Жаңалықтар

ЖАРҒА ТІРЕГЕН ЖАЛҒАН ЕСЕПТЕР

ашық дереккөзі

ЖАРҒА ТІРЕГЕН ЖАЛҒАН ЕСЕПТЕР

Соңғы он шақты жылдың көлемінде мемлекеттің халық игілігі үшін жасап жатқан ауқымды шараларын атап өтпеу мүмкін емес. Жер-жерлерде салынып жатқан мектеп, ауруханалар, ашылып жатқан жұмыс орындары, агросекторды дамытуға бағытталған кең көлемді несие беру секілді жүйелі жұмыстар тікелей Елбасының бастамасымен қолға алынған. Мұны жүзеге асыру бірінші кезекте жергілікті әкімдіктердің мойнына артылған жүк екені де белгілі. Дегенмен қолмен қойылғандай етіп тап-тұйнақтай жасалған, анық-қанығы зерттеліп, зерделенген жобаларды ары қарай алып кету кейбір әкімдіктер мен тиісті мекемелер үшін қиынның қиыны секілді. Олай деуіміздің себебі, Оңтүстік Қазақстан облысындағы кеуделі жобаларды жүзеге асыру барысында неше түрлі кемшіліктер мен аяқталмай қалған шаруалар көзге ұрып тұр. Оны өңірді басқарып отырған Асқар Мырзахметов те байқаған.

«Нұр Отанның» облыстағы төрағасы болып табылатын Асқар Мырзахметов жыл басында партия өкілдеріне мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын тексеруді тапсырыпты. Тексерудің нәтижесінде көптеген кемшіліктер табылған. Мұны аудан әкімдерінің жыл сайынғы есеп беруінде облыс басшысы көңілі толмай, зілдене сынға алды. Кейбір аудан әкімдерінің маңызды мемлекеттік істерді атқаруда жүрдім-бардым қарайтын жалқаулығын, тың идеялар мен бастамашылдықтарының жоқтығын, мәселенің түйінін тарқатып, жылдам шешіп тастайтын қарқынды күштен ада екендігін айтты. Расымен де, кейбір жергілікті әкім-қаралардың есеп беріп, лента қиюдан әрі аса алмайтын тірліктеріне көңіл толмайтын кездер аз емес. Облыс басшысының айтпағы да осыған ұқсас еді.

«Нұр Отан» ХДП-ның ОҚО филиалы аудандардағы атқарылған істерді тексере келе көптеген кемшіліктерді байқаған. Мәселен, Бәйдібек ауданында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес 3 жоба енгізу ұсынылса, осы кезге дейін оның тек біреуі ғана мақұлданыпты. Сондай-ақ, облыс бойынша биылғы жылы 1000 адамға несие берілу көзделген-ді, ал Бәйдібектен несие алуға бірде-бір өтініш түспеген. Арыс қаласында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 12 жоба ұсыну қажет болса, оның біреуі ғана мақұлданған. Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласы бойынша индустрияландыру картасына бар-жоғы бір-бірден ғана жоба еніпті. Кентау қаласында ол да жоқ. Мақтаарал ауданының әкімі болса, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің 400 миллион теңге жалақысын басқа мақсатқа жұмсап жіберіпті. Түлкібаста жылыжай салу жоспары небәрі 2,5 пайызға орындалып, 10 гектарға жоспарланған жылыжай құрылысы тек 25 сотық жерге ғана салынған. Отырарда да дәл осындай жағдай. Мақтааралда миллиондаған мемлекет қаржысы игерілмей қалған.

Облыс басшысының тапсырмасымен облыс көлемінде 2009-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламамен салынған құрылыс нысандарының сапасына да тексеру жүргізілген. Кемшіліктер шаш-етектен. Мысалы, Мақтаарал ауданына қарасты Қызылқұм ауыл округі, Еңбекші ауылындағы 900 орындық «Қызылқұм» орта мектебі пайдалануға берілген болатын. 1 млрд. 39.8 млн. теңге мемлекет қаржысы шығындалған бұл ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, шатырындағы су ағарлары шіріп кеткен. Жауынды күндері жертөлесі суға толып, соның салдарынан қабырға сылақтары түсіп, есіктері жарамсыз халге жеткен. Едендеріне ленолеум толық төселмей, кейбір блогтарындағы кафель төсемелері жарамсыз халге жетіпті. Сондай-ақ, қыс мезгілінде мектеп ғимаратын тиісті дәрежеде жылытуға осындағы қазандықтардың қуаты жетпейтіндігі анықталған. Яғни сапасыз, арзанқол қазандықтар орнатыла салған. Осы Мақтаарал ауданына қарайтын Иіржар ауылдық округі, Алаш ауылындағы фельдшерлік, акушерлік пункті құрылысы сапасыз салынғаны соншалық, қазіргі таңда апатты деп танылып, жұмыс істеуін тоқтатқан. Аудан прокурорлары тексеріс жүргізе келе 2.6 млн. теңгенің жұмысы атқарылмағанын анықтап беріпті.

Мақтааралдағы жалған есептің бірі халықты таза ауыз-сумен қамту ісі бойынша жасалған. Аудандық ТҮКШ бөлімінің берген мәліметінде 13 елдімекен 24 сағат бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі делінсе, «нұротандықтардың» тексерісі нәтижесінде мұның жалған екені анықталды.

