Жаңалықтар

Басты бағыт — кәсіби даярлық

ашық дереккөзі

Басты бағыт — кәсіби даярлық

Елбасының тапсырмасымен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрақты жұмыспен қамту, әрі халықтың табысын арттыру болатын. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысында аталмыш бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанының куәсі болып қайттық.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы, яғни 2012 жылы облыста «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 9,5 млрд. теңге бөлініп, оның 9,4 млрд. теңгесі игерілген екен. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Мұхит Әлі бұл бағдарламаның оңды шешім тауып жатқанын тілге тиек ете келе: «Кедейлікті төмендетудің негізгі бағыттары – аз қамтамасыз етілген азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру, ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту, кәсіби даярлауға не қайта даярлауға материалдық көмек көрсету және өз ісін ашу үшін жер телімдерін, үй жануарлары мен шағын несие беру екені айқын. Бұған қосымша бюджет есебінен және демеушілер тарапынан әлеуметтік қолдаулардың түрлерін көрсету болып табылады» деген еді.

Аталмыш бағдарлама аясында облыста бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Аталмыш бағдарламаның төрт бағыт бойынша жүзеге асырылып отырғанын еске алар болсақ, бұл өңірде көбіне қайта даярлау, кәсіби даярлау, шағын несиелер алу және біліктілігін арттыру аясында жұмыстар атқарылуда.

Кәсіби мамандарды даярлайтын колледж

Мәселен, Сайрам ауданында жас­тар практикасы бойынша өткен жылы 782 адам қатысқан екен. Ал кәсіби оқу бойынша 426 адамның құжаттары дайындалған. Аудандағы индустриалды-инновациялық колледжде білім алып жатқан студенттер аталмыш бағдарламаның негізінде оқуға қабылданып отыр. Бұл студенттердің көбі кәсіби білім алып шығатын түлектер.

Сайрам ауданындағы Ақсукент ауыл округінде орналасқан Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледж дирек­торының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Көпбаева Сағынгүл апай аталмыш оқу орнын таныстырып өтті.

– Бұл колледж «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында ашылды. Біздің колледжге 11-сыныпты бітірген балалар қабылданады. ҰБТ тапсырған балалар сертификаттары арқылы қабылданады. Ал ҰБТ-ны тапсырмаған балалар өзімізде тест тапсыру арқылы өтеді. Әрі ол балалар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасынан арнайы жолдама алып, біздің колледжге тіркеледі. 2011 жылы үш мамандық бойынша, жолдамамен 75 бала қабылданған еді. «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайдалану» мамандығы, «Машина құрылысының технологиясы» мамандығы және «Машинаны жабдықтау және пайдалану» мамандықтары бойынша білім алуда. Биылғы жылы соңғы мамандық бойынша 25 бала бітіріп, диплом алып шығады.

– Оқу мерзімінің ұзақтығы қалай?

– Соңғы мамандық бойынша студенттер 2 жыл 6 ай оқиды. Ал «автокөліктерге техникалық қызмет көрсету» мен «Машинаны жабдықтау және пайдалану» мамандығы бойынша 2 жыл 10 ай оқиды. Шәкірттеріміз бітірген соң, зауыт түгелдей жұмыспен қамтиды. Ол балалардың ешқайсысы да жұмыссыз қалмайды. Колледждің ашылуының өзі сол – жастарды жұмыспен қамту. Оқыту, оларға мамандық даярлап беру. Ал 2012 жылы біз төрт мамандық бойынша студенттер қабылдадық. Бұл да «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бізде барлығы – 100 бала білім алуда.

– Колледжге осы өңірдің түлектері қабылдана ма? Олардың арасында өзге аудандардан келіп, білім алып жүрген түлектер бар ма?

– Биылғы жылы қабылданған жүз баланың 76-сы Сайрам ауданының түлектері, қалған 24 бала өзге аудандардан келіп отыр. Шәкірттеріміз теория мен практиканы қатар алып жүр. Теория жүзінде осында оқиды да, практиканы зауытқа барып меңгереді. Әрі оқиды, әрі тәжірибеден өтеді. Қазір білім алып жатқан бес мамандық бойынша, барлық кабинеттер арнайы техникалық құралдармен жабдықталған.

– Колледжді бітірген алғашқы түлек­терді жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар­ шығар. Келесі, арғы жылдары бітір­ген студенттер не істейді? Оларды да жұмыс­пен қамтуға мүмкіндік бола ма?

