Жаңалықтар

СИЫР ЕМЕС, ШОШҚА ЕТІН ӘКЕЛУДЕ

ашық дереккөзі

СИЫР ЕМЕС, ШОШҚА ЕТІН ӘКЕЛУДЕ

Жекелеген кооперативтерді пайдаланған бастықтар мемлекет меншігіндегі малды өзара бөлісіп алғанда, шаруалардың қорасында тігерге тұяқ қалмаған. Арада 20 жыл өткенде үкімет сол олқылықтың орнын толтыруға кірісті. Бірақ бұл ата-бабасы мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақтардың қорасы малға толады деген сөз емес. Әрі бүгінде «қытайлар жақтан сиыр етінің орнына шошқа еті келуде, Алматыда арзан кәуап көбейді» деген қауесет те пайда болды…

Батыс Қазақстан облысында өндірілген 500 тонна мұздатылған ет ресейлік нарыққа жол тартты. «Қазагро» Ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, импортталған ет өнімі батысқазақстандық «Crown Батыс» ЖШС мал бордақылау кешенінде дайындалыпты. Сатып алушы – ресейлік «Глобал-Фуд» ААҚ. Үкіметтегілер «Қазагро» Ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорны саналатын «Қазагроөнім» АҚ қолдауымен жүзеге асырылған бұл жоба ет экспортын арттыруға ықпал етеді деп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2010-2011 жылдарда «Қазагро» таратқан несиенің арқасында елімізде 29 мың 800 бордақылау алаңы салыныпты. Былтыр шаруалардың бастамасымен 17 500 орындық жүйе құрылыпты. «Сыбаға» бағдарламасының шеңберінде 2011-2012 жж. 2,4 мың шаруа қожалығы 115 мың ұрғашы мал мен 4 жарым мың асылтұқымды бұқа сатып алған. Биыл жыл соңына дейін тағы да 42 мың ірі қара сатып алынбақ.

Ресейлік «МК Холдинг» компаниясының өкілі Денис Пайчуктің айтуынша, қазақтардан ет сатып алмас бұрын ішкі ет нарығымен және отандық кәсіпорынмен танысуға біраз уақыт кеткен көрінеді: «Біз Қазақстанға келіп, жақынырақ таныстық. Мейрамханалар мен бас аспаздарға дәм татырып, олардың ойларын білдік. Олардың барлығына да ет ұнады. Осыдан кейін етене араласып, тығыз қарым-қатынас орнатуға шешім қабылдадық. Сауда маусымы енді басталды. Қазақ серіктестеріміз біз тапсырыс берген көлемді қиындықсыз орындайды деген үміттеміз. Ал біз оларды жерге қаратпауға, сенімдерін ақтауға уәде береміз». Осылайша ағынан жарылған ресейліктер енді өз елдерінде тұтынушыларға қазақтардың еті туралы кеңінен насихат айтып, оларды барынша көбірек тұтынуға үгіттеуі тиіс. Қазақтар үшін ет пен ет өнімдерін Ресейдің Мәскеу, Орынбор, Екатеринбург, Челябі, Омбы, Новосібір, Барнаул қалаларына жеткізгені әлдеқайда тиімді. Әлбетте, бұл экономикалық тұрғыда қазақ экономикасына тиімді дегенмен, біздің кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді деген сауал туындайтыны анық. Өйткені, Ресейдегі баға мен біздегі бағаның арасы жер мен көктей. «Жұмыртқадан жүн қырқатын» пысықай ресейлік алыпсатарлардан қорыққан Ахметжан Есімов (ол кезде ауыл шаруашылығы министрі) нанның бағасын өсіріп жібергені мәлім. Экс-министр өз әрекетін «Бізде нанның арзан болуы Ресейге экспорт көлемін арттырып жібереді. Осының салдарынан өзімізге нан жетпей қалады» деп түсіндірген болатын. Күні кеше ғана Министрлер кабинетінің бір мүшесі Са­уат Мыңбаев мұнай құнын Ресейдегі бағамен бірегейлендіруге ұсыныс айтты. Көп ұзамай жанар-жағар май қымбаттады.

2009 жылы халықаралық ұйым – FASUSDA дүние жүзі бо­йынша ірі қара етінің экспорты 7322 мың тоннаға тең екенін, ал ет импортының көлемі 6696 мың тоннаға жететінін хабарлаған еді. Тұтынушылық нарық шеңберінің кеңуі әрі халықтың әлеуметтік ахуалының артуы етті тұтыну көлемін арттыратыны белгілі. Негізі ет экспортында Қазақстанның ұтатын тұсы көп. Мәселен, жайылымдық жерлер көлемі 180 млн. гектарға тең. Әлбетте, бір кездері жекеменшік бизнестің қолына өтіп кеткен орасан зор аумақты мемлекет меншігіне қайтарып алу қажет. Сонымен қатар дамыған елдердегідей емес, Қазақстандағы мал бордақылау технологиясы экологиялық жағынан таза әрі өндірілетін өнім денсаулыққа пайдалы. Логистика мәселесіне келсек, орталықазиялық елдер арасындағы ең ірі нарық – Ресеймен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатыр. Демек, өнімді тасымалдауға кететін шығын аз. Тағы бір артықшылық – мал шаруашылығын қазақтар ата-бабасынан кәсіп еткен. Бордақылау, мал жаю не бағу бізге қиын емес.

Ресми деректерге сүйенсек, 1990 жылдан бері мал саны екі есеге дейін азайған. Мәселен, осыдан 23 жыл бұрын 9 757,2 ірі қара, 35 660,5 мың қой мен ешкі, 3 223,8 мың шошқа, 1 626,8 мың жылқы, 59,9 млн. құс болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш едәуір төмендеген. Анығында, ірі қара – 5 702,4 мыңға, қой – 18 091,9 мыңға, шошқа – 1 204,2 мыңға, құс – 32, 9 млн.-ға кеміген. КСРО-ның іргесі сөгілген сәтте Одақ құрамында болған мемлекеттердің барлығы дерлік егемен ел ретінде барлық саланы жаңадан қалыптастыруға көшті. Ол кездері 1995 жылға дейін қазақтар басқа-басқа ауыл шаруашылығы жекешелендірілмейді деп сенген. Бірақ ауылшаруашылығы кооперативтеріне біріге бастаған бұл саладағы басты байлық мал болатын. Көп кешікпей ашкөз басшылар малды өзара пышақ үстінен бөлісіп алды да, шаруасы шайқалған шаруалардың қорасында тігерге тұяқ қалмады. Ірі қараның саны едәуір кемігеніне қарамастан біз ет экспортымен айналысудамыз. Бір қызығы, қазір қазақтар шекара сыртына мал емес, балық етін тасымалдауда белсенді. Жалпы, экспорттың 85 пайызына тең балықтың көлемі 18 227,7 тонна екен. Ең басты тұтынушымыз, әлбетте, ресейліктер. Одан кейінгі кезекте Литва, Германия, Дания, Украина, Грузия, Нидерландтар, Польша мен тіпті, Қытай тұр. Есесіне, импорт көлемі тәуелсіздік алғалы 10 есеге бір-ақ шарықтапты. Мәселен, жесе тісіне кіретін, жемесе, түсіне кіретін жылқы етін қазақтар Болгария, Канада, Уругвай мен Мексикадан таситын көрінеді. Ал шошқаны мұхиттың арғы жағынан, яғни, АҚШ-тан аламыз. Сонымен қатар бұл тізімде Польша мен Канада бар.

Ет импортына қатысты тағы бір жағымсыз жаңалық, Қазақ­стандағы Халал индустриясы Ас­социациясының өкілі Гүлжазира Нұралбаева Қазақстанға импортталатын ет өнімдері арасында Қытайдан келетін шошқа еті барын көлденең тартты. Оның айтуынша, қытайлар бізге сиыр еті деп шошқаның етін жіберіп жатқан көрінеді: «Еуропада жылқы етіне қатысты дау туып жатса, көптеген қазақстандықтар сиырдың еті деп түрлі химикаттармен өңделген доңыз етін жеп келе жатқанын білмейді. Оның әдісі де қарапайым – доңыз етін арнайы сиырдың еті қосылған қоспада екі сағат ұстаса жеткілікті. Осылайша жалған «халал» өнімі экпортқа шығарылуға дайын». Яғни, арнайы химиялық қоспада өңделген етті сиыр етінен айыру қиын екен. Ондай еттің дәмі де түсі де сиырдікіне қатты ұқсайды. Тек генетикалық деңгейдегі жан-жақты сараптама ғана анықтамақ. «Осындай етті Алматыдағы кәуап сататын дәмхана, мейрамханалар сатып алады. Ал, ондай өнім базарда сатыла ма, жоқ па, маған белгісіз» деген Г.Нұралбаева Алматыда арзан кәуаптың көбейіп кетуі осы шошқа етінің арқасында дейді: «Бізге Қытайдан жасанды жұмыртқалар әкелініп жатқаны белгілі. Онда желатиннен басқа табиғи зат жоқ, оның өзіне шошқаның майын қосады. Бұл жасанды жұмыртқаны тауықтың жұмыртқасынан айыру өте қиын. Осындай тауарды шекарада тексеру мүмкін емес, өйткені құжат бойынша сиырдың жас еті мен тауықтың жұмыртқасы деп көрсетілген. Ветеринарлық дәрігердің өзі арнайы зертхананың көмегінсіз өнімнің табиғи екендігін анық айта алмайды». Бұл әрине, тұтынушылар құқығы мен денсаулық саласының мамандары сияқты құзырлы органдар анықтауы тиіс мәселе.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