Жаңалықтар

ОН БЕС ЖЫЛДАН КЕЙІН

ашық дереккөзі

ОН БЕС ЖЫЛДАН КЕЙІН

Мұхтар Әуезов Абай жайындағы романын жаза жүріп (1939-41) ара-аралығында басқа да көптеген еңбектерінің соңғы нүктесін қойып отырды. Олар: Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағы (онда өмірбаянының екінші нұсқасы басылған), «Отелло» (В.Шекспир), «Абай» (Л.Соболевпен бірге) трагедиясы, «Абай» киносценариі, «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры», «Қазақ әдебиеті тарихының очерктері», «Сын сағатта» сияқты еңбектерінен басқа романының бірінші кітабын дүниеге келтірді. Алғашында роман атын әртүрлі атағанымен («Телқара») «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» дейтін тарау аттары өзгермеген күйде басылды. Тарау аттарының, жүйеленулерінің тереңде жатқан өзіндік мән-сыры болды. Бұларда көненің жоғарыдан төмен қарай құлдилауы, жаңаның төменнен жоғары қарай біртін-біртін бел-белестерден, қиялардан асып өрге қарай өрлеуі көрсетілді, бәрін де өзіндік заңдылықтарымен жүйеледі.

Ал енді осылардың екінші кітабын қолға алған кезде бұрынғы жинаған деректерінің жеткіліксіздігіне, кең-мол көсілістерге бара алмайтынына көзі жете берді. Әлі де көп нәрселердің қажеттігін сезінді. Ол бұл ойын майданда жүрген сыйастарымен ф хаттарында да айтты, туған ортасы, өз ауданы жөнінде білгендері, тоқығандары жеткілікті сияқты көрініп жүрсе, енді қалам тарта келе біраз нәрселер жұтаңданып, көмескілене беретін сияқтанды. Алғаш деректі жинауға келген кезде қажетті адамдарын Семейге шақыртып, сол жерде сұхбаттасып, сол жерден Алматыға асығыс қайтып кеткен. Өйткені ол кезде әлдебір науқанның лебі ескендей сезілетін, әрбір адымыңды ойлап басу қажет сияқтанатын. Туған жерінде соңғы болғаны жиырма жетінші жылдардың жазында еді, содан кейін әрқилы аумалы-төкпелі замандар басталып, алағай-бұлағайы мол бір бұлдыр замандар болды да кетті. Ол кездерде елдің әр қиыр, әр тарапына шашырап кеткен өзінің және Абайдың туыстарымен хабарласудың өзі мұң болды. Енді соларды көз алдына келтірейін десе, келтіре алмайды, көмескі қиялдардай бұлдыр, буалдыр бұлыңдайды. Өткен қыс, өткен көктем бойы тапжылмай отырып жұмыс істеді, аз болса да тыным-тыныс ала алмады. Бір жағы демалыс, бір жағы сергу-серпіліс болсын деп туған, өскен ортаның тыныс-лебін сезініп қайтпаққа бекінді. Өзін біржола жаулап алған сезім роман жазбай жүргенде басқаша еді. Ондағы білгені, білетіні, ұғынғаны, көңіл-ойға тоқығаны жеткілікті сияқты болса, суреткерлік ой, суреткерлік көзбен тереңдеп енген сайын көмескілене, жүдеңдене беретінін сезінді. Ал бұл атырапты болса көрмегеніне де он бес жылдан асыпты, өзін сол ойға, сол ойшылдыққа баулыған жер енді ынтықтырып, дегбірін алуға көшті. Өзімен сол жолға шықпаққа, қасына ермекке ниет етуші – Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайылов, Қайым Мұхаметхановтар болды.. Ойлана келе М.Әуезов жолды Семей тарапынан емес, Аягөз жағына бастамақты жөн көретінін айтты. Олар бұрын көрмеген, жүрмеген жерлерді аралауды теріс көрмейтінін, қайта қуанатындықтарын білдірді. Оның дұрыстығына көп ел, жерлерді басып өткенде көздері жетті. Сондағы Сыбан, Тобықты, Мырза Жөкең, Мамай, Көкше, Сақ-Тоғалақтарға қоныс, өріс болған ауылдар мен қырқаларды, тауларды, талай-талай талас-тартыс, шабыс-керіс, келіс-бітімнің шешімін таптырған өлкелерді аралап өткенде мейлінше сезінді. Шыңғыстың нулы салалары мен қойын-қойнауларындағы өзен-бұлақ, бастаулар, Аққойтас, Пұшантай, Керегетас, Шақпақ, Балашақпақ, Ботақан ошағы, Дөңгелек қоныс, Байқошқар, Сарыкөл, Шоттың аузы, Тоңаша, Барлыбай жазығы, Арқат, Байжан тасын бірде алыстан, бірде жақыннан көргенде жаңағы ойларды қатты сезінді, көп-көп оқиғаларды көз алдына келтірді. Аягөздің шегінен өте-ақ Абайға қоныс, өріс, жайлау болған мекендерге іліккенде өзіне таныс леп, таныс сыбырды естіді. Бұл леп алға