Кентау қаласындағы жағдай бұдан да сорақы. Мұндағы Ататүрік атындағы №4 мектеп 2010 жылы 18 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтіпті. Сапасыз салынғаны соншалық, жыл өтпей шатырынан су кетіп, мектеп ұжымы өз күштерімен су кеткен сыныптарды әктеп, шатырды бекіткен. Кепілдік мерзіміне сай ақауларды жөндету үшін мердігер мекемені іздегендерімен келісім-шартта көрсетілген мекен-жайдан табылмапты. Осы жағдай бойынша ОҚО экономикалық сотына арыз жолданыпты.

Кентаулықтар сонымен бірге ауыз судың рахатын толық көре алмай отыр екен. 2009 жылдан бері «Таза су» бағдарламасы аясында су жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізіле бастағанымен, 3 жыл өтсе де толық аяқталмапты. Соның кесірінен тұрғындар ескі трубалармен келетін суды ішуге мәжбүр. Оның өзі әбден ескіріп, трубалар шіріп, тесілгендіктен су жолшыбай қысымы азайып, тәулік бойы емес, уақытпен берілетін жағдайға жеткен. Ал Ащысай ауылында тұрғындар коммуналдық меншіктегі «Ащысайсу» ММ электр энергиясына қарыз боп қалса керек. Тұрғындарға тәулігіне 4 сағатқа ғана су беріліп, кейбір көшелерінде су мүлде тоқтап қалған.

Қазығұрт ауданында да келеңсіз жағдайлар шаш-етектен. Ауданға қарасты «Ащы-Қарабау» су каналы жүйесі 2010 жылы пайдалануға берілген-ді. Алайда бүгінгі таңда канал жүйесіндегі су жинағыш бөгет (дамба) құрылыс-монтаж жұмысының сапасыздығынан суға шайылып, жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ, Шарбұлақ округіндегі Шарбұлақ ауылдық емханасының жағдайы мәз емес. 2010 жылы пайдалануға берілген емхананың бөлме аралық қабырғалары жарылып, іргетасы мүжіліп, отырып қалғаны анықталды. Мердігер мекеме қайта жөндеу жұмыстарын жүргізсе де, сапасыз болған себепті кемшіліктер сол күйі жойылмаған.

Ордабасы ауданы, Бөген ауылындағы ауыз су құрылысын «Жас Отан» ЖШС қолға алған екен. Құрылыстың сапасы сын көтермейтінін айтпағанның өзінде, мердігер фирма жұмысты аяқтамастан жоқ болған. Биыл ғана әупірімдеп жалғастыра бастапты. Ауыл тұрғындары болса ауыз сусыз отыр. Ауданға қарасты Төрткөл ауылында 2010-2011 жылдары тартылған ауыз су құбыры әр жерінен жарылып, тұрғындарға су толық жетпеген. Үш жыл бойы сиырқұйымшақтанып созылып кеткен бұл құрылысқа биыл қосымша тағы да қаражат бөлініп, жұмысты жүргізуге басқа мердігер тартылыпты.

«Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбековтің берген мәліметіне сүйенсек, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылындағы 660 орындық орта мектептің, Айдарқұл ауылындағы 60 орындық Көксу бастауыш мектебінің, Қазақстан, Ұзын ата ауылдарындағы канал құрылысының, Қазығұрт ауданы, Шақпақ ауылының бас­тауыш мектебі, Тұрбат ауылындағы жол, Шарбұлақ ауылындағы емхана құрылыстарының, Арыс қаласының Задария ауылындағы 250 орындық баста­уыш мектеп, Дермене ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысының сапасы сын көтермейді екен. Жауапсыз, қашып-пысқан мердігерлердің кесірінен көп жағдайларда бюджеттен артық қаржы бөлініп, қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Мұның бәрі «Нұр Отанның» анық­тағандары. Осыдан кейін мектеп пен емхана құрылысының сапасы, ауыз су, жол мәселесі, басқа да мемлекеттік бағдарламалар тек қана «Нұр Отанға» керек болғаны ма деген ой келеді. Аудан әкімдері мәселенің басы-қасында жүріп, осыншама олқылықтарды қалай жіберіп қойды екен деп тағы ойланамыз. Көріп-біле тұра, дер кезінде әрекет етпей, жау кеткен соң қылышын тасқа шабатын әкімдердің әрекеті күлкі шақырады. Шыдамдылық танытқан облыс басшысы ер екен дестік. Әйтпесе осыншама қателіктерді кешіре салу оңай емес болуы керек еді. Бірақ облыстың бірінші басшысы көз алартудан, бір-екеуінің орынын алмастырудан әріге бара қоймады. Мүмкін ойланар, бұдан кейін қателік жібермеуге тырысар деді ме кім білсін, қатаң жазаға ешкім тартыла қойған жоқ. Көзге ұрып тұрған кемшіліктерді жасырғысы келіп, жалған есеп берген аудан, қала әкімдерінің өтірігі осылайша қалың елдің алдында жария болып қалды. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кебін киген әкім-қаралар жазадан құтылғандарына қуанып, жылдың соңына дейін кеткен кемшіліктің бәрін тастай қылып бітіруге уәделерін үйіп-төгіп тарасты.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы