Тұралаған туризм: ШЫҒЫН –КӨП, ПАЙДА – ЖОҚ

Тұралаған туризм: ШЫҒЫН –КӨП, ПАЙДА – ЖОҚ

Тұралаған туризм:  ШЫҒЫН –КӨП, ПАЙДА – ЖОҚ
ашық дереккөзі

Қазақстандық туризм саласына төнген қиындыққа біздің нарықта бәсеке көрігін қыздырған шетелдіктер де кінәлі. Ал Үкіметтің лицензияны алып тастауы ғұмыры бір-ақ күндік алаяқ компаниялардың көбеюіне сеп. Осының салдарынан шетелге демалам деп барып, далада қалған туристер саны артқан.

Отандық ОnTravel туристік компания­сының банкротқа ұшырауының салдарынан гректердің Крит аралында демалып жатқан 111 отандас елге жете алмай қалды. Қазақстандық туристік ассоциация президенті Роза Асанбаеваның айтуынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің араласуымен жат жерде қалғандардың жартысын ұшаққа отырғызған, жартысын сол жақтағы қонақүйлерге орналастырған. Отанға әупіріммен әрең оралған олар қаржылық дағдарыстың құрбанына айналғандарын көлденең тартуда. Сарапшылар пікірінше, қазақстандық туризм нарығындағы берекесіздіктің кесірінен бәсекелестік қарқыны артып, шығын көлемі көбейген.

Асанбаева ханым шет мемлекеттерге шығатындардың өмірі мен сапарын сақтандыруда сауатсыздыққа жиі ұрына­тынын айтады: «Қазақстандықтар ұшаққа мінбей қалған жағдайда тығырықтан шығуға мүмкіндік беретін сақтандыру түрінің бар екенін білмейді. Оның құны небары 4 мың теңге көлемінде. Тіпті денсаулығын сақтандыруға қажетті 2 мың теңгені де қалтадан шығаруға құлықсыз. Турист жеке басының қауіпсіздігін өзі қамдауы тиіс».

Туристерді жыраққа аттандырып жіберіп, артынша өзін банкротпын деп жариялаған OnTravel мекемесінің үстінен ҚР Индус­трия және жаңа технологиялар министрлігі алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қозғау туралы құқық қорғау орындарына шағымданды. Осы министрлікке қарасты Туризм индустрия­сы комитетінің төрағасы Қуат Танысбаев туризм саласына қатысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туристік агенттіктер мен туристік операторларды сақтандыруға қатысты жұмсайтын қаражат көлемін көбейтуге міндеттейді. Яғни сыртқа шығатын туристің денсаулығына, жеке басының қауіпсіздігіне төленетін ақша ұлғайтылмақ.

Тиісті орындардағы бұл жағымды жаңалықтар көңілді қуантады. Алайда заңдық құжаттарға енгізілетін өзгерту не толықтырулар қазақстандық туризм нарығының проблемасын түбегейлі шешіп бере ала ма? Соңғы кездері халықаралық және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Үстіміздегі жылдың тамыз айында қазақстандық туризм нарығы жаппай банкротқа ұшырайды» деген хабар тараған. Өйткені Үкімет еліміздегі туристік агенттіктердің қызметін лицензиялауға қатысты міндетті тоқтатқалы бері «бүгін – бар, ертең – жоқ», яғни ғұмыры бір-ақ күндік туристік фирмалар саны артып отыр. Анығырақ айтқанда, бүгінде туризм саласынан пайда табам деп құлшынған кез келген адам туристік компания құруға құқылы. Бас­ты пайда: чартерлік рейстерден көбірек орын сатып алып, шыққан шығынды қайтару үшін арзан бағаға сату. Мұның соңы – сапасыз қызмет пен желге ұшқан қайран қаржы. Мамандар қауымы біркүндік компаниялардың көбеюі тұтынушылардың көңіліне күмән ұялатып, туризмдегі алданғандар санын арттыруы мүмкін екендігін айтады. Осыған байланысты ой бөліскен Қазақстандық туристік ассоциацияның Астанадағы бөлімшесінің өкілі Инна Рей: «Алдымен бізге өздерінің туристік фирмасын ашқан туристер келе бас­тады. Одан кейін олардың туыстары мен біздің бұрынғы менеджерлеріміз қаптады. Антальяда да осындай жағдай. Ол жақта бұрынғы жолбасшы-гидтер компания аша бастаған. Туристік агенттіктермен ортақ альянстар құратындар салықтан жалтарады, саяхатшылардың тағдырына алаңдамайды. Туристер мина көмілген алаңда жүргендей күй кешеді», – дейді. Ассоциация тарапынан түзілген тізімде (реестрде) еліміздегі туристік мекемелердің аттары мен нақты мекен-жайы көрсетілген. Бұл туризм саласындағы келеңсіздіктердің алдын алуға сеп. Бүгінде ол тізімде 210 компания тұр. Яғни отандық туризм нарығының небары 10 пайызы ғана.