жылжыған сайын күбір-сыбырын бұрынғысынан да үдеп молайтып, айқындай түсті. Осынысының өзімен-ақ өткен ғасыр ішіндегі, алыс белдің ар жағындағы жан сияқты емес, осы жерді басып, осындағы елдердің ішіне келіп аралап, қонып, аңыз-әңгімелер тастап кетіп жүрген ақын болмысы сезіледі. Ақынның өмір-тіршілігінен хабары мол ел адамдары да оның күліп те, күңіреніп те жүрген кездерін айтады, сондай-ақ сол айтқандардың барлығын, оның жаңада болып өткен қалпын өзгеше ықылас, мейір, мақтан көңілмен айтады, осынысының өзі-ақ қиын кез, қиын шақтардағы елді сенім-серпіліске ұмтылдырғандай. Өйткені ол айтты деген сөз, ол істеді деген іс, көрді, болды деген ас пен той, ол атқарды деген сияздардағы билік пен қыдырды, құс салды деген жерлері мен елеулі-елеулі оқиғалар ел жадынан әлі де өше қоймаған, жатқан бір таусылмайтын, бітпейтін хикая, біреу білмегенді біреу біледі, жинала-жинала келіп шындық түйініне тіреледі. Бір ғажабы олардың айтқандарының көбі нақты деректермен сәйкес, астас келіп жататындығы. Соған қарағанда ол алыс белдің аржағындағы ғасырдың адамы емес, кеше ғана келіп, кеше ғана аралап, аңыз-әңгімелер тас­тап кетіп отырған жан сияқты, сондағы ізі әлі де суымаған, көңілдің күңгірт кезіндегі сөзі мен өсиет-даналығы, көңілді кездеріндегі әжуа-қалжыңы, өнер, білім талабы, ер көңілдің өрлігі мен ез көңілдің бойкүйездігі жөнінде айтқысы келсе Абайға жүгінуге болатынына көздері жеткен… Бұл кез шілде аяқтауға тақап қалған. Табиғаттың әрбір көрініс кейпінен, реңінен күзге бейімделгендік аңғарылады. Суықбұлақтан шыққалы елсіз, жолсыз жерлерді басып отырып, түс ауа Оразбайға қоныс, мекен болған Есболаттың қара суы деген жерден де өтеді. Бұл жерде Оразбайдың Бейсембай дегенді тірідей көмгенін, бұған намыстанған Сақ-Тоғалақтың жігіттері оның үш мың жылқысын қуып алғаны жөніндегі бұрын естіген оқиғаларды көз алдына келтіреді. Мырзашоқы іргесіндегі ауылдардың біріне жетіп қонсақ па деген ойлары іске аспады. Өйткені ымырт жабылып, қараңғы түссе де ел қарасын көре алмады. Аттары да, өздері де болдырып шаршаған соң далада түнеуге мәжбүр болды. Ал осы сапардағы күні бойғы көргендері мен аңшылықты қызықтағандағы әсерлері екінші кітаптың талай-талай беттеріне өрнек болып өрілетіні көкейіне тоқтық әкелді. Солардың біріне Бақанас тауларының Қырғыз шаты, Кішіәулие аталатын жерлерінде салбұрында болуы, бір шеті Ақшатау, Жәнібек, Қарашоқы, Қазбала, екінші шеті Байқошқар – бәрін де әрлі-берлі жортып, кезіп шыққан аңшылар ендігі қысты алыстағы Бұғылы, Машан тауларына тікпек болып жолға шыққаны болмақ. Тоғжанға осы адасуы кезінде кездестірмек. Бұған мына бір әңгіме де әсер етеді. Романда Абайдың салбұрында болатыны, қосты басқа жерге тігеміз деп жүріп боранға тап келетіні, адасатыны, Тоғжан аулына кездесетіні, көп жылдар көріспеген ғашықтардың оқыста ұшырасуы сәтіндегі сезімдеріне, көңіл-күйлеріне мол орын берілген. Оған деректердегі мына шындықтар, оқиғалар әсер еткен, басқаша сипат, басқаша өріспен көрінісін тапқан. Жас кезінде салбұрында жүрген Абайды Бижан аулы қонаққа шақырады. Абай Бижанның Қарашегір атанған құсын көргісі келеді. Оның әйелі Мұрын Тананың қызы Тұржан сұлуды бұрыннан біледі. Онымен Абай амандасып тұрып: Тұржан, сарттың меңлі қызылын көрдің, Қазақтың қышырлы қарасын көрдің. Орыстың көк тамырын көрдің, Осының қайсысы жақсы екен – дегенде, «Е, мырза-ай, кімді жақсы көрсең, соныкі жақсы да» депті. Соңынан Абай «Тұржан жақсы еді-ау, ашуланбай жаңағыдай жауап берді» дейді екен. Осы сәттердегі сезіністерді романдағы Шәке,­ Бөжей, Баймағамбет, Смағұл, Ербол,­ Тұрғанбайларға кейіндеу келіп қосылған Жирен­ше, Абылғазы, Бөжей баласы­ Жабайлардың келіп қосылуы арқылы көр­сет­пек. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінің жазылу себебін осындағы көріністер арқылы аша түспек. Осындай аңшылық сәттерін бұрындары естелік айтқан Бүкең Жиреншеұлының әңгімелері аша түскен. Осындағы Жабай өте тілді, шешен, бірақ кедейлеу адам болыпты, «жазу жаз» десе «құйрығымның сарсуы бар еді» деп жазудан, қол қоюдан қашады екен. Жазушы бұларды романда басқаша күйде берді. Жүріп өткен жерлердегі табиғаттың әрбір көріністерін көңіл-көкейіне мейлінше тоқымаққа, есте сақтамақты ойланған ақынды өзгеше қиял, сезімдер құшағына берілдірді. Сонда өзі ойланумен, ойға батумен болды. Осы өңірде өткізген балалық шағын, қуанышы мен кейісін, шаттығын есіне алғыздырды. Осындай қалыптағы ол Ботақан ошағының тұсына келгенін сезбей де қалады. Бұл сәтте өзіне ғана емес, елге ана боларлықтай қасиеті бар Зере, Ұлжандар үлкен мейір-шапағатымен жан жүрегін елжірете елестеткізді. Астан шаршап, қажып келіп ұйықтап оянғанда аналарының берген батасын, әжімді жүзімен кішкене бүріскен саусақтарын көз алдынан кетіре алмады… мұның арты алдағы екі-үш күндік адасуға жалғасты, осының бәрі өздерінің осындағы адасулары мен Бижанның Абайларды қонаққа шақыруы романдағы ғажап суреттерді беруіне себеп болды. Абай өмірінің соңғы кезеңі мен оның көші-қондары жөнінде әңгіме, естелік айтқан Қатпа өткен қыста қайтыс болыпты. Оның өзі де әзіл сөздің кеніші болатын, күлкілі әндерді, хикаяларды көп айтады. Оның айтуындағы Абайдың бір жылғы көші-қоны жөніндегі мына әңгімелері ерекше қызықты болып келеді: «Жазғытұрым апрель ішінде қыстаудан көшіп, Байтөбетке қонады. Күзек қар бар. Одан Тақырбұлаққа, одан Көкүйірім, одан Қасқабұлақ, одан Тұмаға, кейде осылай да жылқыны келтірмей айдап, топ үстіне көшіп барады. Кейде Тақырбұлаққа қонбай Ырсай көліне қонады, құсын аулай да барады. Бұл көш – бір жолғы көш. Қайта көшкенде Ералыға қонып, ауызсуды Ералыдан ішіп, жылқыны Ырсай көлінен суғарады. Қыстауына майдың аяғында қайтады, бірақ шалғынына мал жібермей қорынады. Содан сыртқа қарай Көлқайнар қонады. Домалақтөбе, Шыңғыстау бөктері, содан Ақбұлаққа қонады. Көшекпен асады. Іркіт салатын, бәйбішелер мінетін арбалар болады, сондықтан жайлы асумен асады. Ақбұлақ – күнгейде, соған қонады, одан Бар­лыбай жазығы, Тоқашаның өзеніне қонады, одан көшкенде Әулиетасының өзе­ні­не түнейді, шатқалаң болады. Көкшеден қоныс сұрап алып, Бақанасқа да қонады. Бақанасқа барарда Қарақұнан, Боғаспен немесе Кішекеңмен көлденең асады, онда Сарыкөлге қонады. Қарақұнан – Ақ­байталдың шығыс жағы, Қырғыз ша­тының батыс жағы» (№29-бума, 197-198 б.) деп, көп-көп өзіндік ерекшеліктерін жайып салған. Бұл сапарында да бағалы, құнды, керекті деректер естіді. Оларға: Базаралының жиырмалар шамасындағы кезінде қырықтардан асып бара жатқан Барақты күресте жеңіп, сауытын тонап алып жөнеле бергенде, «Базаралы алды деп мен айтпайын, Барақты алдым деп сен айтпа» дегені, айдаудан қайтқан Базаралы айғырлы үйір жылқы беріп, бір қаракөк ат мінгенін көрген жұрт «Тасқа байлап кеткенбісің?» дегенде «Ой, шіркін! Бір айғыр үйірін астына мініп жүрмеген кісі жігіт пе!», Бөдей Жамансарының жұртқа зәбір көрсете беретінін естіген Базаралы ашуланып іздеп барғанда ол «Мен Жамансары!» деп қарсы шабады. Сонда Базаралы оны найзамен түйреп тастап: «Жат! Сендей жаман сары ит көтінен қаны ағып осылай жататын» дегендей әңгімелер. Әрхам Ысқақұлынан алғаш рет көп қажетті деректерді 1935 жылы сұхбаттасуларында алса, бұл жолы да оның айтуындағы «Қадиша қыз дауы», 1898 жылғы Оразбай жылқысының алынуы (бірде үш мың, енді бірде бес мың дейді), Еркежанға әмеңгерлік жолымен туысқандардың таласы, сонда Абайдың алуына ауыл адамдары мен Кәкеңнің (Кәкітай) себеп болуы, Кәкітайдың он екі жасында Абай қолына келуі, Абылғазының Сарбауыр атты (Әзімбай аты) кісенін ашып алып кетуі, Ниязбек молданың өзін өзі әжуа еткен әңгімесі, Абайдың сыбызғышы, домбырашы, құмалақшы, дойбышыларды сүйеп, ісмерлікті қостауы, Абылғазының Саржорғасы, Бейсембайдың Оразбаймен құда болуы, Бозымбай