Жаңалықтар

Таныс жүздер, таптаурын сөздер

ашық дереккөзі

Таныс жүздер, таптаурын сөздер

Гүлбиғаш ОМАР

Өткен аптада Астанада Еуразиялық медиа форумның он бірінші отырысы өтті. Осыдан жарты жыл бұрын ғана бұл ұйым Елордада мерейтойлық басқосу өткізген болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолғы жиынға 46 мемлекеттен 600-дей делегат қатысты. Бірақ жылдан-жылға форумға қатысушылардың саны да, олардың айтар әңгімесі де сұйылып бара жатқандай көрінеді.

Мұның бір себебі, форумның модераторлары мен кейбір делегаттарының «тұрақты қонақтарға» айналуында жатса керек. «Әл Жазира интернешнл» телеарнасының продюсері әрі жүргізушісі Риз Ханның осы жолы тағы да модератор болуының сыры неде? Әлде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестерді белгілі бір тақырып төңірегінде ой жарыстыруға шақыратын, өзара пікірталасты ұйымдастыра алатын қазақтан шыққан сарапшы не журналист жоқ па? Сондай-ақ форумға жыл сайын белгілі бір тұлғалардың қайта-қайта шақырылатыны да бұған дейін талай рет айтылды. Мысалы, Ресейдегі «1-арнаның» тележүргізушісі Максим Шевченко, «Әл-Хурра АҚШ» телеарнасының бас редакторы Акрам Хузамдар үшін бұл басқосуға қатысу жылдық жұмыс кестесіндегі міндетті шаруа іспеттес. Оның үстіне, осы форумды жүргізіп келе жатқан он шақты жылда Риз Хан қазақша үйренсе де ештеңе емес қой, ол ағылшынша сөз сөйлеп, қонақтар орыс немесе ағылшын тілінде пікірталас өрбіткенде, «Біз қай елде отырмыз?» деген сұрақ еріксіз туындайды екен. • Форумның мәлімдемесі Н.Ә.Назарбаев: «АБСУРД!»

Президент Н.Назарбаев өзінің беташар сөзінде Еуразиялық экономикалық одақты құру себептері туралы айта келіп, «Ресей қайтадан империя құрып, «жаңа» Совет Одағын қайта құрып жатыр» деген сыбыстарға «Абсурд!» деп бір-ақ ауыз сөзбен тойтарыс берді. «Біріншіден, осы жерде әлемдік БАҚ өкілдері жиналғанын ескере отырып, айтайын: Қазақстан өзінің көпғасырлық тарихында тұңғыш рет тәуелсіздік алды, өз тарихында тұңғыш рет еркіндік дәмін, тәуелсіздік дәмін татты. Ендеше, біз ешкімге бұл тәуелсіздіктің бір мысқалын да бермек емеспіз. Егер қандай да бір одақтар біздің Тәуелсіздігімізге, Конституциямызға нұқсан келтірер болса, онда біз дереу ол ұйымды тастап шығамыз, оның құрамынан шығамыз. Басқалар да осылай ойлайды. Әңгіме тек экономикалық интеграция туралы. Оның ең соңғы әрі жарқын мысалы – Еуропалық одақ», – деді.

• Форумның әттеген-айы ҚАЗАҚТЫҢ ИСІ ШЫҚҚАН ЖОҚ 

Еуразиялық медиа форум 11 жылда қазақша «тіл сындырмады». Медиа форумда модераторларының дені – шетелдіктер. Сырттан келген қонақ болғандықтан, олардан форум өткізіп отырған елдің мемлекеттік тілінде әңгіме-дүкен құруын талап ету қиындау шығар. Ал модераторларды жергілікті азаматтардан сайлағанда, сессия арасындағы беташар сөздер, залға қойылған сұрақтарды қазақша жеткізудің әбестігі болмас еді. Басқосудың беташар сөзі мен жабылу салтанатында айтылған сөз де – орысша. Осылайша, ұйымдастырушылар мен модераторларға керек болмаған мемлекеттік тіл форум сыртында қалды.

