ҚАЗАҚТЫ КӨБЕЙТУДІҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?
ҚАЗАҚТЫ КӨБЕЙТУДІҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?
Қазақ баспасөзінде мәңгілік тақырыптардың бірі – оралмандар тақырыбы. «Басы таудай, аяғы қылдай» болған қазақ көшінің бүгінгі кері кеткен аянышты халі. Бірақ, қанша жазса да, қанша жоғары мінберден осы проблемаларға оралып соқса да, өткен ғасырдың 90-шы жылдардың басында алаулатып, жалаулатқан көшіміз – бүгінде қайраңға шыққан кеменің күйін кешуде.
2011 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитетінің таратылуымен, көші-қондағы түйткілді проблемалар көбейіп кетті. Мемлекеттен жылда бөлініп тұрған көші-қон квотасы тоқтады. Қазақстан азаматтығын шетелден келген қандастарымыздың алуы қиямет-қайымға айналды. Биыл қайта жасақталған Министрлер кабинетіне Көші-қон комитетін қайта жасақтау тапсырылғанымен, әлі күнге дейін қайта жасақтау істері аяқталмағанға ұқсайды.
Осы бір түйткілді проблемаларды сөз еткен «Ерке-Нұр-Шарапат» қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтановтың атына хат жолдады. Хаттың мазмұны негізінен соңғы кездері Атамекеніне, тарихи Отанына оралып жатқан қазақтардың құқығының көптеген Үкімет қаулылары арқылы бұзылып жатқаны жайында. Қазір қабылданып жатқан көптеген Үкімет қаулыларында шетелдік азаматтар мен этникалық қазақтардың құқығы теңестірілген. Соның салдарынан қазақтардың азаматтық алуы, тұрақты тіркеуге тұруы, Қазақстан Республикасында болу құқығы – секілді проблемалардан аяқ алып жүргісіз.
Алматы қаласындағы «Достық» үйінің баспасөз залында өткен бұл басқосуға баспасөз өкілдері келмеді. Шағын ғана топпен әңгіме өрбіткен «Ерке-Нұр – Шарапат» қоғамдық қорының жетекшісі Фарида Мерхамитқызы жиынға келгендердің осы мәселеге байланысты ұсынысын сұрады.
Дулат Исабеков, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Қазақтың ұланғайыр даласын игеру үшін – 60 миллион тұрғын қажет болады екен. Қазір бір қазақты екі ете алмай отырмыз. Сөйте тұра Үкіметтің саясаты өзгеге емес, өз қазағымызға қарсы. Айталық, кезінде Қазақстанды тастап кеткен немістер, орыстар қайта оралса, олардың азаматтық алуы – тым қиынға түспейді. Ал шетелден келген қазақтардың азаматтық алуында проблема жетіп артылады екен. Мен өзім Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ беремін. Сонда оқитын студенттерімнің арасында Қытайдан келген талантты балалар бар. Ақыры оқып жүргенінде қазақ азаматтығын ала алмаған олар оқуын бітіргеннен кейін кері қайтуға мәжбүр болды.
Қазақстанда 17 миллион халық болса, оның 10 миллиондайы ғана қазақ. Яғни бар тұрғынның 67 пайызын құраймыз. Оның 25 пайызы қазақ тілінде сөйлемейді. Қазір БҰҰ-ның көп саясатының бірі – «жер ортақ, планета ортақ» дегенге саяды. Еуропа елдерінің алдағы 50-60 жылда су тасқынының астында қалу қаупі бар екені ғылыми түрде дәлелденді. «Планета – ортақ, жер – ортақ» принципімен еуропалықтар Қазақстанға келіп қоныстанып алса да, ешкім үндемеуі мүмкін. Оның үстіне геосаяси жағдайдың да біз үшін тым тиімді еместігі айқын. Солтүстігімізде 150 миллион халқы бар, бұрынғы метрополия – Ресей отыр. Оның негізгі мақсаты айқын, бұрынғы одақты қалпына келтіре алмаса да, Еуразиялық одақ құру арқылы, ықпалын посткеңестік елдерде жүргізу. Шығысымызда аузын арандай ашып, 1,5 миллиард халқы бар Қытай төніп тұр. Ішкі құпиясын сыртқа жария ете бермейтін, бірақ көздегені бүкіл әлемді жаулау екені белгілі бұл көршіміз де Қазақстан экономикасына дендеп еніп келеді. Сондықтан осы бір ұланғайыр даланы игеру үшін – қазақ келуі керек, қазақ көбеюі керек. Қазіргі ұсынылып жатқан зейнетақы реформасының сиқын көріп отырсыздар, «әжелер неге немере бағуы керек? Әжелер жұмыс істесін!» дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бұл біздің қазақы менталитетімізге, отбасылық институтымызға жасалып жатқан кедергі. Ал шетелден оралып жатқан қандастарымыздың азаматтық ала алмай, жылап жүргені мынау. Азаматтық алған 800 қазақ Моңғолияның азаматтығын қайта сұрап жатыр екен. Олар осындағы алаяқтардың құрбаны деседі. Меніңше, Моңғолиядағы 150 мың қазақтан енді Қазақстанды бетке алып, орала қоятындардың саны некен-саяқ болады. Өйткені, мына қазақтардың Қазақстаннан көңілі қалып отыр. Сол себепті де, шетелдегі қазақтардың проблемасын көбейтпеудің амалын қарастырғанымыз абзал. Кезінде Франция әлемге таралып кеткен француздарын жинаған кезде, оларды қағазбастылықпен сабылдырмаған. Кез-келген этникалық француз шекарадан өткен кезде, оның төлқұжаты дайын тұрған. Дәл сол тәжірибені қазір Израиль қолданып отыр.
