Жаңалықтар

ЗАМАН. АДАМ. УАҚЫТ

ашық дереккөзі

ЗАМАН. АДАМ. УАҚЫТ

Жәркен Бөдешұлы – қазақ поэзиясынан орнын ойып тұрып алған кесек талант иесi. О бастағы халық әдебиетiнiң рухты, пафосты, құйма ұйқасты жыр үлгiсi де, бүгiнгi қазақ өлең-жырындағы сыршылдық пен сыншылдық та, адамға тән сағыныш пен жастыққа тән мөлдiр сезiм де, от-жүректi отаншылдық пен жан-жүректi ұлтжандылық та – бәрi-бәрi Жәркен жырларында.

Кезiнде жыр жүйрiгiнiң «Жоһар Дудаев» поэмасын жариялап, жұрттың ыстық ықыласына бөленген «Түркiстан» газетi бүгiнгi санында оның тағы бiр топ өлеңiн оқырман назарына ұсына отырып, ақын жырлары қандай бәйгеге түссе де, топты жарып, үкi тағып келуiне шын тiлектестiгiн бiлдiредi. ТАҢҒЫ АЗАН Зор дауыспен шақырылды таңғы азан, Бір Алланың құдіретіне таң қалам. Сол дауыстың мысы басып тұншықты, Заман сенің айғай-сүрен, даңғазаң. Сол дауыстан атты таң да жарқырап, Кетті оянып ұйқысынан бар тұрақ. Құбыжықтың ұшырды ол зәресін, Жын-шайтанның тұла бойы қалтырап. Зор дауысты естігенде алыстан, Күркіреді аң патшасы арыстан. Көк аспанның қуанышты жасындай, Жұлдыз жерге ағып түсті ғарыштан. Сол дауыстан қуат алып жолбарыс, Жортып кетті асу-асу жолға алыс. Періштелер жерге түсті кезекпен, Мұсылманға жасаймын деп қолғабыс. Естігенде алты қырдың астынан, Дүр сілкініп саңқылдады хас қыран. Көкжал бөрі көкке қарап ұлыды, Кісінеді күмбір-күмбір жас құлан. Таң ғазалын мейірлі ана тыңдап ап, Сәбилер де үнін қосты іңгәлап. Зор дауыстан ұлы таулар жаңғырып, Қой тастары түсті етекке сырғанап. Бұздың-ау деп балдай тәтті ұйқымды, Имансыз жүр жыртық көзін тырмалап. Туындатқан тоқсан толқын толғаныс, Тіршілікке берген тосын қозғалыс. Сол дауыс қой, Пайғамбардың қоңыраулы үніндей, Сол дауыс қой – зор дауыс. Алдырмайтын қасірет-қайғы, уайымға, О, Жаратқан зор дауыстан айырма. Осы дауыс сүріндірмей ап шығар, Тағдыр жолы бұрма, бұрма, қайырма. Зор дауыс, Сол дауыс. ҚУБАС АТ Тірі болсаң Қабанбай мінген Қубас ат, Құйрығыңнан алар едім-ау ту жасап. Әлде қашан кетер едік тоз-тоз боп, Анамыздан батыр болып тумасақ, Ақын болып тумасақ. Беу, Қубас ат, Қубас ат, Толарсағыңмен тусырылған құмды асап. О дүниеден кісінеші күмбірлеп, Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап. Бек, Қубас ат, Қубас ат. *** Боз жусан, Боз бетеге, Боздақ қыр, Боздақтарға бай елмін. Ботасын ерткен боз інген, (Айналайын көзіңнен), Екіқабат әйелдің қасына кеп боздап тұр. Құрсақта жатқан ұлан ұл, Тосып жатты құлағын… *** Жер көгерді. Мен қашан көгеремін, Көгермей ішімде өлді көп өлеңім. Қара құмның семіртіп сексеуілін, Қара нөсер жаудырсам деген едім. Сыңсыған нуға айналып төңірегім, Гүлдерді