Қаржылық дағдарыс жағдайында тиімді пайда табуды көздейтін отандық туристік компаниялар қолда бар мүмкіндікті түгел пайдалануға мүдделі. Мәселен Ресейдегі ең ірі туристік компаниялардың бірі «Ланта-тур» банкротқа ұшырағаннан кейін қазақстандық турфирмалар «жедел сапар» акциясын жүргізуді қолға алған көрінеді. Оларға туристік жолдаманы өз бағасынан әлдеқайда арзанға сатуға мәжбүрлеген – нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі. Бұл орайда еліміздегі ең ірі деген туристік компаниялардың да шекелері шылқып тұрған жоқ. Бәсекеге төтеп беру үшін жолдама құнын олар да арзандатады. Олардың көпшілігіне банкротқа ұшырау қаупі төнгені сондықтан.

Маусымдық пайда табуды «қарызға жұмыс істеу» тәсіліне айырбастаған туристік компаниялар қыста тапқан кірісін жазда жұмсайды, ал жаздағысын – қыста. Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе биыл сыр берген көрінеді. Туристердің ең көп ағылатын бағыты – Египетке барғысы келетіндер саны 40 пайызға кемігендіктен, туризм саласының өкілдері тығырыққа тірелді. Бұл – кемесі суға кеткен «Ланта-турмен» бірге басқа компаниялар да тақырға отыруы әбден мүмкін деген сөз.

Өкінішке қарай, біздегі жағдай ресейлік нарықпен салыстырғанда әлдеқайда қиын. Өйткені орыстар елінде туризммен айналысу үшін алдымен жарты миллион долларға банктік кепілдеме өткізу керек. Ал Қазақстанда көк тиынсыз-ақ туризм саласына қойып кетуге заң жағдай жасаған. Бар болғаны заңды тұлға ретінде тіркеліп, үстеліңізді қоятын ғимарат не бөлме тапсаңыз болды. Әлбетте 10 орташа жалақы көлемінде төленетін лицензиялық төлем, қол астыңызға бірнеше жұмыскер, туристерді қабылдайтын екінші тараппен келісім жасау, міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыру келісімшартын қабылдау да маңызды. Бірақ бұл өзге елдердегі талаптарға қарағанда, түк емес. Туристік компания банкротқа ұшыраған жағдайда бұл келісім бойынша туристерге өтемақы төлемеуге құқылы. Күні кеше ғана Критте қалып қойған 111 туристің қатысуымен болған шу – соған дәлел.

Туризм саласына қатысты тағы бір түйткіл, ҚР Туризм және спорт министрлігін таратып жіберіп, отандық туризмнің барлық проблемасын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты туризм комитетіне жүктеп қойды. Кез келген мемлекетте туризм саласы ел экономикасын қарқынды дамытуға ықпал ететін сала екенін ескерсек, үкіметтің бұл қадамы жаңсақ болғаны белгілі. Басқаша айтқанда, біздің Үкімет кезінде үлескерлік құрылысқа қатысты жіберген өрескел қателігіне тағы ұрынды. Қазақстандағы алаяқ құрылыс компаниялары тарапынан жіберген сорақылықтардың кесірінен талай отандас ақшасынан айрылып, үйсіз-күйсіз қалуының соңы қайғылы жағдайларға ұласқаны да бар. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі аймақтарда үлескер компаниялардың алаяқтығы мен сот орындаушылардың қыспағына шыдамаған кейбір азамат өз-өзіне қол салған жағдайлар да кездесті. Ал Үкіметтің туризм саласына берілуі тиіс лицензияны тоқтатуының соңы ғұмыры бір-ақ күндік туристік компаниялардың көбеюіне әкеп соқты. Мұндайда зиян шегетін – қарапайым халық, яғни туристер екені айтпаса да белгілі. «Саят» компаниясының басшысы Инна Рей: «Соңғы үш жылдан бері көлемді өсірген емеспін. Қолда барды қанағат тұтамын. Өйткені басыма пәле тілегім келмейді. Бірақ бір фирма келеді де, нарыққа өте үлкен ауқымдағы рейсті қояды, ал сатып алушылар жоқтың қасы. Не істеу керек? Ол бағаны өз құнынан да төмен түсіруге мәжбүр болады. Төленбей қалған қаражаттың бөлігі басқа клиенттер мойнына ілінеді», – дейді. Бүгінде кірісінен гөрі шығысы басым туризм саласынан ресейлік туристік компаниялар жолдама беретін бағыттардың 15 пайызынан ғана пайда табады екен. Есесіне, 40 пайызы өз бағасынан төмен сатылуда. Мәселен Таиландқа жолдама орташа бағамен алғанда, 260 долларға арзан сатылады, ал Индонезияға – 240 доллар, Үндістанға – 300 доллар. Есесіне, Қазақстанда ұшақ бағасы тым қымбат: мысалы, Украина мен Ресейден Антальяға дейін ұшу бағасы 120-150 доллар болса, Қазақстаннан – 470-500 доллар. Жолдама құны ұшақ бағасына да байлаулы. Мұндайда біздің нарықта шетелдіктердің жасайтын кедергілері де ықпал ететін көрінеді. Мысалы көршілес Ресейде чартерлік рейстерді тек РФ азаматтары ғана жүргізуге құқылы, ал Қазақстанда керісінше, кез келген шет мемлекеттің азаматы айналысуына жағдай жасалған. Заңдық тұрғыда шектеудің болмауынан Хайнань аралына Қазақстаннан ұшатын чартерлік рейстерде болгар, украин, түрік әуе жолдары қатынаса, бұл бағыттағы рейстің басым бөлігін биыл қытай кәсіпкерлері сатып алған. Демек билет бағасын белгілейтін де – шетелдіктер.

