Жаңалықтар

ЖЕҢІСКЕ КІМ ЖЕТЕДІ?

ашық дереккөзі

ЖЕҢІСКЕ КІМ ЖЕТЕДІ?

Алдағы күзде, қыркүйек айында Молдова мен Батыс елдері Ресей бітімгершілерін шығару және Приднестровьені Молдованың ауданы ретіндегі дәрежесін бекіту жайлы ұсыныс жасамақ. Сөйтіп, Приднестровье Молдова Республикасының тағдыры шешілетін болады. Бұл ретте Приднестровье жөніндегі «5+2» форматының кеңесі 12-13 шілдеде Венада кезекті кездесу өткізді. 2 – бұл Приднестровье Молдова республикасы және Молдова – шиеленісті тараптар, 5 – бұл РФ және Украина – кепіл мемлекеттер, ЕҚЫҰ – делдал, АҚШ пен ЕО – бақылаушылар.

Приднестровье Молдова Республикасы (ПМР) – БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ешқайсысы мойындамаған, Еуропаның оңтүстік-шығысындағы шағын мемлекет. Ол Украина мен Молдовамен шектеседі. Мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы – 816 шақырым. Оның Молдова Республикасымен шектесетін тұсы – 411 шақырым, Украинамен – 405 шақырым. Астанасы – Тирасполь, тұрғындарының саны – 190 мың. Молдова Конституциясына сәйкес, Приднестровье республикасының аумағы Молдова республикасы аумағының бір бөлігі. Дәрежесі – автономды-территориалды. Бұған дейін Приднестровье мен Молдова арасындағы шиеленістерді шешу мақсатында бұл аумақта Ресей бейбіт бітімгершілері орна­ласқан. Қазіргі әңгімелерге қара­ған­да, Ресей бітімгершілерін ЕҚЫҰ бітім­гер­шілері ауыстыруы мүмкін. Алайда Ресей бұл аумақта геосаяси тұрғыдан жеңі­ліс тапқысы келмейді. Дегенмен Прид­нес­тровьенің Молдова бақылауына өту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұны «КоммерсантЪ» газетіне сұхбат берген Ресей Федерациясының сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин растайды. Тілшінің «Молдованың федералды мемлекетке айналуы – шиеленістерді реттеудің жалғыз мүмкін жолы ма?» деген сауалына, ол: «Мүмкіндіктердің – бірі сол. Оны принестровьеліктер мен молдавандар шешеді» деген екіұшты жауап береді. ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Ламберто Заньер: «Приднестровье үнемі изоляциядағы аймақ болып қала алмайды. Меніңше, ерте ме, кеш пе, кез келген жағдайда Приднестровье дәрежесіне қатысты мәселелер талқыланатын болады» деген.

Сөйтіп Венадағы кездесуде көп жылдық шиеленістерге нүкте қойылуы мүмкін қадам жасалды: Кишинев және оның одақтастары ресми құқыққа қол жеткізді де, бақылаушылар – АҚШ пен ЕО бұдан былай аумақтағы шиеленісті реттеу жөніндегі ұсынысты енгізе алатын болды. Ресей саясаткерлері бұл шешім – ПМР болашағы үшін өте қауіпті деп дабыл қағуда. Олардың айтуынша, ПМР-да өткен соңғы сайлауда жеңіске жеткен ПМР президенті Евгений Шевчук Батыстың ықпалынан шыға алмай жүр. Венадағы кездесуде Шевчук және оның командасы Батыс ұсынған «үшінші пакет» құжаттарына қол қойған. Бұл құжат бойынша, Приднестровье Молдова құрамындағы ерекше дәрежелі мемлекетке айналуы тиіс. Приднестровье СІМ Нина Штански: «Келіссөздер үшін алдын ала шарт қою – конструктивті қадам емес» деген екен. Алайда Шевчук командасы Кишиневтің бұған дейін Молдованы унитарлы мемлекет ретінде жариялайтынын және Приднестровьені – шектеулі автономиялы аймақ ретінде қабылдайтынын айтқандығын, әрі бұл ниетінен бас тартпайтынын мәлімдеген.

Ресей тарапынан бұл қадамды – Приднестровьені сату деп қабылдау байқалады. Приднестровье Молдова республикасының президенті Евгений Шевчук 2 тамызда Мәскеуге жұмыс сапарымен келіп қайтты. Онда да Приднестровьенің қазіргі ахуалы мен болашақтағы дәрежесі туралы сөз болды. Келіссөз Шевчук пен РФ үкіметі төрағасының орынбасары, Ресей президентінің Приднестровье жөніндегі арнайы өкілі Дмитрий Рогозинмен арада өрбіді.

«Регнум» ақпараттық агенттігі Приднестровье 2006 жылы арнайы референдум өткізіп, онда 97 пайыз тұрғынның Молдовадан бөлініп шығып, Ресей Федерациясына қосылуды қолдайтыны туралы анықтаманы көлденең тартады.

Бірақ ақпарат құралдарының мәлі­мет­теріне сүйене отырып, Ресей Мол­до­ваға ықпалын жүргізу мақсатында, Прид­нес­тровьені оған қосу туралы ұсынысты қолдап отыр деген қорытынды жасауға болады. Румыниялық сарапшы Ника Попеску «Мәскеу Приднестровьені Молдовамен қосу арқылы, Тирасполя мен Мәскеудің Молдова Республикасына зор ықпал етуіне қол жеткізбек дегенді айтады «Новый регион» сайтына берген сұхбатында. Григорий Карасиннің Мәскеу көзқарасы туралы мәлімдемесіне орай ол: «соңғы 20 жылда Ресей ондаған, тіпті жүздеген өзгерістер енгізді. Алайда енді оның келесі қадамы, бұдан былайғы іс әрекеті қалай болмақ? Соған көңіл бөлген жөн», – депті.

Есенгүл Кәпқызы