Жаңалықтар

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ШЕТЕЛДЕГІ АКТИВТЕРІ КӨП ПЕ?

ашық дереккөзі

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ШЕТЕЛДЕГІ АКТИВТЕРІ КӨП ПЕ?

Қаржы полициясының әзірлеп жатқан заң жобасына сәйкес мемлекеттік саяси қызметкерлерге шетелде актив ұстауға тыйым салынуы мүмкін. Аталмыш заң жобасы жұртшылықтың талап-тілектерін негізге ала отырып әзірленгенін ескерсек, халық тарапынан түскен ең көп ұсыныс осы екенін байқауға болады.

Кәсіпкерлер кеңесінің жиынында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Қаржыларын шетелдегі жылжымайтын мүлікке емес, ұлттық экономикаға инвестициялау – қазақстандық кәсіпкерлердің патриоттық борышы», – деп ескертті. Бірақ бұл ескерту кәсіпкерлерге емес, алдымен мемлекеттік қызметкерлерге қарата айтылуы тиіс сияқты.

Жалпы, мемлекеттің өз азаматтарын мемлекет үшін жұмыс істеуге мәжбүрлеуге құқы бар. Оған әлемдік тәжірибеден бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, жуырда ғана Франция үкіметі олигархтарын табысының 75 пайызын қазынаға салық ретінде төлеуін талап етті. Келіспеген азамат Франциядағы есепшоттарын жауып, шетелге тайып тұрсын деді. Нәтижесінде азулы деген бірен-сараны елден кетті, бірақ заң жүзеге асатын болды. Бұл тәжірибе Қазақстан жағдайында кеңінен қолданылса, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің қаражаты шетелдік банктерде сақталуына тосқауыл қоя ала ма?..

Шенеунік – халық қызметшісі. Қазіргі кезде Қазақстанда шамамен 3 мың 269 «саяси­ мем­ле­кеттік қызметші» бар. Бірақ ха­лыққа жеткілікті деңгейде қыз­мет көрсетіліп отыр ма? Бүгінде қарапайым халықтан ше­неу­нік­тердің жағдайы анағұрлым жақсы. Жақында депутаттардың еңбекақысы мен сыйақысы туралы келеңсіз мәселе көтерілген еді. «Қазақстан» телеарнасының дайындаған арнайы хабарында депутаттардың бір жылдың ішінде 12 айлық еңбекақы емес, 15 айлық ала­тыны белгілі болды. Бір жылда 12 ай бар, бірақ 15 айлық еңбекақы қайдан шықты деген уәжге «бөлінген қаржыны игеру керек болды» деген жауап айтылды. Ол аз десеңіз, депутаттарға жұмыс көлігі, тұрғын-үйі, ауласы мен спорт кешендерді жалдаудың өзіне қыруар қаражат жұмсалады екен. Оған қоса биыл халық қалаулыларының еңбекақысы тағы көтерілді. Қос палаталы Парла­мент­тің қажетіне 2013 жылы 10 миллиард теңге бөлініп отыр. Былтыр да, 2010-2011 жылдары да дәл осынша ақша заң шығарушы органның кү­ті­міне жұмсалған екен. Бұл ақша біз­ден гөрі әлеуметтік проблемаларды­ шешуге жұмсалсын деген жан жоқ. Экс-депутат Уәлихан Қайсар: «Осыдан 5-6 жыл бұрын бюджеті 1 миллиард 700 миллион болатын. Қазір 6 есеге көбейіп кетті. Негізі мұны зерттеу керек. Бір депутаттың жала­қысы 4 мың доллар. 600 мың теңге көлемінде. Кәдімгідей шахтаға түсіп, көмір өндіріп жатқан жоқ, құр­ қаламмен жұмыс істеп отырған адам­дар», – дейді ол.

Бүгін орташа айлық еңбекақы – 100 мың теңге көлемінде, бірақ орташа күнкөріс – 36 мың теңге, бар болғаны. Екеуінің арасы жер мен көктей. Ал халық қалаулыларының еңбекақысы 2000 жылдары 32 мың теңге болса, бүгінде көлемі 20 есеге ұлғайған көрінеді. «Алтын көрсе періште жолдан таядының» кері Үкіметтік отырыста да талайдың үнін шығармай отыр. Халық қамы мен күйін күйттеп, түйткілді мәселелерді ортаға салуда талай депутаттар «тек жүрсең, тоқ жүредінің» қамын жасай ма?

Қаржы полициясы әзірлеп жатқан заң жобасында саяси мемлекеттік қыз­метшілерге, «оған қоса олардың отбасы мүшелеріне де шетелдерде активтердің бар болуына тыйым салу» қарастырылған екен. Олай болса лауа­зым иелері мал-мүлкі мен есеп шотын отбасының басқа мүшесіне аударып, құтылып кете алмайды. Бізге белгілі болғандай, оның ішінде қайын ене туысқа жатпайтын көрінеді.

Елбасы Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне қолданыстағы ұлттық заң­наманы жетілдіріп, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күресті күшейту туралы тап­сырма берген болатын. Осы міндетті іске асыру үшін Қаржы полициясы жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаудың алдын алу, жолын кесу және жазалау жүйесін жетілдіруге бағытталған ауқымды жобаны жасауда. Бұл заң жобасы жемқорларға қарсы жойқын соққы беріп, парақорлықтың жолын кесуі тиіс. Мойнына осындай жүктеме артқан заңды жасауда 120-дан аса ұсыныс назарға алынған.

