қандай қақпаққа өкпелеп отыр? Көрер едік, Сейдахметтер тап болған жертастың астында жатса дейміз кейде. Соның өзінде саңылау тауып, ұлт зердесіне бірдеңе жеткізіп кеткен еңбектері бағаланбады. Райымбек ауылы демекші, батыр бабамыз туралы Мұқағалидың дастанын жариялағанда қоғам дүр сілкінген. Ол да Бердіқұловтың батылдығы болатын.

Қош. Желтоқсан ызғырығы жетпес бұ­рын 1986 жылдың жаз айында шы­ғар, Павлодардан Мұхтар Наушабаев, Ақ­төбеден Әмір Оралбаев, Қарағандыдан біз және басқа тілшілер редакция тойына шақырылдық. Алматының іргесіндегі бір шаруашылықтың оңаша алқабын дайындапты. Дастархан думаны. Спорт жарыстары. Балалар мерекесі. Жүлденің көбі ізімізді басқан інілеріміз Бауыржан Омаров, Ғалымжан Мелдешовтерге бұйыра бастаған.

Ілкі бір тұста думаннан бөлек шық­қанбыз. Қалың ағаштың сыртында тоған бар екен. Мана редакторымыз қармағын ал