Жаңалықтар

ОҚО-да насыбай саудасына тыйым болмай тұр

ашық дереккөзі

ОҚО-да насыбай саудасына тыйым болмай тұр

Шымкент қаласында насыбай сатушылар заңды белшесінен басып отыр. Саудагерлер шылымның бұл түрін сатуға тыйым салынғанына қарамастан, талапты орындауға құлықсыз. Шылым саудасына қатысты заңбұзушылықтар облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының мамандары мен құқық қорғаушылары бірлесіп жүргізген арнайы рейд кезінде анықталды.

Жергілікті «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы қала базарларын аралағанда насыбай сатып, нәпақа тапқан саудагерлердің тәртіп сақшыларынан да шімірікпейтініне көз жеткізген. Кейбірі тауарын уақытша жасырғанымен, көз тайдыра бере қайтадан ашықтан-ашық сатады екен. Рейд барысында тексеріс жүргізілген келесі бір базарды насыбай саудасының ордасы деуге болады. «Отырар» тілшісінің айтуынша, саудагерлер тұтынушының жас ерекшелігін де ескермейді екен. Өз әрекеттерін жуып-шаю үшін заңнан бейхабармыз деп ақталған. Сатқанымен қоймай, кейбіреулердің кепкен түйіршікті контейнерде дайындайтынына арнаның түсірілім тобы куә болған. Түрлі қалтаға қапталып, желім бөтелкеге нығыздалған насыбайдың алуан түрі дайындалып жатқан көрінеді. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының мамандары мен құқық қорғаушылары заңды бұзғандарға бір жолға ескерту жасаумен ғана шектеліпті. Екінші рет қайталанар болса, әкімшілік жаза тағайындалып, қоғамдық жұмысқа тартылады.