Қырғыз парламентінен тағы шу шықты
Қырғыз парламентінен тағы шу шықты
Әзиз Батуқаев бір түнде Шешенстанға қашты
Өткен жұмада Қырғызстанда жұртшылықтың ашу-ызасын қоздырған оқиға болды. Республиканың шығыс шалғайындағы Нарын облысындағы тергеу изоляторында он алты жылға кесіліп, сегіз жылдан бері қамауда жатқан Әзиз Батуқаев деген «заңдағы ұры» 9 сәуірде соттың шешімімен бостандыққа шыға салысымен, сол күні түнде «Челенжер-300» ұшағына мініп, тарихи отаны Шешенстанға чартерлік рейспен ұшып кеткен. Қылмыскерді Бішкекте ұстау қауіпті болғандықтан, оған алыстағы түрме үлгісіндегі оңашаланған тергеу мекемесінен арнайы орын бөлінген. Оның жарандық құжатты ала қойып, соншалықты жылдамдықпен өлкеден шығып кетуі әлеуметті таң қалдырды. Көпшілік мұны алдын-ала ұйымдастырылған іс деп бағамдауда.
Мұндайда елдің дүрбелеңіне жылдам үн қоса қалатын Жоғарғы Кеңеш дереу арнайы жиналыс құрып, «бұл алдын ала ұйымдастырылған қылмысты іс» деп әлеуетті органдардың жетекшілерінің бәрін «кілемге» шөктіріп, сұраққа алды. Республиканың бас прокуроры, ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік қызметіне қарасты шекара қызметінің басшысы, жазасын атқарту мемлекеттік қызметінің төрағасы, «Манас» аэропортының жетекшісі, денсаулық сақтау министрі, қарапайым адамдардан гөрі түрмедегілердің жағдайына көбірек қарайлайтын Омбудсмен – бәрі тізесінен тік тұрып, депутаттарға жауап берді. Барлығы «ешқандай құқық бұзу болған жоқ, Батуқаев заң жүзінде Грозныйға ұшып кетті» деп жауап берісті. Депутаттар шенеуніктерге сенбей, шұғыл түрде депутаттық комиссия құру керек және мәселені тез арада анықтау қажет деп тапты.15 сәуірде парламентте өткен депутаттық комиссияның отырысында комиссия мүшесі, депутат Жомарт Сапарбаев қылмыскерлердің жетекшісі мінген ұшақтың Түркиядан 9 сәуірде арнайы әкелінгенін, ұшақтың иесі Қырғыз Республикасының қауіпсіздік, құқық тәртібі және мемлекеттік шекара бойынша вице-премьер-министр Шәміл Атақановтың ұлы Данияр Атақанов басқарған «Анилия» жауапкершілігі шектелген серіктестік екенін жар салды. Ұшақтың Қырғызстанға кіруіне сот болардан бір күн бұрын рұқсат алыныпты. Бұл мәлімдемеден кейін вице-премьер-министр Шәміл Атақанов бұқаралық ақпарат құралдарына «Баламның Батуқаев мінген ұшаққа ешқандай қатысы жоқ, ол ұшақтың ұшып-қонуына APR деген компания қызмет етіпті» деп мәлімдеді. APR компаниясының директоры А.Зеличенконың анықтама қағазында «Алматы-Бішкек-Грозный» бағытында ұшқан Түркияның Gozen Air әуе компаниясының «Челенжер- 300» әуе кемесіне APR компаниясы қызмет көрсеткені, Қырғызстанның әуе қозғалысы басқармасының басқы орталығына өткізілетін тіркемелік құжаттың «Күтіп алушы» бағанасында алғашқыда одағай қате кетіп, «Анилия»компаниясының жазылып қалғаны, артынша оның түзетілгені, борттық нөмірі TC-ARB ұшағын күтіп алушы APR-дің өкілі Зелімхан Зауырбеков болғаны, Д. Атахановтың «APR» ЖШС-ға ешқандай қатысы жоқ екені көрсетіліпті.Әзиз Батуқаевке ақ қан ауруы, С гепатиті және бауырдың езіліп кетуі деген дерттік анықтама қойылған. Ауруы асқынып кеткен мұндай адамдар Қырғызстанның қылмыс-жаза кодексінің 363-шы бабына сәйкес абақтыдан босатылады, бірақ осы кодекстің тағы бір пунктінде оның қылмысының ауыр-жеңілдігі еске алынуға тиіс екен. Депутаттардың алғашқы жиналысында мәселе қаралған кезде соттың шешіміне байланысты бірден-бір ілмек те осы болды. «Кримавторитет» Әзиз Батуқаевке 2005 жылы қазан айының 20-сында Бішкектің шетіндегі Молдовановкадағы колонияда қамаудағылардың бүлігі шыққанда, түрмедегілермен сөйлесуге барған республиканың жазасын атқарту мемлекеттік қызметінің сол кездегі төрағасы Икматулла Полотовты, Қырғызстанның Жоғарғы Кеңешінің депутаты Тыныштықбек Ақматбаевты және оның жәрдемшілері – Жоғарғы Кеңештің екі қызметкерін атып өлтіруге қатысқан деген айып тағылып, жазасын өтеу жайлы соттың үкімі шыққан. Айтса кетер болсақ, түрменің ішіне кіруге билік адамдарынан ешкімнің жүрегі дауаламаған. Бүлікті басу түрме бастығының міндеті болса, депутат Т.Ақматбаев сол мезгілде көзі тірі тағы бір «криматалық» деген атағы бар Ырысбек Ақматбаевтың туған ағасы болатын.
Бұл атышулы оқиға Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның Қырғызстанға келген күні болды. Сосын, Қырғызстанның Президенті Астанаға іс-сапармен ұшып кетерде, мұндай жағдай болғанын білмеген бе, әлде уақыты тығыз болған ба, елге орала салысымен жұртшылықпен байланысты үйлестіру бойынша кеңесшісінен оқиғаға байланысты мәліметтерді талап еткен.Ұшақтың Грозныйға жөнелтілуіне Данияр Атақановтың тікелей қатысы бары не жоғы қазірше түбегейлі мәлім емес. Депутат Жомарт Сапарбаев мәселені анықтауда, тергеу амалдары аяқталғанша оған ықпал жасамауы үшін әлеуеттік түзілістер жөніндегі көземелдеген вице-премьер-министр және іске қатысы бар мемлекеттік мекемелердің, министрліктердің барлығының жетекшілері уақытша қызметінен шеттетілсін деп отыр. Әліптің арты қалай болатыны жақында белгілі болмақ.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»Қырғызстандағы тілшісі