– Қазіргі таңда зауыттың бір жобасының өзіне 570 адам қажет. Сондықтан бізде жыл сайын бітірген балаларымызды жұмыспен қамтуды өз міндеттеріне алып отыр. Бірінші жылы бітіретін түлектеріміз 75 бала болса, олар толығымен зауытқа орналасатын болады. Өйткені зауытқа мамандар тапшы.

Колледжден бөлек, Сайрам ауданында 2-бағыт, яғни кәсіпкерлікті дамыту бойынша да бірқатар шаралар атқарылуда. 2011 жылы бұл өңірде 236 адам кәсіпкерлік негізінде білім алып келсе, оның ішінде 26 азаматқа 27 млн. 500 мың несие берілді. Олардың арасында алты жұмыс орны ашылып, ауылдағы шаруаны жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде бұл ауданда адамдардың 85 пайызы мал шаруашылығымен айналысуда. Бір тіс кабинеті, бір құс асырау, бір наубайхана және бір тігін цехы жұмыс істеуде.

Талай жыл жарықсыз отырған ауыл

Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» мөлтек ауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үй «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілген үйлердің бірі. Кешқұрым шақта келдік бұл үйге. Тұрғын үйдің ауласы балалардың шуылына толы. Асыр салып ойнаған балалардың күміс күлкісі сыңғырлап тұр. Бізді қарсы алған қариялар осы үйдің тұрғындары екен. Бізбен бірге келген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкіліне бірер сауал тастадық.

– Бір жыл ішінде қанша пәтер берілді?

– Отыз пәтер.

– Үй алуға өтініш бергендер көп пе?

– Өтініш бергендер өте көп. Отыз отбасынан бөлек, кезекте тұрған ағайындарға салынған үйдің құрылысы бітуге жақын қалды.

– «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында берілетін үйлердің шарты қандай?

– Қазіргі таңда бұл бағдарлама әлеуеті төмен елді мекендерден көшіп келген ағайындарға үлкен қолдау болып отыр. Бұл кісілердің айтуынша, бұрынғы тұрған ауылдарда аурухана, емхана болмаған. Мектеп те болмапты. Бұл аймаққа көшіп келгелі бұл кісілердің тұрмысы да түзеліп, балаларын қалалық мектептерге бергелі оқу үлгерімдерінің де жоғарылағанын айтады. 2012 жылдан бері отыз отбасы тұрғын үймен және жұмыспен қамтылды.

– Мұнда көшіп келген отыз отбасының барлығы бірдей бір ауылдан көшіп келгендер ме?

– Жоқ. Түркістаннан, Созақтан, Отырардан, Шардарадан, Арыс­тан. Барлығы бес ауданнан жиналып отыр.

Мұнда көшіп келгендердің көбісі Арыстан қоныс аударған екен. «Сырдың жағасында отырдық. Ол жерде мектеп те болмады. Аурухана деген атымен жоқ. Бұрынғы ферманың орталығы еді ғой. Жастардың көпшілігі көшіп кетті де, жиырма шақты үй сол жерде қалып қойған едік. Он екі отбасын алып келді осы жерге. Әлеуеті төмен елді мекен деп саналатын ауылдардағы тұрғындарды басқа аймақтарға көшіріп жатыр ғой», – дейді тұрғындар.

Әуелде тұрғындар баспананың берілетініне сенбеген екен. Арнайы комиссия шешім шығарып, құжат дайындау қажеттігін айтқанда, тіпті мән бермегендер де болыпты. Әлеуеті төмен саналатын оңтүстікте он жеті елді мекен бар екен. Олардың арасында Түркістан, Арыс, Мақтаарал, Отырар аудандары да бар.

– Он бес отбасы бір ауылда тұрдық.

– Осы кезге дейін ол ауылда тұратын ағайындарға жағдай жасалынбаған ба?

– Жарық болған жоқ. Бұрынғы колхоз-совхоз тарап кеткен.

– Мектеп жасындағы балалар қайда оқыды?

–Көрші аудандардағы ағайындардың үйінде жатып оқыды. Бір айда бір рет дәрігер келеді ауылға. «Көшіңдер» дейді ағайындар. Қайда көшесің? «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шығып, баспанаға қолымыз жетті.

Кіп-кішкентай қыз бала бізге «қайтадан ауылға барғым келмейді» дейді. Қала тіршілігіне үйреніп қалған әбден. Бұрындары жарықсыз, теледидарсыз ауылда тұрған балалардың қалаға келіп, тұрмысы жақсарған соң, қайтіп ауылға барғысы келсін?!

