Димаш аға сүйген ән
Димаш аға сүйген ән
ҚР Мәдениет министрлігі, Алматы қаласының Мәдениет басқармасы және Халықаралық Д.А. Қонаев қорының қолдауымен Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлына арналған «Д.А.Қонаевтың сүйікті әндері» атты қайырымдылық концерт болып өтті.
Қайырымдылық кеште Роза Рымбаева, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, Нұрлан Абдуллин сынды белгілі өнер жұлдыздары мен жас таланттар өнер көрсетті. Концертті Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі сүйемелдеді. «Қонаев қорының» вице-президенті, қоғам қайраткері, еңбек ардагері Кеңес Аухадиев кіріспе сөз сөйледі. Өнер шымылдығын бірінші болып күйші-композитор, толғаушы Шәміл Әбілтай өзінің «Ағатай, асқақ ән» әнімен ашты.XX ғ. 60-80-ші жылдары еліміздің мәдениеті мен өнерінің ерекше дамыған жұлдызды кезеңі болды. Д.А. Қонаевтың басшылығымен елімізде жаңа мәдени ошақтар ашылып, театр мен концерттік ұйымдардың бұрын болмаған жаңа түрлері дүниеге келген болатын. Соны еске алып белгілі әнші Лаки Кесоглу: «Барлық Кеңес заманының адамдарына секілді, мен үшін де Дінмұхамед Қонаевтың орны ерекше. Ол өнерді сүйді, қастерледі. Жеке таныс болмасам да, «Халық әртісі» атағын сол кісінің мөрінен алдым. Оған деген құрметім шексіз», – десе, еліміздің еркесі Роза Рымбаева: «Бала кезімнен өнер жолында маған қамқор болған ағамды ешқашан ұмытпаймын. Мен ғана емес, барша қазақ жұрты Димекеңді мәңгі есте сақтайды деп ойлаймын», – деді. Ал Ескендір Хасанғалиев: «Дінмұхамед Қонаев дегенде менің жастығым есіме түседі. 90-жылдардың басында театрда алғашқы кешімді өткіздім. Димаш ағаны шақырдым, бетімді қайтармады. Содан бастап араластық», – деді.
Нұрғали Нүсіпжанов 2 жасар Нұргүл есімді қызын ертіп Димаш ағаның үйінде қонақта болыпты. Сол кезде Дінмұхамед Қонаев маңдайынан сүйіп, батасын берген қыз оның сүйікті әндерінің бірі саналатын «Япур-аймен» Францияда өткен Н. Рубинштейн атындағы Халықаралық пианистер байқауының жүлдегері атанды. Жеңісін Димаш ағаға арнап, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Халық әндерімен бірге кеште Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың туындылары орындалды. Өнер кеші Ескендір ағамыздың «Атамекен» әнімен аяқталды. Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