Жаңалықтар

КСРО­ҒА КЕРI ОРАЛУ МА?

ашық дереккөзі

КСРО­ҒА КЕРI ОРАЛУ МА?

Бұған дейiн шовинистiк пиғылда ақпарат таратумен айналысып, Қазақстандағы ұлтараздығын тудырғаны үшiн билiктiң қырына iлiккен www.russians.kz сайты бiраз уақыт жұмысын тоқтатқан едi. Алайда олар интернет кеңiстiгiнде www.russianskz.info доменiмен қайта пайда болды. Сайтта бүкiл әлемдегi және Қазақстандағы орыстардың сойылын соғу жалғасуда. Осы сайтта тамыздың 3-i күнi «Что (и как) делать России в Центральной Азии?.. Мнения экспертов» атты мақала жарияланыпты.

Мақалада ресейлік сарапшылар Путинге Орталық Азиядағы қарым-қатынасты қалай реттеуге болатыны жөнінде кеңестер береді. Пікірталас алаңында сөз алған сарапшылар – Ресей, Қазақстан және Қырғызстаннан. Ресей посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі Ақпараттық-сараптама орталығының сараптама бөлімінің жетекшісі Юлия Якушеваның пікірінше, РФ үшін өмірлік маңызды мәселе – ТМД елдерінде соғыс-саяси фактордан бас­тап, экономикалық факторға дейін орыс әлемін сақтап қалу керек. Бұл тұрғыдан Ресей дұрыс бағыт ұстанып келеді екен-мыс. Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтының Орталық Азия және Кавказды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Станислав Притчин КСРО құлағаннан бергі жиырма жыл ішіндегі Ресейдің әлем алдындағы және посткеңестік кеңістіктегі басымдықтары өзгере қоймағандығын айтады. «Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тату көршілік және өзара тиімді қарым-қатынас орнату үшін өзге мемлекеттермен байланыс орнату. Ал бұл мүдденің қалай жүзеге асырылатыны екінші мәселе» дей келе, ол посткеңестік кеңістікте Ресейдің ұстанған саясатының тым тиімді бола алмай отырғанын жеткізеді. «В.Путин 2000 жылы билік басына келгеннен кейін посткеңестік мемлекеттермен қарым-қатынаста негізгі маңыз берген мәселесі – республикалардың басшыларымен жеке қарым-қатынасты күшейтті, өзара тиімді ірі жобаларды жүзеге асырды, сондай-ақ, интеграциялық бірігулерді алға тартты» деген ол Путиннің Ресей президентіне қайта сайлануымен оның бұл басымдықтарға өзгеріс енгізбейтінін сөз етеді. Алайда Өзбекстанның ұжымдық қауіпсіздік ұйымынан бас тартуы, қазіргі Путин саясатының тиімділігін көрсетпейді дейді ол. Сондықтан болар В. Путин шет мемлекеттердегі Ресей елшілерімен СІМ-де өткізген кездесуінде «жұмсақ күш» пайдалану қажеттігін әңгіме арқауы етті. Демек Путин көршілермен қарым-қатынасында жаңа әдіс-тәсілдер мен механизмдер іздейтін болады деген сенімде.

Қырғызстанның «Регион.kg» сарап­тамалық сайтының бас редакторы Игорь Шестаков Ресейдің сыртқы саясаты нақты жобаларға құрылуы қажет деген пікірде. «Әсіресе, экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастарға зәру. Қоғам деңгейінде ол ақпарат ресми тұлғалар арасындағы келіссөз ретінде ғана жетпеуі керек. Ресейлік интеграциялық жобалар бірінші кезекте Қырғызстан мен басқа да ортаазиялық мемлекеттер үшін бизнес пен азаматтық секторда өзекті болуы тиіс», – дейді ол. Демек, өзара тиімді қарым-қатынас тек мемлекет басшыларының мүддесі тұрғысынан емес, халық мүддесі тұрғысынан шешілсе және оған билік емес, халық мүдделі болса құба-құп дегенді меңзейді.

Пікірталасқа Қазақстан атынан «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Гүлмира Илеуова және Цукуба (Жапония) Орталық Азияны зерттеу институтының зерттеушісі Данияр Қосназаров қатысқан екен.

Гүлмира Илеуованың айтуына қарағанда, өзінің ұлттық бет-бейнесін жаңа тауып отырған Орталық Азия мемлекеттері үшін Ресей ұсынып отырған интеграциясы «КСРО-ға кері оралу» болып табылады. Бірақ бұның қазіргі жағдайда тарихи болашағы жоқ. Басқа жұртты тартатындай интеграциялық идея ұсынылмады. Оның жақын болашақта ұсыныла қоюы да екіталай дейді ол. Интеграцияның нақты мақсатының болмауы, шешілмеген түйткіл ретінде қалды. Бұл мәселе қазір қазақ этноұлтшылдарының арасында маңызды қарсылыққа тап болып отыр. Бүгінгі таңда интеграция – саяси миф ретінде қалды. Жұрттың бәрі оның қажет екенін түсінеді, бірақ оны жүзеге асырудың нақты жолдарын көре алмай отыр. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан қалай жеделдету қажеттігін білмейді. Әрі интеграцияның нақты, мүдделі қатысушыларға түсінікті, жұрттың бәрінің көкейінен шығатын мақсаты көрінбейді.

Есенгүл Кәпқызы