мыңы Көктырна, Абылғазы мен Қарашада 700 қаралы жылқы болғаны, Әзімханның қонақта болғанынан кейін Абайдың «Атасында көрмегенді батасында көрсеттім» дегені, Оспанның Ысқақты шақырып алып, қайнына жіберіп Тектіні (Мәніке) алдырғаны жөніндегі әңгімелер жатады. Осылардың ішінде Балтабай айтқан Қаракерей Қабанбай сексен жасында қолды өзі басқарып барып, «Осында бір шұбар тышқан бар дейді деп» жолбарыс­ты өлтіргені туралы, Абайдың Жылытаудағы Байғұлақ ауылынан Аққасқа деген жүйрік атты алдырмаққа он екі атар винчестер мен алтыатар берген Мыңжасар, Қасымхан, Дубай дегендерді аттандырғаны, содан алып қайтқан Ақайдар атанған ат пен бір дөненді Дубайдың иемденгені жөніндегі әңгімелер де бар. «Өлушінің күні бітпей өлтірушінің қолы жетпейді», «Жер – анасы, ел – баласы», «Жалынған бас қорғау емес, жағаласқан бас қорғау», «Қайтқан малға қасқыр өш» дегендей мақал-мәтелдер және Төлеу айтты деген сөздер үлкен олжа болып көрінді. Осы айтылғандардың ішінде «Қадиша қыз дауы» романның қазіргі жазылып жатқан кезеңіне дөп келді де, шығармасында «Салиха қыз» болып, әңгімеленді. Жазушы бұны суреткерлік шеберліктің көркем көріністеріне ұштастырды. Бұның өмірлік негізі Тобықты ішінен онша алыстап кете қоймаған әңгіме болатын. Бірақ қаламгер романда арғын-найман, керей арасындағы үлкен-даушар деңгейіне көтеріп көрсетеді. Бұны суреткер қазақта бола беретін жесірлік-әмеңгерлік айналасында туындайтын қақтығыс пен барымта-сырымтаның ойға келместей небір алуандықтарын көз алдыға иірім-ағыны мол ғажап сурет етіп елестетті. Жуантаяқ Бәзілдің қызы Қадишаның атастырған жері – Есболат. Қыз Есболат жігітін менсінбейді де, Ескененің ұрылары алып кеткен жылқыларын қуа келген Бошай жігіті Олжабаймен көңілдері жарасып қалады да, онымен қашпаққа бекінеді. Осыны сезіп қалған ауыл жігіттері аңдып жүріп, қашар шақта ұстап алады. Екеуінің аяғына бір кісен салып, сияздағы билердің алдына алып келеді. Оны басқарып отырған Абайға қыз: Алдыңа келіп тұрмын, Абай аға, Бар шығар сізде-дағы мендей бала. Айдаған кісен салып жиын топқа, Бар ма еді бұрынғыдан қалған шара – деп, өлеңмен арыз-мұңын шағады. Қымсынбай, қиналмай өлеңмен ішін ақтара арыз-мұңын жеткізе білген қыз өжеттігін, шынайылығын ұнатқан Абай қыз басына азаттық әперді. Ақынның бұл шешіміне қыз жағы да, қызды айттырып отырған жігіт жағы да разы болмайды. Өйткені екі жақ та қыз бен жігітті жазықсыз жазалағаны үшін айып тартады. Кісен салған әлгі жігіттер де айып төлейді. Бұны әділ шешім демей жаулығы мен өштігін күшейте түседі. Романда әрі би, әрі қазы ретіндегі Абай Салиқа қыздан сыр тартқанда, ол басына бостандық болмаса, Балқыбек пен Бақанастың тұңғиық қара суының бірінің түбінен мекен табатынын, етін шал сипағанша құрт жегенді дұрыс көретінін айтады, қыздың бұл сөзі «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген белгілі өлеңінің тууымен байланыстырылады. Билік, қазылықта көбіне әділ төрелікке барып дұрыс жол, дұрыс шешім тауып кетуіне байланысты, әйтпесе жөн істің жөнін дәлелдей алмай ұтылып қалып жататын жағдайлар қазақ дау-шарларында жиі болып тұрған. Салиха қыз дауындағы билікте Абайдың өзі таңдаған Тобықтының Жиренше, Оразбайлар, Керейден Бегеш, Тойсары, Найманнан Барақ, Жұмахандар болған жайды түсіндірісіп жүреді. Сонда жақын тартып өзі атаған Жиренше мен Оразбайлар ойынан шықпайды. Осында келгелі жазушы кейде жолдастарынан бөлініп, өзінше, өз бетімен жүрген кездері болды. Ес білгеннен таныс мекен, таныс өлкелерді көз алдынан өткергенді, бәрін де жаңа көргендей болып толғанғанды жөн санады: ондайда тебіренді, егіле-елжірей отырып елтіді, бірде жақыннан, бірде алыс­тан бұлаңытқан мұнарлардан өткеннің оқиғаларын елестетті, мұның өзі шексіз кеңістік тұңғиығына батырып мұңдандырды, ойландырды, толқындырды. Бұл оңашалық көп жәйттерді жадына қайта түсіртті: кім болдың, қандай