АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚТАР
АЛАЯҚТАРДЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ҚАЗАҚТАР
Дулат Исабеков Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Моңғолияға қайтқан оралмандар проблемасын сөз етті
Өткен аптада Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөз алған жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Дулат Исабеков Қазақстан азаматтығын алған, алайда Моңғолияға қайтып оралған 800 оралманның жай-күйін ашына жеткізді.
Дулат Исабековтің жан-айқайын зер сала тыңдаған Елбасы Ассамблея жиынына қатысып отырған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының І орынбасары Талғат Мамашевтен мәселенің анық-қанығын білмек ниетте сауал тастағанда: «Кеше ғана М.Тәжинмен осы туралы әңгіме болды, шешім қарастырылып жатыр» деген жауап алды.
Бұл ақпаратты Қазақстанда алғаш рет «Азаттық» радиосының интернет парақшасы таратқан болатын. 17 сәуірде онда «800 қазақ Моңғолия азаматтығын қайта сұрады» атты Нұртай Лаханның мақаласы жарық көрген. Автордың айтуына қарағанда, аталған қазақтардың басым көпшілігі – алаяқтардың құрбаны болған. Олардың құжаттарын сыртынан пайдаланған пысықайлар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетіндегі шенеуніктермен ауыз жаласа отырып, мемлекеттің біраз қаржысын қымқыруға әрекет еткен.
Аталмыш басылымға сұхбат берушілердің сөз ләміне сенсек, алаяқтар Моңғолия қазақтарының құжаттарын екі жолмен пайдаланған. Біреулері, Қазақстанға келмеген қазақтардың құжаттарын сыртынан пайдаланып, көші-қон квотасынан нәпақа табу мақсатында Қазақстан азаматтығына өткізіп жіберген. Мәселен, Рахат Қайсарұлы өздерінің Қазақстанға ат басын бұрмағандығын, алайда төлқұжаттарының екі арадағы делдалдарға қолды болғанын айтқан. Екіншілері, Қазақстанға оқу мақсатында келген студенттердің өзі білім алған оқу орнындағы оқытушыларының құрбанына айналғанын жеткізген. Жоғары оқу орнында оқып жатқан студенттердің, құжаттарының қолды болғанын түсінуге болады. Алайда, Қазақстанға келіп көрмеген адамдардың құжаттарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі шенеуніктер қалай пайдаланған? Өйткені бұл құжаттар әуелі үш Кеденнен – Моңғолия, Ресей және Қазақстан кеденінен өтуі және сол кедендердің мөрі басылуы тиіс. Соңғы жылдары Көші-қон комитетінде қызмет істеген біраз шенеуніктердің жалған жолмен мемлекеттік көші-қон квотасын қымқырғаны жөнінде ақпараттар жиілеп кеткен еді. Кейбір облыстық Көші-қон басқармалары төрағаларының үстінен қылмыстық іс те қозғалған. Бүгінде олардың ісі немен біткені беймәлім. Өйткені, жабулы ақпарат, сол күй жабулы қалды. Көші-қон комитеті таратылды. Алайда сол кездегі жемқорлықтың, жең ұшынан жалғасқан алаяқтықтың кесірі бүгінде қарапайым халықтың маңдайына тиіп отыр.
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында Моңғолия қазақтарының азаматтық алу мәселесі бойынша Баян-Өлгий әкімдігі мен аймақтық мәслихат жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы жұмыс тобының мүшесі, Баян-Өлгий тұрғыны Шерхан Зейтінұлы әзірге тіркелгендердің санының 800-ге жеткенін және бұл тізімнің одан екі есеге артуы мүмкіндігін айтқан екен. Айтылғандарға сенер болсақ, жаңа төлқұжатты үлестірген кезде, ескі құжаттарды иесінің өзіне естелікке қалдырыпты. Осы төлқұжаттардың көбін екі ортадағы алаяқтар иемденіп кетіпті.
Қалай дегенмен де, Моңғолияда мыңға жуық Қазақстан азаматы өмір сүреді. Және олар Моңғолия азаматтығынан автоматты түрде шығарылған. Сол себепті де олар Моңғолияда өздеріне тиесілі жәрдемақылар мен төлемақыларды ала алмай жүр.
Есенгүл Кәпқызы