Жаңалықтар

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

ашық дереккөзі

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

ҚАЙТА ТІРІЛГЕН ТІЛ

Жуырда Ресейдегі Татар автономиялық республикасы орталық телевидениесінің белгілі журналисі Сүлейменов Англияда болған жеті күндік іс-сапарынан репортаж жүргізді. Тұманды Альбион елі көп ұлт өкілдерінен тұратынын, солардың бірі – үлкен аралдың күнбатыс жағында өздерін валлийлер деп атайтын ұлт өкілдері де өмір сүріп жатқанынан көрермендерді хабардар ете келіп, олардың тарихына, тұрмыс салтына ерекше тоқталды. Валлийлер Кармартен қаласын өздерінің астанасы іспетті санайды екен. Лондоннан шыққан жүрдек поезд сол қалаға дейін екі сағат жол жүреді. Валлий халқының түр бастары ағылшындарға өте ұқсас. Тіптен қатар тұрғанда қайсысының валлий, қайсысының ағылшын нәсілінен екенін ажырату өте қиын. Сүлейменов егде тартқан валлийлік кәсіпкер жанмен пікір алысқан.

– Сізді ағылшын деп тануыма бола ма?

– Жоқ, мені солай деп атайтын болсаңыз намысыма тиесіз. Мен осындағы валлий ұлтының өкілімін. Біздің ағылшындармен түріміз ұқсас болғанымен тіліміз, салт-дәстүріміз мүлдем бөлек.

Кәсіпкердің айтуына қарағанда, мұндағы валлийліктер саны екі жарым миллионның ар жақ, бергі жағында көрінеді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін бұл жерде ағылшын тілі үстемдік еткен. Жастар өз тілін ұмытып, мүлдем жоғала бастаған шақта ақсақалдары бұл мәселені қолға алып, үкіметке өз ұсыныстарымен шығады. Алайда үкімет оны қараудан бас тартқан. Мемлекеттік тіл ағылшын тілі болғандықтан елдің барлық аудандарында тек сол тілде ғана қарым-қатынас жасалатынын қатаң түрде ескерту еді. Үкіметтің бұл ескертуі валлиліктерді алған беттерінен қайтара алмаған. Олар алғашқыда митингілер жасап, үкіметке өз талаптарын қайта-қайта қоюдан таймайды. Бұл шарада еш нәтиже шықпаған соң қала көшелерімен жаппай шеруге шыққан. Қолдарына ұстаған транспоранттарында «Валлий тілі жойылу алдында!», «Біз ұрпақтарымызды өз тілімізде тәрбиелегіміз келеді!», «Валлий тілінде ақпарат құралдары болсын!», «Валлий тілінде балабақшалар мен мектептер ашылсын!» деген талаптары жазылған. Шеруді полиция жасақтары қарсы алып, ұрып-соғып таратады. Сонда да валлийліктер шерулерін жылына бірнеше рет табанды түрде қайталап, тіл жөніндегі талаптарын қоюмен болады. Ұлттың сөз ұстар азаматтарын қамап, әкімшілік жазалар қолданса да, халық өз талаптарынан қайтпай, тіл үшін күрестерін жалғастыра берген. Тек 1990 жылы ел іші мазасыздана берген соң ағылшын үкіметі олардың талаптарын толық қабылдап, балабақшалар мен мектептер ашып, ақпарат құралдарынан валлий тілінде хабар таратуларына рұқсат берген. Қазір валлийліктер өз балаларын тек ұлттық мектептерде оқытады. Өз салт-дәстүрлерін жаңғыртқан. Тіпті қаладағы көше атаулары да екі тілде жазылыпты. Әуелі валлий, содан соң ағылшын тілінде. Енді жаһандануға бет алған заманда, ағылшын тілі әлемде үстемдік алып отырған кезде, сол қалың ағылшындардың ортасында отырып, өзінің жойылып бара жатқан ұлттық тілі үшін күресіп, оны қайта тірілткен халықтың намысшылдығына, күрестегі ерік-жігеріне қайран қалмай көріңіз.

ҰЛТТЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ ҮЛКЕН ЖЕТІСТІГІ

Жуырда республика халқы отандық медицинадағы үлкен жаңалықтың куәсі болды. Астана кардиохирургтері чех мамандарымен бірігіп, созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған 38 жастағы науқас Жәнібек Оспановқа жүрек трансплантациясы жасалынды. Мұны еліміздің білікті кардиохирургы Юрий Пя мен Чехияның осы сала бойынша белгілі маманы Жан Пирк 8 тамызда бірлесе отырып жүзеге асырды. Енді бұл күннің отандық медицина тарихында ерекше құрметпен аталатыны анық. Республика Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов: «Елімізде алғаш рет жүзеге асып отырған бұл күрделі ота Ұлттық медициналық холдингінің үш бірдей клиникасы – Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы және Республикалық диагностикалық орталығының жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында жүзеге асты. Себебі ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы ақпарат жедел жәрдем ғылыми орталығынан түскен. Сол бойда Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығының дәрігерлері донор жүректің жағдайымен танысып, оны трансплантациялауға кезекте тұрған науқастардың тіндерінің үйлесімділігін анықтаса, Республикалық диагностика орталығы зертханасының мамандары өз тарапына байланысты жұмыстарды тиянақты жүргізген. Осылайша медицина саласындағы үш бірдей клиниканың мамандары миына қан құйылып, бақилық болған 46 жастағы әйелдің жүрегін 38 жастағы жігітке ауыстыру отасын жасауға бірлескен шешім шығарды. Бірнеше сағатқа созылған ота өте сәтті шықты. Қазір Оспанов жұрт қатарлы тамақ ішіп, аздап жүре бастады. Мұндай күрделі ота жасау осыдан бес жыл бұрын біздің медицина мамандары үшін арман болатын. Енді, міне, бүгін сол арманымызға қол жеткізіп отырмыз», – дейді.

Республикада созылмалы жүрек ауруына шалдыққандар саны өте көп. Тіптен осы аурулар қатарында 16 жасар бозбалалар да ұшырасады. Донорлық ауыстыруды күтіп жүрген науқастар қаншама. Жалпы орталық былтырдан бері елуден астам жасанды жүрек пен асқазанға имплантация жасаған. Қазір бұл біздің мамандар үшін үйреншікті ота жұмысы болып та қалды. Науқас жасанды жүрекпен он жылға дейін, ал биологиялық донор жүрек ауыстырылған жан 20 жылға дейін өмір сүре алады. Ота өте сапалы жасалып, органдар үйлесімділігі бірігіп кетсе, науқастың одан да көп жасауы мүмкін. Дәрігерлер жасанды жүрек ауыстырудан азды-көпті тәжірибе жинақтай отырып, енді міне биологиялық жүректі ауыс­тырып отыр. Кардиохирург Юрий Пя: «Біз бұл ота арқылы отандық медицинаны бір қадым алға жылжыттық»,– дейді. Чех кардиохирургі Жан Пирк науқастың денсаулығы қалыпты жағдайға түскен соң Прагаға қайтып оралған. Отандасы Томуш Котулак біздің мамандарға әлі де болса кеңес беруге қалған.

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық ор­та­лығы басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова: «Науқас Жәнібек Оспанов орталыққа тамыз айының басында ауыр жағдайда түскен еді. Ондай науқастар әрі десе бір жыл ғана өмір сүре алады. Әдетте донорды ұзақ күтетінбіз. Себебі өмірден озған жанның туыстары мәйіттің жүрегін донорға алуға рұқсат етпейтін. Біздің елдің заңында тек солардың рұқсатымен ғана донорға пайдалануға болатыны жазылған. Ал Оспановқа донор дер кезінде табылды және отандық дәрігерлердің алғашқы отасы да өте сәтті шықты»,– дейді.

Қазір кардиохирургия мамандары донор болған адамның туыстарына мемлекет тарапынан көмек беру туралы өзгерістерді Денсаулық сақтау кодексіне енгізгенін айтып жүр. Биылдың өзінде сол өзгеріс күшіне енетін секілді. Олар бұл қадам халықтың донорға көзқарасы мен түсінігіне елеулі түрде ықпал ететініне кәміл сеніп отыр. Өйткені орталықтың дерегі бойынша елімізде жыл сайын кем дегенде 150 науқастың ағзасын ауыстыру қажет екен. Ал отандық медицина бұл күрделі ота жұмысын биылдан бері ғана бастап отыр. Ол үшін бізде шет елдерден тәжірибеден өтіп келген арнайы мамандар мен заманауи медициналық құрал-жабдықтар бар. Сондықтан да болар қазірдің өзінде бізге алыс жақын шетелдерден келген науқастар емделуде. Бұл тәуелсіз елдің медицина саласының алға басқанын көрсетеді.

ТӘРБИЕНІҢ БІР КӨЗІ –

ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕР

Ағымдағы жылы Ресей кинематог­ра­фис­тері бұл сала бойынша көрермендер талабынан шыға білді. Олардың жұрт назарына ұсынған «Фурцева», «Жуков» және тағы басқа да деректі фильмдерін «Еуразия» телеарнасы арқылы қазақстандықтар да сүйсіне тамашалады. Халыққа танылған тұлғалардың көпшілікке әлі де беймәлім тағдырлары драмалық көріністер арқылы ұтымды шыққан. Басты рольде ойнаған актер маршал Жуковтың бейнесін өте сенімді сомдай отырып, соғыс кезіндегі қолбасшылық ролін, бейбіт замандағы билік басындағы айлакер басшы Никита Хрущевпен күрес барысындағы ішкі күйзелісін, жан дүниесін шынайы түрде жеткізе білгені байқалады. Ол туралы бұрын айтылып жүрген ақиқат пен аңыздың ара жігін деректі фильм нақты мысалдар арқылы ашып бергені көрермендерді тәнті етті. Осы туындыларға қарап, шындық ешқашан да өлмейтініне көзің тағы да жете түскендей. Оның ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жарыққа жарқ етіп шығары анық.

Ал бізде деректі фильмдер бар ма? Бар!­ Бірақ өте аз. Мұндай фильмдерді тү­сіру соңғы он бес, жиырма жылдың бе­де­рінде ғана қолға алынды деуге болады. Кеңестік кезеңдегі ұлттық тұлғаларымыз, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов және тағы басқалар туралы деректі фильмдер олардың портреттік бейнелері мен жалаң сөздерге құралып түсірілген. Сондай-ақ бертіндегі Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұқағали Мақатаев және т.б. туралы деректі фильмдерді түсіру мүмкіндіктер бола тұрып, дер кезінде түсірілмей қалғаны өкінішті. Олардың тірі кездерінде түсірілген, тағдыр жолдарынан толық мәліметтер беретін деректі фильмдер жоқтың қасы. Бары кеңестік саяси көзқарас тұрғысынан шектеліп, қыс­қартылып түсірілген. Бүгінгі күн кө­рер­мендері талабына сай келе бермейді. Кө­бінің киножурналдарда мінберлерде сөйлеп тұрған әрі жылт еткен бейнелерін ғана көріп қаламыз. Ал ішкі жан дүниесін, қиын да қилы тағдырлары туралы белгілі ак­терлардың орындауындағы драмалық кө­рі­ністермен берілген фильмдер жоқ. Тек эк­ран­нан қолдағы бар суреттерін көрсетіп, бол­ған жайды тартына отырып, жалаң сөзбен жет­кізген. Деректі фильмдердің тартымсыз болуының бір себебі осында ма деген ой келеді.

Бізде деректі фильм қазір де көп емес. Барының да сапасы өте жоғары деп айта алмаймыз. Көбінде нақты деректер жетіспей жатқаны, жалпы алғанда жұтаңдығы байқалады. Тұлғалардың қыры мен сыры толық ашылмаған. Өйткені режиссерлердің тұлғалар туралы біліктілігі, зерттеу аясы әлі де жетісе бермейді. Шындыққа негізделген деректі фильмді түсіру көркем фильмді түсіруден әлдеқайда қиын. Мұнда режиссер көркем фильмдей еркін көсіле алмайды. Тұлғаларды көзі көргендердің, жалпы көрерменнің талғам-талаптарынан шыға аламын ба, шыға алмаймын ба деп жүрексінеді. Әсіресе, жастар жағы. Иә, ол үшін режиссерларға үлкен дайындық керек. Онсыз шынайы туынды түсіру мүмкін емес. Біржақты көзқарасты ұстанып, жауырды жаба тоқып түсірілген кейбір деректі фильмдердің көрермендер сынына ұшырап жатқаны да сондықтан. Бұл – бір. Екіншіден, деректі фильмге бөлінетін қаржы көркем фильмге бөлінетін қаржыға қарағанда мүлдем аз. Тіпті айтуға да тұрмайды. Режиссерлерге бұл да ықпал ететіні сөзсіз. Үшіншіден, кинотеатрлар деректі фильмдерге көрермендер өте аз келеді деп, сатып алудан қашады. Иә, олар үшін деректі фильмдер табыс көзі емес. Ал бірақ халық үшін ұлттық тұлғаларды тану аса қажет. Сол үшін Үкімет тарапынан деректі фильмдер түсіруге арнайы қомақты қаржы бөліп, қолдау көрсетпейінше жұрт көкейінен шығатын деректі фильмнің тууы екіталай. Ал көрермен көңілінен шыққан туындылар телеарналардан жиі-жиі көрсетіліп тұрғаны жөн болар еді. Ең бас­тысы, ұрпақты ұлттық тұлғалардың өмірі мен тағдырлары арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу керек. Осы жағынан деректі фильмдердің көтерер жүгі аз емес.

Көлбай Адырбекұлы