жол, бел-белестерден өттің, ондайда көңілінің толған-толмағаны таразыға түскендей болды… оның өкініші, қуанышы, сағынышы бірдей сияқты, әке-шеше, аға-жеңге туған бауыр қамқорлығының жақсы жол, жақсы бағытқа бастағаны, олардың жан әлеміне сіңіріп қалдырған жақсылығы, өзіне дарытқан қасиеті бүкіл дем-тынысы солармен ғана байланысты болғанын сезінді. Сондағы туған жер, өскен ортаның көрінісі: «Күншығыста Орда, Тоқымтыққан, Боқай, ашық күнде алыста Арқат, Байжан басы, Бөрілі, Қарауыл, Қараша, Тоқпамбет, Көлқайнар, Қызылшоқы басы ғана, Қыдыр, Үлкен Шыңғыс, Шұнай (екі Шұнай), Аршалының басы ғана көрінеді. Доғалаң, Сақтың көлі, Барақ, Қабекең бейіті ақ далаға кіре беріп салбырап тұрып қалған ұзынша Тұмсықта. Жақсыкөл, сыртта Қарақойтас, Хан. Тақырдан Қарауыл, Балпаңға қарай жүргенде алыстан көпке шейін Доғалаң, Қарауыл, Балпаңға қарай жүргенде ақ дала, қалың қыстау. Алыстан көпке шейін Доғалаң, Қарауыл, Шұнай бастары көрінеді. Сары теңіз, жазық, толқынсыз тыныш теңіз бетіндегі кесіп алғандай күдір бел, ертегі түсті ескі заман кемесіндей… Суықбұлақтың тау жақ сырты Саркөл, шығыс жақ қатары Қарақұнан Боғас, түстігі Бақанас, Жәнібек, айнала тоғайлы салалар, қалың шалғынды бұлақтар. Сарғалдаққа қарай жүргенде жолда Аққойтас ұзаққа созылады. Түстік жақта Керегетас, Ботахан, Шақпақ, алда Айдарлы тас, тау жақта Пұшантай, Барлыбай, шығыста Қысырақ, алыста Көксүңгі Айдарлыдан соң Бұғылы – мол шалғынды, көп тоғайлы салалар. Бұғылыдан Майымбет, Мырзашоқы, Батыста Машан, түстікте Ақиық, Қызылқайнар, терісте қалың Шыңғыс. Қабантаудың қыр арқасынан көлденең созылған ақ тастар көрінеді. Ол – Мырзашоқы мен Шыңғыс арасындағы белгілі Қоңыр әулие – Барақ тасы. Мырзашоқы қызық тау. Мұның айналасы толған көк сала. Төскей-төскей салқын шалқар қоныстар. Шыңғыс жақтан асықпай салқын самал соғады, толас болса түнде ғана болады. Төменгі етектері сарғыш ұсақ төбешік боп келген. Мырзашоқы кеуделеген кезінде тұтасып бір-ақ мықты биік болады. Кеуде және бас жағында тасты, тікиген құздары бар. Шығыс жақ беті әсіресе жалтыр, қожыр тастарға бай – ит жүгіртсе жазым болғандай. Осы Мырзашоқыдан Машан, батыс жақта құнан шаптырымда ұзақ бұрылған қатпарлы қалың жота тұр. Кешкі көлеңкесі өмір кешіндей салқындап қарауыта түсіпті. Күнбатысында жарқырап сар көделі, көк салалы Мырзашоқыға Машан күдік айтып қараған тәрізді. Бұл тау сенімсіз күдік тауы сияқты. Оразбай шабындығына келгенде бетін қайыра қатты аямастай ескерту көргендей болады. Көлеңкелі көп адыр берірек жерде. Бұнда күн мен көлеңке кезек деп, сәт пен қанат деп таласып, егесіп, онымен ежелесіп тұрғандай. Түстікте ұзақ, кең сары қайқаң, одан ары сарғалдақ суы. Бес шақырымдай жерде мұрыншақ қоңыр адырдың арасында бір кетік бар – батыс жақ дөңесі кесіліп шабылғандай… Кеш бекіп келеді, көлеңкелер тұтасып барады, сарғыш сәуле жұқалаң алтын жалатқан қаймақ сары қақпақтай ғана бұл бөлек ұсақ адырда үлкен Машан биігінің көлеңкесі Мырзашоқы бауырының басын басып өтіп қоңырқайландыра бастады. Молалы су. Кеш. Дөң басы. Айнала қаражырық – Айнала Абай қонысы Сарқырқа, Ақеспе, Шибұт өлген, Шолпан Жортар құдығы. Ақ селеу – қалың көде өлкесі, менің балалығым, жастығым, ер жеткен күндерім – бәрі осы өлкелердегі мың сан ыстық шақтармен туысқан. Туған жерім толық тілді, ең мол сырлы ұлы әңгімеші екен. Есте жоқ күндер, ұмытылған талай-талай ұсақ оқиға салдар – бәрі де өз өмірім желісін қайтадан бір тартып, айрықша баян етіп өтті. Шығанда Аралтөбе, Бөрілі, Қаражырақ барып аралап өттім. Төменгі ауыл мен басқы ауыл арасында Тіккезең, Суыққұдық, Итмұрын, Ебетай – бәрі де, басқы ауылдың таулары да сонау-сонау ата-анам бар шағындағы ең кішкентай момын да, ерке де болған қоңыр баланың барын айтты. «Дүние-ай, туған жердің мұндай ұмытпас, өшпес ұлы мұңдас екенін сол күндерде біліп, бағаласам етті. Онда жақсырақ сүйіп, парызын