тозаңдатса көбелегім. Аралары мұртына бал жалатып, Масалары мертіксе қанға батып, Ойлағаным болса осы не дер едім, Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім. *** Көкіректегі оттай ыстық жүректі, Бір жапырақ тірі етті – Соқпаса ұлтым, жұртым деп, Лақтырам итіме есігімді күзеткен. Итім артық емес пе ондай мәңгүрт жүректен. Жайлау етіп жапалақ жайлар жар астын Жалған айтсам нан атсын. Екі бірдей көзімді шоқытам аш құзғынға. Болашағын көрмесе буырқанған Алаштың. *** Сары қымызың сарқылса, Сары жайлауың қуарар. Сары майың таусылса, Буыныңды су алар… Аласарса биігің, Тауық түнеп, саңғырар. Ауса бөкен, киігің, Қара көзің қан жылар. Шешегіңді қар басса, Көбелегің қалтырар, Шешен тілің алжасса, Санаң судай сарқылар. *** Мына ауылдың түтінін ана ауылға қосатын, Ана ауылдың түтінін мына ауылға қосатын. Құбыладан ескен желдеймін, Мен кеулеймін, кеулеймін. Көз жеткізбес дала-қырды кеулеймін. Қойны-қоншы балағыңнан кеулеймін. Қасаң мұздың көбесінен кеулеймін. Жасаң құздың төбесінен кеулеймін. Мен кеулеймін, кеулеймін, Естімесең – құлағыңнан кеулеймін. Есінесең өзегіңнен кеулеймін, Хас сұлудың іргесінен кеулеймін. Жас ғұмырдың жыр кешінен кеулеймін. Тұра алмайын кеулеп, желпіп, үрлемей, Желдетпейтін кеуде түнек түрме ғой. Анау биік жасыл тауды, Еңкеймейтін асыл тауды, Тұра алмаймын желбіретіп желпімей, Мен дегенің – еркін қиял, еркін ой. МЕНІҢ ӨМІРІМ ЖОҒАЛТУДАН ТҰРАДЫ Пысықай жан емеспін, Жоғалтпаған сабақ, жібін, инесін, Жоғалтпаған пар ат жеккен күймесін. Жоғалтпаған оқалы тон, түймесін. Мен бір құнтсыз адаммын, Қолдағысын жоғалтқыш. Қатал, мосқал тағдырдан, Таба алмаған үйлесім. Секірсе де таудан-тасқа, Секірсе де ойдан-қырға, Аттамаған ала жіп. Жоғалтпасам, Қайда? Кәні? Аңқау, албырт балалық. Жоғалтпасам, Қайда? Кәні? Қайран әкем, әз анам, Жарық дүние көріп ем ғой Мен солардан жаралып. Жоғалтпасам, Қайда? Қыздар құшақтасып гүл кешкен. Жоғалтпасам, Достар қайда? Жаны құрбы, бірге өскен. Жоғалтпасам, Қайда, қайда? Тырдай арық жорға тай, Ертелі кеш екі бала алма-кезек мінгескен. Жоғалтпасам, Бұлақ қайда, құрақ қайда кешегі, Қурай болып Қурап қалған қырдың қызыл шешегі. Самал да жоқ, Сая да жоқ, Ызғырық жел еседі. Былайғы жұрт мінез-құлқың өзгеріпті деседі. Жоғалтпасам, Басы қайда Хан ием, батыр Кенемнің, Мағжан қайда? Ілияс қайда? Генералы өлеңнің. Жоғалтпасам қайда? Қайран Алтынбек, Еңіреген көз жасы еді-ау ол елдің. Қолда бардың бәрін, бәрін жоғалттым, Мен не деген дүниеден үміт үзген олақпын. Оңалтамын деп жүргенде олпы-солпы қалпымды, Өзімді де жоғалтармын… …Мен де өмірге қонақпын. Жоғалтқаным таптырмай өкіндім көп, өкіндім, Заман