Жаңалықтар

БАЙҚАУ АТЫ – «ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТ»

ашық дереккөзі

БАЙҚАУ АТЫ – «ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТ»

Сыйақы қоржынында 1 млн. теңге қоры бар сайыста бақ сынайтындар әлеуметтік жарнамаға көңіл бөлмек. Ең бастысы, байқау авторлары қоғам назарын маңызды мәселелерге қарай аударады.

Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес Академиясында «ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТ» атты І Республикалық әлеуметтік жарнама байқауы шеңберінде ұйымдастырылған «Біз айтпаған мәселелер» атты ең үздік әлеуметтік плакаттар көрмесі талай жанды ойландырып тастағаны анық. Халықаралық Бизнес Академиясының қолдауымен «Бауыржан» Қайырымдылық қоры ұйымдастырған бұл шара қорында аталған байқауда оза шапқандарға 1 млн. теңге көлемінде сыйақы қарастырып отыр. Жалпы қоғамдық құндылықтарды, өнегелікті, отансүйгіштік пен төзімділікті нығайтуға бағытталған «ӘЛЕМДІ өзгерт» атты жыл сайынғы Республикалық ең үздік әлеуметтік жарнама байқауы өз жұмысын бастады.

Байқау қоғам және жастар назарын Қазақстанда әлеуметтік жарнаманы құруға, дамытуға, насихаттауға және оны көпшілікке танытуға шақырады, бұл өз алдына жалпы қоғамдық құндылықтардың қалыптасуына және балаларды қорғау мәселелері мен олардың құқықтарын сақтауға, қоғамдағы өткір әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді.

Ал әзірге алматылықтар арнайы ұйым­дастырылған көрмеде Жер шарының 86 мемлекетінен бақ сынасқандардың арасында үздік деп танылған 100 әлеуметтік жарнамалық плакатты тамашалады. Қиялы ұшқыр авторлар ой еркіндігіне ерік берген екен. Бірі жолда жүру ережесіне көңіл бөлсе, енді бірі бала тәрбиесінде ересектер ескере бермейтін елеусіз, бірақ аса маңызды жайттарды көрсеткен. Әйелдерге қорлық көрсететін дөрекі еркектер де назардан тыс қалмаған.

Сан алуан тақырыпты қаузаған жарнамалардың басты мақсаты – әлеуметтік жарнама мәдениетін дамытуға ықпал ету, қоғам назарын маңызды әлеуметтік мәселелерге аударту.

Қазақстанда өткізілетін сайысқа қоғамдағы түрлі мәселелерге белсене араласуға мүдделі, елімізде әлеуметтік жарнаманың дамуына өз үлесін қосқысы келетін әрбір үміткер, креативті және жас дизайнерлер, жарнама агенттіктерінің өкілдері және БАҚ саласындағы кәсіпқойлар қатысуға мүмкіндігі бар. Байқау жұмыстары үш номинация бойынша ұсыныла алады: телеарналардағы әлеуметтік жарнама; әлеуметтік баспа/сыртқы жарнама; әлеуметтік интернет жарнама. Үстіміздегі жылдың 20 мамырында Алматыдағы Арбатқа жиналатын авторлар қауымы «ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТ» тақырыбына қалам тербемек. Байқаудың аяқталатын мерзімі – 1 маусым. Осы мерзім аралығында бақ сынағысы келетін ағайын жұмыстарын ұйымдастырушыларға тапсырып үлгеруі шарт.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