Жаңалықтар

ТАЗЫ АТЫП, ТӘҢІРІНІҢ КӘРІНЕ ҰШЫРАМАЙЫҚ

ашық дереккөзі

ТАЗЫ АТЫП, ТӘҢІРІНІҢ КӘРІНЕ ҰШЫРАМАЙЫҚ

«Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» дейтін қазақ. Ел ішіндегі тазы тұқымының қадір-қасиетін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ол аз десеңіз, құмай тазыны жеті қазынаның біріне балап, үлде мен бүлдеге орап үйде ұстаған. Ит атаулыдан бөліп тазы деген. Сөйткен қазаққа қазір тазыдан қанден, қазыдан доңыз майы, қымыздан арақ пен сыра қадірлі. Бұл не сор?!

Жақында ғана Қарағанды облысы, Шет ауданы, Бұрма ауылының мал дәрігері сондағы 4 аңшының 5 бірдей тазысын атып тастады. Ішінде ауыл тұрғыны, аңшы Ұлан Рысбековтің Лашын атты құмайы бар. Айтуына қарағанда, Лашын – қасқыр тартқан құмай тұқымы. Ит иесіз болса, бір жөн. Иесіз тазы өмірі ауылды сағалап, қалбыр жалап күнелтпейді. Тазылығына сын көреді. Өз бетімен аң аулап, дала кезіп кетеді. Мал дәрігерінің бар айтқан сылтауы мынау: «Оның тазы екенін мен білмеймін, бродяши. Бес паспорты болса да, қаңғыбас. Оған намордник салып, ұстау керек». Айналып келгенде осы ит атып, шошқа тағалаушылар тазы сөзі «таза» ұғымын төркіндеп тұрғанын біле ме екен. Қазақ ұлтында құмай тазының түбі қаздың жұмыртқасынан шыққан деген аңыз бар. Италақаз атауы содан қалған. Дәрет алған молданың аяғына ит тұмсығы тисе дәреті бұзылады. Ал, тазынікі тисе намазын оқи беретін болған. Үйде ұстайтыны сол. Осындай қадірлі қазынаның бірін атқан қазақтан кие кеткен екен.

Сонда ауылдағы шуылдаған көп қанденнің бәрінің төлқұжаты, мойнында қарғыбауы, аузы буулы болғаны ғой. Әрине, бұл – күмәнді. Бұлардың бар арқаланатыны – үкіметтің иесіз қаңғып жүрген иттерді атуға берген рұқсаты. Алайда, қапыда кеткен құмайлардың иесі бар. Күтімі жақсы. Бар жазығы – текті тазы болғаны. Жалпы құл-құтанды тайраңдатып, тектіге тас ататын заман әлі жалғасуда…

Тазы тұқымдастардың қызыл кітапқа енетін уағы баяғыда болған. Мұны ескермей жүрген өзіміз. Түркімендердің алабайы мен ахалтекесі десе, әлем аузын ашып, көзін жұмады. Орыстың «Русская борзаясын» желден жүйрік деп таниды басқа жұрттар. Бұлар сол ұлттардың қолтаңбасы. Баяғыда қағаз жүзінде патент алып үлгерген. Ал, біз ше? Қазір комиссия құрылып, қазақтың құмай тазысын есептеп, патент алмақ болса, Құдай біледі санын толтыра алмай сорлайды. Оны сүйегі орыс болса да, қазақ құмайларын зерттеген А.А.Слудский кеңестік дәуірде айтып, байбалам салды. Қырып жіберуге айналған өзіміз. «Мінезің-ай қазақ беу, сенің, қастасқан кезде қашып өң. Атаңның басы деуші едің, ал ойна атаңның басымен» (С.Ақсұңқарұлы). Қазіргі тантық пен шартық біткен атасының құны түгілі, соңынан ерген тазысын құнттай алмас күйге жетті. «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деген ұлы Абайдың зары осыдан шыққан-ау.

Бүгінгі құл базардағы тазы күшігінің құны 200 мың теңгеден жоғары. Интернет деректері Қазақстанда 500-ге тартасы бар десе, кейбір зерттеушілер ел аумағында 80-90 ғана тазы тұқымы барын айтады. Бүгінге дейін ит жүгіртіп, қазақ босағасына біткен қазынаны зерттеуші, жазушы Кәмел Жүністегі: «Қазақстан бойынша қазір нағыз тазылардың саны 80-90-ның маңында десіп жүр. Ол – рас. Түркімендер алабайларын керемет сақтайды, ал бізде тазыларды сақтау жөніндегі мәселе осы күнге дейін жоқ. Басқа қаңғыған овчарка, қанден сияқты пәлелерді емес, осы тазыларды атып алады ит ататындар», – деп күйінеді. Қазір бұл кісінің қолында 2 тазы бар. Жер-жерлерде тұқымын сақтау үшін кейбір жігіттерге арнайы асыратып отырғанын айтады. Және тазының қасқырды қаймықпай алатын бұл түрі Шет ауданында ғана кездеседі дейді. Қолындағы 19 ғасырдан бері келе жатқан деректерін алға тартады ағамыз.

Мен білетін Шет ауданынан көп болмаса да біраз құмай тектестер табылады. Кезінде көп жігіттер біздің ауылдың (Өспен) тазыларына құда түсетін. Қарғыбауын беріп, алып жататын. Нілдідегі (Өспен) біздің әулет босағасынан тазы арылған емес. Үйдегі ит патшасының біреуіне Қарқаралыдағы аңшы, атбегі Тұяқтың көзі түсіп, қарғыбауына 100 доллар (ол кезде ауыл баласына көп-көрім ақша) беремін деп қолқа салғанда мен бергізбеп едім. Жарықтықтың бойы торпақтың үлкеніндей. Ақырында ауылдың бір жігітсымағы қаншығына қарықтыруға алып, асып өлтіріпті. Бұл қазақтың күндес мінезі ғой. Кейіннен ұяластарына дейін мал жеді деген желеумен бір тантықтар атып тастады. Ит үшін иттесеміз бе деп, жылы жауып қоя салдық. Абырой болғанда, солардан біраз тұқым тарады ауылға. Қазір бес-алтауы бар. Қоңсылас Айғыржалдағы Әділ, Боранбай атты жігіттердің тазылары күні бүгінге дейін қасқыр алып жүр. Бірен-саран осындай жігіттер болмаса, қадірі қашқан қазақы киені керек қылып жатқандары шамалы. Тазысының арқасында қасқыр мен күзеннен ішік киетін қазақ аттан түскелі үй күшігі болғанымен қоймай, босағадағы киені қанденге айырбастап, кесір шалды. Мемлекет патент алып, қызыл кітапқа енгізбек түгілі, қалғанын ауылдағы жандайшаптар қырып тынбақшы. «Қан жемесе барағым» (Ақтанберді) дейтін Алашқа бола туған азғантай топ қайғыдан қан жұтады бұны ойласа. Итке бергісіз тазысы, адамға бергісіз ақыны бар, ақылы кемел жұрттан қанден баққан құнсыз тобыр шыққанын көріп, шақшадай басым шарадай болып отырғанын көрмейсің бе?! Тағы да ұлы Абайға жүгінеміз: «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде…».

Жәнібек ӘЛИМАН

Қарағанды