Жаңалықтар

ӨҢДЕУ МЕН ӨНДІРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

ашық дереккөзі

ӨҢДЕУ МЕН ӨНДІРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Апта басында Министрлер кабинетінің мүшелерімен кездескен ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов еліміздің экономикалық бағыттағы дамуын саралады. Отырыс барысында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы баяндама жасаған ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев: «4,5 Алдын ала бағалау бойынша, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында елімізде ЖІӨ 4,5 пайызға өсті. 6 базалық салалар бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,7 пайызға тең. Экономиканың өсіміне тұрақты макроэкономикалық жағдай ықпал етті», – деп мәлімдеді.

Ресми деректерге сүйенсек, үстіміз­дегі жылдың басынан бері инфляция деңгейі 1,9 пайызға жеткен. Осы мерзім аралығында түсті металдар өндіру – 4,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 4,7 пайызға, химия өнеркәсібі 1,6 пайызға өсіпті. Ілгерілеушілік отандық машина жасау саласы, сусындар өндіруге де тиесілі. Елбасы отандық экономиканы дербестендіруді, шикізатқа деген тәуелділікті азайтуды, ол үшін отандық өндіріс орындарын көбейтіп, өңдеу саласына баса назар аудару керектігін айтудан шаршаған емес. Бірақ қарқынды дамитын түрі жоқ. Әзірге болмашы жоғарылау мен өсуді қанағат тұтуға мәжбүрміз. Мәселен, жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібінің өнімдері небары 1,6 пайызға артқан.

Қазақ қоғамындағы Кедендік одаққа қатысты кереғар пікірлердің көбейіп келе жатқанына қарамастан, билік жағымды жаңалықтарды жиі көлденең тартады. Министрдің айтуынша, Кедендік одақ құрамындағы елдермен өзара сауда айналымы екі айда өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 23,5 пайызға артып, 4 млрд. АҚШ долларына жетіпті. Сонымен қатар экспорт көлемі 7,7 пайызға табан тіреген. Оның ішінде Ресейге – 7,4%, Беларуське – 37,2%. Ішкі нарықты 100 пайыз отандық өніммен қамтамасыз етуге қауқарсыз отандық тауар өндірушілер тағы да алыпсатарлардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Осының салдарынан импорт 30,5 пайызға өскен. Бүгінде дүкендер мен базар сөрелеріндегі ресейлік тауарлар санының артуы осы себепті. Есесіне, Белоруссиядан келетін импорт 16,8 пайызға қысқарған көрінеді.

Үкіметтік отырыс барысында Ерболат Досаев: «Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халыққа шаққанда наурыз айында 5,3%-ды құрады. Бұған «жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасын орындау елеулі түрде мүмкіндік берді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2013 жылға 71 млрд. теңге қарастырылған», – деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, ЖІӨ-нің жылдам өсімі байқалды, оны сақтап қалған жағдайда экономиканың өсуі бірінші жартыжылдықта 5% құрауы тиіс: «Екінші жартыжылдықта өткен жылғы құлдыраудың аясында маусымдық факторларды есепке ала отырып, оның ішінде ауыл шаруашылығында ЖІӨ-нің 6,8% өсімін күтеміз, бұл ЖІӨ өсуін жалпы жыл бойына жоспарланған 6% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Сонымен қатар отырыста ҚР қаржы министрі Б.Жәмішев республикалық бюджеттің 2013 жылғы бірінші тоқсанда атқарылуы және алдағы міндеттер туралы баяндап берді. Министрдің хабарлауынша, бюджет кірісі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 1 трлн. 248 млрд. теңге немесе жоспардың 99,1 пайызына тең. Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда, кіріс 82,2 млрд. теңгеге артыпты: «Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша республикалық бюджеттен 1 трлн. 286,8 млрд. теңге жұмсалып, ол есепті кезең жоспарының 88,8%-ын құрады, оның ішінде даму бюджеті бойынша 125,3 млрд. теңге жұмсалса, бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 51,9 млрд. теңгеге артық». Ресми деректерге сүйенсек, бюджет шығынының басым бөлігі әлеуметтік бағыттарға жұмсалған. Мәселен, қаржы әлеуметтік жәрдем және әлеуметтік қамсыздандыруға –25,2 пайыз, денсаулық сақтауға – 11,5 пайыз, білім беруге – 7,3 пайыз.

Аталған мәселе бойынша талқылауды қоры­тындылаған Премьер-министр Прези­денттің Үкіметке үстіміздегі жылы эко­номиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуді тапсырғанын ескертті. Ресми деректерге сілтеме жасаған Ахметов: «Тұтастай алғанда бірінші тоқсанның қортындысы көңіл көншітерлік. Алайда, дүниежүзілік экономиканың дамуының қазіргі жағдайына қарамастан, мак­ро­эко­номикалық тұрақтылықты сақтауға қол жеткізілуі керек» – деді. Ол үшін атқарылуы тиіс бірқатар мәселені естен шығармау қажет: «Біздің алдымызда биыл 6% экономика өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұған экспорттық мүмкіндіктерді арттыру есебінен ғана емес, сондай-ақ ішкі сұраныстарды да арттыру есебінен қол жеткізуіміз қажет. Біздің экономикамыздың кездесетін тәуекелдіктер мен қауіп-қатерлері бар сыртқы факторлардың ықпалында екенін естен шығармауымыз керек».

Министрлер кабинетінің мүшелеріне құзырлы органдармен бірлесіп әлем­дік, сондай-ақ еліміздің ішіндегі эконо­ми­калық жағдайларға мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді, керек болған жағдайда, дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде қалыптасқан жағдайға байланысты әрекет ету бойынша қосымша ұсыныстар жасауды тапсырған серік Ахметов республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімдіктеріне және өңірлер әкімдеріне қаржылық тәртіпті сақтап, бюджет қаржысын тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді назардан тыс қалдырған жоқ. Үкіметтік отырыс барысында 2013-2020 жылдарға арналған ҚР электрондық денсаулық сақтауды дамыту Тұжырымдамасы қаралып және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын дамыту Тұжырымдамасының жобасы мақұлданды. Елімізді дамытудың басты салаларының қатарындағы бұл құжат тиісті органдардың талқылануына ұсынылмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