молырақ ұғынар ма ем. Кеш демеймін, көңілге куә бол деймін. Мұңды қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі, Қарасу басын, Бүйрекқараған, Жүрекадыр, Жамбасбұлақ, Аяққараған бәр-бәрін қайран атам, жақсы қыстау, жайлы қонысқа барлық атты қайтіп қана сүйіп тауып бергенсің. Әлде біздей нәсіліңнің бірін-бірі көп жыл көрмей, сағынып келіп жүргенде Жүрекадыр жүрегін тебірентсін, Бұйрекқараған сенімсіз бүйрекке өзі барып қатты білдірсін деген бе едің. Сағынып кеп тағы да баяғы сабаққа бара жатқан күндерде әрбір түп шилерге, әрбір асық ойнаған тауға енді қайта айналып соғып сендерді көрем бе, жоқ па деген қимастық көңілмен қоштасып кетіп барам. Ағам (әкем), жеңешем (шешем), кәрі апам (үлкен апам), қадірлі ағам Қаске, жаны жылы жақсы жеңгем Қалия, бауырым Гүлсім, інім Сабидал – бәріңнің де қабіріңді көріп өттім. Бірде-біріңнен титтей де реніш шеккен шағым жоқ екен. Ойласам мен өзімді соншама жақын көрген, сондайға көнген, сүйген, мендей жаман баладан көп-көп үміт еткен жақсы жандар ортасында туып өскен екем. Әруақтарың әрдайым жадымда, өле-өлгенше сендерді ұмыта алмас күйде екем. Соңғы күндер Қаске түсіме кірді. Ашық киімі бар, бірақ ренішті халде көрінді. Жан ағам жаңылмаспын – «Жақсы бол, ұл бол, ел сүйетін азамат бол, құр күн көргіш пысықай бірдеме болам десең, ата-ананың үмітін жер еткенің деген сөзіңнен. Ендігі қалған тірлікте қарызым да сол, іздер, барар мұратым да сол ғана, Кәмаш отауы (өз отауым), қаршыға ұстаған жазым, үш қарадай қаршығамды ауыздандырып, ең алғаш қоян алғаным. Қалыш, Өмірзақ (жолдастарым), қаршығаны күту, баулу, жаздағы қызық – бәрі де сол қоныста болған екен». Алғаш жазуға кіріскенде өзін көп мәселелерді кешігіп барып қолға алған, кіріскен жан сияқты сезінген. Жалпы ақынды тануды, мұраларын зерттеуді ертеректе қолға алғанымен, биограф ретінде біраз әрекеттер жасағанымен, көркем дүние жазу ойында болмаған. Көп нәрсені өткізіп барып қолға алғанын байқады. Роман жазу ойына келгенде бұрынғы білемін, түйдім дегендерінің мүлдем жеткіліксіздігіне көзі жетті. Зерттеушілігіне келсе, ақын шығармаларының жартысына жуығын қалпына келтірді. Көркем дүние тудыруға біржола бекінгенде деректердің көпшілігін таңдап-талғап, ой елегінен әбден өткізіп барып енгізді, бұл ретте өзі алдымен сарапшылықты ұстанды. Көп деректердің бәрі бірдей тарихи жүк атқарып тұрмағанымен олардың көбінің белгілі бір дәрежеде қызметі болатынын жадында тұтты. Бұл тұста суреткерлікте болатын жобалау, топшылау, елестету, өзінше қорытындыларға бару секілді ұстаным-шешімдерге еркіндік берді. Осындай кездердегі түйген басты нәрсесі – ел де, жер де, ондағы адамдар да әңгімеші, мұраны сақтаушы екенін ұғынды, сондағы естігендерінің біразы аса елеулі деректер ретінде романына енгізуге болатынына көзі жетті. Жазуға кірісу, оны жан-жақты ойластыру барысында үлкен бейнеге айналдырмақ болған адамының бірі Шектібай болатын. Ол Ұлжанның Ұлбазар деген бауырынан туған, жасы отыздан асқанша Құнанбайдың ауылында тұрып, Оспанның туыс-бауырындай, қасында болды. Ақыры жиендері оны үйлендіріп, басына отау тігіп, алдына мал салып еліне шығарып салса да, үйреніп қалған аулына келгіштей беруден таймады, көңілі, ойы ұдайы осы жақта болады да тұрады. Мұндағы думанды, мұндағы әңгіме-дүкенді, үйреніскен адамдарды, Абай айналасының әңгімелерін сағынады. Бірде осындай ынтыққан көңілмен құстай ұшып жетіп келсе, ауылда ешкім жоқ, сұрастырса бәрін де Тәкежанның үйі қонаққа шақырып кетіпті. Сол қарқынмен жетіп барса, бәрі де дуылдасып, желігісіп отыр екен. Мұны көргенде шетінен қуанысып қалды, тек Абай ғана «сәлеміңді қоя тұр, әуелі бір ән айтып жібер, Шаншардың жаңа әнінен» дейді. Оның осындай әдетін білетін Шектібай алдын ала дайындап әкелген. Шаншардың Айбике жағынан соңғы кезде туған: Дариға үш мың жарым жылқым болса, Ауылым көкорайға көшіп қонса. Су