Қолынан бал тамған шеберлер ауылы

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарла­ма­сының негізі – ауылдық елді мекендерді дамыту екені белгілі. Бұл бағыт әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті орташа немесе жоғары ауылдық елді мекендерді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы ҚР азаматтары мен оралмандар осы бағыттың негізгі қатысушылары болып табылады. Ордабасы ауданында аталмыш бағыт бойынша жалпы құны 89 млн. 617 мың теңгелік 3 жоба жүзеге асырылуда.

Мәселен, аталмыш бағыт бойынша Қажымұқан ауыл округі бойынша құны 24 млн. 617 мың теңгелік Ынталы елді мекенінде жаяу жүргіншілер жолын төсеу. Бұл жоба бойынша 25 адам жұмыс атқарып жатыр. Ал Бөржар ауыл округі бойынша құны 22 млн. 470 мың теңгелік Қалаш елді мекеніндегі ауыз су құбырларын қалыпқа келтіру жобасы жүзеге асты. Бұл жоба бойынша ауылдық жерден 22 адам жұмыспен қамтылып отыр. Төрткөл ауыл округінде де ауыз су құбырларын жөндеу жұмыстары қолға алынған екен. Мұнда ауылдық елді мекеннен 43 адам жұмыспен қамтылыпты.

Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде тұратын Үсенбай Бақтияр Сейтекұлы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы 2012 жылы Шымкент қаласындағы №2 лицейде аргонды газбен дәнекерлеуші мамандығы бо­йынша біліктілігін арттырып келген азаматтың бірі. Қазір Бақтияр Сейтекұлы өз кәсібін ашып, машина жөндеумен айналысуда. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында шағын несиесін алып, автокөлік жөндеу жұмысымен айналысып жүрген кәсіпкердің бизнесі өз ауласында орналасқан екен. Кәсіпкердің ауласында бірнеше көлік тұр. Қарамағында екі қызметкер бар. Тозығы жеткен көліктерді жөндеп, қайта қалыпқа келтіру де оңай шаруа емес. Тіршілік еткісі келген шаруаға «екі қолға бір күректің» табылатыны белгілі. Тек адал кәсіппен несібесін таба білсе болғаны.

Жеке кәсіпкер Қанат Белес­ұлының шағын несие алып, өз кәсібін бастағанына да көп уақыт бола қоймапты. Аталмыш бағдарлама бойынша әлеуметтік жұмыс орындары бойынша өтінім білдіріп, бос жұмыс орнына 8 жұмысшы алған екен. Қазір ағаш өңдеу цехы мен құрылыс дүкені жұмыс істеп тұр. Шағын ағаш өңдеу цехында үш адам жұмыс атқарады. Цехта үстел, тақтай сияқты тұрмысқа қажетті бұйымдар әзірленуде. Одан бөлек, дүкенде құрылыс заттарын сатумен жергілікті тұрғындар жұмыс атқаруда. Жұмысшылардың айлық жалақысы 50 мың теңгені құрайды.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыс көп. Бұл бағдар­ламаның елге тигізген ең бірінші пайдасы, жұмыспен қамту ғана емес, әлеуеті төмен ауылдарды анықтау болғанын мойындауымыз керек. Кеңестер Одағы тарап, тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақытта, жарықсыз, емханасыз, мектепсіз өмір сүріп келе жатқан ауылдар бар дегенге біреу сенсе, біреу сенбес еді. Ауылда емес, көрші аудан орталығына емес, тұп-тура облыс орталығына осы бағдарламаның арқасында қоныс аударған шаруаның ризашылығы шексіз. Бұл бағдарлама қабылданбағанда ол отбасылардың әлі қанша уақыт жарықсыз өмір сүретінін құдай білсін?!

Кәсіби біліктілікті арттыру да ауылдағы ағайын үшін таптырмас кәсіптің бірі. Екінің бірі – экономист, екінің бірі – заңгер болып кеткен заманда кәсіби техниктерді қайдан табар едік. Көлікті жөндеу де – өнер. Ақауы кеткен техникаларды жөндеу үшін де білім мен біліктілік қажет. Осы орайда, бірінші бағыт бойынша кәсіби даярлауға көбірек көңіл бөлінгені абзал. Сонда ғана шаруасы жайқалған кәсіпкер де риза, кәсіби біліктілігін арттырған маман да риза болар еді. Біздің көргеніміз бен көңілге түйгеніміз әзірге осы.

Гүлзина БЕКТАС