Кәсіпкерлерге қандай нарық тиімді?
Кәсіпкерлерге қандай нарық тиімді?
Әлемде қалтасы қалың азаматтар саны артып келеді. Олар – кәсіпкерлер. Олар – миллионерлер. Олардың миллиондары миллардтарға ұлғайып жатыр. Биржаның тынысын да реттеп отырған солар. Байлығы жөнінен «Forbes» тізімін бастап, әлемдік деңгейдегі «дәулетті адамдар» санатында. Бірақ осы отандық миллионерлер туған елдері үшін не істеді? Тым құрығанда бір ауданды, бір ауылды көркейтіп бере алды ма?
Бұл мәселені Президент те назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, елімізде өңірлердегі мыңдаған нысандар қаржы құюды қажет етеді. «Тек соңғы жылдардың өзінде ғана біздің кәсіпкерлер қаншама мешіттер мен храмдар салды. Бірақ өз қаржыларының есебінен ауылдағы мәдениет үйлерін салған немесе жөндеуден өткізген, жаңа өлкелік мұражайлар, аула клубтарын немесе жастар үшін спорт алаңдарын салған оқиғалар өте сирек кездеседі. Біз осындай қызметтерді ынталандыруға тиістіміз», – деді Президент жуырда өткен Кәсіпкерлер кеңесінде. Оларды меценаттық істерге араласуға шақырды. Бірақ кәсіпкерлер демеушілік жасайды, бірақ қалалы жердегі мәдениет саласына, болмаса жекелеген әншілерге қолдау көрсетеді. Бірақ әлеуметтік салалардан бойын аулақ салады. Неліктен? Тым болмаса ауылда спорт мектебі, үйірмелер я мәдениет үйін жаңғыртқан кім бар? Ауылды жерлерді көркейтуге демеуші болған кәсіпкерлерге кәсіп жүргізуге жеңілдік жасалып, мемлекет тарапынан міндет қойылса… Бірақ қайдам…«Forbes» журналы тізімінің бастапқы мыңдығы миллиардерлер. Қисапсыз байлықты қайда жұмсарын білмей, ғарыштан ғаламшар сатып алғандары да баршылық. Бірақ еуропалықтарда сәнге айналған, жанкүйері мен табынушылары көп футбол командаларына билік жүргізу – әдемі әдетке айналған сияқты. Сонау жылдары ресейлік кәсіпкер, олигарх, экс-губернатор Роман Абрамович ағылшындардың «Челси» клубын басы бүтін сатып алды. Бұл әлемнің түкпір-түкпіріндегі әрбір футбол жанкүйерінің құлағын елең еткізді, баспасөз өкілдерінде түрлі талқыға түсті. Абрамович мырза «Челси» клубын 140 миллион фунт стерлингке сатып алды. Бұл – шамамен 230 миллион доллар. Ал клубтың бұрынғы қожайыны Кен Бейтс кезінде клубты 1 фунтқа ғана сатып алса керек. Бұл даулы сауда ресейліктердің ашу-ызасын тудырғаны бар. Өйткені «Челси» сол тұста онсыз да қарызға белшесінен батып отырған. Одан да «ресейлік командалардың бірін неге жаңғыртпасқа, Абрамович неге отандық футболды дамытпайды» деген өкпе-наздар жиі айтылды. Ал Қазақстан тарапы құпиясы мол саудаға ол кезде мән бермеген де. Бірақ осындай жағдайлардың алдын алу үшін Президент Қазақстан халықтары Ассамблеясында: «Біз тәрбиелеген кәсіпкерлер – миллионерлер және басқалар – Отандарына алғыс айтулары тиіс, кімде не жетіспейтініне назар аударуы тиіс. Бұл қайырымдылық!», – деді.
Ал бүгін Абрамовичтің «әдеті» Қазақстан кәсіпкерлеріне таянған сияқты. Соңғы кездері бірқатар шетелдік және отандық баспасөз құралдарында қазақстандық кәсіпкер Миланның «Интер» футбол клубын сатып алады деген қауесет шықты. Ол – Болат Өтемұратов, Қазақстан теннис федерациясының президенті. Оның байлығы – 2,2 миллиард долларға бағаланып отыр. «Forbes» рейтингісінде 670-орында. Бірақ федерация баспасөз қызметі бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Тіпті бұл құпия хабарлама федерацияның шамына тисе керек: «Кейбір шетелдік және қазақстандық БАҚ-тарда таратылған ҚТФ президенті Болат Өтемұратов Миланның «Интер» футбол клубын сатып алуға ниетті деген ақпараттар шындыққа жанаспайды!», – деп жазды сайтына.
