Жаңалықтар

Энергетикалық серіктес – АҚШ

ашық дереккөзі

Энергетикалық серіктес – АҚШ

Қазақстанның энергетикалық саясаты бірнеше бағытта дамып келеді. Бұл арада бірнеше серіктес қалыптасып, еліміздегі және әлемдегі ірі мұнай тасымалдаушыларына айналды. Әрине, қазақ жеріндегі «қара алтынның» арқасында. Бүгінде еліміздің энергетикалық ынтымақтастығы шығыста – Қытаймен жоғары дамып келеді, ал батыста – АҚШ-пен ынтымақтастық 90-жылдардан бері мызғымас күйде.

Географиялық орналасуы бойынша АҚШ елімізден жырақта. Қайта Ресей мен Қытай шекаралас жатса да, маңызды да ірі серіктес – АҚШ болып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары, яғни 90-жылдардың басында Қазақстан мен АҚШ көптеген келісімшарттар жасасты. Елімізге шетелдік компаниялар кіргізіліп, трансұлттық алып корпорациялар пайда болды. Бірақ мемлекеттің жастығы мен тәжірибесіздігін өз пайдасына жаратып, АҚШ тарапы өзіне тиімдірек келісімшарттар жасағанын бүгінде көпшілік ашық айтуда. Тіпті Ақордада қозғалған бұл мәселе қашан қайта қаралып, Қазақстанның пайдасына түбегейлі шешіледі деген сауалдар көп тасталды. Сондықтан америкалықтарды біртіндеп елден ысырып, Қазақстан территориясындағы мұнай ошақтарын қайтару туралы мәлімет жасырын емес.

Сонымен қатар бұл саладағы серіктестікті Ресей, Қытай, Италия, Франция сияқты Еуропа елдеріне бұру мәселесін жақтайтындар баршылық. Бүгінде Францияның энергетика саласындағы жетістіктері жетерлік. Еліміздің ғарыштық аппараттарды дайындауды осы елге сеніп тапсырғаны тегін емес, ендеше мұнай және мұнай өнімдері экспортында да осы ел арқылы әлемдік нарыққа шығу Қазақстан үшін тиімдірек. Өйткені АҚШ компанияларының әу-бастағы келісімшартының бүгінгі нарықтық жағдаймен арасы тым алшақ. Десе де бұл ұзақмерзімді келісімшарттар. Былтыр Вашингтонда екі тараптың болашақ жоспарына қол қойылған болатын. Бұл жоспарға сәйкес жыл соңына дейін төрт бағытта әрекет жасалуы тиіс. Олар – атом энергетикасы және ядролық құрылғылардың қауіпсіздігі, көмірсутек шикізатын өндіру, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану және оның жолдары, сондай-ақ гидроэнергетиканы дамыту. Бұл бағыттардың барлығы Қазақстанда да бұрын-соңды қарастырылған, сондықтан бұл текті ұсыныстар біз үшін тек пайдалы. Алайда пайданы теңбе-тең бөлісуге АҚШ келісе ме? Әрине бұл бағыттар бойынша жүзеге асырылатын жобалар мен өндіріс, экспорт солардың пайдасын көздейтіні сөзсіз.

Сонымен қатар олар еліміздегі ядролық қару жасау мен оған қажетті шикізатты бақылауға алмақшы. Вашингтонның көздегені де осы. Өйткені Еуразияның жүрегінде орналасқан еліміздің кім-кімге де оңтайлы дәліз екені айтпаса да белгілі. Әсіресе Қазақстан арқылы оңтүстікке, Каспий арқылы Иран бағытына жол ашық. Олай болса, Қазақстанның экономикалық әлеуетін жақсарту арқылы уысында ұстау тиімді болып тұр. Ол үшін Қазақстанда ядролық қару қауіпсіздік орталығын ашуды жоспарлап отыр.

Энергетика экспортын дамыту үшін АҚШ Қазақстан жерінде мұнай құбырлары мен түрлі бағыттарды дамытпақшы. Қазақстан арқылы шығысқа, батысқа мұнай жолын ашу елімізді экономика тұрғысынан тәуелсіз етеді. Жалпы, батыс барлық бағыт бойынша елімізді уысында ұстауға тырысып бағуда. Десе де сол қимылдардың әлдісі – 90-жылдардың басында өз тарапына өте тиімді келісімшарт жасады, сөйтіп шетелдік инвестиция мен жоғарғы технологияға зәру елді пайдаланды. Десе де жоғарғы технологиясы мен заң жүйесі, салық жүйесі реттелмеген елге миллиардтаған доллар инвестиция салу да қауіпті болғанын мойындау керек. Дәл осы АҚШ сол кезден бастап энергетика секторына ұзақмерзімді қаржы құйды. 1992 жылы Шеврон компаниясы алғашқылардың бірі болып, «Теңіз» кенішін, Каспий теңізі секторындағы басқа да ошақтарды игеру үшін бірлескен кәсіпорын құрды. Бірақ қазір 20 жылдан астам уақыт өтті, ал көмірсутек пен мұнай өнімдерінің бағасы анағұрлым өсті. Ендеше еліміздің территориясындағы кеніштерді игерудің келісімшарттарын қайта қараудың реті келіп тұр. Бұл мәселені Қазақстан тарапы еске алғанына көп болған жоқ. Есесіне Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осы түйткілдерді реттеуді бірінші орынға қойып келеді.