Смағұл Елубай, жазушы:
– Менің түсінбейтінім, кеше келген қазақты бүгін тұрақты тіркеуге тұрып кел деп қинайды екен. Егер тұрақты тіркеуге тұрмаса, азаматтыққа құжаттарын қабылдамайды екен. Жаңа шекара асқан адамның бұл жерде тамыр-танысы қайдан бола қойсын. Осы мәселені неге қайта қарауға болмайды? Жалпы, қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңды қайта қарап, қазақтың мүддесіне жұмыс істейтіндей етіп, қайта қабылдау қажет.
Өмірзақ Айтбайұлы, «Қазақ тілі» халықаралық ұйымының жетекшісі, академик:
– Меніңше, бұл мәселе Қазақстанның шеттегі ұйымдары дұрыс жұмыс істемей отырған секілді. Сол үшін әуелі Сыртқы істер министрлігінің бұл істі біржақты етуге пәрмені керек. Құжаттарды шекарадан өтпей жөндеуге олардың неге құлықсыз екенін түсіну қиын.
Күлсін Ысқақова, Алматы қаласы Еңбек департаментінің Көші-қон бөлімінің бастығы:
– Қазіргі қолданыстағы заңда шетелдегі қазақ ведомстволарының қазақ көші-қонын реттеуге қатысып, Қазақстанға көшуге ниеттілердің құжатын дайындауға қол ұшын созуы қажеттілігі көрсетілген. Алайда, шетелдегі Қазақстан елшіліктері осы істе қолдау көрсетіп отырған жоқ. Біріншіден, «бізге шетелде қанша қазақ бар, олардың Қазақстанға қаншасы келгісі келеді, қайда орналасуға ниетті» деген секілді ақпараттар қажет. Ол ақпараттарды әлі ала алмай отырмыз. Екіншіден, бұл шетелден келетіндердің арасында өзге ұлт өкілдерінің өтіп кетпеуі үшін қажет.
Ләззат Мұхитова, Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы:
– Бізге келіп құжатын өткізгенде, олардың қолында «қазақ» деген анықтама болады. Алайда, Қазақстанның азаматтығын аларда олар құжаттарына «ұйғыр» немесе басқа да ұлттарды көрсетуін талап етеді. Сондай кезде бұл да біздің ұлттық намысымызға тиеді.
Алтай Бутунчинов, Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:
– Сыртқы істер министрлігінің мәселенің мәнін түсінбегені салдарынан Қытайдан келетін қандастарымызға берілетін визаның уақыты қысқартылды. Бұрын виза беру ІІМ-нің құзырында тұрғанда, Қытайдан келетін қандастарымызға берілетін виза бір жылға, көп мәртеге берілетін. Қазір оны 3 айға, бір мәртеге ғана беретін болды. Әрі визаның уақытын созбайды. Ал осы үш ай ішінде олар құжаттарын азаматтыққа тапсырып үлгере алмай жатыр. Сөйтіп, Қытайға қайта қайтып, визаларын қайта аштыруға мәжбүр. Осы мәселенің біржақты болуы үшін Сыртқы істер министрлігі, Жоғары оқу орындарының өкілдері, тағы басқа да құзырлы орындар қатысқан ірі жиын өткізіп талқылау қажет. Ол үшін мәселені нақты сараптаған жөн.
Зүбира Алдабергенова, Оралман әйелдердің «Нұр-қоныс» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
– Азаматтық туралы заңның тағы бір түйткілі – қазақ азаматына тұрмысқа шыққан өзге ұлт өкілдерінің өз күйеуімен бірге азаматтық ала алмайтындығы. Ол Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген жолмен алу үшін әуелі жолдасы ҚР азаматы атануы керек. Содан кейін ғана ол жеңілдетілген түрде азаматтыққа қол жеткізе алады. Қазір маған көмек сұрап бір өзбекстандық қазақ келді. Оның әйелі қарақалпақ ұлтының өкілі екен. Төрт баласы бар. Күйеуі азаматтық алам дегенше ол Қазақстандағы уақытша тіркеуін создыру үшін, әрбір ай сайын шекарадан шығып, қайта келіп тіркеуге тұруы қажет. Бұл өздері жағдайы сын көтермейтін оралмандар үшін оңай тиіп тұрған жоқ. Көші-қон заңнамаларын жетілдіру барысында осы мәселені де ескерген жөн секілді.
Жиын соңында қатысушылардың ұсыныстары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтановтың атына хат жолданды.
Есенгүл Кәпқызы