қатал, Адам қу сынағынан өту мұң. Солай, солай десем де, Өлмес өмір кешерге, Туған ана тілімді, Өскен елім-жұртымды, Иманымды ырқымды, Қапияда жоғалтпауға бекіндім. Жоғалтып ап қан құсып қайғырмауға бекіндім, Айрылмауға бекіндім. Бұл бекініс алаяққа алдырмас, Бұл бекініс жауыма мені қалдырмас. СНАЙПЕР (ӘШІРБЕК СЫҒАЙҒА) 1 Шенділерге шіренген тізе бүгіп, бас ұрмай, Көзіне тік қарадың айтарыңды жасырмай. Таланттың тарланын тағаладың, ерттедің, Сахнасын өнердің сахарадай зерттедің. Көркем сының сындарлы болат қырлы сынадай, Қақ жарылды қағылса қара емен де шыдамай. Адамдықты пір тұттың, адалдықты пір тұттың, Жауыздыққа гүрс етіп атылған бір мылтықсың. Мөлдіреген мойылдай сұлулыққа ынтықтың, Арғымақтың төгілген жалын тартып мінгелі, Ел намысын жыртыстың, Жер намысын жыртыстың. Ақ шекердей арудың, Мейірімге зәрудің, Тоңазыған саусағын қойныңа сап жылтыпсың. Мінезіңде болғанымен бөрілік, Болғанымен сылқым-сырлы серілік. Қулығың бар зиянсыз, бар алдырмас амалың. Сәл-сәл көңілшектігің қалар кейде көрініп. Күн астында ойланып, Ай астында бой жазып, Жүресің көп үндемей. Жабыларды табалап, тұлпарларды күндемей. Жүрегіңнің басында, иман ұйып, Құдай тұр, Дөп тигізер нысанға, секілдісің сынайпыр. Оранғандай қат-қабат, сең-сеңсең, бұйра ішікке, Тамыры әлсіз боз талдай, шалынбайсың үсікке. 2 Беу, Әшеке, Әшеке, Болат қорған болмасақ та елге біз, Секілдіміз қолындағы шер қобыз. Сенсеңіз де құдіретті Құдайға, Мың құбылған сұм заманға сенбеңіз. Дінімізге, Тілімізге берікпіз, Жаңалыққа елеңдеген елікпіз. Сене қалсаң бұл пәнидің сөзіне, Құлақ кесті құл боласың еріксіз. Жайсаң Әшеке, Қайсар Әшеке, Ауырма да, сырқама, Ұқсап жүрші шыңға шыққан шыршаға. Тұтқын болмай, у сасыған шаһарға, Шу тасыған шаһарға, Өрмелейік, қыран қонған қырқаға. Дүниенің қым-қуыт төбесінен қарайық, Еңіреген ерлікті ел есіне салайық. Қарағайды шыңға өрлеп шырқаған, Махамбеттің жебесіне балайық. – Келістің бе, Әшеке? –Нар тәуекел келістік. Өрісіміз болғай-ды шетсіз-шексіз кеңістік. САЛМАҚ ТУРАЛЫ ЖЫР (Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинге арнаймын) Бұлқынысын көргенде бұла күштің, Рухым шиыршық атып құрақ ұштым. Түн ұйқымды төрт бөліп, тік түрегеп, Хабарын күттім болар қуаныштың. Кірпік ілмей қала мен ауыл күтті, Қара ормандай қаулаған қауым күтті. Алакөл, Балқаш күтті, Іле күтті, Қаратау, Алатаудай тауым күтті. Алаңдап сағат сайын ел жүрегі, Қош хабар келеріне сендіреді. Әлемдік ауырлықты тік көтеріп, Көк жалау шырқау көкте желбіреді. Алақай, желбіреді, желбіреді, Алаштың бұл ғажайып ерлігі еді. Кешеулеп есін жиған біреу ғой деп, Ешкім де басына алмас енді мені. Дос-жаран