Жаңалықтар

Тау-кен металлургия саласы: ШИКІЗАТПЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

ашық дереккөзі

Тау-кен металлургия саласы: ШИКІЗАТПЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Экономиканы алға сүйрейтін басты салалардың бірі – тау-кен металлургиясы. Кен орындарындағы шикізатты өндірумен шектелмей, оны өңдеп, әлемдік нарыққа жеткізу отандық экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен сеп болары анық. Үкімет тарапынан қолға алынған бірқатар жаңа жоба аталған саланы жүйелі дамытуға негізделген.

Басымдығы артып келеді 

Отандық тау-кен металлургия саласы ел экономикасының стратегиялық саласын бiлдiредi, оның рөлi жоғары технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн түпкiлiктi өнiм (машина жасау, құрылыс индустриясы, авиациялық, ғарыш және қорғаныс өнеркәсiбi) өндiрiсiн шикiзатпен қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан тау-кен металлургия салаласының негізгі міндеттері: шағын және орта бизнестi тарта отырып, бәсекеге қабiлеттi өндiрiстер құру, қосылған құны жоғары терең қайта өңдеу өнiмдерiнiң үлесiн ұлғайту және номенклатурасын кеңейту.

Импорт көлемінің басым бөлігі: құбырлар, құбырлар мен қуыс құбырлар; қара метал­дан және оның бөліктерінен жасалған металқұрастырғыштар; темірден жасалған шыбық немесе қосындыланған болат және қара металдан жасалған басқа да заттардан тұрады. Сондықтан да импорт құрылымы тау-кен металлургиясы өнімдерінің импортында қосылған құны жоғары өнімдердің басымдылыққа ие екендігін көрсетеді. Қазақстан тарапынан инвесторларға білдірілетін ұсынысқа келсек, Қазақстанның металлургиясы тек осы елдің деңгейінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі әлеуметтік маңызға ие әрі құрамы өте бай минералды-шикізат базасымен сипатталады. Аталған шикізатпен металлургиялық кәсіпорындарды қамтамасыз ету 50-ден 300 жылға дейінгі ағымдық қуаттылықты құрайды. Көп жағдайда кен орындар бірнеше металл түрінде кездесетін кешендерден тұрады, бұл өз кезегінде кенді табу, байыту және өңдеуде әртүрлі технологияларды қолдануды талап етеді. Қазақстанда әлемдiк хром кенi қорының 30 пайызы, марганец кенiнiң 25 пайызы, темiр кенiнiң 10 пайызы шоғырланған. Мыс, қорғасын және мырыш қоры әлемдiк қордың тиiсiнше 10 және 13 пайызына тең. Тәуелсiз мемлекеттер достастығы елдерiнiң арасында хромиттер қорының басым салмағы 90 пайызды, вольфрам 60 пайызды, қорғасын мен мыс 50 пайызды, бокситтер 30 пайызды, фосфориттер 25 пайызды, темiр кенi 15 пайызды құрайды. Қазiргi кезде Қазақстан титан өндiрiсi бойынша әлемде 3-орынды, мырыш бойынша – 7, қорғасын – 8, темiр кенi – 13, мыс – 15, болат 35-орынды иемденедi. Қазақстанның тау-кен саласы қарқынды дамып келеді. Былтыр осы салаға тиесілі өндірістің өсу деңгейі 1,3 пайызға артып, 10 056 млрд. теңгеге көбейген болатын. Оның 798,3 млрд. теңгесі металл кендерінің еншісінде. Жүйелі өсу металлургия саласына да тән. Оның үесі бүгінде 42,4 пайыздан асады. Осының арқасында Қазақстандағы жаңа зауыттардың іргетасы қаланып, кәсіпорындардың көбеюіне және оларды жаңартуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар елімізде аталған сала мамандарын халықаралық деңгейге лайық дайындау мәселесі де қолға алынды. Мәселен, 2013 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына тау-кен өндірісі, құрлыс, химия салаларында маман дайындау үрдісі іске қосылды. Былтыр Астанадағы Қазақстанның тау-кен металлургия кешені күндері шеңберінде өткізілген Үшінші халықаралық тау-кен металлургия конгресі мен тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің үшінші съезінде ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов: «Тау-кен және руда өнеркәсібі біздің экономикамыздың басым бағыттағы салаларының бірі болып саналады. Минералдық ресурстардың молдығына байланысты Қазақстан әлемдегі алдыңғы орындардың біріне ие. Тәуелсіздік жылдарында «Қазақмыс», ENRC, «Қазцинк» секілді қазақстандық ірі кәсіпорындар әлемдік ірі компаниялар деңгейіне дейін өсіп, қазіргі күні ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосуда», – деп мәлімдеген еді. Оның себебі, отандық тау-кен металлургия кешені бүгінде Қазақстан ішкі жалпы өнімінің басым бөлігіне тең. Мысалы, екі жыл бұрын аталған саладағы өнеркәсіптік өндірістің көлемі 20 миллиард АҚШ долларынан асып, еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 11 пайызға жеткен еді. Ресми деерктерге сүйенсек, қазіргі кезде осы салада 300 мыңнан астам тер төгіп жүр. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3 триллион 35 миллиард теңгеден асқан. Осының арқасында тау-кен саласындағы компаниялардың салықтық түсімдері уақыт өткен сайын қомақтылана түсуде. Мысалы, 2007-2011 жылдар аралығында сала кәсіпорындары бюджетке салық ретінде 470 миллиард теңге төлеген екен.   Жаңа жұмыс орындары ашылмақ  

Шикізатқа деген тәуелдікті азайтуға мүдделі ҚР Үкіметі өндіру мен өңдеу саласына баса назар аударуда. Сондықтан отандық экономикаға тау-кен металлургия өндірісінен түсетін кіріс пен пайда көлемі артып келеді. Мысалы, былтыр қара металлургиядағы қолданыстағы бар өндірістерді одан әрі кеңейту және жаңа нысандарды іске қосу нәтижесінде шойын өндіру 8,5 пайызға, тазартылмаған болат өндіру – 12 пайызға, жұқа прокат өндіру 6,6 пайызға артып, түсті металлургиядағы өндіріс көлемінің өсімі тазартылған күміс пен алтын, қорғасын, мырыш, мыс шығару көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, бір жылдың ішінде тазартылған күміс өндірісі 16,7 пайызға, тазартылған алтын өндірісі 23,6 пайызға, алюминий өндірісі 9,7 пайызға, қорғасын өндірісі 7,6 пайызға, мырыш өндірісі 0,3 пайызға, мыс өндірісі 4,6 пайызға көтерілді. Өткен жылы Қазақстанда 51 979 мың тонна темір рудалары, 34 491 мың тонна мыс рудалары, 4 857 мың тонна мыс-мырыш рудалары шығарылды. Боксит, марганец рудаларын өндіру көлемі де көтерілді.

Бүгінде Қазақстанның индустрияландыру картасына тау-кен металлургия кешенінен 1,3 триллион теңгеге теңгерілген 70-ке жуық жоба жүзеге асырылыпты. Бұл мемелкет тарапынан бекітілген барлық жобаның 13 пайызы. Мамандар қауымы аталған салаға қатысты арнайы құжат болу керек деген пікірде. «Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар, белгіленген жобалар шетелден көптеп несие тартуға мәжбүр етті. Сондықтан бағдарламаны жүзеге асырған кезде бизнесті жүргізу үшін алғышарттардың тұрақты болуының маңызы зор. Соның бастыларының бірі салық режімі тұрақтылығына қатысты», – деп мәлімдеген Қазақ­стандағы Тау-кен қазба және тау-кен металлургия кәсіпорындары ассоциациясының жетекшісі Николай Радостовец Жер шарының көптеген мемелкетінде, тіпті. Моңғолияда арнайы заң барын көлденең тартады: «Егер аранйы заң болса, отандық тау-кен металлургия өнеркәсібінің дамуына тиімді жағдайлар қалыптастырар еді. Өйткені, салаға қатысты барлық ережелер мен нормативтер осындай жиынтық заңдар аясында реттелетін болады». Тау-кен саласына қатысты тағы бір жағымды жаңалық, 2013-2014 жылдары еліміздегі кәсіпорындар алғаш рет айыппұл ретінде салынатын санкциясынсыз жұмыс істеуі мүмкін. Николай Радостовецтің хабаралуынша, «экологияға байланысты бірнеше күрделі мәселе бар. 2020 жылға дейін атмосфераға шығарылатын қалдықтарды азайту бойынша Қазақстан мойнына алған міндеттемелерді орындауға тырысып жатырмыз. Алайда оны жүзеге асыруда қазір сәйкессіздіктер кездесуде. Соған байланысты, Үкіметке ұсынысымыз бар. Айыппұл санкцияларын қолданбай, 2013-2014 жылдары кәсіпорындардың пилоттық тәртіпте жұмыс істеуін ұсынамыз. Яғни, бізге бұл әдістің қалай жұмыс істейтіні туралы түсінік қалыптастыру қажет. Ал 15-ші жылдан бастап біз СО2 шығаруға қатысты толық көлемде айыппұл санкцияларын салу туралы мәселе көтеретін боламыз. Оның мөлшері қанша болатыны кейін белгілі болады». Көмір мен газдың қайсысын таңдау құқығын кәсіпорындардың өзі шешуі тиістігін ескерткен ол нысандар өндірісін газдандыруға басым бағыт беретінін жеткізді. Бұл баға төңірегінде нақты түсініктердің қалыптасуына мүмкіндік жасайды: «Қазір Үкіметтің газды ел мүддесіне қолданудың механизмдерін қарастырып жатқанын білеміз. Сонымен қатар, бізге ұзақ мерзімді көліктік саясат қажет. Қыркүйек пен қазанда біз вагон жетіспеушілігіне тап болдық. Аталған проблема әлі де бар. Өйткені, Қазақстан импорты 30 пайызға артты». Алтын мен мыс – маңызды 

Қазақстан алтын кені бар ежелгі өлкелердің бірі саналады. Ол алтынның нақтыланған қоры бойынша әлем елдерінің бірінші ондығына, ал өндірісі бойынша – үшінші ондығына кіреді. Оның баланстық қоры 196 кен орнында (126-сы түпкі кен орындары, 47 кешенді, 23 кенқайраңдық) есептелген. Алтын өндірілетін ірі кен орындары: Солтүстік және Орталық Қазақстанда – Жолымбет алтын кені, Бестөбе алтын кені, Ақсу алтын кені, Ақбейіт алтын кені; Батыс Қазақстанда – Юбилейное; Шығыс Қазақстанда – Бақыршық алтын кені, Суздаль; Оңтүстік Қазақстанда – Ақбақай алтын кені. Өнеркәсіптік игерілуге Көкшетау ауданындағы аса ірі Васильков кен орны даярланған. Қазақстанда негізгі алтын көздерінің бірі Кенді Алтайдағы колчедан-полиметалл кен орындары: Риддер-Сокол, Тишин, Малеев, Грехов. Сонымен қатар бұл бағалы тас негізгі міндеті мыс өндіруге негізделген Бозшакөл, Самара, Ақтоғай мыс кені, Айдарлы, мыс-колчеданды Аралшың, Лиманды, колчедан-полиметалды Абыз, Майқайың, Миөзек, Құсмұрын, Ақбастау, скарндық мыс кентасты Саяқ тобының кен орындарында да табылады. Алтын және күмәспен бірге ең алдыңғы қатарда тұрған салалардың бірі – мыс өндіру. Мыстың басты бөлігі – Балқаш өңіріне тиесілі. Негізі Балқаштағы кен орындарын игеру 1928 жылы инженер, геолог И.Русаковтың басшылығымен Қоңырат тауларындағы геологиялық-барлау қызметінен басталған. Ғылы­ми зерттеулердің арқасында Қоңыраттағы мыс қорының өте мол екені анықталып, сол аймақтан мыс өндіретін кәсіпорын салу жоспарланыпты. Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен Балқашқа қарай ағылған ерікті топ, жұмысшылар, шаруалар, комсомолдар мен коммунистер осы нысанды салуға жұмылдырылады. Құрылысты салуға қажетті керек-жарақ алғашқыда атпен, түйемен тасылса, кейінірек жүк Балқаш көлі арқылы Бөрлі-Төбе айлағынан Бертіс шығанағына жеткізіліп тұрған. Толассыз төгілген тердің арқасында 1935 жылы Балқаш-Қарағанды теміржолы уақытша пайдалануға беріліп, жылу электр орталықтарының құрылысы басталды. 1935 жылы мыс алыбының негізгі цехтарымен өндіріс нысандарын тұрғызуда қазақпен бірге орыс, белорус, украин, татар, армян т.б. ұлт өкілдері аянбай еңбек етті. Осылайша, 1938 жылдың 24 қарашасында алғаш рет Балқаштың қара мысы алынды. Мыс өндіретін кәсіпорын құрылысымен қатар 1934 жылы Балқаш қаласының негізгі құрылысы қолға алынған еді. Мәселен 1937-1938 жылдар аралығында Қоңырат кен орнының құрылысы, «Ударник» кинотеатры, Балқаш ТЭЦ-і бой көтерді. Ұлы Отан соғысының қарсаңында ашылған Гүлшат пен Шығыс Қоңыраттағы мырыш пен молибден кеніштерінің қорғаныс өнімдерін жабдықтауда өте маңызды қадам еді. Оған 1941 жылы Мәскеуден көшіріп әкелінген Кольчугино түсті металдар зауыты қосылды. 1997 жылы 7 ақпанда «Балқашмыс» мүліктік базасын сатып алған «Қазақмыс» корпорациясы Балқаш тау-кен комбинатын құрды. Корпорация бүгінде мыс өндіруден әлем бойынша – 11-орында (жылына 299 мың тонна мыс өндіріледі). Концентраттағы мырыш өндіру бойынша Қазақстанда – екінші орында (140 мың тонна). Күміс Қазақстанда – 1-орында (13 млн. унция), ал алтын бойынша 4-орында (151 мың унция). Өндіріс қарқынын арттыруға баса назар аударып отырған кәсіпорынның негізгі аймағы Қарағанды облысы болып табылады. Өйткені мұнда төрт кен орны мен үш кен байыту фабрикасы бар. Бүгінде бағалы металл цехында жылына 10 тонна алтын, 400 тонна күміс өндіріледі. Былтыр аталған цехтың бастығы Ерік Ноғаев газетімізге берген сұхбатында 2012 жылдың алғашқы үш айында шығарылған 69 мың унция алтын құймасы ҚР Ұлттық банкінің алтын қорына өткізілгенін айтқан еді. Кен орнында өндірілетін алтын ай сайын нарықтық бағасы бойынша 2012 жылдың соңына дейін Ұлттық банкке жеткізіліп тұрмақ. Әлемдік нарықтағы ахуал отандық өндіріске де ықпалды. Мәселен 2008 жылы 2012 жылдың басында 1 тонна мыстың орташа бағасы 7 мың 661 доллар болса, 2012 жылдың 31 наурызында 8 480 долларға тең болған. Бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясы Қазақстанда өндірілетін барлық мыстың 90 пайызын шығарады. Қолда бар деректерге сәйкес, 2012 жылы кәсіпорын орташа құрамдылығы 0,95% (мыс құрамдылығы) 37.5 млн тонна мыс кенін өндірген. Компанияның тәжірибесіне салсақ, ол алдымен кенді үгітудің бірнеше сатысын қолданады, одан кейін шикізатты кәсіпорынға тиесілі кен байыту фабрикаларының бірінде өңдейді. Кейін концентрат дайын металлға айналдырылуы үшін металлургиялық бөлімшелерге жеткізіледі. Қазақстандық тау-кен металлургия саласын дамытуда «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан атқарылып жатқан игі бастамалар көп.