Оларға Қазақстандағы жұмысқа қолайлы жағдай, пайданы молынан қарпу, салықтық жүйе өте тиімді. Мәселен басқа да елдерде кәсібін жүргізіп отырған «Шеврон» Қазақстандағы жұмысты одан әрі жалғастырғысы келетінін Президентке бірнеше мәрте айтқан. Сондай-ақ мұнайдан да басқа баламалы энергетика саласында күшін сынап көретінін байқатқан. 2012 жылы Қазақстанға салынған сыртқы инвестиция көлемі – 37 миллиард долларды құрап отыр. Exxon Mobil корпорациясы – дүниежүзіндегі мұнай өндіретін жеке меншік компания. Оның Қазақстандағы КТК (Каспий консорциумы) құбыр желісінің үлесі – 7,5 пайыз акциясына ие, Қашағанның 16,81 пайыздық үлесі мен Теңіз кенішінің 25 пайыздық үлесіне ие. Ал Шевронға КТК акциясының 15 пайызы, Теңіз және Қарашығанақ кенішінің 20 пайызы тиесілі. Одан кейінгі орында «Коноко-Филлипс» компаниясы, оның Қашаған кенішінде 20 пайыздық үлесі бар. Жалпы Каспий қайраңындағы ірі инвесторлардың бірі. Және осы компания Қашағандағы 8 пайыздық үлесін жергілікті Үкіметке сатты. Ал жалпы Қашағанның маңызды мұнай алабтары мен өнімінің басым бөлігі американдық компаниялардың бақылауында.

Былтыр елімізде 79,2 миллион тонна мұнай және газ конденсаты өндірілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,1 пайызға кем. Сөйтіп мұнай Атырау-Самара, КТК, Атасу-Алашаңқай, Ақтау порты және теміржол арқылы әлем елдеріне экспортталған. Ал биыл – 82 миллион тонна мұнай мен газ конденсатын өндіру көзделіп отыр. «Біздің ойымызша біз үшін бұл ауыр болмайды», – деді Сауат Мыңбаев. Бірақ жыл көрсеткішін 80 миллион тоннаға жеткізу неше жыл жоспарланса да, жыл сайын 70 миллион тоннадан сәл-ақ асып жығылады.

Мұнай экспортының көлемін арттыру өз алдына. Алайда мұнайлы ел бола тұра мұнайды шикізат ретінде сатамыз да, да­йын өнім – жанармайды Ресей, Қытайдан қымбат бағаға қайта сатып алатынымыз шындық. Осы мәселелерді көтерген министр мырза Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға шектеу қойды деп хабарлады. «Шектеу қою туралы қаулы бүгін қабылданды. Шектеу енгізіле ме, жоқ па, ол нарықтағы жағдайға байланысты» делінген хабарламада. Ендеше әліптің артын бағып, мұнай саясатын еліміз үшін оңтайлы пайдалану қажет. Мәжілістің Үкімет сағатында баяндама жасаған министр Сауат Мыңбаев отандық жанармай көлемін арттыруды сөз етті.

– Ішкі нарықты жүз пайыз «Еуро-4», «Еуро-5» стандарттарындағы отандық жанармаймен қамту 2016 жылға қарай енгізіледі. «Бейнеу-Бозой» газ құбыры жобасы биыл басталатын болды. Министр Елбасының Жолдауына сәйкес мұнай мен газ саласында бірқатар міндеттер атқарылатынын атап өтті. Атап айтқанда, көмірсутек ресурстарын тиімді басқару бойынша стратегия әзірленеді. Жер қойнауын пайдалану бойынша мораторий күші жойылды. Көмірсутек шикізатының стратегиялық қоры жасалады. Шетел инвес­тицияларын тартуға, мұнай мен газ саласында озық технологияларды пайдалануға зор мән беріліп, шикізатты терең өңдеуге инвестиция сараланады. 2016 жылдың соңына қарай «Еуро-4», «Еуро-5» стандарттары бо­йынша ішкі нарықты 100 пайыз отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету көзделеді», – деді С. Мыңбаев.

Ақниет ОСПАНБАЙ