Жаңалықтар

МЕРЕКЕНІ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫРДЫ

ашық дереккөзі

МЕРЕКЕНІ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫРДЫ

Наурыз – Түркі халқының ежелден-ақ тойлап келе жатқан дәстүрлі мейрамы. Бұл мереке бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, татулықтың, молшылықтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні еліміздің барша аймағында тойланды. Тіршілік жаңарып, күн мен түннің теңелетін ұлық мерекесін Алматы қаласындағы Оқушылар сарайы да атап өтті.

Оқушылар сарайы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Армысың, Әз Наурыз!» атты мерекелік кешке Алматы қаласының жас өнерпаздары қатысты. Меркелік кеш барысында Наурыз тақырыбында театрландырылған көріністер мен халықтық қолданбалы өнер көрмесі назарға ұсынылды.

Оқушыларға арнап ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Бұл мереке жас бүлдіршіндерге халықтық дәстүрлерімізді насихаттап, ұлттық құндылықтарымызбен таныстырды. Ұлттық тағам түрлері балалар үшін тегін таратылып, мерекеге келген кез келген қонақ наурыз көжеден дәм татуға мүмкіндік алды. Мерекеге қалалық мектеп оқушылары, ата-аналар қауымы мен педагогтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері, аудандық Оқушылар сарайының директорлары мен тұрғын үй басқармасының өкілдері шақырылды.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ел болып атап өтуге мұрындық болған Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Тұрысбеков: «Наурыз мейрамы түркі елдерінде бір ай тойланады. Біз де оқушылар, ұстаздар, ата-аналар қауымына арнап жыл сайын мерекелік кеш ұйымдастырамыз. Жасөспірімдерге наурыз мейрамының тарихын түсіндіріп, ұлттық дәстүрлерімізді көрсетеміз. Киіз үйлер тігіп, Наурыз мерекесінің ұлттық тағамы Наурыз көже дайындап ұсынамыз. Қаламыздағы 200-ден астам мектептің оқушылары келді, сарайымыздың көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері өнерлерін ортаға салады. Балаларға арнап ұлттық ойындар ұйымдастырамыз. Ұлық мерекеміз жалғасын тапса екен, кейінгі жас ұрпақ Наурыз мерекесін ұмытпасын деген ниетпен осындай мереке өткізуді дәстүрге айналдырдық», – дейді.

Әсел ӘНУАРБЕК