Бұл мақсатта 2 және 10 сәуір ара­лығында «Халықтық құқық шығармашылық» атты бөлім жұмыс істеді. «Бөлімнің 9 күндік жұмысы барысында азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардан 120-дан астам ұсыныс келіп түсті. Олардың ішіндегі өзектілері жұмыс тобының талқылауынан кейін «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту арқылы алдын алу, ескерту, жолын кесу және жазалау жүйесін жетілдіру бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» Заң жобасына енгізілетін болады, – деп хабарлады Қаржы полициясы.

Түскен ұсыныстардың бірі – ше­неу­ніктің табыс декларациясы бас­пасөз беттерінде жариялануы. Сондай-ақ шығыс декларациясының құпия емес, жария түрде тапсыруын қадағалауға алуы мүмкін. Өйткені қалталы халық қалаулылары бірқатар қымбат мүліктерін тізімнен тыс қалдырып жатады. Егер бұл құжаттар бұқаралық ақпарат құрал­да­рында жарияланатын болса батыс басылымдары сияқты байлардың рейтингі оп-оңай жасалар еді. Әрине өзгенің мүлкі мен қалтасына көз сүзу, өз еңбегімен тапқан-таянғанын жария ету – әдеп емес. Бірақ мәселе мемлекеттің арқасында шалқып-тасып күн көріп келгендерде. Саясаттанушы Расул Жұмалы да осы пікірде. «Мұндай заңның керегі шамалы деп санаймын. Біріншіден, бұған дейінгі жемқорлыққа қарсы заңдар сияқты жаңа заңды айналып өтудің ондаған жолдары бар. Мәселе сайып келгенде бет-албаты заң қабылдай беруде емес, оларды тыңғылықты, бәріне тең қолдану. Ол үшін ашық қоғам, тәуелсіз БАҚ және тәуелсіз сот керек. Екіншіден, бұл заң ондай азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу болып табылады. Кім қайда барады, қайта тұрады, ақшасын қайда салады — өз еркі. мәселе заңсыз қаражаттарға жол бермеу. Ол үшін бағанағы айтқан алғышарттар керек және шенеуніктердің және туысқандарының толық табыстары мен шығындарын жариялап отыру керек. Сонда бәрі өз орнына тұрады. Жүз мың теңге жалақы алып, он миллионның көлігін мінген, жүз миллион тартатын виллада тұратын жемқорлар әп-сәтте белгілі болады. Оны онсыз да бәрі біледі. Мәселе жемқорлық пен күрес көзбояушылық емес, шын мәнісінде жүру керек. Ешқандай велосипед ойлап табудың қажеті жоқ». Егер мемлекеттік қыз­мет­шінің шығыстары соңғы үш жыл­дағы ортақ отбасылық табысының мөлшері­нен көп болса, ол «заңсыз ба­йы­ды» деп танылмақ! Бірақ мем­лекет қызметшілерінің табыс декларациясы Салық коми­тетінің архивтерінде құпия сақталуда.

Сондай-ақ «айыппұлдың пара сома­сына еселену институтын енгізу» ұсы­нылып отыр. Бұл орайда әкімшілік және азаматтық жауапкершілікті мейлінше қатайту керек. Өйткені лауазымды тұлғалар қылмыс үстінде ұсталса да жымқырған ақшаны қазынаға толық қайтармайды. Мәселен, әлеуметтік нысандар мен жетімдерге бөлінген қаражатты орта жолдан өзара бөліскендер ауыр болса қызметтен босатылады, 3-4 жылға бас бостандығынан айрылады. Бірақ мүлкі тәркіленбейді, жымқырған ақшаны толығымен қайтармайды. Сондықтан осындай майды ортасынан ойып отырған жемқорлардың жегендерін еселеп қайтартса. Қаржы полициясы мұқият көңіл бөлген мәселелердің бірі – мемлекеттік сатып алулар. Кез келген мемлекеттік мекеме тендермен тыныстайды. Тендерді таратуға ерік беру – нағыз жемқорлыққа жол сілтеу. Әркім өз танысына немесе өзі құрған аты бар, жұмысы жоқ ЖШС-ларға тендерді алып береді. Олардан жауап алған ешкім жоқ, жұмыс нәтижесін бақылайтын да адам жоқ. Бұл сыбайлас жемқорлықты дамытып, лауазымды тұлғаларды жолдан тайдыратын нәрсе.

Таяуда ҚР Президенті Әкім­ші­лігі жетекшісінің орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов орта­лық органдардан жергілікті ор­ган­дарға 5 мың штаттық бірлік ауыл әкімі аппараттарын құру үшін республикадағы ауылды жерлерге жіберіледі деді. Бұл жаңалық талайды таңдай қақтырып, баспасөз беттерінде талқыланды. Әсілі шенеуніктердің Есіл жағасынан елге кетуі екіталай деген пікірлер жиі айтылды. Бірақ дәл осы корпус қызметкерлері ауылдың жағдайын жасап, жергілікті елді мекенді гүлдендіру арқылы өз біліктілігін арттыруы тиіс. Кейбір деректерге сүйенсек, өңірлерге жіберілетін шенеуніктер тізімі жасақталып жатқан көрінеді. Бірақ Ақ үй мен Парламент сарайына жайғасқан шенеуніктер ауыл үшін не істей алады?

Ақниет ОСПАНБАЙ