шын бақыттың гүлін кешті, Қауышты сүйіншілеп, күлімдесті. Алаштың Елұраны шырқалғанда, Төрт мұхит, Алты құрлық үнін қосты. Қазекең көрген емес тойдан қашып, Тойларына жатады той жалғасып. Ақ ордасы дауылдан шайқалмасқа, Іргесін ауыр таспен қойған басып… Ауыр салмақ ұлтымның өз салмағы, Атақ-даңқы жер-жүзін тез шарлады. Ауыр басып, нық басып келеді әне, Анау-мынау жеңілге көз салмады. Қашанғы тағдыры елдің ауыр болған, Арқасы ауыр жүктен жауыр болған. Қара атанға артып ап зілдей жүгін, Жамырап көк жайлауға ауыл қонған. Құлағыңа күмбірлі тұр ма күй кеп, Жырла, билеп, ел-жұртым, жырла билеп. Шаңырағын Ақорданың көтергендей, Зіл темірді көтеру бір ғанибет. Бойына біткен кезде бала балғын, Құрсағы шарға айналған аналардың. Салмағы Абай жазған өлең-жырдың, Тоқ белін қайыстырған қара нардың. Ауыр салмақ қазақтың құт салмағы, Бұлқынғанда майырылды жұт қармағы. Шойын жүйке Қажымұқан белдескенде, Менменсіген дәулердің жыққан бәрін. Ата-бабам қиналып қысылмастан, Ауырлыққа баулыған күшін жастан. Зілдей сөзбен Сафуан, Жұбан ақын, Желтоқсанда Колбиннің мысын басқан. Арқа тосып жел, дауыл жар жағына, Қорған болып төрт түлік мал, жанына. Тәуелсіздік, еркіндік, бостандық кеп, Салмақ қосты қазақтың салмағына… Хан Абылай ақ жолын жалғады да, Құлдық бұғау, тұмшалау қалды әдіра. Ауыр басып, нық басып Алты Алашым, Жетеді сағындырған арманына. Жеткен күні тағы бір қуанамын, Желбіретіп қолыма ту аламын. Шөлдеген адамзаттың басын қосып, Көлдей тұнық жырыммен суарамын. Ойымның түп-төркінін пайымдашы, Әнімнің осы болар қайырмасы. Кең байтақ менің Қазақстанымды, Тәңірім, қуаныштан айырмашы. ҚЫЗЫЛ ТІЛІМ АҚ СӨЙЛЕ! Қызыл тілім ақ сөйле! Қызыл тілім нақ сөйле! Қашқан қоян секілді бұлтақтамай сақ сөйле. Сен қанатты жебесің ыңыранып заулайтын, Алтын садақ секілді маған біткен жақ бейне. Алтын садақ тартайын, Алпыс ақ бас атанға жиһазымды артайын. Артайын да сары жайлауға көшейін, Қонысымды ауыстырып ай сайын. Бабам сынды алтын садақ ұстайын. Алтын қанат ақ ордаға қыстайын. Қызыл қырлы жебені, Бір жоғалса таптырмайтын немені – Ұшырайын алғыр қыран құстайын. Енді маған қоя алмайды заман шек, Айтқаныма нандырмасам – маған серт. Нана тұрып күмәндансаң – саған серт. Жеті бас жұт жеті айналып келсе де, Өз орнында қалу керек адам тек. Тау айныса – құмға айналып кетеді, Жер айныса – суға айналып кетеді, Су айныса – буға айналып кетеді, Ән айныса – шуға айналып кетеді. Адам екеш, адам егер айныса, Бірін-бірі арбайтын, Бірін-бірі жалмайтын, Бірін-бірі алдайтын, Қуға айналып кетеді, Сұмға айналып кетеді. ІРКІЛМЕУ Менің туған жерімде: Қырғауылы қызғалдақтай қаптаған – Балықтары