ҚЫТАЙ – ҚАЗАҚ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖҰДЫРЫҚТАСТЫ

ҚЫТАЙ – ҚАЗАҚ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖҰДЫРЫҚТАСТЫ

ҚЫТАЙ – ҚАЗАҚ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖҰДЫРЫҚТАСТЫ
ашық дереккөзі

Атырауда Sinopec Engineering компаниясының «Еуразия Құрылыс Капитал 2007» мердігер серіктестігінің жатақханасында қытайлық жұмысшылармен бірге тұратын қазақ жұмысшылары арасындағы төбелестің ақыры оларды бір-бірінен бөлектеуге әкеп тынды.

13 тамызда Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағында аталған компанияның қытайлық жұмысшылары мен қазақ жұмысшылары арасында тұрмыстық кикілжің орын алған. Бұл компанияның жұмысшылары Атырау қаласының маңындағы Геолог елді мекеніндегі жатақханада орын тепкен. Жаппай төбелес орын алған күннің ертеңінде бұл жатақханадағы қазақ жұмысшылары, Балықшы шағын ауданындағы жатақханаға көшіруге мәжбүр болған.

«Еуразия Құрылыс Капитал 2007» компаниясының жұмысшыларының айтуы бойынша, жұмыстан шыққан бетте қытайлық жұмысшылар тобымен оларға күш көрсетіп, соққыға жыға бастаған. Соның салдарынан төрт жұмысшы ауруханаға түрлі жарақаттармен түскен. Жергілікті Ішкі істер департаментінің бұқарамен байланыс өкілдерінің мәлімдемесі бойынша, олардың жарақаты жеңіл болған, сол себепті де ауруханадан шығарылған. Геолог елді мекеніндегі жатақханада 110 қытай, 90 қазақ жұмысшысы күнелтеді екен. Алғашқы мәліметтерге қарағанда, жаппай төбелеске 30-ға жуық адам қатысқан.

«Еуразия Құрылыс Капитал 2007» компаниясы директорының орынбасары Алтай Томақаев мәселенің мәніне үңіліп жатқандарын айта отырып, төбелестің төркіні қазақ жұмысшыларының қытай тілін білмеуінде болуы мүмкін дейді.

«Ақжайық» ақпарат агенттігінің мәлімдеуіне қарағанда, Алтай Томақаев төбелеске қатысқандардың саны – 30 емес, 5-6 деген. Бұл оқиғадан кейін «Еуразия Құрылыс Капитал 2007» компания­сын­да бір күн жұмыс тоқтатылып, қазақ жұмысшыларын басқа жатақханаға көшіру ісі жүзеге асырылған.

Көптеген ақпарат құралдарының мә­лі­метіне қарағанда, қазақ жұмыс­шы­ла­рының айлық жалақысы – 60-70 мың теңгенің көлемінде. Бұған дейін қытай мен қазақ жұмысшылары арасындағы әлеуметтік теңсіздік салдарынан қазақ жұмысшылары ереуілдетіп басылған болатын. Жұмысшылардың айтуына қарағанда, қытайлық жұмысшылардың жалақысы – 200 мың теңгеге дейін жететін көрінеді.

Бұнда хош иісті көміртегін өнді­ретін зауыт құрылысы салынып жатыр. Қытайдың «Sinopec Engineering» компаниясының мердігері-серіктесі «Еуразия Құрылыс Капитал 2007» осы зауытта құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алған. Өкілетті тұлғалардың айтуынша, қазір оқиғаға кінәлілер анықталуда. Қазақ жұмысшылары төбелесті қытай жұмысшылары бастады дегенді айтады. Олардың айтуынша, қытай жұмысшылары бірін итеріп қап, қазақ жұмысшысының шалынып жығылуына түрткі болған, нәтижесінде қазақ жұмысшысы екінші бір қытай жұмысшысының үстіне құлайды. Бұған шыдамаған қытай жұмысшысы қазақ жұмысшысын соққыға алады. Арықарай бір-біріне шабуыл басталған. Алайда Алтай Томақаев қытай тілінің кей­бір айналымдары өте қатты, ұрсып жатқан се­кілді естіледі. Қазақ жұмысшылары мұны өздеріне тіл тигізу секілді қа­был­даған болуы керек деген жорамал айтып отыр. Әзірге бұл істің анық-қанығы дәлелденбеді. Тек медициналық сараптама жүргізген дәрігерлер қытай жұмысшыларын ауруханаға жеткізгенде, арақ иісінің мүңкіп тұрғанын айтады.

Есенгүл Кәпқызы