ішіп, айдын көлден қалың жылқым, Батпақтап тай, жабағым шығып тұрса – деген сөзімен басталатын әнін айтқанда ғана Абай: «Жақсы, жарадың, кел отыр» деп, өз жанынан орын ұсынады. Романның алғашқы қолжазбаларында осы Шектібай аты аталады, бертін келе Дәрменге өзгертілген. Абайдың тағы бір әдеті ел жайлауға келісімен іргелес қонған ауылдардың белді, беделді адамдарын шақыртып алдырады екен де, әңгіме-дүкен құрады екен. Бірде оңтүстігіндегі Сыбанның, солтүстігіндегі Қаракесектің сондай адамдарын шақыртып, бірнеше күн жібермей жасаған мәжілістерінің арасында Алтыбай, Салқынбай дегендердің момындығы, жомарттығы сөз болып қалады. Сонда Шалтақай деген: «Әй, тәйірі, оларды қойшы, қояннан да қорқады» дегенде Абай: «Осы қазақтың еш нәрсені жете білмейтіндігі-ай, балалық көзқарас қашан қалар екен. Қоян қорқақ па? Анық батыр – қоян, биік тау бауырының жазығындағы жалғыз түп қарағанның ығында тапа тал түсте паналап, қалықтаған қыранның, шарлаған жүйріктің жолында өз күшіне сеніп жатады. Бүркіт ағып келе бергенде саспай-пыспай орнында тұрып, бүркіттің басынан қарғып, топшысын тасқа соқтырып, мерт қылып кетеді. Ең батыр деген жолбарыс, арыстан, аю, қасқырлар жазықтағы жалғыз түп қарағанды пана тұтуға жүрегі дауаламас еді. Қоян үстіне келген кісіні көре тұрып тырп етпейді, шыдап жатуға ерлігі жетеді», – дейді. Жақсы біліп, жақын түсінетіндер Абайдың ықыласы түсіп ойын айтса, айтқаны дәл келуші еді дейді. Тіл – бұлбұл, көкірек – бақша, бой – тас қорған, Жігітке қиын екен ғашық болған. Мен емес, қолдан ұстап, тілден сорған, – деген жолдарды Абай сөзі еді дейді. Абай жас кезінде Сабырбай ақынның қызы Қуандықты көрмекке барады екен. Қыздың отауы бөлек тігіліпті, қазақ жастарының салты, жолын қолданып, Абай ел жатқан соң қызды оятпаққа барады. Сонда қыз өлеңмен тіл қатады. Басыңда ши қалпағың шетін жиған, Талай жан Қуандық деп жанын қиған. Сыбанда сендей саумал толып жатыр, Бұтына тар шалбары әрең сиған, – дейді. Олардың арасындағы сөзді жақын жердегі ұйде тыңдап отырған Сабырбай: Қуанжан, не себептен әнге салдың, Балам ең қыз болсаң да ырым алдым. Бір келген құзырыңа мейман шығар, Көңілін Абайжанның қалдырмағын, – дегенде Қуандық: Әкекау, алшаңдадым оң жағыңда, Алаштың таңсық емен бойдағына. Ұл еткен қыз басымды қайран әкем, Біреудің отыр дейсің тулағына, – депті. Абай осыдан соң түн ішінде аттанып, жүріп кетіпті. Бұны – бірінші, екіншісі – Шекті деген шешеннен дауда жеңілгенін еске алып отырады екен. Ол Аягөзде Арғын, Найман бас қосқан дау­да болыпты. Сонда Абаймен кім сөйлеседі деген кеңесте біреулер Шектіні еске алады. Олар Абайды Шекті отырған үйге түсіреді. Шекті Абайдың қолын алып амандасып тұрып, тұстастарын түгел сұрайды, ақырғы кезек Базаралы туралы түгел сұрағанда Абай үн қата алмай қалады. Біраз отырыстан соң Шекті сөзін тағы да жалғастырады. «Бір бала бар әкесінен аса туады, бір бала бар әкесіне жете туады, бір бала бар көтінен кейін кете туады, соның қайсысың?» дейді. Артынан Арғынның адамдары «саған не болды?» дегенде: «Ол мені бағана жеңді. Амандасқанда Базаралыны сұрады, оны өзім айдаттым. Кейінгі сұрағы өте қиын, егер бірдеңе десем бүлінгелі тұр. Себебі Ырғызбайға Өскенбай үш жүздің басын қосып ас берді, Өскенбайға Құнанбай үш жүзге жария етіп ас берді, мен солай етіп ас бере алмадым. Ол соны айтты, мен жеңілдім» дейді. Осы сияқты деректер шығармада нақ­ты­ көрінісін таппағанымен уақыт, заман шындығын елеп-екшеуде көп пайдасы тиді. Енді бұндағы айтылғандарды енгізу үшін алдымен тарауларының жоспарын жасады, сол тұстағы қоғамдық құрылымды, оларды­ басқаратын адамдардың әлеуметтік жай-жағдайларын жан-жақты біліп алуды ойлады.­ Абай тұсындағы бес болыс То­бықтыны билеушілердің жалпы саны алпыс шақты адам болды, осылардың көбі бір-бір руды билеп отырған және әрқайсысының өз ұрандары болды. Ойлана, іріктей келе жазушы осылардың барлығын бірдей шығармасы кейіпкеріне айналдыра берген жоқ. Осы алпыс шақты адамның жиырма шақтыдайына ғана тоқталды. Сондағы таңдап талғағандары әр тарау­да әрқилы деңгей-дәрежеде көрінді. Ықшамдаулар не­месе ұлғайтып, өсіріп шығарманың көр­кем­дігі мен мән-мазмұнына сәйкестендіріп енгізді. Бұл ретте өзі айта беретін тақ-тұқтыққа айналдырып жібергем жоқ па дегенді де жиі ой­латтырған кездері болды. Жазушының өткен дәуірді, оның өкілдерін көрсетуді ұс­тан­ғаны, жақсы жағын жеткізуге ұмтылғаны сол кездегі таным-талғам, көзқарастардың өлшеміне сиыспайтындай көрінді. Соның бірі Құнанбай тұлғасының сомдалуы кейбіреулерге мөлшер-қалпынан шығып, әсірелеп жіберген сияқтанды. Біреулердің көкейлеріне нағыз феодалдың бұлай кейіптелуі қонбады. Солардың бірі оның жағымсыз жағынан әлі жетілдіріле беруін қаласа, енді біріне асырылып жіберген болып көрінді, тым өктем, тым қаталдығын, тым салқынқандылығын мін көрді. Суреткер әуелден ерекше жаратылысты адамды сомдауды мақсұт тұтса, сыншылары оған қатысты көп сөздер мен ойларды, көріністерді өзгертуін, қысқартуын, алып тастауын талап етті, тіпті кітаптың атын «Құнанбай» деп атағанды жөн санайтындар да болды. Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қалалық кеңесі бірлесіп 1943 жылдың 11 мамырында «Абай» романын талқылауға арналған жиын өткізді. Онда «Абай және роман туралы», «Әдебиеттің дамуы жолындағы романның маңызы», «Абай» романы – ХХ ғасырдағы қазақ тарихының айнасы ма?», «Құнанбай мен Абай», «Романның көркемдік ерекшеліктері туралы», «Абай романымен байланысты кейбір міндеттер» деген тақырыптар айналасында ойлар қозғалды. Жарыссөзге шыққан әдебиет, мәдениет қайраткерлері арасынан Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің ойларын бөліңкіреп атауға болады. Сәбит: билер образы жақсы шығады, бірақ осы биі қандай би, Құнанбай жақсы жауыз, кейде асырып салады. Жақсы биді кездестірмейміз, Құнанбайдан бір жақсылық көрінбейді. Әйел образы Мұхтарда шықпайды. Сарыапаң жақсы, жалпы сөз, Зере образын күзеген. Ғабит: Қодар өлімі, қатын айырбастау, Оспан осырақ. Ұсақ кемшіліктер: Жексенді ұрмасын, Қуандыққа оп-оңай айқасу арзан болады. Оқ­талып барып құптаса жақсы. Құнанбай сөзін шешендікпен жеткізбеген, Байдалылар, Байсалдар артық сөйлемейді. Өріс, жер аттары көп. Қазір орынды, келесі кітапта аз болу керек. Тілде созу да бар, көкшіл түстермен жайнайды, ызамен қайнайды – аударма тілі. «Салмағын өз арқаларымен сезген-ді». «Өз ортасын бойымен басып жыға берген» дегендей. Осылардың ішінде қатын айырбастау жө­ніндегі айтқан пікіріне құлақ асты да, қалғандарын орынсыз деп санады. Бірлі-жарымы болмаса негізінен жиында айтылған ескертпелердің түгелге жуығын қабылдамады. Екінші кітабына айтылған ескертпелерді қабылдауына тура келді. Алғашқы басылымында «Тайғақта», «Әнде», «Еңісте», «Аңда», «Асуда», «Тағы да әнде» деген тарау аттарымен жарық көрсе, келесі басылымында: «Тайғақта», «Жайлауда», «Еңісте», «Оқапта», «Асуда», «Тарауда», «Биікте» болып өзгертілген. «Аңда» – «Оқаптаға», «Тағы да әнде» – «Биіктеге» ауыстырылды, «Тарауда»­ деп­ аталатын жаңадан тарау қосылды. Бұ­лардан сол кезде тілек, пікір-ұсыныс ай­ту­шы­лардың ескертпелерін ескергендік көрінеді. «Еңісте», «Оқапта», «Биікте» тараулары сол ескертпелердің әсерінен жазылды. Елге көп жылдан кейінгі бұл келуіндегі көргендері мен түйгендері, сезгендері, естігендері көңілін әбден тоқ етті, мол олжаға кенелтті. Біраз түйткілдердің көбесі сөгілгендей жаңа күш, жаңа ойлар, естелік-әңгімелер тасқынына ұластырды. Ақынның туғанына жүз жыл толуын атау жөніндегі ойлар да осы жерде келгіштеді. Енді ақын болмысы барынша­ та­биғи болуы керек, сонда ақынның ақындығы, ой­шылдығы, халық қамқоры ретіндегі қадір-қасиеті жайып салынады, сонда ғана халықтық ерекшеліктері екшеліп сараланады. Талатбек ӘКІМ, тарихшы