қанды қармақ қаппаған – Аралары адам қанын татпаған – Толқындары арнасында жатпаған – Ағыны қатты бір өзен бар Дәм деген, Айта білсең бір әдемі ән дер ем. Сол өзеннен туа сала дәм татып, Сол өзенге шомылсам-ақ әлденем. Сол өзеннің ар жағында қыз күтіп, Жаурап отыр балмұздақтай мұз жұтып. Секірмекке өткелі жоқ өзеннен, Мен келемін аласұрып, ызғытып. Қалғып, шұлғып өткізетін бес күнін, Есінеген ез емеспін, естімін. Жағажайға таяп қалған кезімде, Гүлдей нәзік қыз дауысын естідім. «Естігендей қуанышты тың хабар, Жүгір, жігіт, жүгірмеген құр қалар. Жүгірмеген тобан аяқ жалқаулық, Түбінде бір уақытқа құл болар. Жүгір, жігіт, іркілмеші, іркілме, Іркілмесін үміт, арман, күлкің де. Сары алтындай сағыныштың қадірін, Томырайған былайғы жұрт білсін бе! Жүгір құрбым, жүгір, жүгір, іркілме, Сағындырды ақ маңдайың, күлкің де. Мен дайынмын жаулығымның ұшымен, Самайыңнан аққан терді сүртуге». Іркілмедім, Қыз лебізі дем беріп, Ол болмаса қалар едім сенделіп. Бала күнгі балғын махаббатым сол, Бір алманы жеген едік тең бөліп. Іркілмедім, Іркілмеу де ер бәсі, Бір әулеттің өзім едім төлбасы. Іркілмедім, Долы өзеннен қаймығып, Іркілсе де кірпігіме көз жасы. Қан іркілсе – тамыр шіріп кетеді, Кеудеңдегі жаның шығып кетеді. Су іркілсе – арнасы іріп кетеді, Ай іркілсе – жұлдыз мұңға батады. Таң іркілсе – толықсиды табиғат Күн іркілсе – жерді түнек басады, Ұл іркілсе – қыздан тағат қашады. Тықыршиды мені күткен алтын құс, Сүп-сүйкімді балапандай талпынғыш. Азиядан Еуропаға жеткенше, Аттың басын тежемеген Хан Шыңғыс. Оны айтқанда келер басқа мың түрлі ой, Әубәкіров ғарышқа ұшқан іркілмей. Тұлпар озбас әлсіз болса бапкері, Қыран ұшпас қиясынан сілкінбей. Іркілмедім, Қыз қасына дөп түстім, Жанарынан ыршып шықты отты ұшқын. Құшақтастық, Әзілдестік, Өбістік, Осы маңда бізден басқа жоқ-ты ешкім. Самал сүйіп екі бірдей бетімнен, Жігітпін ғой киіктей боп жетілген. Мені күткен әлгі сұлу ару да, Іркілмеген, жіптен жиі секірген. Мен ауылдың баласы едім кешегі, Жаны – таза, жоқ қулығы, өсегі. Қала келдім қызыл шырақ… Іркілдім, Көк шырақта қиып өттім көшені… Тым ащы екен бұл өмірдің толғағы, Сәл кідірдім бұрылыста жолдағы. Бұл тосқауыл, бұл кідіріс түк емес, Өлең-сөзден іркілмесем болғаны. ЖЫЛҚЫ КІСІНЕЙДІ Басып алды меңіреу, түнек көңілді – ой, Айналамның бәрі Қорқыт көріндей. Жұлдыз да жоқ, Шырақ та жоқ, Ай да жоқ, Алатау да бұғып қалды көрінбей. Қараңғылық мұхитына баттым да, Кісінеді мені күткен ат қыр да. Санамдағы бір тал қылын тұтаттым, Шақпағымды жарқ еткізіп жақтым да. Ақ боз ағып жетіп келді жаныма, Мен жармастым жануардың жалына. КҮЗГІ ЖЫР Қара шұбар жыландай жел – ағашты арбайды, Ағаш желді қарғайды. Көп шайқалып жүйкесі тозған бұтақтың, Жапырағы көз алдымда сарғайды. Өзімнің де заман арбап санамды, Алпауыттар жыртты айырып жағамды. Көп жуылған матадай, Ит кемірген сақадай, Жұлын-жүйкем күннен-күнге жұқарып, Қара шашым ағарды… Жүрегімнен жүргенімде жыр сауып, Күллі адамның ықыласы тұрса ауып. Қара шашым ағармайтын еді ғой, Жасыл жапырақ сарғаймаса мұншалық. БӨРІНІҢ ӨЛЕҢІ Далада өстім, тауда туып, Тағдырыма аспан айғақ. Алаң-елең таңда тұрып, Азуымды тасқа қайрап. Күн астында жатқан қайнап, Өзен-көлдер сорпа, суым. Екі көзім шоқтай жайнап, Бар түн қатып жортатыным. Қайтара алар бетімді кім, Жауда мені досым деді. Көк иірім секілдімін, Көк мұхиттың төсіндегі. Ұлып көкке белгі берем, Шағылады айға мұңым. Сахарада желбіреген, Қазақтың көк байрағымын. ТУҒАН ЖЕРГЕ БАРҒАНДА Қараған, бұтаның түбінен, Ұйқысы қанып түнімен – Ойнап шыққан қояндай, Орғып-орғып жүгірем. Орғыған сайын алқындым, Алқынған сайын шарқ ұрдым. Соңымнан қалмай жүгірген – Тасбұлақ, Өзен, Самалды, Болдыртып артқа қалдырдым. Ойдан-қырға орғыдым, Қырдан нуға орғыдым, Нудан суға орғыдым, Табанға қатты батса да, Орғыдым таудан, тасқа да. Желбезек ерні түрілген, Желге қарсы жүгірген. Ілеспей қалды бөкен де, Жылтылдап ұшқын түгінен. Қосылған жандай санатқа, Түрілді жең де, балақ та, Айналып кетті нансаңыз, Екі өкпем екі қанатқа. Сонан соң дүр-дүр сілкінді, Сілкіндім де жыр тудым. Құсына кеттім қосылып, Осынау туған жұртымның, Жатсынған жоқ құстары, Мені ту ғып ұстады. Менсіз жерге қонбады, Менсіз шалқып ұшпады. Боз торғайға серік боп, Қыста көшпей жаз көштім. Сарала қазға еліктеп, Салқын майса, саз кештім. Аққу құспен бірге түлеп, Ақ айдынға аунадым, Ұлар құспен бірге түнеп, Ұлы тауда жаурадым. Ұлы тауда жаурасам, Таусылған жоқ тағатым. Қиядағы қыранның, Туырлықтай тұтасқан, Жамылдым қос қанатын. Қалғымадым түнімен, Көңілім менің алаң боп, Мойнымды таудың үкісі, Бұрап жұлып алар деп. Бүркіттің ажалы – үкіден, Түлкінің ажалы – бүркіттен. Ағаштың ажалы – түрпіден, Ақынның ажалы – жаладан, Сұлудың ажалы – күлкіден. Сұм ажалдың бетіне, Қайта-қайта түкірем. Қараған бұтаның түбінен, Орғып шыққан қояндай. Ажалға да жеткізбей, Орғып-орғып жүгірем. Жерден – Айға орғыдым, Айдан – Күнге орғыдым. Күннен – гүлге орғыдым, Түн қойнынан төгілген, Жұлдызбен бірге сорғыдым. Сонау кәрі Жоңғардан, Сарыарқаға орғыдым. Құм үйірген жондардан, Самал тауға орғыдым. Самал таудан орғыдым Алатауыма, Алатаудан орғыдым Қаратауыма. Орнында тұрса бұл жалған, Орғи берем тағы да. Жанып кетсем көмірмін, Онда мені көмбегін. Орғып жүрсем өмірмін, Орғымасам өлгенім. Жәкен БӨДЕШҰЛЫ