Сонымен қатар Болат Өтемұратов теннистен басқа спорт түріне қатысты жоспарым жоқ деп кесті. «Менің Қазақстанда теннисті насихаттау мен дамытуды жалғастырудан басқа спортқа қатысты өзге жоспарым жоқ. Қазақстан теннис федерациясының президенті ретіндегі менің мақсатым – елімізде теннисті танымал әрі бұқаралық спорт түріне айналдыру, мұның өзі көп уақыт пен үлкен назарды қажет етеді. «Team Kazakhstan» академиясында теннисшілердің жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз деп мәлімдеді» Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов. Бірақ «жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды». Әсіресе батыстың басылымдары мұны қайдан шығарды? Әлде бұл ақпарат Миланда ашық жарияланды ма? Қайткенмен де еуропалық басылымдардың провокациялы ақпараттары мен мәлімдемелері кейде шындыққа жанасады. «Zona.kz» ақпараттық порталының жазуынша, швейцарлық басылымдар Интерге стадион салып беретін «Мабатекс» компаниясымен байланысы бар деп жазады. Сондай-ақ Қазақстан Президентімен аталмыш компания кездесу өткізгенін нақтылай түскен.
Дәп осы батыс басылымдары жуырда осы кәсіпкерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасады. Әсілі қазақстандық миллиардердің әрбір қадамы батыста бақылауда болса керек. «Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов «Альянс банк» пен «Темірбанкті» сатып алуы мүмкін» деп жазды Bloomberg ақпараттық агенттігі. Өзінің атын құпия сақтауды өтінген екі сенімді ақпарат көзі осылай хабар таратып, сондай-ақ дайындалып жатқан келіссөздер туралы да мәлімет берген. Өтемұратовтың еншісі бар Verny Investments Holding қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан. Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры инвесторлар туралы мәлімет бере алмайтындығын айтуда. Альянс банктің басшысы Мақсат Қабашев 3 сәуірде «Альянс» пен «Темір банктің» құны 500 миллионнан 1 миллион долларға дейін бағаланып отырғанын жариялады. Ал ресейлік «Альфа Банк» сарапшысы Джейсон Хурвитц аталған банктің активтері тек қана жергілікті кәсіпкерлерге тиімді, сондықтан екі банкті сату қиынға соғады деген еді. Сарапшы сөзінің қаншалықты рас екені анықтала жатар, ал әзірге Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорына жыл соңына дейін «БТА», «Альянс және «Темір банктің» капиталынан шығуды тапсырды.
Жуырда қазақстандық тағы бір кәсіпкер отандастарды қайран қалдырды. Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев Тель-Авивте өткен баспасөз мәжілісінде Genesis Angels деп аталатын жаһандық венчурлік қор құрғандығы туралы жария етті. Қордың мақсаты – робот құрастыру индустриясы саласындағы әлеуетті технологияларды іздестіріп, қаржыландыру. «Қордың бастапқы капиталы 10 миллион доллар, осы көрсеткіш бойынша ол робототехника индустриясына инвестиция салуға негізделген ірі венчурлік қорлардың алғашқы ондығына кіреді. Қордың орталық кеңсесі Сингапурда тіркелген, оның өкілдігі Қазақстанда, АҚШ-та, Ресей мен Израильде ашылған», – деп мәлім етті Рақышев. Жаңа қордың директорлар кеңесінің төрағасы болып Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Ольмерт сайланған. Осы серіктестер Рақышевқа құдайындай сенетінін айта келіп: «Кеңес Рақышевтің дүниежүзінде таныстары өте көп. Ол бізге үлкен нарыққа шығуға көмектеседі. Біздің бірлескен жоба үздіктер қатарынан көрінетін болады», – деп отыр.
Кеңес Рақышев – қазақстандық кәсіпкер, тұңғыш рет NASDAQ жоғары технологиялы биржасына шыққан қазақстандық компания – Net Element директорлар кеңесінің төрағасы. «Forbes» журналының нұсқауы бойынша Қазақстанның ең бай 50 азаматының тізімінде 225 миллион долларға тең дәулетімен 22-орынға орналасқан. Сондай-ақ еліміздегі ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарында.
Ақниет ОСПАНБАЙ