ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨП ЭТНОС ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨП ЭТНОС ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨП ЭТНОС ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?
ашық дереккөзі

Ұлы Отан соғысы:

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дүниежүзіне танылған мемлекет болды. Ұлы Отан соғысы жылдары елдерді еріксіз көшіру науқанынан Қазақстан көп этносты мемлекет болып, бүгінгі күні оны мекендейтін ұлттардың өз Отанына айналды. Тоталитарлық жүйеде миллиондаған азаматтардың тағдыры тәлкек болып, заман қасіретін арқалап, алғашында жеке адамдар қудаланса, кейіннен бұл сасясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарына Қазақстан кірді. Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысына дейін де тоталитарлық жүйенің нақты орталығы болып келді. Себебі қазақ халқының ашаршылық жылдары, ұжымдастыру кезеңі, қуғын-сүргін уақытындағы демографиялық өзгеріске ұшыратқан кеңестік дәуірдің терең саясатының бір көрінісін – Ұлы Отан соғысы жылдарында басқа ұлт өкілдерін күштеп шоғырландыру арқылы тағы да жүзеге аса түскенін байқатады. Сондай-ақ, кейіннен ақпан-наурыз пленумының шешімімен ағылып келіп жатқан халықтардың шоғырлануымен толықтырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар қудаланып, туған жерінен тыс, Қазақстан жеріне орналастырылды. Егер осындай адамдар немесе жеке бір топтар болған жағдайда тек соларға ғана заң жолымен шара қолданудың орнына кеңес үкіметі тұтастай халықтар мен этникалық топтарды жер аударуы, олардың соғыс жағдайында өздері аймақтарына әсерін тигізген ауыр да күрделі саяси мәселе болғандығы ақиқат. Орналасқан жерлерінде көшірілген­дердің саяси құқықтық жағдайының ауыр болғандығы жергілікті халықққа да­ батты. Қоныс аударылғандарға өз­де­рімен бірге көтере алатындай ғана өз зат­тарымен азық-түлік алып жүрулеріне рұқсат етілді. Сондықтан соғыс кезінде мате­риалдық және азық-түлік жергілікті халық өздерінде тапшы болса да соғыс қасіретіне төтеп бере отырып, келген халықтармен керек-жарақтарымен бөлісе білді. Осындай кешегі әкімшіл-әміршіл кезеңнің жаппай бүкіл халықты күштеп көшіру саясаты халықтардың жеке ел ретінде өркендеуіне көп кері әсерін тигізді. Кеңес өкіметінің күштеп қоныс аудару саясатына алдымен кәрістер ілікті. Бұл науқанның алғашқы кезеңі 1935 жылы жүзеге асты. Жапон өкіметі соғыс тұсында шекара маңындағы кәрістерге сенімсіздікпен елдің ішіне қарай көшірсе, Кеңес үкіметі де жапон армиясына жасырын қызмет атқарулары мүмкін деген күдікпен кеңестік кәрістерді жер аударды. Кәрістерді жер аудару науқанының екінші кезеңі, 1937 жылы жалғасты. Онда Қиыр Шығысты мекендейтін кәрістердің 98 454 адамы бар 20 789 отбасы көшірілді. Осы жылдың соңына қарай Әзірбайжан, Армян республикаларынан шекараға жақын орналастырылған күрд, армян, парсы, түрік халықтарының кейбір өкілдері Қазақстанға жер аударылса, Қырым татарларының көпшілігі Өзбекстанға көшіріліп әкелінді. Ал, 1940 жылы республикаға 102 мыңдай поляктар орналастырылды. 1941 жылы Кеңес – Герман соғысы кезінде халықтарды жер аударудан Кеңес өкіметі, тоталитарлық жүйе ерекше «тәжірибе» жинақтады. Мәселен, Кеңес Үкіметі Президиумының 1941 жылы 28 тамыз қаулысында Еділ бойында тұрып жатқан немістерді қоныс аударуға ұйғарды. Осы қаулыдан кейін Ленинград аймағынан 96000 мың адам немістер мен финдерді жер аудару көзделіп, олардың 15000 адамын Қазақстанға жіберуге ұйғарылған. 