Жаңалықтар

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ ӘЛЕМ

ашық дереккөзі

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ ӘЛЕМ

Келесі жұмада әлемдегі жаһандық қозғалыстың беделді өкілдері әлемнің түкпір-түкпірінен елордаға ағылмақ. Бұл өкілдердің бәрі ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс иелері болып табылады. Еліміздің бас қаласында жиналуларының да өзіндік сыры бар. Өйткені 27-29 тамыз аралығында Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан — ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференция өтеді. Аталмыш конференцияға Қазақстан басшысы да қатыспақ.

Бұл жөнінде Сыртқы Істер министрлігі мәлімдеп отыр. СІМ-нің ресми өкілі Алтай Абибул­лаевтың пікіріне сүйенсек, бұл конференция екі бөлімнен тұрмақ. Келер жұманың алғашқы күні Елордаға табан тірейтін қадірменді қонақтарымыз 28 тамыз күні Кур­чатовқа аттанып, Ұлттық яд­ро­лық орталықтың нысандарын ара­лайтын көрінеді. Ары қарай қонақтар Семейге ат басын тіреп, ол жерде Семей полигонының жабылуына арналған арнайы митинг өткізеді. 29 тамыз күні Астанаға қайта оралып, Тәуелсіздік сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін халықаралық конференцияға қатысады. Жиын соңында қорытынды құжат ретінде «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» атты үндеу қабылдануға тиіс.

Халықаралық конференцияға қатысу үшін әлемнің 60-қа жуық елінен депутаттар, сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволарының өкіл­дері, отставкадағы ірі саясаткерлер, са­рапшылар мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері келеді деп күтілуде. Олардың арасында қарусыздану мен ядролық және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау ісіне елеулі үлес қосқан тұлғалар да бар.

Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың Семей полигонын жабуы да үлкен құбылыс болғаны сөзсіз. Прездиенттің бұл ісі болашақ көшбасшылар үшін де үлгі болар батыл қадам болғаны даусыз. Саяси ғылымдар докторы, про­фессор, ғалым Махмұт Қасым­бековтің жетекшілігімен әзірленіп, жарыққа шыққан «Нұрсұлтан Назар­баев. Өмірбаян» атты жинақта Семей полигонына қатысты мәселелер де жазылған екен. Жинақта бұл жайында: «Ол Қазақстанның өз тәуел­сіздігіне қа­рай қозғалысындағы «кері оралмау нүктесі­не» айналды» деп ба­ғаланады.

«Қазақ КСР территориясында Се­мипалатинск облысында 1949 жылдан бері ядролық қару сынақтары жүзеге асырылып келді, – деп басталады Жар­лық, – Осы уақыт ішінде мұнда мың­даған адамдардың өмірі мен денсаулы­ғына зардап келтірген шамамен 500 яд­ролық жарылыс өткізілді. Қазақ КСР-і КСРО мен АҚШ арасындағы страте­гиялық әскери паритетті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау бойынша өзінің борышын орындаға­нын ескере және республика қоғамы­ның талаптарын назарға ала отырып, қаулы етемін: І. Семипалатинск сынақ ядро­лық полигоны жабылсын».

«Сондықтан да кеңестік ядролық мұраның тағдыры туралы мәселе еліміз үшін сол кезде ең бастыға, тіпті тағ­дыр­лыға айналды, – деп жазылады өмір­баян­да,–

Н.Назарбаевқа Мемлекет басшы­сы ретінде орасан зор жауапкерші­лік жүктелді. Жүйелі дағдарыстың аса ауыр жағдайларында «Қазақстан ядролық держава бола ма, әлде жоқ па?» деген мәселеде шешім қабылдау керек болғаны белгілі». Бұл орайда Мемлекет басшысы оңтайлы шешім қабылдап, көптің көкейінде күпті болып жүрген мәселенің нүктесін қойды. Бұл – көпке үлгі болды.

Қоғам, тіпті әлем ядролық қарудан азат, бейбіт, берекелі өмір сүруді аңсайтыны белгілі. Сондықтан елорда төрінде өтетін халықаралық конференцияны «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлем» деп атауының да өзіндік сыры болса керек. Ядролық сынақтарға тыйым салынған, ядролық қарудан азат елге айналуды армандамайтын ел болмас. Халықтың бейбіт тіршілігі үшін, жұртшылықтың азат ғұмыр кешуі үшін – ядролық сынақтардан азат болғаны абзал. Конференция соңында қорытынды құжат ретінде қабылданатын үндеу де осымен сарындас болары сөзсіз.

Гүлзина Бектасова