• Форумның әзілі «ФОРУМДЫ ЖАПСА ДА БОЛАДЫ» 

Форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның сөз сөйлеу үшін мінберге көтерілуі мұң екен, Президент: «Астаналық медиа-форум Назарбаевтар үшін отбасылық шараға айналды», – деді күліп. Д.Назарбаева іле-шала: «Солай деуге де болады», – деп жауап қайырды.«Осыдан жарты жыл ғана бұрын форум өтті. Өзінің беташар сөзінде Президент журналистерді ғана емес, саясаттанушыларды, тарихшыларды, ғалымдарды алаңдатқан барлық мәселелерге сұрақтарға жауап берді, мен оған «Енді форумды жаба беруге де болады» дедім. Оның үстіне, ол қазақстандық команданың жұмысын әлдеқайда жеңілдетті. Шетелден келген журналистер Президентке дәл осы мәселелер бойынша сұрақ қойғысы келген. Солай ма?» деп тағы әзіл өрбіткен Д.Назарбаева: «Еуразиялық медиа форумның қатысушылары атынан, Президент мырза, мен сізге қошемет білдіремін әрі алғыс айтамын», – деді.

  СИРИЯДА – ЕКІ СОҒЫС  

Таяу Шығыстағы саяси ахуалды талқы­лау сессиясына модератор болған ре­сей­лік журналист Максим Шевченко өзі­нің Сирия президенті Башар Асадпен кездескенін айтып, басы дауға қалды. «…Біз оның (президенттің – ред.) Дамаскінің орталығындағы үйінде кездестік, бізді тінтіп шықты, айналада құстар ән салып тұр, қоршалған қамал мен бой тасалаған пана іздеген басшыны көре алмадық» деген Шевченко Асадты «Өзіне сенімді, қажырлы, дегенмен де жауапкершіліктен қажи бастаған адам» деп сипаттады. Сұрақ қоюдың орнына естелік айтып кеткен Шевченконы «Әл-Хурра АҚШ» телеарнасының бас редакторы Акрам Хузам: «Тақырыптың модераторы өз көзқарасын бұлай ашық білдіруге құқылы емес. Ол тек басқаларға сөз беріп, сұрақ қойып отыруы керек», – деп сынады.

Сирия ақпарат министрлігі департа­ментінің директоры Нәбил Омран: «Сирияда соғыс, алапат, ұрыс жүріп жатыр. Қан судай төгілуде. Меніңше, қазір екі соғыс жүріп жатыр. Біреуі – нақты, яғни, Сирия армиясы өзінің танктерімен қақтығысқа араласуда. Екіншісі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы майдан. Яғни, ақпараттық-саяси науқан жүріп жатыр. Ал шын мәнінде қандай? Бұл қорқынышты, құдды бүкіл әлем Сирияда соғысып жатқандай. Екінші дүниежүзілік соғысқа 24 мемлекет араласқан. Ал Сирияда 70 ел соғысып жатыр. Мен мұны сіздерге қалай жеткізерімді білмеймін. Бұл нағыз соғыс. Соған қарамастан, біздің армия төтеп береді деп үміттенемін», – деп, өз еліндегі жағдайға сипаттама беріп өтті.Ұлыбритания парламентінің мүшесі Джордж Галлоуэй: «Мына жәйтке назар аударайық. Бостон марафонын жарған екі шешен Дамаскіде солай жасап, өзін бостандық күрескері деп жариялады дейік. Жуырда Кэмерон мырзамен кездестім. Одан біз соғыс жүргізіп жатқан «Әл Каида» мен біз қолдау көрсетіп жатқан «Әл Каида» арасындағы айырмашылықты айтып беруін сұрадым. Мардымды жауап болмады», – деп шетін мәселенің ұшығын шығарды.Ал саясаттанушы «Херитедж фаундейшн» қорының өкілі Ариэль Коуэн Батыс елдерінің Сириядағы саясатын ашық сынға алды. «Меніңше, АҚШ пен Еуропа Мысыр, Либия, Ирак, Тунис және Сирияның ішкі ісіне араласып, қателікке ұрынды. Аймақты үстірт білетіндіктен осылай жасап отыр. Бір сөзбен айтқанда, надандықтың кесірінен. Егер билікке келген немесе енді келетін күштерге қарасақ, олар АҚШ-қа да, Еуропаға да жау. Ал АҚШ Азияға бет бұрды. Таяу Шығыстан кетіп жатыр деген әңгімеге келсек, геосаяси тұрғыдан алғанда, бұл түсініксіздеу. Өйткені содырларға еркін мүмкіндік туады. АҚШ пен Кеңес Одағының Ауғанстаннан кеткен кезіндегідей үйінді қалдыратын болса, болашақта қандай байланыс болатыны келісілмесе, онда мұны көрсоқыр саясат деп атау керек», – деді ол. Мысырдың «Әл Аһрам» газетінің атқа­рушы редакторы Мұхаммед Сабрин: «Демократия қазіргі таңда бұл аймақта тек сөз жүзінде қалып отыр. Біз Американың соғысына әбден тойдық. Біздің аумақ деп сан қилы қақтығыстар жүріп жатыр. Америкалықтар Таяу Шығыс, Ауғанстан және өзге елдерге алапат алып келді. Ашығын айтсақ, бұл жерге жиналғандар көзі ашық, білімді азаматтар. Сондықтан, жаңсақ ойлаудан арылатын кез жетті», – деді. Одан әрі «Біз БАҚ кінәсіз деп айта алмаймыз. Олар да осы ойынның бел ортасында. Біздің аймақта ойын әлі жалғасуда. Мұнай мен газ үшін ойын. Біз бетперде киіп, америкалықтардың демократия мен еркіндік, бостандық сияқты әдемі сөзіне сенуіміз мүмкін. Кейде солай болғанын да қалаймыз. Сайып келгенде, американдықтар Қытай даналығына жүгінеді. Олар жағада тұрып, жауы суға батып кеткенше күтеді», – деді ашынып.   АҚШ-ты ҚОЛДАУШЫ ТАБЫЛМАДЫ  

2014 жылы Ауғанстаннан НАТО мен АҚШ әскерін шығарғаннан кейінгі Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздіктің жайы не болмақ? Бұл мәселе бойынша сарапшылар пікірі бір-біріне кереғар.

«Әл Жазира интернешнл» телеарнасының аға жүргізушісі Стивен Коул: «Бірнеше жеті бойы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесін електен өткізді. Бұл соңғы жиындарының бірі. Жақында ББҰ-ның Ауғанстандағы елшісімен әңгімелестім. Ол өтпелі кезеңде шиеленістен қиналмай шығу үшін белгілі бір күш белсенділік танытуы тиіс деді. Обама мырза әскерилердің үйіне оралатынын айтып, жұрттың қошеметіне бөленді. Ауғанстан – аймақтағы аса маңызды мекен болып табылады. Ең бастысы, ауған халқының ішіндегі түрлі топтар арасында осы мәселе бойынша келіссөз жүріп жатыр», – деп тақырыпқа жалпылай түсініктеме берді.Форумда АҚШ тарапына талай сын айтылғанымен, бұл елдің ұстанымын қорғайтын сарапшы болмады. Шамасы, ұйымдастырушылар бұл көзқарасты Акрам Хузам, Рой Гатман сияқты америкалық журналистер қолдайды деп санаса керек. Бірақ жоғарыдағыдай ауыр айыптауларға тойтарыс беретін тұжырымды пікір ести алмадық.Керісінше, америкалық журналист, Пулитцер сыйлығының иегері Рой Гатман АҚШ-тың Ауғанстандағы миссиясы сәтсіздікке ұшырады деп мәлімдеді. «Американ әскерінің Ауғанстанда болуына тоқталатын болсақ, мына жәйтке назар аударуға тиіспіз. Ауғанстан әлі де қауіп-қатердің ошағы болып тұрған кезде Американың мақсаты орындалды деу­ге келмейді. Миллиондаған ауғандар қаза тапты. Бұл нәубет әлі де жалғасуы мүмкін. Мұндай құбылысты Кеңес Одағы күйреген кезде байқаған едік. Біз мұның бәрі Ауғанстанда басталмағанын ұмытпауымыз керек. 90-шы жылдары америкалықтар мен пәкістандықтар Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандырудың орнына жеңіс тойын тойлап жатты. Олар кеткенде астаң-кестеңі шыққан ел қалды. Сөйтіп, Бен Ладен, түрлі жікшіл топтар пайда болды», – деді ол. Иран Ислам Республикасының президент­тігіне үміткер Хушанг Әмірахмади: «Менің ойымша, Ауғанстаннан халықаралық коалиция күштерін әкетуге қатысты Иранның ұстанымы көңілге қонымды. Өйткені Ауғанстанды жаулап алудың ұзаққа созылып, жағдайдың ушығып кетуі – аймақтың бет-бейнесіне әсер етті. Міне, енді әскерге әкетуге тура келіп тұр. Меніңше, қазір Ауғанстан өзін қорғап, елдегі ахуалды тұрақтандыруы тиіс. Соңғы жылдары «Талибан» қозғалысының күшеюі әлгі жаулап алудың ұзаққа созылуынан. Соның нәтижесінде діни күштер ұлттық қуатқа айналды. Олар туған жерді қорғаймыз дейді. Егер НАТО өз әскерін әкетсе, мұндай мәлімдеме жасауға қисын жоқ. Өйткені, ауған халқы өз жерін қорғайды», – деді.Ал Қырғыз Парламентінің депутаты Қаныбек Иманәлиевтің «Соңғы 40 жыл бойы біз Ауғанстанға әскердің көзімен қарап келеміз. Бірақ Ауғанстан экономикасымен де қызықтырады. Бүгінде бұл елге барлық қайырымдылық ұйымдарының назары ауған. Болашақта Ауғанстан Пәкістан мен Орталық Азия арасындағы өткел елге айналуы мүмкін. Бүгінде Қырғызстан мен Тәжікстан осындай жобаға қатысуда. Жоба Қырғызстан мен Тәжікстаннан электр қуатын қайтарымсыз түрде Ауғанстан арқылы Тәжікстанға жеткізуді көздейді. Сол себепті, Ауғанстан бүгінде ізгілік көмекке зәру. Ол жерде минералдық кеніштер, сирек кездесетін металл жеткілікті. Алайда нақты жұмыс істеп жатқан тек Қытай компаниялары ғана» деген ойы көкейге қонымды. Осы орайда, Ауғанстан президентінің саяси мәселелер бойынша министр-кеңесшісі Мұхаммед Яхия Маруфидің көп сұрақтарға жауап беруіне тура келді. Ол: «Соңғы бір жылда Ауғанстанда болып жатқан құбылысты мүдде тапсыру деп бағалаған жөн. Меніңше, АҚШ 11 қыркүйектен кейін, ал Ауғанстан 30 жылға созылған дағдарыстан соң, сондай-ақ, «Талибан» мен «Әл Қаида» сияқты ұйымдар пайда болған соң, мүдде атаулы тоқайласа түсті. Бұлардың барлығы бір бағытта лаңкестікпен күрес жүргізе бастады. Жыл бойы әскер шығарылады. Әйтсе де, жасақты қалдыра тұруға қажеттілік болғаны рас. Өйткені, демократия бір түнде орнамайды. Соған қарамастан, шапқыншылыққа ұшыраған Ауғанстан оянып келеді. Бұл біздің ең негізгі мақсатымыз еді», – деді.Ресейлік саясаттанушы Юрий Солозо­бовтың: «Мен бұл жерде Нұрсұлтан Назар­баевтың сөзіне қосыламын. Менің ойымша, Ауғанстаннан әскер шығару мәселесі көпшілікке психологиялық тұрғыдан теріс әсер ететіндей болып көрінді. Ресей сарапшылары үш бағытта қауіп-қатер сақталады деп есептейді. Біріншіден, көрші елдерге әскери мүлікті шығару. Айталық, болашағы түсініксіз, бірақ аймақтағы кеудемсоқтығы басымдау Өзбекстанға Орталық Азияның шекарасы құқық­тық тұрғыдан бекітілген. Бірақ шекараны қорғап әлі ешкім соғысқан жоқ. Екіншісі, аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіретін — есірткі. Ресей оны ауыздықтау үшін өңірдегі елдермен ұжымдық қауіпсіздік мәселесін күшейтуге дайын. Үшіншісі, босқындар түйт­кілі. Орталық Азия елдері бұған дайын тұруы тиіс» деген ойының Кремльдің ресми ұстанымына өте ұқсас екенін аңғармау қиын емес. ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА КӨШУ ОҢАЙ ЕМЕС 

Еуразиялық медиа форумда әдетте Қа­зақ­стандағы саяси-әлеуметтік мәселелер­дің талқыға салынуы сирек. Бұл жолы да ұйымдастырушылар кереғар пікір туғыз­байтын тақырыпты – Қазақстанда «жа­сыл экономиканы» қалыптастыру мәсе­леле­рін таңдапты. Бұл жөнінде премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келім­бетовтің пікіріне құлақ түруге болар: «Егер 2007 жылмен салыстырсақ, өсім шынында да төмен. Айта кету керек, одан кейінгі үш жыл әлемдегі және Кеден Одағы елдеріндегі үлкен дағдарыспен есте қалды. Егер 2009 жылды 2008 жылмен, 2010-ды 2009-бен салыстырсақ, 20-30 пайыз өсімді көреміз. Кеден Одағын тездетіп құру идеясы сол дағдарыс өршіп тұрған кезде мақұлданды. Бұл посткеңестік экономикалық кеңістікке берілген жауап еді. Оның үстіне Президент Н. Назарбаев 1994 жылы ТМД жаңа құрылған кезде посткеңестік елдер өзара экономикалық байланысын үзбеуі тиіс деген. Сондықтан, 1994 жылы Еуропалық Одақ бізге үлгі еді. Біз оны зерттедік. Бір кездері тіпті киелі одақ еді. Біз Еуропалық Одақ шеңберінде тындырылған шаруаға жүгіндік. Тәжірибенің бір белгісі еуропалықтардың бұл одаққа көп уақыт жұмсап жетуі. Біз интеграцияға дереу қол жеткіздік. Алайда Еуропалық Одақ күрделі бірлестік. Оның құрамында 20-дан астам ел бар. Ал бізде үшеу. Қазірдің өзінде еуропалық интеграцияның кемшілігі көрініп қалды. Сол себепті еуропалықтардың өз кемшілігін қалай түзетіп жатқанын зерттеу бізге керек-ақ. Біз интеграцияның озық үлгісін пайдалануға тырысамыз».

Ал ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «2050 Стратегиясы қазіргі ең басты міндет. Мақсат айқын, жақсы әрі тиімді Үкімет бар. Мемлекет экономикалық дамудың жоғары деңгейінде тұр. Бұл жасыл экономика бойынша міндетті орындауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, оңайға соқпайды. Бірақ біз қуатты экономикалық өсім арқылы мұратымызға жетеміз» дегеннен артық тұшымды ой айта алмады. Сырт көз ретінде Ernst аnd Yong, EMEIA аймағындағы таза технология мен қызмет көрсету бағытының жетекшісі Роберт Сайтердің пікірін келтірсек: «Егер соңғы 5-10 жылды алып қарасақ, осы жасыл технология қатты дамып кетті. Әу баста саяси мәселе еді. Сосын маркетинг түйткіліне айналды. Бүгінде барлық мекемелер, қандай да бір тауар өндіруші «жасыл несиеге» қарамайды. Олар өзінің өндірісіне қарайды. Өйткені, тәуекелге барғандар ғана қатарда қалады. Әлемде қор атаулы таусылып барады. Сондықтан, экономикалық талапқа сай болу керек. Бұған қоса, олар заңға сәйкес жұмыс істесе де, өзі жөн көрген стандартқа сай болса да, тұтынушы табылатынын жақсы біледі. Сайып келгенде, жаңа жүйеге ауысу үшін ақша қажет. Мынадай қоғам немесе мынадай мемлекет бұған қол жеткізе алады деген ұғым жоқ. Әлемдік деңгейде көз салсақ, Еуропаның кейбір елдері осы жүйеге көшіп, жоғары жетістікке жетті», – деді ол. P.S. Сонымен, тағы бір форум өтті. Алты жүздей қонақ келіп, қазақ астанасының төрінде отырып, әлемдік оқиғалар туралы пікір алмасты. Бұдан не ұттық? Бұған дейін талай қойылған сұраққа айтылар жауап та біреу: ұтқанымыздан үмітіміз зор еді. Астана