1941 жылдың 6 қыркүйегінен басталған күштеп көшіруге бес күннің ішінде Мәскеу қаласынан және Мәскеу облыстарынан 8617 немісті және Ростов облыстарынан 21400 немісті Қазақстанның Қарағанды облысына (4000 адам, Жамбыл облысына (8000 адам), Қызылорда облысына (8000 адам), Оңтүстік Қазақстан облыстарына (10017 адам) жер аударды. Қаулы шыққан жылдың 21 қыркүйегінде енді Краснодар аймағынан 34287, Орджоникидзе аймағынан 95489, Тула облысынан 3208, Кабардин-Балкар АССР-інен 5327, Северо-Осетия АССР-інен 2929 адам немістерді жер аударған. Ондағы адамдарды Қазақ ССР-іне қабылдау және орналастыру үшін 15000000 сом бөлінді. Осы жылдың 22 қыркүйегінде немістерден Қазақстан Республикасына Запорож облысынан 63000 адам, Сталин облысынан 41000 адам және Ворошиловград облысынан 5487 адамды жер аударды. Ал осы жылдың 8 қазанында немістерді Грузия Республикасынан 23580 адам, Әзірбайжан Республикасынан 22741 адам және Армян Республикасынан 212 адам көшірілсе, 22 қазанда Дағыстан Республикасынан немістерден 4000 адам және Шешен-Ингуш АССР-інен 574 адам немістерді сыпырта жер аударды. Себебі, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Поволжьеде тұрып жатқан немістерді қоныс аудару» туралы жарлығында: «бұл аймақта тұрып жатқан немістердің Герман үкіметінің тапсырмасымен шпиондық жұмыстар істейді», – деген сылтау тағылды. Ол кезде бұл жұмыс әлі жүргізілген жоқ еді. Ал оларды жазалау науқаны одан бұрын басталып та кеткен болатын. 1941-1945 жылдары КСРО-да 1,4 млн.-дай неміс ұлтының азаматтары тұрған. Кейіннен соғыс басталғаннан кейін бұл этнос жан-жаққа күштеп таратылды және неміс автономиясы жойылды. Ал, бірақ неміс автономиясын жою жайлы бұл іс-қағазда ешнәрсе айтылмаған. 1941-1942 жылдары Қазақстанға немістердің 1 209 430 адамы қоныс аударылды. Халықты депортациялау кезінде мұндай кеш жарияланған қаулымен келісуге де болмайды, әрбірінен осындай «кінә» тауып, оларды өзінің бұрынғы автономиясы жерінен айырып, еліміздің басқа өңіріне қоныс аудару, әрине жөнсіздік болып отырғаны сөзсіз еді. Мұндай қаулылардың қатарына Жоғарғы Кеңестің 1943 жылғы 12 қазандағы «Қарашай Автономиялық облысын жою және оның территориясын административтік қайта құру» туралы жарлығында: неміс басқыншыларының Қарашай Республикасына басып кірген кезде көптеген қарашайлықтар опасыздық көрсетіп, сатқындық жасаған. Көптеген адамдарды немістерге ұстап берген, неміс-фашистерінің құрған ұйымына кіріп, Кеңес Үкіметіне қарсы соғысқан. Немістердің Закавказье асуынан өтер кезде, оларға жол көрсетіп, тиісті жерлеріне дейін алып барған. Ал неміс басқыншылары бұл жерден қуылғаннан кейін, үкімет құрығынан қашып жүрген, бандиттерді, гитлер-фашистерінің агенттерін қудалау, ұстау басталды», – деп атап көрсетілген. Осыған байланысты бұл ұлтты қатаң жазалау мақсатымен, 62 842 адам тұрғыны бар Қарашай Автономиялық облысын жойып жіберді. Шынайы көзқараспен қараған кезде бұл құжат сын көтермейді. Жарлықта айтылғандай «көптеген қарашайлықтар» Кеңес Одағының басқа аудандарына қоныс аударылады делінген. Сөйтіп олардың қазақ жеріне 36 309 адамы ілікті. Ал қоныс аударылғандардың барлығы қарашай ұлты еді. Міне, осындай қаулылардың қатарына 1943 жылы 27 желтоқсандағы «Қалмақ Автономиясын жою және РСФСР құрамында Астрахань облысын құру», 1944 жылы 7 наурыздағы «Шешен-ингуш Автономиялық Республикасын жою және оның территориялық әкімшілік құрылымы», 1944 жылы 8 сәуірдегі «Кабардин-балқар Республикасында тұратын балқарларды қоныс аудару», «Кабардин-балқар Республикасын Кабардин Автономиялық Республикасы деп қайта өзгерту» және басқалар жатты. Міне, осындай ойдан жасалған заңға байланысты күштеп қоныс аудару негізгі операциясы Ұлы Отан соғысы кезінде іске асырылып, бүкіл соғыс кезеңінде (1946 жылғы есеп бойынша) КСРО-да жалпы жер аударылған 2 463 940 адам болса, (ал басқа деректерде 2 826 419 адам), олардың ішінде Қазақстан Республикасына жер аударылған халықтардың жалпы саны 1 млн. 200 мың адамға жеткен. Сонда кейбір құжаттарда көрсетілгендей, күштеп көшірілген халықтардың тең жартысынан көбі Қазақстанға жөнелтіліп отырған. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, балғар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде еріксіз көшірілсе, соғыстан кейінгі ақпан-наурыз пленумы бойынша да келген халықтар тұрақтап, еліміз көп ұлтты мемлекетке айналды. Бүгіндері Тәуелсіз Қазақстанымызда өз Отаны ретінде көптеген этностар тату-тәтті өмір сүруде.
Құралай Қожаханова Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкері