ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
УКРАИНАДА –ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ
Украинада парламент сайлауының алғашқы нәтижесі жарияланды. Алдын ала шығарылған мәлімет бойынша, бұл жолы Жоғарғы Радаға өтуге 5 партия қажетті дауысты жинаған.
Әзірге 36 пайыз дауыспен «Аймақтар» партиясы алда келеді. Билік партиясынан кейінгі орында түрмедегі экс-премьер Юлия Тимошенко жақтастары. «Батькивщинаға» сайлауға қатысқандардың 21 пайызы қолдау көрсеткен. Коммунистер 15 пайыз, әйгілі боксшы Виталий Ключконың «Соққы» партиясы 12 пайыз дауыс жинады. Жоғарғы Радаға сондай-ақ ұлтшылдардың «Бостандық» партиясы да өтіп отыр. Олардың еншісінде 7 пайыз ғана дауыс бар.
Жоғарғы Рада депутаттарының жартысы партиялық тізім бойынша, басқалары бір мандаттық округтер бойынша сайланады. Округтер бойынша сайлауда да «Аймақтар партиясы» алда тұрса, олардан кейін өзін-өзі ұсынған үміткерлер жеңіске жетіп тұр. Әдеттегідей бақылаушылар сайлау барысына оң бағасын берсе де, оппозиция кейбір аймақтарда заң бұзушылықтар болғанын растауда. Соңғы мәліметтерге қарағанда, сайлаушылардың 58 пайызы дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясы қорытынды нәтижені қарашаның 17-іне дейін жариялауы тиіс.
ҰЛЫБРИТАНИЯДА – НАРАЗЫЛЫҚ ШЕРУІ
Соңғы жылдары Еуропа елдері дағдарыстың толқынына қатты ұрынған сияқты. Жақында ғана Францияда Air France әуе компаниясының қызметкерлері ереуілге шығып, «Бізді әдейі күйзелтіп отыр, шыдамымыз тозды!» деп ұрандатқан болатын. Air France әуе компаниясының қызметкерлері жұмыс орындарының қысқаруына наразы. Себебі Францияның негізгі әуе тасымалдаушы компаниясы қызметкерлер санын 10 пайызға қысқартатынын жариялаған еді.
Испания, Греция, Франция секілді елдерден бастау алған наразылық шаралары Ұлыбританияға да жетті. Air France қызметкерлері ереуілге шықты. Демалыс күндері елдің барлық аумағында болған шеруге 150 мың адам қатысып, жергілікті үкіметтің бюджет қаражатын қысқартуға қатысты қабылдаған шешіміне қарсылық танытты.
Шерушілердің пікірінше, Үкіметтің бұл әрекеті көбіне әлеуметтік деңгейде қорғалмаған азаматтардың қарсылығын тудыруда. Алаңға шыққандар қатарын дәрігерлер, мұғалімдер, саясаткерлер, жұмыссыздар мен қызметтен босап қалған полицейлер құрады. Әсіресе белсенділік танытқан жұмыссыз жастар қолдарына Премьер-министр Дэвид Кэмеронның карикатурасы мен түрлі плакаттар ұстап, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Себебі Үкіметтің жүргізіп отырған экономикалық бағыты Ұлыбританияны құлдыратып барады, – дейді шеруге қатысушылар. Плакаттарда «Кэмерон Ұлыбританияны бөлшектеп бітірді», «Үнемдеу әлеуметтік бағдарламада емес, соғыс жағдайында болуға тиіс» деген ұрандар жазылған. Сондай-ақ, мұндай қарсылық шаралары Ирландияның солтүстігі Белфаст пен Шотландияның Глазго қаласында өтті.
ОБАМА ӨЗІНЕ СЕНІМДІ
АҚШ алда өтетін президенттік сайлауға қызу дайын. Барак Обама сайлаушылардың көп дауысын жинамаса да, тарихта алғаш рет екінші төрт жылдық мерзімге қайта сайланған АҚШ президенті болатындығына сенімді. Мұндай шешімді елдегі сайлау алды жағдайға талдау жүргізген Демократиялық және Республикалық партиялардың сарапшылары жариялап отыр.
Сауалнама бойынша, Обама 47 пайыз, ал қарсыласы Республикалық партия мүшесі Митт Ромни – 45 пайыз қолдауға ие екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан халықтың 12 пайызы 6 қарашадағы сайлауға дейін өз пікірлерін өзгертулері мүмкін екендігін айтты.
АҚШ-тағы сайлау екі сатылы болады. Ресми түрде америкалықтар президент үшін емес, сайлаушылар алқасы мүшелері үшін дауыс береді. Ал мүшелер кейін өз кандидаты үшін дауыс береді. Жеңіске жету үшін кем дегенде 270 сайлаушының дауысына ие болу керек. Сайлаушылар штат тұрғындарының санына қарай жеке-жеке сайланады. Мысалы алқаға Калифорния – 55 адам, Техас – 38, Нью-Йорк – 20, ал Вермонт пен Аляска тек үш адамнан жібереді.
Қазірдің өзінде АҚШ-та президент лауазымына үміткерлер Барак Обама мен Митт Ромни саяси жарнамаға 6 миллиард доллар жұмсап үлгеріпті. Бұл көрсеткіш әлемнің 40 елінің жалпы ішкі өнімінен артық. Мұндай қомақты қаражат, тіпті 2008 жылғы саяси дода кезінде де жұмсалмаған. Соңғы зерттеулерге қарағанда, сайлауалды науқаны басталғалы көгілдір экрандарда 951 мың президенттік хабарлама таратылыпты. Ал кей сарапшылардың пікірінше, бұл жолы кандидаттар жарнамаға шығарған қаражаттың көлемі 8 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұл тек радио мен телевизиялық жарнамаға жұмсалған ақша. Сондықтан, шын мәнінде, егер баспасөз беттеріне шығарылатын жарнаманы ескерсек, бұл көрсеткіштер бұдан әлдеқайда артық та болуы ғажап емес екен.
ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКА КҮНІН ТОЙЛАДЫ
Республика күніне орай, Түркия мемлекетінің түкпір-түкпірінде мерекелік той-думан өтті. Қаладағы мектептерге, балабақшаларға, емханаларға, тіпті үйлерге Түркияның қызыл байрағы ілінген. Халық мейрамды таң сәріден бастап, қас қарайғанға дейін тойлады. Анкара тұрғындары ел көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің сүйегі жерленген Анытқабырға зиярат етті. Оның рухына дұға бағыштады.
«Бүгін біздің ең ұлы мейрамдарымыздың бірі. Яғни Түркия Республика болып жарияланды. Мұның бәрі атамыз Ататүріктің қол жеткізген жетістігі. Көсемнің жатқан жері жайлы болсын деп әрдайым халық дұға етеді. Мейрамымыз құтты болсын!», – дейді мерекеге жиналған жұрт.
Дайындаған Д.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