Жаңалықтар

«КӨКЕК ӘКЕЛЕР» КӨБЕЙДІ

ашық дереккөзі

«КӨКЕК ӘКЕЛЕР» КӨБЕЙДІ

Ажырасқан жұптар арасында алимент төлемейтін әкелер көбейіпті. Олардың балаларына берешегі 4 млрд. теңгеге жуықтаған. «Көкек» әкелер қатарында, тіпті, полиция қызметкерлері де бар көрінеді. Ондайларға қолданылатын заңды жаза енді күшейтілгелі жатыр.

Қазақстанда алимент төлеуден қашатын әкелердің мойнындағы қарызы 3,7 млрд. теңгеге жеткен. Президент жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық істер жөніндегі ұлттық комиссия отырысына қатысқан ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов: «Бұл – өте көп ақша. Осының салдарынан елімізде 54 мың балаға алимент төленбей отыр», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл 1 наурызда ҚР Бас прокуратура қызметкерлері осы мәселеге байланысты ҚР Әділет министрлігімен бірлескен кеңес өткізіп, жаңа заң жобасын дайындапты: «Біз атқарушы өндіріс жүйесін жаңғыртудың тұжырымдамасын жасадық. Біз ұсынып отырған түзетудің мәні мынада, борышкер қайда барып қызмет алатын болса, оның ішінде мемлекеттік те, жеке басын куәландыратын құжатын ұсынған кезде онда проблемалар туындайтын болады».

Сонымен жаңа ережеге сәйкес, алимент төлемеген әке қайда барса да алдынан «алимент төлемегендігін еске салатын ескерту кесе көлденең шықпақ. Әлбетте, мұндай келеңсіз жайт еліміздің барлық аймағына тән. Жекелеп айтсақ, Оралда алимент төлеуден жалтарған әкелердің жалпы қарызы 300 миллион теңгеден асып кетіпті. Бүгінде прокуратура өкілдері мен сот орындаушылары бірлесіп, борыштан бас тартқан әкелерді түрлі шектеулер арқылы тезге салуға көшіпті. Былтыр «Аман-саулық» қоғамдық қоры мен прокуратура органдары бірлесіп өткізген шара нәтижесінде соңғы 5 жылда отбасынан безіп, тіпті, алимент төлеуден қашқан әкелердің саны 25 пайызға артқаны анықталған еді. Дағдарыстық орталықтар одағының директоры Зүлфия Байсақованың айтуынша, алимент төлемейтін әкелердің барлығының да жұмысы бар, яғни, ай сайын жалақы алатындар: «Алиментті тек жұмыс істемейтіндер ғана төлемейді деген көзқарас қате. Акция өткен бір айдың ішінде бізге 153 жалғызбасты ана алиментті төлемеу жөніндегі арызбен хабарласты. Олардың ішінде тек 7 оқиға бойынша отағасы жұмыс істемейтін болып шықты. Басқалары болса, жоғары қызметтерді атқарып, жақсы жалақы алады». Мамыр айында аталған заң жобасын ҚР Президенті жанындағы құқықтық саясат жөніндегі кеңестің қарауына ұсыну жоспарланып отыр.

Бір қызығы, заңды бұзғандардың төрттен бір бөлігі мемлекеттік органдарда қызмет істейді екен. Алматы қалалық прокурорының көмекшісі Гүлнара Жаңабекова сол кезде шара барысында алимент төлемейтін азаматтарға қатысты істерді дұрыс жүргізбеген 21 сот атқарушысы анықталғанын айтқан. Олар тәртіптік жазаға тартылыпты. Ал әлгі 34 мемлекеттік қызметкердің аты-жөні өзгелермен бірге Интернетке «ілінді».

«Өзіңнен баста» деген тақырыппен өткізілген шара шеңберінде ұйым­дас­ты­ру­шы­лардың атына алимент төлемей қашып жүрген 154 ер адамның үстінен шағым келіп түсіпті. Олардың небары 7-еуі жұмыссыздар қатарында екен. «Біздің ойымызша, жылдар бойы алимент төлемей келген ер адамдар сот орындаушыларын сатып алып, жалтарып отыр. Бұл өз балаларына көп жылғы қарыздарын өтегеннен гөрі оңайырақ. Сондықтан олар осындай қулыққа барады», – деп мәлімдеген З.Байсақова міндетінен жалтарғандарға қолданылатын жазаны қатайту керектігін айтты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