Сарапшылар пікіріне сүйенсек, шетел­діктер ұсынатын арзан қызмет көп жағдайда заң бұзушылықтар мен тұты­нушылар құқығының аяққа тапталуына жол береді. Мәселен 2011 жылдың маусымында Түркияға билет сатып алған қазақстандық туристер бір түрік компаниясының кесірінен далада қалды. Өйткені ол компания өзінің банкротқа ұшырағаны туралы клиенттеріне, яғни туристерге хабарламаған. Осының кесірінен туристер қонақүйге екінші рет ақша төлеп, қосымша шығын шығаруға мәжбүр болған. Мұндай келеңсіздіктер отандық фирмаларға да тән. Биыл жазда Алматыдағы Four seasons агенттігі банкротқа ұшырағандықтан 40 адамға қаржылық тұрғыда зиян келді. Сорақысы сол, аталған мекеме басшыларының бірі бұған дейін де істі болған, яғни 2008 жылы алаяқтыққа қатысты үстінен қылмыстық іс қозғалған Бақыт Есентаева деген азаматша болып шықты. 2011 жылдың қазанында Семейдегі ең ірі туристік агенттіктердің бірі тақырға отырып, прокуратура 20 қылмыстық іс қозғаған. Туристерден түскен ақшаны мекеме басшысы өз қажетіне жаратып жіберген көрінеді. Қараша айында «Жаңа-нұр» компанияның төңірегінде өрбіген даудың кесірінен туристер Қызыл теңіздегі демалыс орнына жете алмады. Оған баратын жеріне жеткеннен кейін ешкім қарсы алмай, далада қалған қанша туристі тағы қосыңыз… Әлбетте мазасы кеткен демалыстың өтемақысын өндіріп алуға болады. Бірақ ол үшін алдымен елге аман-есен жетіп алу керек. Төтенше жағдайлар орын алғанда да көбінесе туристер қайда және кімге барарын білмей дағдарып қалады. Мұндайда әділетсіздіктерге де жол берілетіні өкінішті. Мысалы Инна Рейдің айтуынша, былтыр әлемдік деңгейдегі бір ірі компания банкротқа ұшырағанда неміс туристерін ешкім далаға қалдырмаған, керісінше тез жағдай жасап, жақын маңдағы қонақүйлерге орналастырыпты. Ал ТМД елдерінен келетіндерге мұндай жағдай жасалмайды.

Нарық заңына сүйенсек, ең алдымен туристік жолдама құнын тым арзанға сатуға әдеттенген компаниялар банкротқа ұшырайды. Мұндайда көрсетілетін қызмет сапасын емес, құны арзан жолдаманы таңдайтын туристер де кінәлі. Қазақстандық туристік ассоциациясы тарапынан жасалған тізім алаяқтыққа жол бермеуді көздеп отыр. «Intravel» ЖШС жетекшісі Тамара Хван: «Бұл тым болмаса өз-өзіңді қамсыздандыруға мүмкіндік береді. Егер туристік агенттік тізімге енбесе, туроператорлар онымен жұмыс істемейді», – дейді. Сонымен қатар ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан ұсынылып отырған туризм саласы заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар да келеңсіздіктердің алдын алуға сеп болса игі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